Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында “ASTANAІNVEST 2010” 1 халықаралық инвестициялық форумы болып өтті. Оның басты мақсаты – еліміз астанасындағы қолайлы инвестициялық ахуалды одан әрі дамыта түсу, қала экономикасына отандық және шетелдік инвестиция құйылуын ынталандыру мен Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына кіру стратегиясы шеңберінде “Астана – Қазақстан елордасы” брендін қалыптастырып, оны әлемдік рынокта кеңінен таныстыру болып отыр.
Форумға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, “Lіor Corporatіon” компаниясының президенті Давид Бен Нани, “CEO Mіllenіum Fіnance Corporatіon” басқарма төрағасы Кеба Кеинде қатысты. Форумды Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ашты. Бүгінгі таңда елімізбен бірге Астана қаласы да маңызды уақытты бастан кешіруде, деп бастады сөзін Премьер-Министр. Әлем елдері де, Қазақстан да сындарлы дағдарыстық кезең мен одан кейінгі кезеңге өту арасында тұрғандығы баршамызға мәлім. Елбасымыздың басшылығымен кесімді де батыл шешімдер қабылданып, соның нәтижесінде қиын кезеңдерден қатты шығынданбай өттік. Оған қоса биылғы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысын алып қарасақ, дер кезінде қабылданған шешімдердің дұрыстығына тағы бір рет көз жеткіземіз. Ендігі кезектегі маңызды нәрсе – Елбасы Жолдауындағы тапсырмалар айқындағандай, ел дамуының жаңа сатысына көтерілу болып отыр. Сондықтан кәсіпкерлік белсенділік, ішкі және сыртқы инвесторларды экономиканы одан әрі дамыту ісіне тарту жұмыстары алғашқы кезекте тұр. Астана – тәуелсіздігіміздің символы, дамудың локомотиві ретінде инвестиция тартудың, оған қолайлы жағдайлар жасаудың үлгісін алғашқы болып көрсетуі тиіс. Қала аумағында соңғы технологиялық өндіріс орындары қалыптасуда. Мысалы, “Дженерал электрик” компаниясымен бірлескен зауыт салу шетелдік инвестиция тартудағы жарқын көрсеткіштеріміздің бірі. Сондай-ақ жақында Алматыда өткен форумдардың бірінде тағы да шетелдік әріптестерімізбен жоғары технологиялық өндірістер бойынша бірнеше келісім-шарттарға қол жеткіздік. Бұл өндіріс орындары Астана аумағында салынатын болады, деп атап өтті Премьер-Министр. Кәрім Мәсімовтің айтуынша, беріліп отырған мүмкіндіктер, қолайлы жағдайлар нәтижесінде, сондай-ақ осындай басқосулардың сенім тудыруы арқылы болашақта Астана еліміздің өзге қалалары мен басшыларына әбден үлгі бола алады.
Одан соң сөз алған қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов Астана төрінде бүгін тағы бір жарқын бастаманың қолға алынып отырғандығын, “Астана Инвест” халықаралық инвестициялық форумы бұл тұңғыш өткізіліп отырған шара екендігін айтып өтті. Аталған форумның болашағы зор екендігіне күмән жоқ. Себебі бұл әлем елдерінің маңдайалды мамандары, кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері, банк басшылары мен қаржы институты жетекшілері басқосқан әмбебап жиын. И.Тасмағамбетовтің айтуынша, соңғы 10 жылда ЖҚӨ көлемі 50 есе өскен. ІЖӨ-дегі Астана үлесі 1,5-тен 10 пайызға дейін жетіп, өнеркәсіп өндірісі 7 есеге дейін ұлғайған. Ал астана көшірілгелі бері мұнда тартылған инвестиция көлемінің өсуі 22 есеге жеткен. Бұл бәсекеге қабілетті ресурс және қаламыздың сенімділіктің көлемді қоры бар құнды активі болып табылады. Дегенмен тәуекел де жоқ емес. Белгілі экономист Еуропа орталық банкінің басшысы Жан-Клод Тришенің айтуынша жаһандық экономикалық дағдарыста тек дамушы елдер ғана өсу көрсеткішін көрсеткен. Сондай-ақ оған тән тағы бір сипат, дамыған елдердің төтеп бере алмай, керісінше дамушы елдер әлемдік экономика үшін қуат көзі болып табылғандығы. Бұл жас экономиканың өсу деңгейіне шығу фазасында қалыпқа келу әлеуеті тез екендігінің куәсі. Егер Астана экономикасын алып қарасақ, ондағы тәуекел мүмкіншілігін азайтатын, оны қорғайтын құрал оның құрылымы болып табылады. Ал оның көп бөлігін бизнестің жұмылғыш түрі – шағын және орта кәсіпкерлік құрайды, деді қала басшысы.
Осылайша елорданың даму көрсеткіштерін атаған қала әкімі қаланың инвестициялық тартымдылығының сыры неде екендігіне тоқталды. Елбасымыздың “Астана – жаңа қала” арнайы экономикалық аймағын құруы дамудың алғышарты болды. Оған қаланың 6 мың гектар жерін қамтитын, 977 млрд. теңге инвестициялық қоры бар 256 нысан кіреді. Оның 557 млрд. теңгесі немесе жартысынан көбі жеке инвесторларға тиесілі. Осындай зор әлеует инвесторларға “салық жеңілдіктері, кедендік жеңілдіктер мен қосымша тегін жер” тиімді формуласының жемістілігін тағы бір рет дәлелдейді. Аймақтағы қолжетімділік, еңбек ресурстары, жаңа индустриялық жобаларға салынған инвестицияларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар инвестиция құюшылар үшін тамаша мүмкіндіктер ашады. Кез келген қарқынды дамып келе жатқан қала секілді Астана да үлкен қаржы құюды талап етеді. Бүгінде елорданың инвестициялық әлеуетін аша түсуге қажетті жағдай да, мүмкіндіктер де бар. Бүгінгі көрмеде бірлесе жүзеге асыруға дайын 115 жоба қойылып отыр, деді қала басшысы. Оның айтуынша, жуық арада құрылыс саласындағы жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар қосымша жеңілдіктер мен преференциялар алатын болады. Олардың ішінде ҚҚС, жер салығы мен мүлік салығына нөлдік үстеме болады, деп нақтылай түсті инвестициялау артықшылықтарын И.Тасмағамбетов.
Форум шеңберінде өнеркәсіп, құрылыс, мемлекет пен жеке меншік серіктестігі тақырыбында сессиялар мен дөңгелек үстелдер өтті. Оларда Астанадағы құрылыс саласының болашағы мен қарқыны, өңдеуші өнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан көмек шаралары және мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы талқыланды. Форумға Ресей, Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерінен үздік қаржы сарапшылары мен бизнес-элита өкілдері, сондай-ақ елордадағы ұлттық компаниялар мен қаржы институттары – барлығы 700-ден астам делегат қатысты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.