Сәрсенбінің сәтінде Қызылағаш ауылындағы 200 отбасы кең, жарық үйлердің кілтін алып, қуанды
Биылғы наурыз айында тасқыннан зардап шеккен қызылағаштықтардың басына түскен ауыртпалық баршамыздың есімізде. Содан бері үш айға жуық уақыт өтті. Осы аралықтағы қызылағаштықтардың көрген қиындығына жүрек сыздаса, қуанған сәттерін “алақайлап!” оқырман назарына ұсынып келеміз. Бұған дейін жаңа қонысқа ие болған 145 отбасы байыпты тіршіліктерін жалғастырып, “өз үйім, өлең төсегім” деп аяқ созып, бейқам тірлік кешсе, олардың бұл өмірлеріне қызыққан ауылдастары “қашан үйіміз бітеді” деп құрылыс жұмыстарын көзден таса етпей, дегбірсіздік танытқаны анық.
Сәрсенбінің сәтінде тұрғындардың көптен күткен қуанышты сәтінің орайы келді. Қызылағашқа табан тірегеннен-ақ оқтай түзу көшелердегі сап түзеген үйлер мен жаңа өмірге, жаңа мекендегі тұщымды тірлікке куә боласың. Құрыш білекті құрылысшылардың күн-түн демей еңбектенуі нәтижесінде өмірге қайта келген жаңа ауылға көңіл толады. Бұрынғыдай емес, халықтың жүзінен ерекше жылылық сезіледі.
Жиналғандар алдында облыс әкімі Серік Үмбетов Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, барша қазақстандықтардың жәрдемі арқасында қысқа мерзімде тасқыннан зардап шеккен Қызылағаш, Егінсу, Ақтоған елді мекендеріндегі қалпына келтіру жұмыстары тиянақты атқарылғанына тоқталды. Адамды қуантқаннан артық бақыт жоқ. Көктемдегі жағдайды ұмытуға болмайды. Десек те, оның орнын толтыруға күш салынуда. Бүгін 200 тұрғынға жаңа үйдің кілті тапсырылады. Демек, осыншама отбасы қуанады. Бұған дейінгі баспанаға ие болғандар тұрмысқа қажеттіліктермен толық қамтылды. Өздеріңіз көріп отырғандай, көшелер асфальтталып, Алматы-Өскемен қалаларын жалғастыратын көпір күзге дейін толық бітеді. Жақында жомарт жандардың демеушілігімен әр үйге теледидар сыйға тартылып, ауыл тұрғындары көгілдір экран қызығын тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Телефон байланысы қалпына келтірілді. Енді қалған ауыл тұрғындары айдың аяғына дейін баспаналы болып, жаңа үйлерге толық қоныстанып бітеді. Өткенде айтылғандай, әр отбасына 10 қой, бір сиыр, бір жылқы беріледі. Күзгі астық жинау мәселесі шешілсе, көкөніс пен бақша дақылдары да күтімге алынған. Қоңыр күздегі жиын-теріннен кейінгі алынған өнім өздеріңізге таратылады. Бүгінгі күнге көмек ретінде әртүрлі қаржы көздерінен келіп түскен қаржы көлемі 7 млрд. 393 млн. теңгеден асты. Бұл қаражат елді мекендерді толық қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалуда. Мәселен, Үкімет резервінен 2548,6 млн. теңге жаңа үйлердің құрылысына, 253,0 млн. теңге күрделі жөндеу жұмыстарына, 500,0 млн. теңге жол мен көшелерді жөндеу, салу жұмыстарына мақсатты жұмсалуда, деді әкім.
Бұдан кейін облыс басшысы жаңарған ауылдағы Достық, Асар, Мусина, тағы басқа көшелердегі үйлерге қоныстанатын тұрғындарға жаңа үйдің кілттерін табыс етті. Жиналғандар алдында сөйлеген зейнеткер Сайлаубек Сағынбеков, Василий Голущенко, ақтоғандық Лидия Бервинова, Сағи Жаңылбек Мемлекет басшысының, барша қазақстандықтардың қиын сәттегі қолдауы мен облыс әкімінің, құрылыс компанияларының қысқа мерзімдегі қалпына келтіру жұмыстарының тиянағын келтіргеніне тоқталып, игі тілектерін жеткізді.
