“ЭКСПО- Шанхай – 2010” Дүниежүзілік көрмесінде “Тамаша қала – тамаша өмір” ұранымен еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы бас шаһар Астананың қолтаңбасымен айшықты бейнеленді.
Әлді де әсерлі, мықты да шымыр ұйымдастырылымның ұраны – “Тамаша қала – тамаша өмір” боп шегеленген. Ал ұлттық ұстанымының берік қағидасы “Астана – Еуразия жүрегі” деп аталған кең пішімге сыйып кетіп тұр. Енді оның мәні мен мазмұн ауқымын безбендеп көрсек ше? Алуан түрлі қаланың өзінше қарекет, тіршілігі бастан асып жататыны белгілі. Бәрі бір қалыпқа сәйкес келмейді. Мәселеден мәселе туындайды. Сол себепті де осы жолғы 200-ге жуық мемлекет пен 50-ден астам халықаралық ұйымның діттеп, көздегені – ірі мегаполисті қалалар өміріндегі туындаған түйткілді шешудің сан тарау жолдарын сараптап, ой елегінен екшеп, инновациялық технологиялар ұсыну. Қала экологиясын көздің қарашығындай сақтау. Осы көкейкесті проблемалардың бәрі тұтастай ел ендігіндегі ерекшеліктерді ескере отырып шешілуі тиіс
ТАЛҒАМ. ТАРАЗЫ. ТАҢДАУ
Жер шарының еш түгесілмейтін өзіндік күңгірт күйбеңін, боямалы да сұрқай тіршілігін бір демде сапаластырып, шешіп тастау мүмкін еместей. Бәрібір жақсы өмір тілеушісі оң өзгерісті қалайды. Тырбанады, ізденеді, сараптайды. Ілгерілеу байқалады. Әлем боп әбігерге түсіп, одан әрі қаузай түседі. Мұның алдындағы Жапония, Испания көрмелерінде де тұтастай ұлыстар бет-бейнесін әрлендіруге құлшыныс сезілген. Енді биылғы Шанхай шақырылымының күйттегені де анау-мынау емес, кесек тақырып екен. Тұрған қалаң өміріңе жайлы ма? Соның тетігін қапылыссыз таппақ керек. Дәме зор, үміт үкілі. Шанхайлық нұсқаның діттегені – болашақтағы қалалардың санқырлы модельдері арқылы ресурстарды, қылмыс деңгейінің өсуін, қоршаған ортаның ластануын мейлінше қысқартуға қатысты проблемаларды түбірімен шешу болып табылады. Ал көрменің қосымша қамтитын тақырыптарының өзі терең қатпарлы екен. Айталық: қала мәдениетінің бірігуі; қала экономикасының гүлденуі; қала ғылымы мен техникасының инновациясы; қалалық шағын аудандарды түрлендіру және қалалар мен ауылдардың өзара іс-қимылы секілді маңызды мүдделер көзделген. Қай-қайсысы да қандай қалаға болсын жарасыммен таңыларына күдік жоқ. Мысалы, 1999 жылы Қытайдағы Куньминде өткен көрмеде өсімдік әлемі зерттелсе, Қазақстан қатысқан 2005, 2008 жылғы көрмелерде су ресурстары мен табиғи байлықтарды пайдаланудың жолдары қарастырылған-тын.
