Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреп, “Егемен болмай ел болмас, етектен кессе жең болмас”, деп жырлап өтті. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы аса шытырман талас-тартыспен тәуелсіздікке ұмтылды.
1991 жылғы 16 желтоқсанда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Ертесіне, 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында сан мыңдаған қазақстандық қатысқан митинг болды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
“Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым”, – деді.
Сол күннен, сол сәттен Тәуелсіздік бізге қантөгіссіз келді дегенімізбен, тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары басталды, тәуелсіз елдің іргетасы қаланды.
Енді, сондай қиындықпен келген, ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәу етер киеміз сол Тәуелсіздігіміздің ойға алған мақсатын діттеген жерден шығара алатын кемел саясаткер керек еді. Геосаяси ахуалды уақтылы аңғарып, дер кезінде батыл қадам жасай алатын тәуекелшіл саясаткер керек еді.
Сол кезде – уақыт талабы, халық қалауы, ұлт үрдісі, мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрған дүрбелең кезеңде, Тәуелсіздіктің тайғақ кешу жолында тарих сахнасына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шықты.
Ол үшінші мыңжылдықтың асуына көтерілген күрделі дәуірде ұлы көшімізді уақыттың замана бұралаңдарында сүріндірмей, жарқын келешекке бастады. Оны халық бірауыздан Тұңғыш Президентіміз деп таныды.
Әрине, Тұңғыштың аты тұңғыш! Жүгі мен жауапкершілігі қашанда ауыр. Өркениетке бағыт алған реформаларға бастамашылық жасап, ерен тәуекелді керек етер, айбынды әрекеттерге баратын жүректіліктің белгісі.
Бір ғасырға жетпейтін уақытта Қазақстан астанасы – Орынбордан Қызылордаға, Қызылордадан Алматыға, енді Алматыдан Ақмолаға көшті. Астананы Сарыарқаға көшіру халықтың рухы үшін де, қайта түлеуі үшін де қажет болды. Көк байрағымызды Отанымыздың кіндігіне тігу ердің ерінің ғана қолынан келер тәуекел еді. Арқа бағзы заманнан қазақтың ата қонысы болған кең жайлауы еді. Елбасы халқын сол жайлауға бастады. Бүгінде сол Арқаның төрінде Ақордамыз орнап, Көк туымыз желбіреп, Есілге жағалай ел қонып, ел ішіне мал толып отырған дәулетті де сәулетті, бақ-берекелі астаналы болған жайымыз бар. Астана – Тәуелсіздіктің символы, халқымыздың мақтанышы! Отанымыздың жүрегі, біздің ұлттық идеямыз, болашаққа бағдарымыз.
Өзінің тарихи миссиясын қапысыз ұғып, ұлтымызды ұлы істерге бағыттаған Тәуелсіздікті баянды ету, Қазақстанды алыс және жақын елдерге таныту, нарық реформаларын жүргізу, он жылда осы дәуірдегі озық үлгідегі Астана қаласын дүниеге әкелу – біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі десек, Елбасы мен Астана екеуін ешкім де бөліп қарай алмайды. Бұл тарих еншісіне тиген ақиқат.
Біз ел болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, тәуелсіздіктің тұғырын бекіте алдық. Жаңа мыңжылдықтың жаңа парағын аштық. Соңғы он сегіз жыл көлемінде ғасырлар бойы халқымыздың аңсап жеткен бостандығына қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет ретінде түрлі саяси, әлеуметтік өзгерістерді іске асыру оңай болмады. Әлемнің алып компаниялары Қазақстан елінің келешекте экономика және саясат кеңістігінің әлемдік деңгейдегі бір бөлшегі болатынына сеніп, өз инвестицияларын құя бастады. Қазақстан ашық экономика және интеграция арқылы келесі үшінші мыңжылдықта әлемдік экономикада алдыңғы қатарлы елдердің бірі болатынына сенді. Дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде дүниежүзілік аренаға шыға бастағанына дос сүйінді, дұшпан күйінді. Шетел инвесторын тартудың ел экономикасын көтеруге септігін тигізетінін дәлелдеуде Мемлекет басшысы саяси көрегендік танытты.
