Осы аптаның жұма күні тұңғыш рет Африка құрлығында жанкүйерлердің төрт жыл тағатсыздана күткен футболдан әлем чемпионаты басталады. Дүбірлі доданың өтетін жері – Оңтүстік Африка Республикасы. Бір ай бойы жалғасатын әлем чемпионатына төрткүл дүниенің төрт бұрышынан қара үзіп, жолдама алған 32 елдің құрамалары жоғарыда аталған мемлекеттің бірнеше қалаларында бақ сынасады.
Жалпы, футболдан әлем чемпионаты өткен ғасырдың 30- жылдарынан бері өткізіліп келе жатқаны белгілі. Алғаш рет Уругвайда 1930 жылы жалауын көтерген чемпионат оған дейін Еуропа, Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америка мен Азия елдерінде жалғасқан болатын. Енді, міне, әлем чемпионатын өткізуге кезек Африка құрлығына келіп тұр. Бұл шешімді ФИФА 2004 жылдың 15 мамырында Швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан штаб-пәтерінде қабылдады. Сол кезде чемпионатты өткізуге ОАР-дан басқа Марокко, Египет, Ливия мен Тунис елдері бірігіп өтініш білдірген еді. Бірақ, соңғы сәтте Ливия мен Тунис жарысты өткізуге шамалары жетпейтіндігін мойындағаннан кейін Марокко, Египет және ОАР арасында дауыс берудің нәтижесінде соңғысы кезекті әлемдік доданы өткізу құқығына ие болды. Осы рәсімде Марокко 10 дауыс алса, оңтүстікафрикалықтар 14 дауыс жинады. Ал, Египетке бірде-бір дауыс берілмеді.
Әлем чемпионатының тарихына қарасақ, оған алғашқы кезде 13 елдің құрамалары ғана қатысқанын көруге болады. 1930 жылы бүкіл ойындары Уругвайдың астанасы Монтевидеода өткен бәсекеде алаң иелері чемпион атанды. Одан кейін 1934 және 1938 жылдары Италия құрамасының бағы жанды. Ал Ұлы Отан соғысынан кейін қайта жалғасын тапқан футбол бәсекесіне 16 елдің құрамалары қатысып, жарыс көрігін қыздыра бастады. 1982 жылы Испанияда өткен чемпионатқа құрамалар 6 топқа бөлініп, алғаш рет 24 команда болып қатысты. Осы дәстүр 1998 жылға дейін жалғасты. Сол кезде Францияда жалауын көтерген чемпионатқа қатысқан 32 команда 8 топқа бөлініп күш сынасты. Бұл үдеріс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1930 жылдан бастау алған әлем чемпионатына биыл 70 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Бразилия құрамасы – 5, Италия – 4, Германия – 3, Аргентина мен Уругвай 2 рет әлем кубогын жеңіп алса, Англия мен Франция бір реттен чемпион атанды.
Бүгінде әлем чемпионатын өз алаңында өткізу қай елге болмасын мәртебе. Өйткені, ол дүние жүзіне елдің туристік имиджін, спорттағы беделін қалыптастыруға септігін тигізетін үлкен жарнама болып саналады. Осы орайда 1998 жылы Францияда аяқталған әлем чемпионатынан кейін болған мына жағдайды айтуға болады. Сол кезде ФИФА-ға келесі әлем біріншілігін қай елде өткізу керек деген мәселе қойылғанда, Дүниежүзілік футбол федерациясы чемпионатты енді басқа жерлерде емес, Азия құрлығында өткізу қажеттігі туралы шешім қабылдаған болатын. Сөйтіп, сары құрлықтан келіп түскен өтініштерді таразыға салып, ақырында 2002 жылы болатын әлем чемпионатын өткізуге Күншығыс елі лайық деп танылған еді. Алайда, сол тұста ФИФА өтініш бергендердің қатарында Оңтүстік Кореяның да болғанын, оның да жарысты ұйымдастыруға мүмкіндігі бар екені ескерілмеген соң бұл ел наразылық білдіргенде ғана өтінішті қайта қарауға тура келген. Соның нәтижесінде ФИФА екі елдің арасында дау-дамай, оның соңы өкпе-ренішке ұласып кетпеуі үшін Корея мен Жапонияға жарысты бірігіп өткізуге рұқсат берді.
Енді биылғы бәсекеге келер болсақ, 11 маусымнан бастап бір ай бойы жалғасатын чемпионатқа 8 топқа бөлінген 32 құрама команда қатысып, 64 кездесу өткізетін болады. Әлем чемпионатының алғашқы матчы 11 маусым күні Йоханнесбургтың қазіргі заман талабына сай етіп жасалған, 94 700 адам еркін сиятын “Соккер сити” стадионында алаң иелері мен Мексика құрамаларының арасында өтеді. Осы жерде ОАР әлем чемпионатын лайықты өткізу үшін жаңа стадиондар салып, ескілерін күрделі жөндеуден өткізгенін атап өткеніміз жөн. Олардың арасында “Соккер ситиден” басқа, Йоханнесбургтың тағы бір “Эллин парк” стадионы бар. Бұл аренаны көп жерде “Кока Кола парк” деп те атайды. Оның себебі, америкалықтар Африкада өз өнімін жарнамалау үшін кезінде ОАР үкіметіне 30 млн. еуро төлеген деген дерек бар. Бұдан басқа Дурбандағы “Мозес Мабида” (70 000), Кейптаундағы “Кейптаун” немесе басқаша атағанда “Грин Пойнт” (69 070), Преториядағы 51 760 жанкүйерге арналған “Лофтус Версфельд”, Порт-Элизабеттегі “Нельсон-Мандела-Бей” (48 000), Блумфонтейндегі “Фри Стейт” (48 070), Полокванедегі “Питер Мокаба” (4600), Рюстенбургтегі “Роял Бафокенг” (44 530) пен Нелсперейттегі “Мбомбела” (43 589) стадиондарын айтуға болады.
