Бұл еліміздің интеграциялық мүмкіндіктеріне жол ашады
“Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” кодекс жобасы Үкіметтен Мәжіліске мамыр айының басында келіп түсті. Бұл жобаның мақсаты – ұлттық заңнаманы Кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес келтіру. Жұмыс тобы бірнеше отырыс өткізіп, кодекс жобасын өте жедел және нәтижелі қарап шықты. Әріптестерім – Мәжіліс депутаттары аталмыш құжаттың сапалы шығуына атсалысты. Қысқа мерзім ішінде жұмыс тобының мүшелері белсенді еңбек етті. Өйткені депутаттардан ұсыныс пен пікірлер өте көп келіп түсті. Жалпы алғанда, кодекс жобасына 600-ден астам түзетулер мен толықтырулар берілді. Соның ішіндегі 562-сі қабылданды. Бұл кодексті одан әрі жетілдіре түсетіні сөзсіз. Жұмыс тобының отырыстарына осы салаға тікелей жетекшілік ететін бірқатар министрліктер мен Кеден комитетінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар жұмыс тобындағы кодекс жобасының талқысында үкіметтік емес ұйымдардың жауапты адамдары да болды. Олардың ішінде “Атамекен” одағының және кәсіпкерлік саласының өкілдері белсене қатысты. Кодекс жобасының баптарына орай жан-жақты пікірталас өрбіді. Ортақ ұсыныстар айтылды. “Келісіп пішкен тон келте болмас” дейді халқымыз. Ұзақ талқылаудың нәтижесінде дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймыз.
Барлық комитеттер оң қорытындыларын берді. Аталған кодекс жобасы бойынша бас комитет ретінде Палатаның Қаржы және бюджет комитеті қорытынды шығарды. Сөйтіп маусымның 3-і күні “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” кодекс жобасы Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне енгізіліп, бірінші және екінші оқылымда қаралып, мақұлданды.
Аталған кодекс жобасымен бірге Мәжілісте “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” Қазақстан Республикасының кодексін қолданысқа енгізу туралы” заң жобасы да мақұлданған болатын. Бұл құжаттың мақсаты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін өтпелі ережелерді ескере отырып, “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” Қазақстан Республикасының кодексін кезең-кезеңмен қолданысқа енгізу болып табылады.
2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында мемлекеттер басшыларының саммитінде қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес Беларусь, Қазақстан және Ресей сынды үш мемлекеттің шеңберінде Кеден одағын құру үшін бірыңғай мәмілелер жасалды. Осыдан кейін алдымызда кедендік тарифті және үшінші елдермен сыртқы сауданы реттеудің өзге шараларын, үшінші елдермен қарым-қатынаста сауда режімін, кедендік баждарды және баламалы күші бар өзге баждарды, салықтарды және алымдарды есептеу және бөлу тәртібін белгілеу туралы мәселелерді шешу міндеті тұрды. Сонымен қатар тауарларды декларациялау мен кедендік төлемдерді төлеу ережесін және кедендік режімдерді қоса алғанда, кедендік реттеудің біріздендірілген тәртібі де айқындалуы тиіс еді.
Осындай мақсатты жүзеге асыру, яғни, кедендік реттеуді бірізділендіру мен оның Кеден одағының кедендік аумағында кедендік реттеудің бірыңғай құқықтық негіздерін құру үшін 2009 жылғы 27 қарашада Минск қаласында Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Мемлекет басшылары қабылдаған Кеден одағының Кеден кодексі әзірленді. Оны дайындаудың негізіне Киото қаласында қол қойылған 1999 жылғы редакциядағы Кедендік рәсімдерді үйлестіру мен оңайлатудың халықаралық конвенциясының нормалары алынды. Мұнда, Қазақстан бұл конвенцияға 2009 жылғы ақпанда қосылғанын атап өту қажет. Аталған конвенция Сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар мен кеден қызметінің арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі принциптерін айқындайды. Ең бастысы, бұл принциптерде кедендік ресімдеудің рәсімдерін оңайлату, бақылауды іріктеу жүйелеріне негізделген декларанттар мен кеден органдары арасындағы қарым-қатынастарды ырықтандыру, тәуекелдерді және посткедендік аудитті қолдану қаралған.