– Бүгін ауылда қуанышты сәт. Тасқыннан үйіміз зардап шегіп, ертеңімізге алаңдаған күндер артта қалды. Дегенмен, ауыл дәл бүгінгідей түрленеді деп ойламадық. Әрине, бұл пендешілігімізден. Үш ай мерзімде үйімнің орнына хан сарайындай баспана салынды. Отбасымның бүгінгі қуанышы ерекше. Президентке рахмет. Халыққа рахмет. Қиын сәтте бізге деген қамқорлығы мен демегенін ұмытпаймыз. Жаның қиналғанда жасалған жақсылық есіңде қалып, ұмытылмайды, – деді жаңа үйдің кілтін алған Асыл Ыдырысова. Мұндай лебіздерді өзгелер де айтып жатты.
Ауылды Алматы-Өскемен күре жолы кесіп өтеді. Жолдың екі жағалауындағы тұрғын үйлердің жан-жағы қоршалып, саялы ағаш көшеттері отырғызылған. Ертегідегідей жаңа қалашықты көргендер қызыққандарын жасырмай, “қан-дай әдемі үйлер” деп тамсанды. Білек біріктіргенде бітпейтін істің жоқтығын дәлелдеген Қызылағаштағы қарқынды жұмыс осылай жалғасып, жұртшылық оның игілігіне бөленген.
Облыс әкімі жаңа үйлер пайдалануға берілген сайын әр шаңыраққа кіріп, құтты болсын айтып келеді. Бүгін де сол дәстүрін жалғастырды. Әкім “Алтын алқалы” ана Қаншайым Абдулдаеваның шаңырағына аялдады. Бұрынғы ескі үйінің орнына салынған баспананың іші мен сырты әсем-ақ. Бөлмелері кең. Батыр ананың Күнсұлу, Айсұлу, Айгүл, Алмагүл, Жәмила, Динара, Гүлмирасы мен ұлдары Ермек, Берік, келіні Жұлдыз қонақ күтіп, жүгіріп жүр. Қоныс тойына құтты болсын айтқан әжелер шашуын шашса, көршілері Қамаш пен Бақыт та осында.
Кейуана өзіне көрсетілген құрметке аналық алғысын үйіп-төгуде. Әр бөлме жиһазбен, қажеттіліктермен жабдықталыпты. Газ плитасының үстінде буы бұрқыраған жас сорпа мен шай қайнап жатыр. Қонақ бөлмедегі үлкен үстел мен орындықтар, жатын бөлмедегі төсектер үймен бірге берілген сыйлық екенін Қаншайым әже айтудан жалықпады.
Облыс басшысы бастаған топ Жармұхамед Рүстемов, Болат Қожахмет, тағы басқа жаңа шаңыраққа қоныстанушылардың табалдырығын аттап, жағдайларымен танысып, жайылған дастарқаннан дәм татысты. Ал ауылдың байырғы тұрғыны чешен ұлтының өкілі Хава Дудай қуаныштан ұялы телефонындағы әуенді қосып, билей жөнелді. Сексеннен асқан анасы Баята қызының толқыған сәтін қоштап қояды.
Жаңа үйлерге сымсыз телефон жүйесі орнатылса, алыс-жақындағы туыстары хабарласып, қызылағаштықтарды қуаныштарымен құттықтаған сәтінің де куәсі болдық. Жақсыға жан жадырайды демекші, жаңарған, жасарған Қызылағаш ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Суреттерде: жаңарған ауыл көрінісі; жаңа үйлерге қоныстанғандардың қуанышты сәттері.
Күмісжан БАЙЖАН, Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ. Алматы облысы.