Кеше Премьер-Министр К.Мәсімовтің облыстағы жұмыс сапары одан әрі жалғасып, ең әуелі “Қазфосфат” минералды тыңайтқыштар зауытына келді.
Өйткені өңірдің экономикасы мен әлеуметтік жүгін Жамбыл фосфоры көтеріп тұрғаны ақиқат. “Қазфосфат” ЖШС деп қарапайым ғана аталғанымен, өте үлкен бұл құрылымның ішінде “Қаратау” мен Шолақтау тау-кен өңдеу кешендері, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты және “Минералды тыңайтқыштар” филиалдары бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа кезекті бір жұмыс сапары кезінде фосфор саласына баса мән беріп, “Жамбыл – фосфордың отаны” деген болатын.
Сондықтан Үкімет басшысының өңір экономикасының тыныс-тіршілігін фосфор саласынан бастауы орынды. ЖШС-ның бас директоры М.Ескендіровтің айтуынша, мұнда жылына 650 мың тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы цехының құрылысы қолға алынған. Ол келесі жылы наурыз айында пайдалануға берілмекші. Жобаның жалпы құны 12 миллиард теңге болса, соның 4 миллиарды зауыттың қаржысы. Инвесторлар, яғни HSBC, АТФ банктері мен “Қазфосфат” ЖШС Премьер-Министр мен облыс әкімі алдында жобаны қаржыландыруға байланысты үшжақты меморандумға қол қойды.
Жамбылдағы айта жүретін іргелі істің бірі – құс еті мен жұмыртқаны тереңдете өңдейтін ет-жұмыртқа бағытындағы жоғары технологиялық құс фабрикасының құрылысы. Бұған неміс кәсіпкерлері де қызығушылық танытып отыр. Жоба құны – 6 миллиард теңге. Немістер құс шаруашылығына тән қалдықтар мен қоқыстарды өңдеп, кәдеге жарататын зауыттың да құрылысын қолға аламыз дейді. Атап айтсақ, ондай қалдықтардан жеңіл әрі берік “карбон” деп аталатын құрылыс материалын жасауға болады екен. Үкімет басшысы бұл жобаның да қол қойылуына қатысып, екі тарап кәсіпкерлеріне сәттілік тіледі.
Амангелді газ кен орнының ашылуы кезінде облыс жұртшылығының еңсесін көтергені рас. Енді, міне, сол газ кенішінің арқасында тағы бір зауыт дүниеге келіп отыр. Ол – Амангелді шикі мұнай зауыты. Мұнда жылына 200 мың тонна мұнай өнімдері өндірілмек. Ол облыс диқандарының арзан жанар-жағармайға деген сұранысын өтейді деп күтілуде. Облыс әкімі Қ.Бозымбаевтың айтуынша, елімізде шағын мұнай зауыттары көп болғанымен, жамбылдық нұсқаның айырмашылығы – толық жүйелі, яғни мұнда түпкі өнімге қол жеткізілмекші.
Облыстың байырғы тұрғындары армандай әңгімелеп отыратын өндіріс орындарының бірі – жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы еді. Рас, ол бүгінде кеңес өкіметі кезіндегі беделінен айырылған. Дегенмен, Үкімет көңіл бөлсе, фабрика басындағылар қолға алса, баяғы дүрілдеген дәуірді қайта жасауға болғандай. Өйткені мұнда топс өндіру жобасын қолға алуға болады. Ол қолға алынып та кетті. Қазір сол үшін қондырғыларды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өнім осы жылдың шілде айында шыға бастамақшы. Үкімет басшысы бұл жұмысқа да ризашылығын білдірді.
Ел байлығы ең алдымен – халық. Сондықтан Елбасы да, Үкімет те халықтың денсаулығына, саламатты өмір салтына жоғары мән беріп келеді. Сондықтан болар, Үкімет басшысының келесі атбасын бұрған нысаны – облыстық қан құю орталығы болды. Нысан үстіміздегі жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмекші. Жаңа қан құю орталығы батыс пен шығыстың ең озық технологиясымен жабдықталмақ.
Үкімет басшысы, сондай-ақ, облыстағы “Жол картасы” аясында қолға алынып жатқан жұмыстармен, Тараз металлургиялық зауыты, “Жасұлан” ЖШС, “Қосалқы бөлшектер” АҚ, “Жамбыл өндірістік цемент компаниясы” ЖШС және тағы басқа да компаниялардың жобаларымен де танысты. Облыстағы жасөспірімдер қылмысы жөніндегі кеңейтілген кеңеске де қатысты. Тараз қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстарын да арнайы барып көрді.
Үкімет басшысы К.Мәсімов облыстағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылуға тиісті тапсырмалардың барлығының да тиянақты орындалып жатқанына көңілі толып, өңірден ризашылықпен аттанды.
Көсемәлі СӘТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.