Көрмелерде төселе бастаған Қазақстанның тағы бір бағы сыналар кезі келіпті. 2006 жылы Қытай Халық Республикасының мемлекеттік кеңесі еліміз Үкіметіне 2010 жылғы көрмеге қатысуға шақыру жібергенде, жалтақтау болмапты. Іле мамыр айында ұсынысты мақұлдаған шешім қабылданыпты. Ал 2008 жылғы 13 қарашада 1250 шаршы метрлік жер теліміне құрылыс салу жөніндегі шартқа отырған. Мұндай сенім екінің біріне көрсетілмеген. Небәрі 42 мемлекет дербес павильондарын тұрғызбақшы. Бұған дейін нысанды жалдау арқылы пайдаланып келген біздің еліміз үшін бұл мүмкіндік әрине, дәтке қуат еді. Келесі жылдың мамырында арнайы павильонды салуға толық рұқсат алынысымен құрылыс жұмыстарының қарқыны үдей түседі. Шанхайда тұрақты өткізіліп тұрған бас комиссарлардың алқа мәжілістерінде құрылыс барысы тиянақталып отырды. Сонымен биылғы жылдың басында қазақстандық павильонның ішкі әрлеу жұмыстарына кірісіп, сәуір соңындағы салтанатты ашылу рәсіміне тап-тұйнақтай етілді.
Тиянақты істің басы-қасында болған Индустрия және сауда министрлігінің Сауда комитеті зор ұйымдастырушылық қабілетімен көріне білді.
Қытайлық талғам күш-мүмкіндікті там-тұмдап емес, табандап, тапжылмай сарқа жұмылдыруды талап етеді. Солай болды да. Таразы басы талғамы зор қазақстандықтардың мерейін үстем етті. Не нәрсеге де таңдауды босқа салмайтын аспан асты елі қателеспепті. Қазақстан павильоны үздіктер қатарынан орын алып келеді. Өзінің орналасқан жері де оңтайлы екен. Жапония мен Оңтүстік Кореямен қапталдасып, сол жағына Өзбекстанды, одан әрі Иран, Сауд Арабиясын ала қоныс тепкен екен, аралап көруге ыңғайлы жерде. Және де көптің нөпірінен бойы тасаланар тұста емес, жүргіншілер жолының нақ жиегінде жайнап тұр. Төбесінен жанай өтетін көпір үсті жүргіншілері де қызықтаудың ләззатына биіктен бөленетіндей ұрымтал аймақта. Нағыз кісі түсетіндей киіз үйдің керім көрінісі келушілердің назарына бірден ілігерін өзіміз де аңдаған едік. Кермесін керген келушілер легі толассыз. Шыжғырған күнді елер емес. Ішке кірмек ниетте. Қолтықтағы жас сәбиімен, арбалы мүгедегімен, таяқ ұстаған қариясымен, бәрі-бәрінің ықыласы қазақ үйіне ауған... Күніне мұнда 4-5 мың адам бас сұғады. Қазақы қонақжайлылыққа балап, қуаныш үстемеленеді.
Көрмеге адамдардың көп келуінің сыры да бар екен. Қала тұрғындары әртүрлі амалмен міндеттелген сыңайлы. Жеңілдіктер де қарастырылған. Арнайы паспортына біраз белгі соқтырғандар түрлі ынталандыру сыйлықтарына ие болады. Дегенмен, бәрінен де зор икемдегіш күш, рухани қажеттілік екені сезіледі. Шынайы айғағы сол.
ЕЛ. ЕЛБАСЫ. ЕЛОРДА
“ЭКСПО-2010” көрмесінің эмблемасы да көз тартарлықтай. Қолдарын айқастырып құшақтасқан үш адам жер шарының күллі халқын бейнелейтіндей. “Бейбітшілік” сөзінің қытайша иероглифы мен 2010 саны дүниежүзілік көрменің тұжырымдамасын – қарым-қатынас, ынтымақтастық қуанышын, сондай-ақ адамның өз қабілетін ашуға деген ұмтылысын айғақтаудың кепілі іспетті.
Ал бойтұмар ше? Оның бейнесі қытайша иероглифпен “адам” деген ұғым береді. Яғни, Қытай мәдениетінің ерекшелігін білдіреді.
Арудайын жасанған Астана халықаралық көрмеде тек қала емес, жалпы еліміз жайында жан-жақты мәлімет беретін жеке павильон ретінде таныстырылған. Негізгі тақырыбы – “Астана – Еуразия жүрегі”. Павильон мақсаты оның геосаяси орнының маңыздылығын, инновациялы технологиялардың кеңінен қолданылуын, жан-жақты дамудағы қарқындылығын көрсету арқылы экономика, саясат, мәдениет, туризм және т.б. салалардағы маңыздылығын еселей түсу.
