ҰБТ: НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
Өткен апта соңында республика бойынша биылғы мектеп бітірген түлектердің бағын сынайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталған-ды. Осынау маңызды науқан басталар алдында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дегі тестілеу пунктінде болып, ата-аналар, БАҚ өкілдерімен кездесіп, түлектерге сәттілік тіледі.
Құзырлы министрліктің мәліметі бойынша, 2010 жылғы мектеп бітіруші 138 162 баланың 110 118-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдірсе, тестілеу маусымның 4-10-ы аралығында 154 пунктте (49 қала мен 105 аудан орталығы) өткізілуде. Тест тапсырушы түлектер барлығы жеті лекке бөлінген. Биыл бір лектегі оқушылар саны 800-ге дейін азайтылды. Бұл ҰБТ-ны неғұрлым ыңғайлы жағдайда тапсыруға мүмкіндік береді.
ҰБТ 5 пән бойынша: оқыту тілі (қазақ немесе орыс), Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі – қазақ тілі, қазақ тілді мектептердегі - орыс тілі пәндері бойынша өткізілуде. Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 25, ал бес пән бойынша барлығы – 125 сұрақ. Тестілеу уақыты – 210 минут, яғни 3,5 сағат.
Биылғы жылғы мектеп бітірушілер мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республиканың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін кем дегенде 50 балл (“Жалпы медицина” мамандығы үшін - 55 балл) жинауы тиіс.
ҰБТ-ның балын аттестаттың бағасына ауыстыру шкаласы өзгерген. Егер мектеп бітіруші бір пәннен 0-3 балл жинаса –“қанағаттанарлықсыз”, ал 4 және одан жоғары алса, оңды көрсеткіш болып табылады. “Мемлекеттік құпиялар туралы” ҚР-ның Заңына сәйкес дұрыс жауаптар коды мемлекеттік құпиялар қатарына жатқызылған.
Тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешу, ҰБТ-ға қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында республикалық комиссия және әрбір ҰБТ-ны өткізу пунктінде апелляциялық комиссия құрылған. Тапсырмалардың мазмұны және техникалық себептерге байланысты өтініштер тестілеудің қорытындысы шыққаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады.
Ұлттық мектептердің бітірушілері (ұйғыр, өзбек, тәжік) қалаулары бойынша ҰБТ-ны мемлекеттік немесе орыс тілінде тапсыра алады.
ҰБТ-ны өткізу кезеңінде облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының жанында ҰБТ-ның өткізілу барысын бақылауды қамтамасыз ететін штабтар құрылып, олардың жұмысын Білім және ғылым министрлігінің жанындағы республикалық штаб үйлестіруде.
Министрдің айтуынша, биылғы сынаққа дайындық сақадай-сай, өз деңгейінде жүргізілген. Өткен жылдардағыдай қателіктерге жол бермеудің барлық амал-шарғылары жасалған. Дайын жауап сататын, заңсыз шаруалармен айналысатындар болса, бірден мемлекеттік органдарға хабарланып, қылмыстық жауапқа тартылады.
– Бүгін міне, көріп отырсыздар, абыр-сабыр ештеңе жоқ. Барлығы өз деңгейінде. “Бағам есептелмей қалды” деген сияқты сөз болмайды, бәрін компьютер тексеріп, сканерден өткізеді. Сондықтан ата-аналар, сіздердің қобалжып отырғандарыңызды білеміз, бірақ еш уайымдаудың реті жоқ. Барлығы әділетті, әрі өз деңгейінде өтеді, – деп еліміздің бас мұғалімі абыржып отырған ата-аналарға басу айтты.
Тестің әділ өтуіне ата-аналар да бір ауыздан шүбә келтірмейтінін жеткізді. Өйткені, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дегі тестілеу пунктінде ата-аналарға арналған арнайы камерасы бар бөлме бөлініпті. Онда олар бұрынғыдай далада алаңдап отырмай, ғимараттың ішіне кіріп, өз балаларының тесті қалай тапсырып отырғандарын көздерімен көруге мүмкіндік алған. Оған ата-аналар: “Бұл өте жақсы болды. Өйткені, көшеде үш жарым сағат күткенде: “Балаларымыз қалай тапсырып жатыр екен, қиналып қалды ма екен?” деген сауалдар маза бермейтін еді. Енді олар дәл жанымызда отырғандай. Университеттің осындай жағдай жасағанына алғысымыз шексіз” десіп жатты.