Халқының қамын жүрегінің төрінде ұстаған көшбасшымыз тура жолдан тайған емес, бір көршілеріміз дау-жанжалдан басын арашалап ала алмай, енді біреулері көжесін әзер тауып ішіп отырғанда – біздің еліміз әрдайым қиындықты жеңе отырып, дамудың биік сатысына аяқ салды. Дағдарыс құшағына іліккен тәжірибелі елдер біздің ондай тұзақтан әзірге аман екендігімізге қайран қалады. Нарық жолына енді ысылып келе жатқан батыл тәжірибемізге зор қызығушылық танытып жатыр. Реформаның қай саласында да ілгерілеушілік бар. Алыс-жақын әріптестігіміз өрістеуде. Әлем дағдарысқа алаңдаған жағдайда Елбасымыз төтеден жол іздеді. Жаңа, тосын бетбұрыстар жасаудан тайсалған жоқ.
Еліміз Тәуелсіздік алып, Тұңғыш Президентімізді сайлап, елдің тізгінін сеніп бергелі бері Қазақстанның әлем алдындағы жетістіктері басқа мемлекеттердің халқы таңданарлықтай өсті. Қазақстан бүгінде әлемдік интеграцияның ұлы кеңістігіне шыққан еркін елдер санатына қосылды. Байыпты сыртқы саясатымыз арқасында қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткіздік. Барлық көрші елдермен арадағы мемлекеттік шекарамызды анықтап бекіттік.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамызда Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы негізінде сол күн Ядролық қарудан бас тарудың бүкіләлемдік күні деп жарияланып, оны Біріккен Ұлттар ұйымы қолдаған болатын.
Елбасының мемлекеттің сыртқы саясатын халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене араласу, өзге елдермен екіжақты және көпжақты дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, оны жетілдіру, халықаралық саммиттер, форумдар жұмысына араласу арқылы жүргізіп отырғанын көреміз.
Қазақстан алдымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше болды.
Елбасы “Түркісой” ұйымын құруға бастамашылық жасап, Анталья қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының VІІІ саммитінде Парламеттік Ассамблеясын құруға ұсыныс білдірді, ІX саммитте Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойды.
2010 жылды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасаумен бастасақ, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық кезегі келе жатыр.
Қазақстанның саяси дамуында өз келбетімізге тән, өз ерекшеліктерімізге толық жауап беретін демократиялық саяси құрылымдар мен институттар жүйесін дамыту жүзеге асырылуда. Осы міндеттерді оңтайлы шешу мақсатында Елбасының тікелей бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді. Ол “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” аталған Жолдауында: “Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізде тұрып жатқан және Қазақстанның біртұтас халқы болып табылатын барлық этнос өкілдерінің ұстамдылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық татулығын қамтамасыз етуге бағытталған сара саясатымыз барынша танылып отыр”, деп атап өтті.
Көпұлтты қазақстандықтар көрер көзге болып жатқан оң өзгерістерді Тұңғыш Президентіміздің есімімен және қажырлы еңбегімен тығыз бірлестікте қарастырады.
Қазақстан халқының тату-тәтті өмір сүруі мен ынтымақтастығы көптүрліліктегі бірлікті бейнелесе, бұл Қазақстанның жаңа тарихының ең үлкен жетістігі. Бұл туралы Президенттің айқындауынша “Қазақстан – бұл еуропалық және азиялық мәдениеттің жетістіктерін бойымызға сіңіруге мүмкіндік береді. Екі өркениеттің геосаяси ұштығында тұрған Қазақстан ерте кезден бастап Шығыстың да, Батыстың да мәдени құндылықтарын өзіне сіңіре білді”.
Қазақстанның жетістіктерін біз Елбасы есімімен байланыстырамыз. Мемлекет басшысының Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіргізу жөніндегі үлкен тілегі бәрімізге мәлім. Бүгінде ту етіп отырған жалпықазақстандық патриотизм дегеніміз өзіңді республика халқының ажырамас бөлігі ретінде сезіну, Қазақстан Республикасын ортақ Отаным деп тану, оған берілгендік, азамат ретінде халық пен елдің мүддесін қажет болса, қолға қару алып қорғайтын борышты түйсіну.
