Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен сәрсенбі күні өткен палатаның кезекті пленарлық отырысының күн тәтібінде он жеті мәселе қаралса, соның басым бөлігі Кеден одағының келісімдері мен хаттамаларын ратификациялауға қатысты заң жобалары болды.
Бұл жолы да депутаттар әуелі әдеттегісінше сауалдарын жолдап, келесі кезекте Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы ұсынып, спикер қолдау білдірген М.Сәтқалиевті аталған комитет мүшелігіне 5 жылға тағайындауға өз келісімдерін берді.
Азаматтарды ұстау негіздері мен тәртібін бекіту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасына депутаттар ерекше ден қойды. Заңдық құжатта кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарында, өзге де орындарда алкоголизмді, нашақорлықты және уытқұмарлықты мәжбүрлеп емдеуге арналған мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерде адамдарды ұстау негіздері мен тәртібі қарастырылған.
Владимир Нехорошев елімізде ресми 55 мың нашақордың тіркеуде екенін айта келіп, есірткі заттарын тұтынушыларды қылмыстық жазаға тарту жайын сөз етті. Қазақстан алкоголь өнімдерін тұтынудан әлемде 8-орында екендігін ашына жеткізді. Яғни, ішімдік ішу бір қазақстандыққа шаққанда жылына 12 литрден келеді екен. Бұл – 22-орында тұрған Ресейдегіге қарағанда 1,5 литрге көп. Аталған заңдық құжат біраз талқыға түскен соң бірінші оқылымда мақұлданды.
Бұдан басқа депутаттар Кеден одағына қатысты заң жобаларын талқыға салғандығын жоғарыда айтып өттік. Олар бойынша баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. Келісімге сәйкес еліміз 7,33 пайыз, Белоруссия – 4,7, ал Ресей 87,97 пайыз баж салығын бөліске салатыны көзделсе, Белоруссия бас тартқаннан кейін Ресей 92 пайыз, ал Қазақстан 7,8 пайыздық үлеске ие болатыны белгілі болып отыр. Осыған орай Кенжеғали Сағадиев қоғамда бөлістің қаншалықты әділетті өткендігі туралы көп сөз болып жатқандығын айта келіп, осы сауалды Қаржы министріне бағыттады. Болат Бидахметұлының сөзіне қарағанда, баж салығы көп болған сайын ол Қазақстан экономикасының мүддесіне жауап береді. Мысалы, 2009 жылы үш елден 17 миллиард доллар баж салығы жиналыпты. Импортта қазақстандық үлес бар-жоғы 3,5 пайыздық үлеске құрылса, одаққа енісімен оның көлемі 2 есе артады екен. Ал қазір белгілі болғанындай, Қазақстанға келетін импорт көлемі кеміп, ол Ресейде арта бастаған. Біреуге тиімді режім екіншінің есебінен болатыны қаперге алынып, бұл мәселе әлі алда талай пысықталатыны айтылған соң, депутаттар барлық заң жобаларын қолдап дауыстарын берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.