Ұлттық павильон Астана кейпі ретінде ұсынылған. Мұның ішінде өзіндік үйлесімдік байқалады: жаңа технологиялармен жабдықталған құрылымдардан көшпенді халқымызға көне заманнан сіңген қазақы иіс сезілетіндей.
Егер Еуразия құрлығының орта бөлігін картадан немесе глобустан қарайтын болсаңыз, онда Астана атты кішкентай жұлдыз көзге жылы ұшырайды. Жұлдыздар аспанда ғана емес, жерде де болатындай. Солардың бірі – әсем Астана. Ол жарқыраған үстіне жарқырай бермек. Оның кескін-келбетіне, жетістіктеріне әлем таңдануда. Астана – Еуразияның жүрегі. Ол Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты біріктіреді. Ұлы Жібек жолының жаңа қиылысы, бұған барлық тараптардан сауда, мәдени және туристік керуендер ағылып жатады. Астана Қазақстанның саяси, әкімшілік, іскерлік, келешекте инновациялық-танымдық, сауда-қаржы, туристік, мәдени, көлік-логистикалық орталығы.
Астананы 2030 жылға дейінгі тұрақты дамытудың стратегиялық жоспары әзірленді. Шаһардың миссиясы Еуразия кеңістігінде үлгілі орталық болу, Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін негіз болып қалану. Астана еліміздің тұрғындары мен азаматтары, туристері мен кәсіпкерлері үшін көз тартатын тартымды, экономикасы бәсекеге қабілетті әрі қоршаған ортасы өмір сүруге қолайлы қала болуы тиіс. Оның Қазақстан және Орталық Азия қалалары арасында жоғары бәсекеге қабілетті көшбасшы болуға ұмтылуын төмендегі стратегиялық міндеттер айқындап береді, олар: тартымды инвестициялық ахуал қалыптастыру; бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, жоғары дамыған өндірісі, экологиялық-инженерлік, әлеуметтік және ғылыми-техникалық, көлік инфрақұрылымы дамыған әртараптандырылған экономиканы қамтамасыз ету; қалалық басқару институттарын тиімді дамыту; қала тұрғындарының жоғары сапалы өмір сүруіне қол жеткізу.
Үкіметтік мекемелердің және дипломатиялық корпустардың отандық, шетелдік іскерлік және банк құрылымдары өкілдіктерінің Астанаға шоғырлануы, халықтың белсенді көші-қоны азаматтық және өнеркәсіп құрылысының, көлік пен байланыстың инженерлік коммуникациялардың және басқа да өндіріс орындарының – қызмет көрсету саласының және инфрақұрылымдық кешендердің барынша дамуымен ерекшеленеді.
Жергілікті биліктің күш-жігері, шикізаттық өндіріс саласын дамытуға қолдау көрсету емес, шағын және орта бизнесті, жоғары технологияны, ғылымды көп қажет ететін өнімдер шығаруға бейімделген. Астананы дамытудың қазіргі және келешектегі бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін бағалай отырып, мынадай кластерлерді ерекше атап айтуға болады. Қазіргі уақытта осы бағытта белсенді жұмыстар атқарылуда. Олар: ғылыми технологиялық; биотехнологиялық; медициналық; туристік; көліктік-логистикалық; құрылыс; тамақ өнімдерін өндіру кластері.
Ғылыми технология кластерін құру – Астананың тұрақты дамуын және ғылым шоғырланған орталық мәртебесін қамтамасыз етеді. Қала келешекте еліміздің инновациялық, ақпараттық қоғам орталығы болуға тиісті. 2008 жылы интернет-желіге Астананың кез келген нүктесінен қол жеткізуді кеңейте түсетін ыңғайлы аймақты ұйымдастыру жөніндегі қанатқақты жобалар енгізілетін болады. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде басталып та кетті. Ірі отандық компаниялар өздерінің шетелдік әріптестерімен бірге аумағына қазіргі технопарк орналасатын ғылым қаласын құру мүмкіндіктерін қарастыруда.