Осы орайда Кеден одағына мүше мемлекеттер үшін Кеден одағының Кеден кодексін және бірқатар халықаралық шарттар мен Кеден одағы комиссиясының шешімдерін қабылдауға байланысты тараптардың ұлттық кеден заңнамасын әзірлеуі үшін нормативтік құқықтық база құрылды. Атап айтқанда кодекстің Жалпы бөлімінде кедендік реттеу және кеден органдарының СЭҚ-қа қатысушылармен қарым-қатынасы саласындағы негізгі ережелер регламенттеледі. Ал Ерекше бөлім кедендік операцияларды жүргізуге, декларациялауға және кедендік рәсімдерге, кедендік төлемдерді есептеу мен өндіріп алу тәртібіне байланысты ережелерді, сондай-ақ кеден ісі саласындағы әкімшілдендіру, оның органдарында қызмет ету шарттары мен тәртібі бойынша ережелерді айқындайды.
Осы құжат, яғни, жаңа Кеден кодексі 2010 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген соң, Қазақстан Республикасы кеден органдарының практикасына жаңа түсініктер енгізілетін болады. Сөйтіп бірқатар құқықтық қатынастар жаңадан реттеледі.
Жаңа Кеден кодексіне кедендік бақылауды жүргізу кезінде оларға тауарлар мен құжаттарды кідірту тәртібін регламенттейтін тарау енгізілген. Кедендік декларациялау кезінде талап етілетін қажетті құжаттардың саны қысқартылған. Сақтандыру мен кепілдік беру сияқты кедендік төлемдердің төленуін қамтамасыз етудің түрлері көзделген. Кеден ісі саласындағы қызметті лицензиялау толығымен алып тасталды. Бұлардан басқа тағы бір жаңалық декларацияны беру сәтіне төлемдерді төлеумен кедендік декларацияны беруге дейінгі тауарларды шығару мүмкіндігі болып табылатын уәкілетті экономикалық оператор үшін тауарларды декларациялау бойынша арнайы оңайлатулардың енгізілгендігі. Яғни іс жүзінде төлем 10 күннен 40 күн мерзіміне дейін пайызсыз кейінге қалдырыла алады. Жаңа Кеден кодексінде сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтардың төленуін қамтамасыз етудің жаңа нысаны – кепілдік шарты да қамтылып отыр.
Бұдан былай кеден органдарының қызметін бақылау мен ұйымдастыру принциптерін қайта әзірлеуді талап ететін өзгерістер де болмақшы. Оған мысалы, кеден органдарының түрлі операцияларды жасау мерзімдерінің өзгертілгенін айтар едік. Одан басқа, кодексте кедендік рәсімдеулермен байланысты мәселелер де өзгеріске ұшырады. Мәселен, ішкі кедендік транзит рәсімі алынып тасталды. Кеден аумағы бойынша тасымалданатын, оның ішінде бір ішкі кеден органынан екінші ішкі кеден органына тасымалданатын тауарлар кедендік транзит режиміне орналастырылатын болады. Енді тауарларды тасымалдау алушы тұрған жерге дейін, мемлекетке тәуелсіз, бірден кеден одағының сыртқы шекарасынан ашылады. Ал тасымалдаушылар, оның ішінде кедендік тасымалдаушылар кеден одағына мүше мемлекеттердің әрқайсының аумағында оларға мемлекетішілік бақылауды қолданбастан кеден одағының бүкіл аумағы бойынша тасымалдауға құқығы бар.
Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға да (кедендік брокерлер, уақытша сақтау қоймалары, кедендік, еркін қоймалар, бажсыз сауда дүкендері, кедендік тасымалдаушылар) талаптар өзгерді. Мысалы, Кеден одағына өтініш жасаған күнге кедендік төлемдерді, өсімпұлдарды төлеу бойынша орындалмаған міндеттерді және кеден органына өтініш жасаған күнге дейінгі 1 жылдың ішінде кеден ісі саласындағы құқық бұзушылығы үшін жауапкершілікке тартылу фактісін талап етудің жоқтығы. Сонымен қатар қоймалар мен бажсыз сауда дүкендерін құруға рұқсаттарды беру орталықсыздандырды және егер қазіргі күні бұл рұқсаттарды Кедендік бақылау комитеті беретін болса, енді аталмыш функциялар жергілікті жерлерге, аумақтық кеден органдарына жүктелді. Осындай жаңалықтарға байланысты Қылмыстық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Салық, Денсаулық және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстерге, және “Жеке кәсіпкерлік туралы”, “Лицензиялау туралы” заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені өз-өзінен түсінікті жағдай.
Енді бүгінгі таңда кодекс жобасы Сенаттың қарауында. Сенаторлар да өздерінің көзқарасын айтып, бұл құжаттың толыққанды қолданысқа енуіне атсалысады деп есептейміз.
