11 Маусым, 2010

КЕДЕН ОДАҒЫ КЕПІЛДІК ЕМЕС, МҮМКІНДІК

519 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Заң жобаларын әзірлеушілер осылай дейді Кеден одағына қатысты заң жобалары Сенат Төрағасының орын­ба­сары Мұхамбет Көпеевтің жетекшілігімен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысының күн тәртібінде талқыға түсті. Заңдық құжаттар бойынша баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. “Кеден одағының кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы”,  “2009 жылғы 27 қараша­дағы Кеден одағының кеден ко­дексі туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хат­та­маны ратификациялау туралы” заң жобалары, сондай-ақ “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” кодекс жобасы мен “Қа­зақ­стан Республикасындағы кеден ісі туралы” Қазақстан Республика­сының Кодексін қолданысқа енгізу туралы” заң жобасы қабылданды. Қаржы министрі өз баянда­ма­сында Кеден одағы кеңістігінде өз­ара сауда кезінде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау алынып тасталатынын ерекше атап өтті. Заңдық құжатта Кеден одағының Бірыңғай кедендік аумағы түсінігі енгізіліп отыр. Сондай-ақ арнайы жеңілдіктерді пайдаланатын уәкі­лет­ті экономикалық операторлар институтын енгізу қарастырылған. Жекелеген кедендік операцияларды жүзеге асыру кезінде декларанттың мүддесін білдіретін кедендік өкіл түсінігі және өзге де мәселелер орын тапқан. Б.Жәмішев осы тақырып бой­ын­ша қойылған депутаттардың сауал­дарына жауап берді. Светлана Жалмағамбетова өз сөзінде Қытай­дан тауар таситын кәсіпкерлердің кедендік баж салығы 2-3 есе жо­ға­рылауынан олардың да тауарлары бағасын көтеріп, соның салдары­нан тұтынушылар зардап шегеріне назар аудартты. Кеден одағына кірмеген Қырғызстанның арзан тауарлары елімізде қаптап кетпеуі туралы мәселе көтерген Жұмабек Төрегелдинов осы мәселенің ше­ші­мін сұрады. Министрдің айтуынша, Қырғызстанда кедендік рәсімдеу­ден өткізілетін тауарларға да Қазақ­стан кеден бекетінен өткеннен кейін жоғары ставкалар бекітіп бері­леді. Ал контрабандалық тауар­ларға тосқауыл қою үшін еліміздің оңтүстік шекаралары бойында күшейту жұмыстары қолға алынған. Әйтсе де депутаттар көпшілік тарапынан жиі қойылып келе жатқан Кеден одағы күшіне ені­сімен оның халыққа түсер салмағы қандай болмақ деген тұрғыда көп­теген сауалдар қойып, өз пайым­дарын ортаға салды. М.Көпеевтің пікірінше, “Біздің Кеден одағына қатысуымыздың мақсаты мен мін­деттерін, пайдасы мен тиімділігін жақсы ұғыну үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек”. Төраға орынбасары бұл істің депутаттарға да қатысты еке­нін айтты. “Жергілікті активпен, кәсіпкерлермен және жұртшы­лық­пен кездесулерде адамдар өз сауал­дарына нақты жауап алуы тиіс”, – деп атап өтті М.Көпеев. Отырыста “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және “Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары да қаралды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.