Биотехнологияның ұлттық орталығы – биотехнологиялық кластерді құру үшін негіз болып табылады. Еуразиялық су орталығын құру жоспарлануда. Осы бағытта құрлықтағы су ресурстарын зерттеу және сақтау мәселелері кешенді түрде шешілетін болады.
Астана инвестицияны тарту көлемі жөнінде Қазақстан өңірлері арасында көшбасшы орынға ие. Қазіргі уақытта оның үлесі 12 пайыз көлемнен асып түседі. Астананың орташа жылдық инвестициялық қоржыны 3 млрд. доллар болатын жобалардан тұрады. Оның жыл сайынғы өсімі 25-30 пайызды құрайды. Қаржыландыру қала инфрақұрылымын, тұрғын үй құрылысын, қайта өңдеу өнеркәсібін және туризмді жаңалауға бағытталған.
Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындарды құру қолға алынатын болады. Кәсіпорынның қалдықсыз жұмыс істеуі үшін қаланың барлық жұмыс режімі осыған бағытталды. 2008-2010 жылдары жаңа энергия көздерін (жел, су энергиясы) пайдалануға көшу үдерісі басталады .
Елордадағы көлік стратегиясы “Сингапур Техноложик Инжиниринг” компаниясының қызығушылығын туғызып отыр. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде көлік жүйесін дамыту тұжырымдамасы қабылданып, таяу жылдарда қазіргі көлік жүйесін игеруге сенімді қадам жасалатын болады. Бұл өз кезегінде қала инфрақұрылымының жалпы көрнекілігіне ықпал етеді. Су көлігі туристердің, қонақтардың және қала тұрғындарының сүйікті ермегіне айналады. “Есіл” су кемесі Астана билігінің жаңа жобасы болып саналады. Оның негізгі мақсаты – Есіл өзенінің қос жағалауына орналасқан орам тұрғындарының өзара байланысын орнату және артықшылықтарымызды жария ету. Өзеннің 22,5 шақырымына су кемесі жүретін болады. Есіл өзені жеңіл кемелер мен қайықтар үшін және басқа да жекелеген тұрғындардың жүзу құралдарына есік ашады. Өзеннің арнасын қайта жаңарту барысында бірнеше аралдар пайда болып, оларға әртүрлі клубтар, құтқару стансасы, кемелер мен қайықтарды жалға алу пункттері, жазғы дәмхана мен мейрамхана, демалу жағажайлары орналасады. Демалу аймағын орналастыру үшін оған жеке инвесторлардың қаражаты тартылмақ. Сонымен бірге, Астана қаласының халықаралық әуежайын дамыту жөніндегі шаралар қолға алынды. Авиатехникалық орталықты, бизнес-авиацияның өңірлік орталығын құру жөніндегі, сондай-ақ, Астананы аймақтардың және басқа да елдердің ірі халықаралық әуежайларымен байланыстыратын бағыттарды кеңейту жөніндегі жұмыстар жалғасын табады.
Біздерде осындай бар дегендей, жоғарыда тілге тиек еткен табыстардан Қазақстанның өр тұлғасы ап-айқын көрінері хақ.
Қазақстанның ұлттық павильонындағы экспозициялармен танысқанда, көкейде сайрап Ел, Елбасы, Елорда сипатындағы біте қайнасқан қасиетті ұғымдар тұрады екен. Расында да бұл мәнді тіркестерді бірінен-бірін ажырату еш мүмкін емес қой. Тіпті қызықтаушы қонақтардың кейбірінің аузынан “Қазақстан. Назарбаев. Астана” деген жүрекжарды таңданыс лебіздері шығып жатқанда, бойды ұлттық мақтаныш кернейді.