Сол күні Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-де Алматы қаласы, Жетісу ауданының 18 мектебі және республикалық Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернаттың түлектері, яғни жалпы саны 585 түлек тестен өтті. Оның ішінде 312 қазақ, 273 орыс тобы бар.
Сонымен түс ауа ата-аналардың да, сынақ тапсырушылардың да асыға күткен уақыты жетіп, сағат 15.00-де ҰБТ қорытындысы белгілі болса, Жетісу ауданы бойынша сынақ тапсырған түлектердің қол жеткізген нәтижесі 83 пайыз болып, “Алтын белгіден” үміткер 6 талапкердің төртеуінің ғана үміті ақталды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
КАТОНҚАРАҒАЙЛЫҚ ШӘКІРТТЕР ЕРЛЕДІ
Катонқарағай ауданының шәкірттері бұрындары да бірыңғай ұлттық тестілеуде жоғары білім мен біліктіліктің нәтижесін көрсетіп келген. Ал биылғы көрсеткіштері тіпті бәрінен де асып түсті. Аудан бойынша бірыңғай ұлттық тестілеуде 93,1 балл көрсетті. Бұл облысты былай қойып, еліміздегі үздік көрсеткіштердің бірі болатыны сөзсіз.
Жамбыл ауылының оқушысы Ақерке Рамазанова – 124, катондық Айман Құрманғалиева – 123, үлкеннарындық Ерасыл Зайнулдин –119, Айжан Аманжанова, Назерке Сұлтанғазина, Ақгүл Рақымбаева, Берік Шарипов, Балжан Сәдуова, басқа да бір топ талапты шәкірт 120 балл жинады. Бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысқан 386 оқушының барлығы енді алған білімінің жемісін көрмек.
Айта кету керек, “Алтын белгіге” ұсынылған 18 оқушының 16-сы жоғары атақты қорғап шықты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.
Биылғы ҰБТ-ның алғашқы сынағының бірі Тараз мемлекеттік университетінің ғимаратында өтті.
Мұндағы ерекшелік, аудиторияларға қойылған бейнекамералар арқылы университет сыртындағы үлкен экрандардан тест тапсырудың барысын көруге болады. Бұл жаңалық өз кезегінде оқушылардың ата-аналары мен ұстаздарының көңілінен шықты.
–Жамбыл облысындағы ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссияның жұмысындағы оңды құбылыстардың бірі – тест тапсырудың ашықтығын қамтамасыз ететін электронды технологияны енгізуі болып табылады, – дейді Білім және ғылым министрлігінің осында арнайы келген өкілі С. Житейников.
ҰБТ-ның алғашқы сынағына Тараз қаласындағы мектептердің 4024 түлегі қатысса, қалған оқушылар 8 және 10 маусым күндері болатын тесте бақтарын сынамақ. Әзірге, ҰБТ-ның облыс бойынша орташа көрсеткіші 82,3 балл болып тұр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,Жамбыл облысы.
125 БАЛЛ ИЕГЕРІ АСТАНАДА
“Астана-Достық” білім беру орталығы 2003 жылы құрылған. Сол уақыттан бері мектеп бітіруші түлектерге қазақ тілі, Қазақстан тарихы, орыс тілі, математика, ағылшын тілі, жалпы тарих, география, химия, биология, физика пәндері бойынша ҰБТ-ге дайындық курсын жүргізеді. Дайындық мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Осы дайындық курсы қорытындысының жылдан-жылға жемісін беріп келе жатқаны осы жылы тағы да дәлелденді. 4 маусымда өткен ҰБТ нәтижесінде Астана қаласы бойынша “Астана-Достық” білім беру орталығында 300 мектеп бітіруші түлектер ішінен Сағындық Ғизат 125 балды қанжығасына байлады.
“Егемен-ақпарат”.