05 Маусым, 2010

ҒЫЛЫМҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ

737 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ШАШЫРАМАЙ, ТЕК ҒАЛЫМДАРҒА, ҒЫЛЫМИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАРЫН ДАМЫТУҒА ТІКЕЛЕЙ ЖЕТУІ ТИІС “Ғылым туралы” және “Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары өте маңызды Заңнама­лық құжаттар болып табылады. Өйткені, ХХІ ғасыр адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған, адамның түсіне де енбеген орасан зор ғылыми және технологиялық жетістіктерімен еніп отыр. Іргелі және қолданбалы ғылым жетістік-терінің өмірге енгізілуі қоғамды танымастай өзгерту үстінде. Ғылым қандай да мемлекет болмасын оның экономикалық дамуының, қауіпсіздігінің, халқы­ның әлеуметтік-экономикалық жағдайының, рухани өсуінің негізі, өзегі болатыны белгілі. Ал экономикасы мықты дамыған елдің халықаралық аренадағы беделі де жоғары тұратыны түсінікті. Отандық ғылымның дамуы – елімізде үлкен экономикалық сер­піліске, жеделдетілген индустрия­лық-инновациялық бағдарламаның табысты іске асырылуына, тәуел­сіздігіміздің баянды болуына, күш-қуатымыздың еселей артуына алып келетінін Елбасымыз Парламент сессияларының ашылуында, жыл сайынғы халыққа Жолдауларында, түрлі кездесулерде бірнеше рет шеге­лей айтқан болатын. Сондық­тан отандық ғылымды дамыту – еліміздің стратегиялық дамуының ең бір басым бағыттарының бірі десек, артық айтқандық емес. Сонымен қатар, ғылым дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің де мемлекет үшін маңызы ерекше. Шынына келсек, елімізде ғы­лым дамуы кенжелеп қалды. Оған әртүрлі объективті де, субъективті де себептердің болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Соның ішінде ең бастысы ғылымды қар­жы­ландыру көлемінің жеткілік­сіздігінен туындады. Тәуелсіздік алған жылдардың басындағы экономикамызда қалыптасқан күрделі жағдай, күні кешегі бүкіл әлемді жайлаған қаржы дағдарыс­тары ғылымға жеткілікті көңіл бөлуге мұрша бермеді. Ғылымның өз деңгейінде қаржылан­дырыл­мауы, ғалымдардың еңбекақысы­ның күрт төмендеуі, ғылыми ұйым­дардың, ғылыми зертханалардың алдыңғы қатарлы электронды, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеуі, т.б. осы са­лада келеңсіз үдерістердің қалып­тасуына алып келді. Шетелдік сарапшылардың сөзіне сенсек, егер мемлекет ғылымды қаржыланды­рудың көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызынан төмендетсе, онда ондай мемлекеттің ғылымы құл­дыруға ұшырайды екен. Ал, ол 0,5 пайыздан төмен болса, онда ғылым саласын қайтып қалпына келтіру мүмкін еместігін, ғылым жүйесінің қирайтындығын алға тартады. Дамыған елдер ғылымға орта есеппен ІЖӨ-нің 3 пайызындай қаржы жұмсайды. Даму жолына түскендері де осыған шамалас. Ал бізде бұл көрсеткіш 0,3 пайызға да жетпейді. Осының өзінен-ақ біздегі ғылым дамуының қандай деңгейде екендігін көруге болады. Ғылым саласындағы басты тұлға – ғалым, ғылыми қызметкер. Ғалымдарды материалдық, әлеу­меттік жағынан ынтала­ндырмай, ғылымды дамыту мүмкін емес. Ға­лымдардың, ғылыми қызметкер­лердің еңбекақыларының өте төменгі деңгейде (еліміздегі орташа еңбекақы мөлшерінен екі есе кем) қалуы олардың осы саладан жаппай басқа салаға, шетелдерге кетуіне себеп болды. Салада тек өз ісіне шын берілген, өмірін ғылыммен тығыз ұштастырған нағыз ғалымдар, жасы келгендері ғана қалды. Ғылым саласындағылардың басым бөлігінің жас шамалары 50-60-тан асып кеткен. Талантты жастардың ғылымға баруға құлқы жоқ. Мұның өзі саладағы кадр мәселесінде үлкен проблема туындатып отыр. Тағы бір мәселе – ғылымды басқару. Ғылым саласының өзіндік ерекшелігі бар нәзік сала. Оған өктемдік-әміршілік тәсіл жүрмейді, онымен ғылымды дамыта алмаймыз. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Сол себепті ғылым саласы қазіргі кезде қалыптасып отырған басы артық, пайдасынан зияны көп аралық басқару жүйелерінен барынша тазартуды қажет етеді. Ғылымға бөлінген қаржы шашырамай, тек ғалымдарға, ғылыми ұйымдардың инфрақұры­лымдарын дамытуға тікелей жетуі тиіс. Сонда ғана ғылымда оң өзгерістер, ілгерілеулер болатыны сөзсіз. Айта берсек, бұдан басқа да ғылым саласында қордаланып қалған, оң шешімін табуды қажет ететін проблемалар аз емес. Со­лардың ішінде: отандық ғалым­дарымыздың ғылыми жаңа­лықтарын, жаңа технологияларын өндіріске, медицинаға, эконо­миканың басқа да салаларына енгізудегі қиындықтарды, ғылым мен білімнің өзара тығыз байла­нысына қол жеткізудегі күрделі­ліктерді, ғылыми кадрларды дайындаудағы кедергі-тосқауыл мәселелерін, т.б. атауға болады. Заң жобалары бойынша Мә­жілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қаулысымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобын бел­гілі ғалым, ғылым докторы, про­фес­сор, комитетіміздің хат­шысы Бекен Әлімжанов басқарады. Жұ­мыс тобының құрамында Мәжі­лістің барлық комитеттерінің өкілдері-депутаттар, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, респуб­ликамызға белгілі ғалымдар бар. Дамыған елдер ғылымға орта есеппен ІЖӨ-нің 3 пайызындай қаржы жұм­сайды. Даму жолына түскен­дері де осыған шамалас. Ал біз­де бұл көрсеткіш 0,3 пайыз­ға да жетпейді. Ғалымдардың, ғылыми қыз­меткерлердің еңбекақы­ларының өте төменгі дең­гейде (еліміздегі орташа еңбек­ақы мөлшерінен екі есе кем) қалуы олардың осы саладан жаппай басқа салаға, шет елдерге кетуіне себеп болды. Ғылым саласындағылардың басым бөлігінің жас шама­лары 50-60-тан асып кеткен. Талантты жастардың ғылымға баруға құлқы жоқ. Мұның өзі саладағы кадр мәселесінде үлкен проблема туындатып отыр. Динар НӨКЕТАЕВА, Мәжіліс депутаты.