ҰЛТ. ҰЛАҒАТ. ҰМТЫЛЫС
Көрмеде Қазақстан Республикасының ұлттық күні салтанатты түрде аталып өтуі зор маңызы бар оқиға болды. Онда Қазақстан делегациясының басшысы, Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев, Қытай Халық Республикасы Коммерциялар жөніндегі министрінің көмекшісі Чоу Хонг қысқаша сөздермен алмасты. Екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келе жатқандығы айтылды. Бір ғана мысал. Үстіміздегі жылы тауар айналымы мөлшері 10 миллиард долларға жетпек. Қазірдің өзінде бұл меженің жартысы алыныпты.
Павильонда ел өркендеуінің құрамдас бөліктері ретінде ұлт, ұлағат және ұмтылыс қағидаттарының мазмұны үстемдік құрғаны сезіліп тұрды. Елдің кешегісі мен бүгінін, болашағын жігін жатқызып таныстырушылар Астана туралы мәлімдей келіп, тұтас мемлекетіміздің баянын меймілдетіп тосатындай. Иә, төмендегі деректер сондай таныстырымның бір ұшқыны ғана...
Үстіміздегі жылы Астананың сол жағалауында “Дубай” аталатын құрылыс жұмысын іске асыру жоспарлануда. Жоба бойынша Астананың әуежай жақтан кіреберісіне 32 көп қабатты үйлер салынады. Қазіргі уақытта әлеуетті инвесторлар белгіленіп, құрылыстырды жобалау жұмыстары аяқталды. Аталған жоба қаланың бет-бейнесін дамытуға елеулі үлес қосады және қаланың көз жауын алар көркі болады.
Астананың сәулеттік көркемдік жобасын әзірлеуге шетелдік мамандардың тартылып жатқандығы туралы айтар болсақ, оған мысал британдық сәулетші Норман Фостер жобасын жасаған Бейбітшілік және келісім сарайын, Манфредди Николеттидің “Қазақстан” әмбебап киноконцерт залын айтар едік.
Жобалаушы сәулетшілердің негізгі көздегені қаланың төңірегін жасыл баққа айналдыру. Көгалдандыру Астананың көркін айшықтандырып қана қоймай, айнала қоршаған ортаның жақсаруына, климаттың өзгеруіне ықпал жасайды. Қала төңірегінде көкжелектердің көбірек егілуі желдің жылдамдығын 50-80 пайызға дейін төмендетеді. Алдағы уақытта жасыл аймақтың көлемін 6000 га дейін жеткізу, отырғызылатын ағаштар мен көшеттердің санын 1,5 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Күрделі қаржыны талап ететін жобаның іске аса бастағанына бірнеше жыл өтті. Оны 2015 жылы аяқтау жоспарлануда.
Қаланың қарыштап өскені, әл-ауқатының жақсарғаны өңірлік жалпы өнімнің 15 пайызға дейін артуына әсер етті. Оның әрбір тұрғынға шаққандағы мөлшері 2007 жылы 18 мың АҚШ доллары болса, енді еліміз бойынша орта көрсеткіштен 2 есе асып түседі.
Экономикасында қызмет көрсету саласы басымдыққа ие. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын құрайды. Қала әкімдігінің ұзақ мерзімге арналған жобасы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынын сақтау басты мақсат. Қызмет көрсету саласының тез өсуі құрылыс жұмыстарын одан әрі табысты жалғастыруға ықпал жасайды.
Жетекші халықаралық агенттіктердің бағалауынша, Астана дамыған, әртараптандырылған экономикасымен ерекшеленеді. Соңғы 5-4 жыл ішінде қаланың экономикалық көрсеткіштері еліміздегі өсімнің орташа деңгейінен асып түсті. Рейтингі де жыл сайын өсе түсуде. Ұзақ мерзімді рейтингтік болжамдар бойынша қаланың дамуына тұрақты деген баға берілді. Бұл экономиканың үздіксіз алға басуына, табыстың күн санап өсуіне өз дәрежесінде ықпал жасамақ.