Бұл құжат қолданысқа енсе, біздің кәсіпкерлердің белсенді қызмет істеуіне жол ашылады. Кәсіпкерлердің жұмыс жасауы үшін барлық заңдық негіз жасалды. Үстіміздегі жылы шілденің 1-інен бастап ауқымды жұмыстар атқарылғалы тұр.
Кеден одағын құруға қатысты кейбір адамдардың: “Бұл біздің экономикамызға кері әсерін тигізуі мүмкін”, деп алаңдаушылық білдіргені анық. Тек қана Қазақстан азаматтары емес, Беларусь пен Ресейдің сарапшылары мен саясаткерлері де: “Кеден одағына кірсек, біз ұтыламыз”, деп өз елдері жайлы айтып жатыр.
Біздің ойымызша, бұл қадамнан еліміз ұтпаса, ұтылмайды. Қазақстанның экономикасы, тіпті отандық кәсіпкерлеріміз бәсекеге дайын болуы керек. Бәсекелестік жоқ жерде ел де, өнім шығарушы компаниялар да алға жылжымайды. Бүгін Кеден одағына кірсек, ертеңгі күні Бүкіләлемдік сауда ұйымына енеміз. Сол кезде одан да талабы жоғары бәсекелестікке тап боламыз. Қазақстан қазірден бастап жоғары сапалы өнім шығаруға бағыт түзеуі қажет. Сондықтан өндіріс орындарының ерте қамдануына, жаңа заманауи технологиялық жабдықтар сатып алуына мүмкіндік жасалмақшы.
Елбасының биылғы Жолдауда жария еткен тапсырмасы бойынша “Бизнестің жол картасы-2020” атты үлкен бағдарлама жүзеге асырылатын болады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы аталған бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу екенін анық айтты. Соған орай Президент Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді жүктеді. Шынымен де, Отанымыздың өндірісін алға бастайтын кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болатыны жасырын емес.
Кеден одағына кіріп, жұмыс жасауда Беларусь пен Ресейдің тауар өндірушілеріне қарағанда, Қазақстанның кәсіпкерлеріне өзге елдегі әріптестерімен бәсекелес болуына, заңға сәйкес еңбек етуіне көбірек жағдай жасалады, мол мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймыз. Қазақстан экономикасы Кеден одағына кіргеннен тек қана пайда табады.
Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың: “Қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұрыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жөніндегі тиімді стратегияларды әзірлеумен байыпты айналысу, бәсекелестік артықшылықтарды өсіре түсу маңызды. Әрине, айтылып жүргеніндей, “бәсеке жоқ жерде ұйқың жақсы, бірақ та өмірің нашар”. Ал қазақстандықтар жақсырақ өмір сүрмек және өз жоспарларын жүзеге асыруға кедергі келтіретіндерге жол бермеу ниетінде”, деген сөзін әркез есте ұстағанымыз дұрыс.
Қазақстан мен Ресей Кеден одағына қатысты келісімдерді бекітуге бірден кірісті. Ал Беларусь елі де келіскен шарттарын жақын арада заңмен бекітіп, Кеден одағының жүйелі жұмыс істеуіне өз үлесін қосады деген сеніміміз бар. ТМД-ның басқа мемлекеттерінің де келешекте Кеден одағының мүшесі болуына толық мүмкіндіктері бар.
Бүгінгі жаһандық даму кезінде көршілес жатқан мемлекеттер арасында интеграциялық байланыстар орнығуы керек. Айталық, қазір Еуропалық Одақ жұмыс істеп тұр. Оның құрамына енген қаншама мемлекет бар? Олар өзара кеденнің қосымша кедергілерісіз, үстеме ақысыз жұмыс істеуде. Және де оның тиімді жағы бірден байқалды. Барлығы да саяси-экономикалық егемендігін сақтап отыр. Біреуіне екіншісі үстемдік жасап отырған жоқ. Керісінше әлемдік қаржы дағдарысы кезінде экономикасы тұралап қалған Грекияға барлығы көмектесіп жатыр. Бүгінгі таңда ортақ валюталары – еуроның жоғары деңгейін сақтап қалу үшін амал-тәсілдер қарастыруда. Мұндай бірігуден Еуропаның әрбір мемлекеті тек қана пайда табуда. Біз де сондай тәжірибеден дұрыс ой қорытып, оны өмірде қолдануымыз қажет.
Бауыржан СМАЙЫЛОВ, Парламент Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, Кеден кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты.