Қасиетті Меккеде алдағы қажылық мәселесін талқылау үшін Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған құрамында ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Мұхаметқалиев, ҚМДБ-ның қажылық бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов бар делегация Сауд Арабиясы Корольдігінде Қажылық министрі доктор Абд ас-Салам әл-Фарисидің арнайы шақыруымен болып қайтты.
Сапар Ұлы Жеңіс күніне тұс келгендіктен Дінбасы әуелі қасиетті Меккеде, мүбарак Қағбада еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы жолында құрбан болған шейіттерге құран бағыштады. Сондай-ақ ел тыныштығы мен ынтымағы үшін дұға жасады. Елін, жерін қорғап елге аман-есен оралған бауырларымызға Алла тағаладан ұзақ ғұмыр тіледі: “Жарық күндеріңізді Жаратушы Иеміз көбейтсін, ырыстарыңызды молайтсын, Отанымызға жар болсын. Аман болыңыздар. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз, немере-шөберелеріңізге Қазақстанына, халқына аянбай қызмет етуді Алла тағала нәсіп етсін”. Мұндай шара Саудияда тұңғыш рет ұйымдастырылды.
Бас мүфти бастаған делегацияны Қажылық министрінің бірінші орынбасары, қажылық мәселесіне тікелей жауапты Хатам бин Хасан ал-Қади қабылдады. Бас мүфти Сауд еліне Қазақстан мұсылмандарының сәлемін жеткізді. Ал Қажылық министрлігінің басшылығы Бас мүфтиге екі ел арасында қалыптасқан дәстүрлі саяси, мәдени, рухани достықпен қатар, қажылық мәселелеріне де өздерінің үлкен мән беретінін және Қазақстан тарапының алдын ала жүргізген дайындық жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан қажыларының жыл сайын ұйымдасқан түрде келіп, қайтып жүргенін атап өтті. Өткен жылы Қазақстаннан келген қажылардың өз парыздарын өтеп, аман-есен елдеріне оралғанын, бұл үшін Сауд Арабиясының тиісті министрліктері мен жауапты кісілері де күш жұмсап отырғанына тоқталды.
Делегацияны Жидда қаласында Қажылық министрлігіне қарасты “Бірлескен өкілдер кеңсесі” бастығының жоспарлау жөніндегі орынбасары Фаруһ Яхья Бұхари де қабылдады. Кездесуде еліміз қажыларын биыл да күтіп алып, барынша жоғары деңгейде қызмет көрсету жолдары талқыланды. Сауд жағы қажылық мәселелерімен айналысатын қазақстандық арнайы миссиясының болуы керек екендігін, оның Жидда, Мекке мен Медина қалаларына қажылық маусымы басталмай тұрып, ертерек келу керектігін ескертті.
Миссия – қазақстандық қажыларға Жидда, Мекке, Мединада практикалық көмек көрсету үшін құрылатын топ. Оған Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті басшылығы мен ҚМДБ өкілі, Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшілігінің консулы, діни қызметкерлер, дәрігерлер және журналистер кіреді. Миссияның міндеті Қазақ елі қажыларына дер кезінде тиісті көмек көрсетуі.
Сұхбат барысында Фарух Яхья Бұхари мырза әр қажының жеке карточкасының болуына көңіл аударды. Оны әр фирма өз қажыларына құжат ретінде беруі тиіс. Онда төмендегі деректер көрсетілуі керек: 1) қажының аты-жөні; 2) төлқұжат нөмірі; 3) азаматтығы.
Бас мүфти Саудия Қажылық министрлігіне Қазақстан азаматтарына көрсетіп келе жатқан ілтипаты мен достық көмегі, қамқорлығы үшін алғыс айтты. Қазақстан мұсылмандары Сауд елінің қажылық жеңіл өтуіне мән беріп және тиісті дәрежеде қолғабыс етіп отырғанын бағалайтынын мәлімдеді.
Саудтықтар биылғы қажылықты да Қазақстан азаматтары автобуспен емес, дәстүрдегідей, Алматы-Жидда-Алматы бағытымен тек ұшақпен келіп, кетуді ұсынды. Бұл қажылардың қауіпсіздігі үшін де тиімді екенін қаперге салды.
Бас мүфти бұл пікірді қостай отырып, биыл Қазақстанда қажылық мәселесімен айналысуға жиырмадан астам фирма тілек білдіріп отырғанын хабарлады. Саудтықтар Алматыдан тікелей Жиддаға немесе Мединаға келуді жоспарлап отырған фирмалардың ол туралы Сауд жағына күн ілгері хабарлауын, Мекке мен Мединада фирмалардың қажылар үшін жататын орындарды тиісті осы іске жауапты Сауд мекемелерімен келісе отырып жалдауын, кездейсоқ кісілермен қатынас жасамауды ескертті. Сонымен қатар бірнеше мәселелерге де тоқталып өтті. Атап айтқанда:
1) Қажылардың жамаратқа (шайтанға тас лақтыратын жер) уақтылы баруы;
2) Ифада тауабы (тауап – араб тілінде бір нәрсені айналуды білдіреді. Ал шариғи мағынасы – қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Ол – қажылар Арафаттан қайтқаннан кейін жасалады. Тауап – қажылықтың үш парызының бірі) уақтылы жасалуы және оған барғанда қажылардың өздерімен артық зат алмаулары. Өйткені, оның қосымша қиындық туғызуы мүмкін.