Қазіргі уақытта әлемнің 92 елінің астаналары мен оның ішінде бауырластық қатынас орнатқан елдермен сауда-саттық айналымы белсенді түрде жалғасын табуда. Өнімдерді сыртқа шығару көлемі жыл сайын артып келеді. ТМД елдеріне экспортталатын өнім көлемі 2006 жылы 96,2 пайызды құрады. Негізгі тұтынушылар қатарын Швейцария (58), Франция (20,4), Нидерланды (5,2), Қытай (4,2), Ұлыбритания (3,4), Иран (1,5), Ресей (1,2) құрайды. Қаланың бұл әлеуетін дамыту үшін кәсіпорындар арасынан сыртқы рынокқа өнім шығаратын жеке және заңды тұлғалар анықталуда. Шетелге шығарылған өнімдердің көп мөлшері Ресей Федерациясының (36,3) Германияның, АҚШ-тың (8,7), Украинаның (5,9) Қытайдың (5,8), Өзбекстанның (5,4), Францияның (5,3) үлесіне тиеді. Сөз жоқ, Астананың бұл табысы республикамызды гүлдендірудің ең негізгі әрі төте жолы болып есептеледі.
Алайда, жаңа астана ұлтымыздың жаңа символы ретінде бағаланып қана қоймай, Үкімет қаламыздың әлемнің таңдаулы 30 елінің қатарына қосылуына арналған бірқатар негізгі шараларды және стратегиялық бағдарламаларды анықтады. Қаланың жоғары бәсекеге төтеп беру қабілетіне жету үшін тартымды және үйлесімді қоғамды құру қажет болады. Қала халқының өмір сүру деңгейін арттыру, денсаулық сақтау және білім беру сапасын жақсарту қажет. Қала орталығында жұртшылықтың көп әрі жиі болуы ойын-сауық өндірісін дамытуға септігін тигізеді. Бай, мәдени құндылықтарды сақтау аса маңызды факторлар болып табылады. Астанада білімге қол жеткізудің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалуда. Мұнда он жоғары оқу орны мен 18 колледж жұмыс істейді. Олардан заңгер, экономика, басқару, халықаралық қатынастар, оқытушылар, медицина, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да салалардың мамандығын алып шығады. Қолайлы академиялық ортаны және ғылыми ағартушылық ортаны қалыптастыру шеңберінде, біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығын қысқарту мақсатында халықаралық деңгейдегі жаңа университет пайдалануға берілді. Орталық Азиядағы ірі оқу орны биылғы жылы алғашқы студенттерін қабылдайды. Қаламызда әртүрлі ұлт өкілдерінің білім алу жүйесін дамыту және денсаулық сақтау саласының қызметін кеңейту, сондай-ақ, қала тұрғындарының айрықша төзімділігін сақтау, жергілікті қауымдастықтардың өзіндік бет-бейнесін тұрақты ету мақсатында бірқатар нақты шаралар атқарылуда. ЮНЕСКО 1999 жылы Астанаға Әлем қаласы мәртебесін берді. Бұл атақ планетаның жаңа қалаларына беріледі. Ол қала әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени салада, сондай-ақ, ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту мақсаттарын іске асырған қалаларға тиесілі.
Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу дәстүрге айналды. Онда әртүрлі дін өкілдері, әр ұлттың белгілі адамдары өзара пікір алысып, әлемде орын алып отырған проблемаларды ашық талқыға салады.
Шаһарда мәдениет, өнер, спорт және шығармашылық жұмыстар ерекше рөл атқарады. Алыс және таяу шетелдерден әлемге белгілі өнер шеберлері жиі келіп, халықтың сұранысын қанағаттандырады.
