Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Копенгагеннен.
Алдымен осы елдің Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Лене Эсперсенмен келіссөздер өткізілді. Кездесу барысында Л.Эсперсен ханым ЕҚЫҰ-ға қазақстандық төрағалыққа, соның ішінде Қырғызстандағы дағдарысты реттеуге жоғары баға берді. Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ саммитін биылғы жылы өткізу туралы Қазақстанның бастамасына қолдау білдіріп, ауған проблемасының бүкіл күрделі сипатын ескере отырып, бұл мәселе саммиттің күн тәртібінде негізгі тақырыптардың бірі болуы керектігін атап өтті. Екі ел сыртқы саяси ведомстволар басшылары “ЕҚЫҰ-ның Копенгаген құжатының 20 жылдығы: мәртебесі мен келешегі” тақырыбында мерейтойлық конференцияның ресми ашылуына қатысты. Яғни, бұл сапардың екі ел арасындағы қарым-қатынастар тұрғысынан ғана емес, ЕҚЫҰ шеңберіндегі әріптестігі жағынан да айрықша маңызы бар. ЕҚЫҰ-ның әйгілі Копенгаген құжаты 1990 жылдың 29 маусымында гуманитарлық өлшем бойынша Дания астанасында өткен конференцияда қабылданған болатын. Жиырма жыл ішінде ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бүкіл аймағы үшін іргелі кодекске, Ұйым кеңістігіндегі адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуы саласындағы маңызды ережелер жинағына айналды. Айрықша атап өтерлігі, Копенгаген құжаты гуманитарлық өлшемдегі міндеттемелердің орындалу барысы туралы жүйелі әрі үздіксіз шолуды қамтамасыз етуді көздейді. 1990 жылдан бері ЕҚЫҰ адам құқығы мен демократия саласындағы міндеттемелерді айтарлықтай кеңейте түсті, әрі дамытты. Дегенмен, Копенгагенде қабылданған міндеттемелер ЕҚЫҰ аймағындағы демократиялық басқарудың негізі, яғни стандарты ретінде қалып отыр. Копенгаген құжатының бірінші параграфында “адам құқықтарын қорғау... үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады”, делінеді. Демек, құжаттың басты философиясы осында деп білу қажет. Мерейтойлық конференцияда Копенгаген құжатында көрсетілген міндеттемелердің орындалу барысына жалпы шолу жасалынды. Қатысушылар осы орайда туындап жатқан мәселелерді қарастырып, шешу жолдарын талқылады. Конференцияда бес тақырыптық сессия жұмыс істеді: “Демократиялық үрдістер – сайлау және адам құқықтары”, “Заң үстемдігі”, “Ұлттық азшылықтар”, “Жүріп-тұру бостандығы” және “Гуманитарлық өлшемдегі міндеттемелерді орындау”. Осыған қоса бөлек сессия еуропалық қауіпсіздік жөніндегі үнқатысуды көздейтін “Корфу үдерісіне” арналды. Бұл ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшем мен бейбітшілікті сақтау арасындағы ажырамас өзара байланыстың бар болуына, яғни қауіпсіздіктің бәрін қамтушы тұжырымдамасына тіреледі. Осы байланыс туралы 14 қаңтарда ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңес мүшелеріне арнауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та айрықша атап өткен болатын. “Біздің еліміз XXІ ғасырдағы ЕҚЫҰ-ны оның ауқымындағы барша халықтар үшін демократияның, тұрақтылық пен өркендеудің біртұтас кеңістігі ретінде қарастырады”, деген еді Президент. Копенгагендегі мерейтойлық конференцияға Қазақстан қосымша демеуші болуға ниетті екенін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев былтырғы жылы Афина қаласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы бюросының мәжілісінде мәлімдеген болатын. Конференция Қазақстан, Дания және ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының ұйымдастыруымен өтіп отыр. Іс-шараға ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерден 300-ге жуық мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысуда. Конференциядағы қазақстандық делегация Парламент, Президент Әкімшілігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура, Сыртқы істер, Әділет, Ішкі істер, Байланыс және ақпарат министрліктерінің, сондай ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құралған. Ал Қазақстан мен Дания арасындағы қатынастарға оралатын болсақ, басталған сапар отандық сыртқы саяси ведомствосы басшысының екіжақты қарым-қатынас тарихындағы Копенгагенге жасаған алғаш ресми сапары болып табылатынын айрықша атап өткеніміз жөн. Қазақстандық дипломатия жетекшісінің даниялық әріптесімен кездесуі барысында Дания және Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі қарастырылды. Сапар аясында дипломатиялық паспорттары бар адамдар үшін барып-келудің визасыз режімін енгізу туралы нота алмасу болды. Виза талаптарын алып тастау екі мемлекеттегі ресми өкілдердің байланысын жеңілдететіні, ең алдымен саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени салалардағы байланыстарды жеңілдететіні белгілі. Дания Корольдігі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін 1991 жылы 31 желтоқсан күні мойындаған болатын. 1992 жылы 6 мамырда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнатылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы 25-26 қазанда Данияға жасаған сапары, осы елдің Королевасы Маргрете ІІ-мен және сол кездегі Премьер-министр Андерс Фог Расмуссенмен кездесуі екіжақты қарым-қатынастар үшін айрықша маңызға ие болған. 2009 жылы Қазақстан мен Дания арасындағы сауда айналымы 109,1 миллион АҚШ долларын құраған (соның ішінде қазақстандық экспорт – 56,8 млн.долл., Даниядан келген импорт – 52,2 млн. долл.). Қазіргі кезде Қазақстанда даниялық капиталы бар 27 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Копенгагендегі келіссөздері мен конференцияда сөйлеген сөзі туралы кеңейтілген материалды келесі нөмірден оқи аласыздар.Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13
Жеке тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылды
Аймақтар • Бүгін, 18:31
Ауыр атлетика федерациясының президенті ауысты
Спорт • Бүгін, 18:00
Көлікке жылқы тиеп алған Қарағанды тұрғыны ұсталды
Аймақтар • Бүгін, 17:39
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы сотталды
Оқиға • Бүгін, 17:15
Абай облысы мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 17:01