3) Қонақүй (Мекке яки Мединада болсын) туралы құжаттың болуы;
4) Қазақстандық фирмалар тізімін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Сауд жағына күн ілгері жіберуі;
5) Фирмалардың шатыр (Минада қажылар тұратын арнайы шатырлар) орындарын ертерек таңдап алуы;
6) Қажылық миссиясы құрамында келген қазақстандық дәрігерлерді Саудияның Денсаулық сақтау министрлігіне, ал журналистерді Ақпарат министрлігіне алдын ала ертерек тіркеу;
7) Фирмалардың әуежол дәліздерін күн ілгері алып қоюы. Осы іске жауапты кісілердің Қазақстан қажыларының ұшақтары келетін мерзімін күн ілгері анықтап, Сауд жағымен үйлестіріп отыруы.
Сауд Арабиясы биыл Қазақстанға 4000 қажыға квота бөлді, бірақ, егер Қазақстаннан үміткерлер одан асып жатса, қосымша тағы да квота бөлінетіндігін мәлімдеді. Квота тегін орындар емес. Қазақстан тарапы өз кезегінде қажылардың 60 пайызы Медина қаласына, 40 пайызы Жидда қаласына келетіндігін айтты.
Меккеде Бас мүфти бастаған еліміз делегациясын Түркия, Еуропа, Америка және Аустралия мұсылмандары департаментінің бастығы Абд әл-Азиз бин Омар Әла ад-Дин де қабылдады. Мұнда департамент басшылығы өткен жылы Қазақстанның бірнеше туристік фирмалары алып келген қажылардың өздері тұрған шатырларды сызып, түрлі жазулар жазғанын, мұны Корольдіктің тәртіп бұзу деп есептейтінін және бұған тиісті фирмалар айыппұл төлеу керек екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ “Робинзон”, “Асыл мақсат” және “Ер-Си тур и Ко” фирмаларына биыл виза берілмейтінін хабарлады. Мұның себебін былай деп түсіндірді:
1) “Робинзон” фирмасы межелі уақытта қайтпай, қажылары бірнеше күнге қалып қойған.
2) “Асыл мақсат” алған квотасын (260) толтыра алмай, 63 қажы кем алып барған.
3) “Ер-Си тур и Ко” да алған квотасын (150) орындай алмай, 24 қажы кем апарған. Аталған фирмалар Сауд жағына тіпті түсініктеме де бермеген. Квота орындалмауы Саудия жағын шығынға батырған. Аталған мәселелерге тікелей осы фирмалар кінәлі деп есептейтіндерін айтты. Сол себепті әр фирма Діни басқармадан квота сұраған кезде өз мүмкіншіліктерін мұқият ескеруі керек еді деді.
Меккеде сондай-ақ Бас көлік ассоциациясының бастығы Мухаммад Закария бин Хасан Жауһаржи мырзамен де сұхбат өтті. Онда Қазақстан негізінен қажыларын Мина, Арафат, Мұздалифа, Жидда-Мекке-Медина-Мекке-Жидда, Медина-Мекке-Медина бағытында тасымалдау мәселесі талқыланды. Сонымен қатар екі тарап та бұл салада тиісінше қызмет көрсетіліп келе жатқандығын атап көрсетті.
Мединада Қажылық министрлігінің Қажылық департаментінің бастығы Юсуф бин Ахмад Хаууала мырза бастаған департамент қызметкерлерімен келіссөздер болды. Оның барысында Бас мүфти биыл қажыларға бөлінген квотаның саны 4000, қажылықпен айналысуға жиырмадан астам фирмалар ниет білдіріп отырғанын, Қазақстан қажыларының дәстүрдегідей қажылыққа Алматы-Жидда-Алматы және Алматы-Медина-Алматы бағытымен тек қана ұшақпен келіп, кететінін тағы да еске салды.
Саудия жағы Қазақстан фирмаларының Мединада қонақүй жалдағаннан кейін ол жайлы өз департаменттеріне алдын ала мәлімет беруін және Мединадан қажылық үшін Мекке қаласына аттанатын ең соңғы күн зулхижжа айының 5 жұлдызы, яғни қарашаның 11-і және Меккеден Медина қаласына аттану зулхижжа айының 14 жұлдызы, яғни қарашаның 20-нан басталатынын ескертті. Сонымен қатар Қазақстан миссиясы тиісті шаһарларда тұратын мекен-жайдың күні бұрын таңдалып, миссияға жедел жәрдем, телефон, факс, электронды пошта алып, миссия орналасқан ғимарат алдына Қазақстан туының ілулі тұру қажеттігін қаперге салды.
Бұған қоса бірқатар өзге де мәселелер талқыланды. Сауд Арабиясы Корольдігінен фирмалар бастаған қажылардың аттану мерзімін нақты бекіту, әуежайда, департаментте, т.б. тиісті жерлерде қажылық миссиясы өкілдерінің дер кезінде болулары, Қазақстан қажылық миссиясының байланыс телефондарын Медина қаласындағы қажылық департаментіне беру, Қазақстан қажыларын әкелетін және әкететін ұшақ рейстерінің кестеге сай болуы сияқты жәйттер егжей-тегжейлі талқыланды.
Саудия жағы Қазақстан қажыларының шектен тыс зәмзәм суын ала бермеуін, бұдан бір жыл бұрын зәмзәм суын қажылардың көп алуына байланысты ұшақтың әрең көтерілгенін ескертті. Саудия жағы Қазақстан мұсылмандары басшылығына қажылықты жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырып жүргенін атай отырып, биыл да биіктен көрінеді деген сенім білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.