Отан дегеніміз жәй сөз емес. Бұл жерде менің есіме Ғабит Мүсіреповтің мынадай пікірі түседі. “Жер жүзінде сенің туып өскен жеріңнен артық жер жоқ”. Шынымен де, әр адам өзінің туып өскен, өмір сүрген, бақыт пен қайғы, жақсылық пен жамандықты көрген өлкесін, ата-бабаларының жерін өз Отаны деп санайды. Кез келген мемлекеттегі тәрбиенің ең үлкені – патриоттық тәрбие болуға тиісті. Өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық тәрбиесін тек қана әскери борышын өтеумен шектеу бұл әрине патриоттық тәрбие ұғымының мазмұны мен маңызын тарылта түседі.
Патриоттық сезімді жастардың, әсіресе біздің балаларымыздың арасында барлығымыздың ортақ күшімізбен қалыптастырудың қажет екендігі сөзсіз. Елдің әр азаматы мемлекетшіл, патриот болуы сонау бала кезінен бойына сіңген қасиет болуы керек. Сол қасиетті ел болып қолға алуымыз керек.
Ал сол жолда Қазақстанда не атқарылып жатыр десек, Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасы Президент Жарлығымен бекітіледі. Азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі республикалық кеңес құрылды. Республикалық және жергілікті деңгейде іс-шаралар өткізіліп жатыр. Солардың ішінде атап айтсақ, біздің мемлекеттік рәміздерімізге қатысты “Бұл біздің Туымыз”, “Бұл біздің Әнұран” тақырыбында көлемді республикалық жастар акциялары ұйымдастырылуда.
Мемлекет проблемаларының шешілуі көбінесе азаматтық қоғамның дамуымен, жоғары патриоттық, өз Отанына деген мақтаныш сезімімен, Отанының мүддесін қорғау барысындағы азаматтық борышын өтеуге дайындығымен байланысты болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 13-ші сессиясында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған “Менің Қазақстаным” атты республикалық жастар форумында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа ұрпағы тек білімді, білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның нағыз патриоттары болу керектігін атап өтті.
Өз еліне деген терең сүйіспеншіліксіз, патриоттық сезімсіз нағыз азамат, нағыз адам жоқ. Жастар – біздің қоғамымыздың болашағы. Қазақстан Республикасының болашақта қандай болатындығы жастарға байланысты. Сондықтан, өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық тәрбиесі бүгінгі күні өзекті орын алады.
Тек қана бұйрық пен ұрандардың көмегімен патриоттық сезімді тәрбиелеу мүмкін емес. Мұнда бір жүйелік және дәйекті жұмыс атқарылуы тиіс. Тек қана балабақша, мектеп, университет, қала, өлке тарапында жүргізілген практикалық жұмыстар жастарды азаматтық белсенділік көрсетіп, Отанға сүйіспеншілікке деген сөзден нақты істерге көшуге мүмкіншілік береді.
Бұл жерде АҚШ-тың 26-шы президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Теодор Рузвельттің өткен ғасырда айтқан сөзін келтіргім келеді. “Ең маңыздысы – өз елің үшін өміріңді қиюға дайын болу, бірақ одан да маңыздысы – өз елің үшін өмір сүру”. Осы үлгіде ұлттың рухын көтеруіміз қажет. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің әрбір азаматының жетістігі, оның халықаралық мойындалуы – бұл баға жетпес капитал, барлық қазақстандықтардың мақтанышы және игілігі екендігін атап өткен еді.
Ұлы Мұхтар Әуезовтің: “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген аталы сөзін бағытқа алған Елбасы халқын сан жағынан да, сапа жағынан да өсіруге ден қойды. Ана мен баланы әлпештеді. Оған қамқорлықты күшейтіп, жәрдемақыны асырды, денсаулығына қашанда алаңдап жүреді. Мектептегі баланың білім нәріне сусындап, одан әрі инемен құдық қазғандай ғылым іздеуіне мүмкіндік жасады. Жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндікті күшейтті. Еліміздің талантты да алғыр жастарын “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқытып алуға жол ашты.
