Үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде Атырау МӨЗ-іне 65 жыл толады. АтМӨЗ-дің бүкіл еңбек жолы – бұл отандық мұнай өңдеу саласы көшбасшысының дамуы мен қалыптасуының тамаша тарихы. Алайда, өндіріс басшылығы мерейтойды жалаулатуды жөн көріп отырған жоқ – зауыт кең ауқымды қайта жаңғырту табалдырығында тұр. Ұжым міндеті кең – көлемді дәстүр мен тәжірибені жаңа технологиялармен үйлестіру. Бұл зауытты таяу болашақта жетекші халықаралық компаниялар деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді. АтМӨЗ-де табан аудармай алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын директоры Талғат Байтазиев пен оның орынбасары Қайрат Оразбаев бізді қарсы алып, “Егемен Қазақстан” оқырмандарының еліміздің мұнай саласы күтіп тұрған перспективаларымен алғашқылар қатарында танысуына мүмкіндік жасады.
ЖАЛҒАСЫ БАР ХИКАЯ
– Біздің кәсіпорынның 65 жылдық тарихы Ұлы Отан соғысы жылдарында басталған, – деді бізге зауытты таныстыру кезінде Талғат Байтазиев. – Зауытты жобалауға КСРО Мұнай өнеркәсібі халық комиссарының жоспарлы тапсырмасы негізінде 1943 жылы кірісілген. 2 жыл бойы АҚШ-тан “ленд-лизу” бойынша әкелінген құрал-жабдықтар негізінде соғыс уақыты жағдайында құрылыс жұмыстары жүрген. Бүгінде біз Атырау мұнай өңдеу зауыты Қазақстан Республикасы мұнай өңдеу саласының тұңғышы деп орынды мақтан тұтамыз. Зауыттың сол күндердегі негізгі міндеті Баку мұнайы арқылы авиация бензинін шығару болатын. Зауыттың бастапқы өңдеу кезеңіндегі өнімділігі жылына 800 мың тонна мұнай құраған. Қазіргі кездегі жобалық қуаты жылына – 5 млн. тонна.
Ірі кәсіпорын тұрақты түрде ілгері жүріп келеді. Өңдеу тереңдігін ұлғайту, өндірістік шығындарды азайту, шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік саласын жетілдіру, басқарудың тиімді корпоративті тәсілдерін енгізу арқылы кәсіпорын басшылығы қысқа мерзімде өндірістің сапалық жаңа деңгейіне шығуды көздеп отыр.
– Біздің кәсіпорында жүзеге асырылатын кез келген жоба сияқты біз реконструкциялауда да бірінші кезекте ұжымымызға арқа сүйейміз, – дейді Талғат Байтазиев. – Зауыттың басты артықшылығы – тұрақтылығында. Зауыттықтар өздерінің болашағына сенімді. Мұнда еңбекақыны кешіктіру деген жәйт мүлдем болған емес, бірде-бір адам қысқартылған жоқ, әлеуметтік пакет сақталған.
Қайта жаңғырту: қадам артынан қадам
Зауытты қайта жаңғырту мен реконструкциялау іс жүзінде өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері тоқтатылған емес және Батыс Қазақстандағы жалқы мұнай өңдеу кәсіпорны ретінде Атырау МӨЗ-і жүргізіп келе жатқан экономикалық саясаттың негізі болып табылады. Қазіргі заманғы рынок қолда бар өндірістің техникалық жаңғырту мәселелерін шешіп, шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту жолындағы прогрессивтік идеяларды жүзеге асырумен қатар, экологиялық проблемаларды еңсеруді де талап етеді.
– Атырау МӨЗ-і өндірісті жаңғырту мен реконструкциялаудың бай тәжірибесіне ие. 2003-2006 жылдардағы реконструкциялау шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту және қоршаған ортаға залалды ықпал етуді азайту жөніндегі негізгі міндеттерді шешіп берді. Өндірістік қуат заманалық деңгейге жетті. Біздер қоршаған ортаға шығарындылар көлемін кемітіп, сырттан су алуды азайту арқылы су айналымы коэффициентін ұлғайтуды және энергия қуатын тұтынуды төмендетуді мүмкін еттік. Және, бастысы – мотор отынының сапасын жақсартып, оның ассортиментін кеңейту, – дейді Талғат Байтазиев, жолай өндірістік үдерістерді автоматты басқаруға мүмкіндік беретін орталықтан басқару қондырғысын көрсете жүріп.
11 технологиялық қондырғының 8-і технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесіне көшірілді. Мұнайды бастапқы өңдейтін ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысын қазақстандық компания автоматтандырылған басқару жүйесіне көшірсе, бұл еліміздегі алғашқы тәжірибе болды. 2009 жылы негізгі технологиялық қондырғылар жөндеудің екі жылдық циклына көшірілді. Бұл орайда өндірістік шығындар (қаржының басым бөлігі жаңғыртуға бағытталатын болады) мен қайта өңдеу саны және мәжбүрлі технологиялық жоғалту қысқартыла түсуде.