Астана қаласы 2011 жылы 7 Қысқы Азия ойындарын өткізуге және әлемнің спорт жұлдыздарын қарсы алуға дайындалуда. Осыған байланысты түрлі спорт ғимараттары мен басқа да мәдени нысандарды салу жұмыстары қарқынды іске асырылуда.
Қаланың алдағы дамуында басталған істердің қарқынды жалғасын табатынына сенім зор. Астанада өмір сүру оның тұрғындары үшін зор мәртебе. Өйткені онда адамға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Қала болашаққа сеніммен қарайды. Демек, Дүниежүзілік көрменің талап-тілегіне де сай келетін тұжырым ғой бұл.
БӘСЕКЕ. БЕДЕЛ. БЕРЕКЕ
Павильондарды аралап көрудің жарияланбаған тәртібі бар секілді. Әрине, бәсекеге қабілетті, әлемдік беделі мен берекелі істері тұрақтанған мемлекеттердің “үйлеріне” бас сұғуға құмарлық байқалады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның бағы жанған сыңайлы. Құмартып келіп, разылықпен кетеді. Қай кезде де есігі ашық. Реті келгесін айтайық. Біздің делегация Ресейдің, Өзбекстанның павильондарын аралаған соң, сәл үзілісті пайдаланып бірер журналист боп Сауд Арабиясының шаңырағына ынтыға тарттық. Әдеттегідей, кедергісіз кірерміз дегенбіз. Үмітіміз ақталмады. Шақыртуымызбен іштен шыққан өкіл қазір намаз уақыты екенін, бір сағаттан соң экспозициялармен танысуға мүмкіндік туатынын мәлімдеді... Ал бізде қарбалас қабылдау үзіліссіз жүріп жатады. Соған орай кезекте тұрғандар да ешбір кейістіксіз, ретімен жылжиды. Оларға павильон жұмысын қадағалайтын жүз шақты маман қызмет етеді. Көбі Шанхай жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастары. Мәселен, Ж.Бәйтенов, А.Қалабаев, М.Тасқынбаев, Д. Омаров, Д.Бисембаевтардың бірнеше тілге жүйріктігі абырой асырып жүр. Ұрандатпай-ақ көп іс тындырып жүр екен.
Бәсекеде байыпты ойластырғанның өресі биік. Бүгінде ішкі әлемге ашық жарияланған сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстан ауқымды экономикаға ықпалданып келеді. Бүкіләлемдік банктың деректеріне жүгінсек, инвестиция тарту жағынан дүние жүзі бойынша 20 мемлекет қатарынан орын алған. Осындай жетістіктерінің кейбірін көрсете білудің нағыз қолайлы сәті осы көрме мүмкіндігі болса керек. Соны тиімді пайдаланып қалуға қағылездік танытқан жайы бар.
Келген қонақтардың көңілін әнмен, күймен, бимен сергіту байырғы дәстүр. Мұнда да сол жарасымның шырайы кірген. Еліміздің түкпір-түкпірінен кезектесе келіп өнерлерімен сусындатуға бейілді 30-дан астам шығармашылық топтардың рухани сыйы өз алдына. Міне, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Анар Мұздаханова “Аққу”, “Тархан баба”, “Нарқыз” күйлерін шабыттана тартқанда, қытайың да, өзгең де шапалақ ұрып, мәз болысты. Өнерде шекара жоқтың нағыз мысалындай еді.