Сөз соңында биылғы чемпионатқа алғаш рет Словакия құрамасы мен Солтүстік және Оңтүстік Корея елдерінің бірге қатысқалы отырғанын атап өткіміз келеді. Сонымен бірге осы жылғы жарысқа Михаэль Баллак, Дэвид Бэкхем, Рио Фердинанд пен Роналдинью сияқты шеберлердің түрлі себептерге байланысты қатыса алмайтынын ескерте кеткеніміз жөн.
Дастан КЕНЖАЛИН.
ФУТБОЛШЫЛАР ҚУАНЫШЫ
Футбол десе делебесі қозып, оған жан-тәнімен берілмейтін үлкен-кіші жоқ. Жанкүйерлер жеңсе бөркін аспанға атып, жеңілсе күйінеді. Ал, еліміздің көкбайрағын додалы жарыстарда биікке көтеріп жүрген ұлттық құраманың жеңісі біз үшін ерекше десек, олар жақында үлкен қуанышқа бөленді. Олардың бұған дейін шеберліктерін шыңдайтын, жаттығып, демалатын жеке базасы болмаған екен. Осы олқылықтың орны толтырылып, ФИФА өкілдері мен еліміздің футбол федерациясы басшыларының қатысуымен Талғар қаласында жаңа технологиялармен жабдықталған футбол базасы ашылды.
Жеңіс өздігінен келмейді. Ол үшін жаттығу, шыңдалу, жан-жақты дайындық қажет. Әрдайым ел футболшылары жанкүйерлерін жеңістерімен қуантсын деген үмітпен 2004 жылы құрылысы басталған нысан заман талабына сай жаттығу залы, 28 жатын бөлмелері мен демалатын орны, бассейн, монша, мәслихат залы, тағы басқа қажеттіліктермен қамтылыпты.
Құрылыстың сапасында мін жоқ, көркі де көз қызықтырады. Аталған шараның ашылуында нысанды салуға УЕФА мен ФИФА қаржылай көмек көрсетсе, жалпы құрылысқа 5 млн. еуро жұмсалған.
Жаңа футбол базасының ашылуына алыс-жақыннан келгендер таңданыстарын жасырмады. Енді жанкүйерлердің футболшылар халықаралық аренада намысты қолдан бермей, биіктен көрінсе, деген тілегі орындалса, құба-құп. Ұлттық құрама мүшелері жаңа орындағы жаттығуларын бастап та кетті.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
БІРЕГЕЙ СПОРТ КЕШЕНІ
Ойыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне ойылдықтар тайлы-таяғы қалмай жиналды. Алыстағы аудан орталығындағы бірегей спорт ғимаратының ел игілігіне қызмет етуін мұндағылар көптен күткен болатын. Сондықтан да бұл сәттің салтанаты басым түсіп жатты.
Спорт кешенінің ашылуында сөз алған Ойыл ауданының әкімі Мұхтар Жұмағазиев өңір халқының еңбекқорлығын алға тарта сөйледі. Бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын аудандағы соңғы жылдардағы әлеуметтік саладағы оң өзгерістерді Елбасы саясатымен, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың іскерлігімен сабақтастыра әңгімеледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу –Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамытуға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға баса назар аударғанын жеткізе келіп, спорт кешенінің пайдалануға берілуі спорт мектебінің оқушылары үшін ғана емес, жалпы аудан орталығының тұрғындары үшін елеулі оқиға болып отырғанын атап көрсетті. Бұл жастың да, жасамыстың да спортпен, дене тәрбиесімен айналысуына таптырмайтын орын болатынына тоқталды. Сондай-ақ, кешегі жекешелендіру кезінде қолдарында ұстап қалған бұрынғы автобаза ғимаратын биліктің қолқалауымен тегін қайтарып берген кәсіпкерлер Самат және Ұлан Шыңбаевтарға ризашылығын білдірді.
Салтанатты сәтте кезінде осы ауданды басқарған, қазір облыстық басқармаларды басқарып отырған Қуантқан Әлімов, Серік Орынбаев, облыс әкімінің кеңесшісі Қанатбай Елеусіз және басқалары шығып сөйлеп, бос тұрған ғимараттың халықтың кәдесіне асуына ризашылықтарын білдірді. Спорт кешенінің пайдалануға берілу салтанатында облыстың Қобда, Темір, Байғанин және көршілес Атырау облысының Қызылқоға және Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандарының әкімдері келіп, игі тілектерін білдірді, байғазыларын ұсынды.
Спорт кешенін аралап көрген қонақтар да, осы саланың мамандары да, ауылдықтар да қаншама жылдар бос тұрған ғимараттың жаңарып, жаңғырған спорт кешеніне айналғанына тәнті болды. Көршілес аудандардың басшылары осында ауданаралық жарыстар өткізу туралы да ой білдірді. Тіпті республикалық деңгейдегі жарыстар өткізуге болатынын тілге тиек еткендер де болды. Қалай дегенде де, шалғайдағы аудан орталығында сәні де, салтанаты да келіскен, осы заманғы спорт құралдарымен жабдықталған жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуі – үлкен қуаныш әрі еліміздің еңселене түсіп келе жатқанының айқын көрінісі.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.