Атмосфераны ластандырушы заттар 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 991 тоннаға төмендеді. Зауыттың өндірістік ағымдарын биологиялық тазалау қондырғыларын сенімді пайдалану 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда ластандырушы заттарды 360 тоннаға қысқартуға мүмкіндік туғызды.
Қазіргі кезде АтМӨЗ Еуро-2 талаптарына сәйкес келетін және жоғары октанды бензиндердің жалпы өндірістегі үлесін 2 есе ұлғайту арқылы күкірттің құрамын азайта отырып Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 автомобиль бензиндерін шығарады. Жоғары октанды бензиндерді шығару көлемі реконструкциялауға дейін жалпы шығарылатын бензиннің 7 пайызын құраса, бұл көлем бүгінде 28 пайызға дейін өсті. Дизель отыны да Еуро-2, 3, 4 (қысқы және жазғы экологиялық таза, ДО ерітінділерді қолданбастан -350 С температурасында қатады) талаптарына сәйкес шығарылып келеді. ТС-1 реактивті отынын өндірудің техникалық мүмкіндігі нәтижесінде гидротазаланған аралас керосинді жылына 200 мың тоннаға дейін өндіруге қол жеткізілді.
Инфобокс:
Реконструкциялаудың бірінші кезеңінің нәтижесі:
- күкірт ангидридін атмосфераға шығару жылына 4,0 мың тоннаға дейін азайтылды;
- күкірт ангидридін атмосфераға шығару 38 пайызға қысқартылса, бұл 1963 тоннаны құрайды;
- Жайық өзенінен су алу жылына 9,8-ден 3,5 млн.м3-ге азайтылды;
- “Орталық зауыт зертханасы” сынақ орталығы отын сапасын Еуро деңгейінде сынақ өткізетін жабдықтармен жарақтандырылған.
Экология – мұнай өңдеудің ажырағысыз бөлігі
Экологиялық бағдарламалар да зауытты жаңғыртудың ажырағысыз бөлігі болып табылады.
– Қоршаған ортаны ластауға төлем төмендеу жағына қарай ойысып келеді. 2008 жылы төлемдер 176,3 млн. теңгені құраса, 2009 жылы – 48,8 млн. теңге болды, үстіміздегі жылдың жоспарлы көрсеткіші – 28,6 млн. теңге. Төлемдердің төмендеуіне сондай-ақ зауыттың сұйық отынды жағудан ластандырушы заттардың шығарындыларын қысқарту бойынша жүргізіп келе жатқан жұмысы оң ықпал етуде, – деп түсіндіреді экологиялық үрдістерді Талғат Байтазиев.
Үстіміздегі жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда электр қуатын пайдалану 3 пайызға қысқарса, бу пайдалану 23 пайызға азайған. Жылуды кәдеге жарату 2 есе ұлғайған. Қуат үнемдеу бағдарламаларын орындау нәтижесінде қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуға қол жеткізілді.
Жоспарлы табиғат қорғау шараларымен қатар, технологиялық қондырғыларды табиғи газбен жабдықтауға көшіру жөніндегі қосымша жұмыстар орындалып, мұнайды бастапқы өңдейтін ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысына өндірістік үдерістерді микропроцессорлық бақылау жүйесі енгізілді, тауарлы резервуарлар деңгейін өлшеуді микропроцессорлық бақылаумен жарақтандыру жұмыстары басталды.
2010-2011 жылдары табиғат қорғау шараларын 8,72 млрд. теңге көлемінде орындау жоспарланған. Бұл мұнайды бастапқы өңдеу қондырғыларына жаңа пештерді енгізу, жан-жақты тозған тауарлы бензин парктерін ауыстыру, вакуумдық қуу блогын заманауи вакуумқұрушы жүйелермен жарақтандыру және басқа да бірқатар шаралар. Сонымен қатар, жергілікті басшылықтың тілегін есепке ала отырып, үстіміздегі жылы 50,0 млн. теңге АтМӨЗ қызметінің өңірдегі экологиялық ахуал мен тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеу мақсатына бағытталды. Зауыт аумағын көгалдандыруға қосымша 22 млн. теңге бөлу жоспарланған. Осы жылдың көктемінде ғана зауыт 6000 ағаш отырғызды. Олардың 4400-і санитарлық-қорғау аймағына отырғызылса, 600-і – зауыт аумағына, 1000-ы зауытқа бекітіп берілген қала аумағына отырғызылды.
2009 жылдың желтоқсанында жобада қарастырылған зауыт аймағында ароматты көмірсутегі өндірісі бойынша ең заманалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған 4 стационарлық және 1 мобильді автоматты станса ауа атмосферасының санитарлық-қорғау кешен құрылысы пайдалануға берілді. Барлық стансалардан ауаның сапасы туралы ақпарат “Атырау гидрометеорология орталығы” ДГП-ның орталық серверіне “onlіne” режімінде беріліп тұрады. Қазіргі уақытта зауыт жұмысшылары мен тиісті қала қызметтерін оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Стансада тәжірибе-өндірістік шаралар өтіп, ресми деректер екінші жартыжылдықтан бастап танылатын болады.
Еуро-4 – жақын болашақтың перспективасы
Атырау МӨЗ-інде 2010 жылға дейін екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған: ароматты көмірсутегі өндірісі кешені мен мұнайды тереңдете өңдеу кешенінің құрылыстары. Ароматты көмірсутегі құрылысының жобасын “ҚазМұнайГаз” Сауда үйі” АҚ пен “Атырау МӨЗ” ЖШС жүзеге асырады.
Ароматты көмірсутегі өндірісі бойынша кешен сызбасы иілмелі және немесе барынша жоғары октанды бензин алуға мүмкіндік береді не болмаса жылына қосымша 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол алуға жағдай туғызады. Технологияның лицензиары француздың “Axens” компаниясы болып табылады.
– Бұл жоба ароматты көмірсутектері өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ экологиялық таза бензиндер өндірісіне жағдай туғызады. Бүгінде біздер автомобильдер шығаратын газдар буымен бірге дем алатын канцерогенді заттар енді мұнай химиясының шикізаты түрінде жеке бөлінетін болады, – деп түсіндіреді Талғат Байтазиев.
Инфобокс:
Реконструкциялаудың жаңа кезеңінің мақсаттары мен міндеттері:
- автобензиндердің жоғары октанды компоненттері көлемін ұлғайту мақсатында қайталама үдерістер қуатын жылына 1000 тоннаға дейін көбейту;
- қосымша құны жоғары өнімдер – бензол мен параксилол өндіру;
- гидротазартқыш пен өнім сапасын жоғарылату қондырғылары үшін қажетті сутегі бойынша ресурстарды ұлғайту;
- Батыс Қазақстанда мұнай химиясы өндірісін дамыту жөніндегі жобалармен интеграциялану;
- технологиялық қуаттарды қазіргі заманғы техникалық деңгейге шығару үшін реконструкциялау мен Қазақстанды сапалы мотор отындарымен, мұнай химиясы және өзге де мұнай өнімдері үшін шикізаттармен, сондай-ақ сапасы әлемдік стандарттар мен ішкі және экспортты рыноктар талаптарына жауап беруі тиісті мұнай өнімдері экспортымен қамтамасыз ету;
- Атырауда жаңа жұмыс орындарын құру.
– Қазандық отыны ретіндегі мазутқа сұраныстың төмен үрдісі біздерден шикізатты қайта өңдеу мәселелерінде жаңа шешімдер іздеуді талап етеді, – дейді Талғат Байтазиев. – Мұнайды терең өңдеу кешенінің іске қосылуымен байланысты зауыт ақшыл фракцияларды (бензин, дизель отыны) реттеуді ұлғайтып, сол арқылы сұраныссыз мазут санын қысқартады. Аталған жобаны жүзеге асыру қолданыстағы құрылғыларды реконструкциялау мен кәсіпорынды жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтар негізінде жаңғырту есебінен зауыт қызметінің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бұл “ҚазМұнайГаз” СҮ” АҚ мұнай өнімдері бөлшек сауда желісінің қажеттіліктерін жоғары сапалы мотор отындарымен қамтамасыз етуге жағдай туғызады. Бірінші кезекте біздер күкіртті, азотты, шектеусіз және өзге де қосындылардан тұратын тауарлы өнімдерді төмендету есебінен жүргізетін Еуро-4 деңгейінен төмен емес жоғары сапалы бензинмен және дизель отынымен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз.
Соңғы екі жылда Атырау МӨЗ-і өзінің өндірістік қызметінде үлкен ілгерілеушіліктерге қол жеткізді. Бүгінде оның алдында бұдан да үлкен міндеттер тұр. Зауыт басшылығы ойына алған нәрселердің бәрін жүзеге асыратынына еш күмән жоқ. Тарихи тұрғыдан нақ Атырау МӨЗ-і Қазақстанның мұнай өндірісін дамытуда жаңа бетбұрыс жасағаны заңдылық сияқты көрінеді. Атырау МӨЗ-і пайдалануға берілгенше еліміз тек шикізат көзі ғана болып келді және де алғашқы бензин осы жерде алынды. Зауыт елімізде алғашқы болып Еуро-2 деңгейіндегі автомобиль бензинін, Еуро-2, 3, 4 деңгейіндегі дизель отынын шығара бастады. Автомобильдерден шығатын зиянды заттар құрамын реттейтін Еуро-4-тің экологиялық стандарты 2014 жылдың қаңтарынан бастап-ақ іске қосылатын болады. Және, әрине, жоғары еуропалық стандарттарға сәйкес келетін автомобиль бензиндерін Қазақстанға алғаш болып Атырау МӨЗ-і береді.
Әнуар ӘБЕНОВ.