Әркім әрқалай өз пікірлерін білдіруден жалықпайды. Шағын плазма төбесінде орнатылған камера арқылы қонақтар суретке түсіп, өзінің мемлекеті мен туған қаласын белгілеп, бейнесінің астына тілектерін немесе алған әсерін жаза алады. Содан бұл сурет пен тілектер алып экраннан көрінеді. Осылайша электронды естелік кітапты тамашалағандай боласыз. Бұл тәсілмен Қытай павильонының директоры Ху Нудин, Болгария павильоны директорының орынбасары Иван Димитров т.б. өз пікірлерін жазып қалдырды. Бәрі де Қазақстанның бірлігі ұйыған тыныштығына, дағдарыстан оңтайлы шыға білгеніне ден қойған. Ал ҚХР-дағы Қазақстанның елшісі И. Адырбеков бізге көрме туралы жүрекжарды ойларымен бөлісе келіп, еліміздің болашағына зор сеніммен қарайтынын мәлімдеді. Әсіресе еліміздің баянды табыстарын шетелдіктердің танып-білуі тұрақты көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізеді. Мұның өзі сыртқы инвесторлардың тартылуына да өзіндік ықпал етуі әбден мүмкін деді ол. Елші сонымен бірге осындағы көптеген мемлекеттердің павильондарын көріп, ой елегінен өткізгенде Қазақстанның біраз жағдайда шоқтығы биік екендігін мақтаныш сезіммен атап өтті.
Шынында да Қазақстанның ұлттық павильоны туралы игі лебіздер тасқынында шек жоқ. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатын ерекше бөліп сипаттауынан елімізге деген құрметті сезіну қиын емес. Мазмұны қайталама пікірлер көп болғанымен, бәрібір елдік мүддені асқақтатып тұруымен жүрекке жақын, жылы тиеді.
Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті тұшындырды. “Гүлдер” ансамблінің биі талғампаз жұртшылықты тамсандырды. Ал шетелдерге де аты мәлім “Ұлытау” этно-рок тобының орындауындағы шығармалар еліміздің тарихы мен дәстүрінен мол хабардар ететін тылсымымен тәнті етті. Сондай-ақ фольклорлы-этнографиялық “Әлқисса” ансамблі шебер шерткен “Көрғұлы”, “Жаймақоңыр”, “Ыңғайтөк” күйлері ұмытылмастай ләззат сыйлады. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединованың, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Толқын Зәбированың, халықаралық конкурстардың лауреаты Мәдина Садуақасованың тамылжыта салған әндері құлақ құрышын қандырды. Қазақ өнерінің құдіреті Шанхайды елтіп, ертіп, балқытып бара жатқандай ма, түге...
Қайсар ӘЛІМ, АСТАНА – ШАНХАЙ – АСТАНА.
Суреттерде: Делегация басшысы А. Күрішбаевқа Қытай павильонының ескерткіш сыйы тапсырылды; Қазақстан ұлттық павильонының алды бір босамайды; Қазақстан ұлттық павильонының бас директоры Р. Ділмағамбетова.
Суреттерді түсірген автор.
...Масатыдай көктемде ашылып, жайдарман жаз бойы толыса жетіліп, мәуелі күз ортасында мәреге жететін “ЭКСПО- Шанхай– 2010” Дүниежүзілік көрмесінің тағылымы мен таңданысы тізбектеле берері сөзсіз. Асқақ Астанамыз арқылы жалпақ еліміз жаһанға насихатталып жатыр. Отан жүрегі – бас шаһарда тұрмыс күйлі де жайлы болса, кең байтаққа керілген керегеміздің беріктігі мен тұтастығы одан бетер нығайып, шаңырағымыздың берекесі мен бедел-абыройы да мәңгілікке масайрататыны кәміл.
... Көрме – көркем құбылыс екен. Көркемдік, сұлулық атаулыға жан құмар. Құмардан шығу, ләззатқа бөлену, елдік мархабат пен махаббат ұранын асқақтату жүрегінде мейірім мен мәрттік сезімдері ұялаған ұлттың ғана маңдайына жазылған бөлек бақыт десек, Қазақстанға деген Шанхайдағы айрықша құрмет пен ілтипат жан семіртеді екен. Жаса, жайна, жалпақ Ел! Керім келбетті жұмақ Жер! Көрме сенің айнаң екен, өз бейнеңе өзің сұқтанба, сырт көз сыпайы да сындарлы, сұңғыла бітім, сұңқар саңқылды сыныңды алар... Тояттар!..