Елдің келешегі балалар деп, ұрпақ тәрбиесін басты бағыт етіп ұстанған Президенттің мемлекеттің ішкі саясатына келгенде атқарып отырған істері халқының көз алдында өтіп жатады. Ол: “Менің бабалары батыр, аналары дана халқым бар; тағдырдың талай тауқыметін мойымай көтерген, өмірдің небір шырғалаң кезеңдерінде небір аласапырандарды басынан кешірген төзімді халқым бар; өздерінің халі мүшкіл бола тұрып, өзінікі түгіл өзге ұлттың жетімін тентіретпеген, қаншама ұлт пен ұлыстарға пана бола білген мәрт халқым бар; жүрегі жомарт, ақылы дәрия, ниеті пәк, көңілі кіршіксіз қардай ақкөңіл халқым бар; талай жаудың меселін қайтарып, ел іргесін сөгілтпей, жерін жауға бермей аман алып қалған батыр халқым бар; күмбірлете күй төгіп, тамылжыта ән салып, қырық күн, қырық түн жырланатын дастандарды дүниеге келтірген өнерпаз халқым бар; қаншама данышпан даналарды, сұңғыла шешендерді, тура билерді дүниеге келтірген тәкаппар да паң халқым бар.
Мені осы халықтың дүниеге келтіріп, менің де Ұлы даланың қасиетті топырағына кіндік қанымның тамғанына ризамын. Айналайын жомарт халқымнан, көнтерілі халқымнан!” – деп тебірене жазатыны тегін емес.
Елбасы халқы жиналған үлкен залға кіріп келгенде жүзінен лап етіп жылы шуақ себіледі. Жылылық аурасы маңайындағы кісілерді түгел баурап алады. Көп нәрсені кісінің қабағынан таниды. Сөзді сөйлеу бар да, сол сөздің кісіге, тыңдаушыға әсерін қапысыз пайымдау бар. Елбасы өз лебізінің, сөзінің жұртқа қалай әсер еткенін қалт жібермей, ішкі түйсікпен сезіп-біліп үлгереді.
Президентте дарынды суретшілер секілді қасиет бар. Алғырлығы айрықша. Қабылдауында болған кісілердің жан әлемін қабағынан, жүріс-тұрысынан оқып тұрады.
Талай елдің лидерлері келіп-кетіп, келіссөз жүргізіп жатады. Сонда байқайсыз, біздің Президентіміз ешбір елдің, ешбір жұрттың лидеріне ұқсамайды. Сан алуан қасиеттер бір кісінің бойынан табылып жатқаны қайран қалдырады.
Халық қалап сайлап, сенім артып отырғандықтан хал-қадерімізше қызмет етіп жүрген мына біздер Елбасының ерекше мінез қырын, саңлақ саясаткерлік сырын тіліміз жеткенше хатқа түсіріп, кездесулерде ойымызды анықтап айтып, халыққа жеткізе жүрсек дейміз.
Бас шаһарымызда аспанға ұмтылған алып ескерткіш “Қазақ елі” монументі сәулеттік-мүсіндік кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев: “Осы мақсат жолында тарихтың талай қатал сынағын тайсалмай еңсеріп, тайынбай тәуекелге мінетін табанды күрескер, аса талантты саясатшы, тарлан көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз әрине, айрықша болмақшы. Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді, батыл бастамашылыққа толы ертеңімізді белгілейтін ақ мәрмәр Монументтің ортақ тұлғасы тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болуы әбден орынды”, – деді. Елбасымызға берілген осы баға – баға!
Өмір жолы оты лаулаған домна пешінен басталып, ұлы бастамаларға жалғасып, жерін Жиделібайсынға айналдырып, елін өркениетке алып келе жатқан Президентімізге мақтау, марапат, мадақ сөз айту қажетсіз. Елбасы онсыз да ел жүрегінің төріне шыққан, онсыз да өмірі тарихқа жазылған адам. Бүгінгі жас ұрпаққа Елбасының ерекше қасиет-қадірін, адамшылық ерекше аурасын, тұлғалық тұғырын түсіндіре алсақ, қанеки. Әрдайым жүректің сөзін айтуға жазсын!
Динар НӨКЕТАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты.