09 Маусым, 2010

АТА ЗАҢ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

764 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланып, елімізді басқарған уақыт – тарихи оқиғаларға толы кезең. Бұл кезеңде еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі жарияланған құжаттар, Қа­зақстанның мемлекет екендігін көрсет­кен Ата Заңы, мемлекеттік рәміздері қабылданып, тәуелсіз ел ретінде әлемнің шет мемлекеттерімен қарым-қатынас орнаттық. Тәуелсіздік алғалы бергі 18 жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елдері таныды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап көптеген бе­делді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Осы кезеңде Қазақстанның экономи­касы, мәдениеті, саяси жүйесі нығайды, демократия мен заңдылық, құқық тәртібі жетілді. Осы тәуелсіздік алған аз уақыттың ішінде елімізде 1993 және 1995 жылдары екі Конституция қабылданды. Әрбір мемлекет үшін жазылған заң­дар­дың бастысы саналатын Конституцияда мынадай үш түрлі мәселе бекітіледі: 1. Мемлекеттік-қоғамдық құрылыс; 2. Адамның және азаматтың құқықтық мәртебесі; 3. Мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі. Конституция мем­лекет­тің негізгі заңы деп аталуының себебі осында. Құқықтық жүйедегі барлық заңдар осы Конституцияға сәйкес қабылдан­ба­са, бұл сәйкессіздік қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Тәуелсіз мемлекет ретіндегі Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданды. Алғашқы Конституция болғандықтан оны талқылау кезіндегі халықтың ынта-жігері ерекше болды. Солай болса-дағы құжатта кеткен кем­шіліктер қолдана бастағаннан-ақ көзге түсті. Онда ескі қоғамның ережелері орын алып, олар кеңестік демокра­тия­лық қағидаларға негізделгендіктен, біз­дің жаңа қоғамымыздың өмір талабына жауап бере алмады. Алғашқы Конститу­цияда адамның құқықтары,  бостан­дық­тары, оларды жүзеге асыру қағидалары, атқару билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсе­тілмеген болып шықты. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы декларацияда айтылған биліктің үш саласы: басқару, сот билігі, заң шы­ғару биліктерінің атқаратын рөлдері бұл Конституцияда нақтыланбай қалды. Осы­лайша, 1993 жылғы Конституция өмір талабына сай келмегендіктен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Конституция қабылдау керектігі жөнінде ұсыныс жасады. Мемлекет басшысы бұл құжаттың барынша кең талқылануына мүмкіндік туғызды. 1995 жылғы Конституцияның жобасын талқылауға 3 миллион 345 мың адам атсалысып, пікірін білдірді. Қазақстан халқының үштен бірін білдіретін олар жобаға 1100 түзету енгізді. Тоқсан сегіз баптың елу бесі елеулі өзгерістерге ұшырады. Бұрын болмаған жаңа бөлімдер, баптар пайда болды. Конституция 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Оған сайлаушылардың 90 пайызы қатысып, олардың 81 пайызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Жаңа Конституция сондықтан халық пікірінің, ойының, олардың мүддесінің заңдық көрінісі болды. Сөйтіп Қазақстан халқы Елбасымен бірге негізгі заңды жасады. Жаңа Конституцияның авторы деп біз ел Президенті мен бүкіл халықты айтуымызға әбден болады. Ата Заң еліміз экономикасының, әлеуметтік-саяси жүйесінің дамуын жеделдетті, халықтың саяси белсен­ділігін арттырды. Заң шығарушы, атқарушы органдардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимылын, бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді. Азаматтар, ұйымдар құқыққа ғана емес, сонымен бірге Конституцияда көрсетіл­ген жауапкершілікке де ие болды. Мем­лекеттің тілі, жер мәселесі, азаматтық алудың жолдары, Парламенттің қос па­ла­талық жүйесі белгіленіп, Президенттің құзыреті, сот төрелігінің қызметі, Конс­титуциялық Кеңестің өкілеттілігі сияқты күрделі мәселелердің барлығы 1995 жылғы Конституцияда шешімін тапты. Конституцияның қабылдануы нәти­же­сінде экономикалық даму, саяси рефор­малардың жеделдігі арта түсті. Халықтың саяси белсенділігі, біліктілігі өсті. Олардың қоғам өміріне араласуы заңдық сипатқа ие болды. Консти­ту­ция­ны қабылдағаннан кейін демократиялық реформаларды жүзеге асыру нәтижесіне сәйкес Конституцияға екі рет – 1998 жылы және 2007 жылы өзгертулер мен то­лықтырулар енгізілді. 1998 жылы енгі­зілген өзгертуге байланысты еліміздің сот жүйесінде істерді қарау алқа би­лердің қатысуымен жүзеге асады деген мәселе енгізілді. Яғни сот жүйесі бүкіл демократиялық елдердің жүргізетін сот талабына сәйкестендірілді. 2007 жылы енгізілген өзгертулерде де бірталай жа­ңалықтар болды. Парламенттің өкілет­тілігі кеңейтілді. Депутаттар саны көбей­ді. Мәселен, қазіргі қолданып жүрген Конституция бойынша Парламент депу­таттарының саны 154-ке жетті. Мәжіліс тарайтын болса, заң шығару қызметін Сенат атқаратын болды. Депутаттарды сайлау бұрынғы можаритарлық жүйенің орнына пропорционалдық жүйе бой­ынша жүзеге асырылатын болды. Яғни, жеңген партия Парламенттен көп дауыс алады. Қазақстан халқы Ассамблея­сынан тоғыз депутат Парламентке сайланатын болады. Кейінгі Консти­ту­цияға енгізілген өзгерістерге байланысты сот кадрларын іріктеп алу Жоғарғы Сот Кеңесінің құзырына берілді. Тұтқын­дауға санкция беру прокуратурадан  алы­нып, сотқа берілді. Міне, осындай демократиялық үрдістер жүргізілді. Елбасымыз айтқандай, ендігі қолға алатын нәрсе, біздің Парламент кем дегенде екі партиядан тұруы керек. Болашақта Парламентімізде кем дегенде екі саяси партияның дауысты көп алған, белгіленген өкілдері депутат болып сайланады. Биліктің барлық тармақтары Конс­титуцияға сай қызмет атқаруда. Мем­лекетіміздің құқықтық қатынастарын реттейтін көптеген заңдар, кодекстер қабылданып, олар мемлекеттік құры­лыстың өркендеуіне жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік тілге айналған қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Егер Ата Заң еліміздің бүкіл өмірін реттеп, дамуына жол ашса, мұның өзі оның қабылдануына бастамашы болып, жан-жақты талқылануына негіз қалаған Елбасының конституциялық заңды­лықты орнықтырудағы айрықша рөлін танытады. Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры.