Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің құрылғанына келер жылы он жыл толады
Иә, он жыл бір қарағанда көп уақыт емес. Мың жылдық қарағайы, самырсыны, балқарағайы жайқалып өскен нулы мекен, қаз қаңқылдап, сансыз құстар сайрап ұшқан осынау бір ғажап жерде Үкіметтің №970 қаулысы бойынша 2001 жылдың 17 шілдесінде Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркі дүниеге келді. Осы орайда, мынадай бір сауал еріксіз туады, неге қорық емес, ұлттық парк. Әсте қорық пен ұлттық паркті салыстыруға келмейді. Табиғи парктің мәртебесі жоғары, құзырлы мекеме. Еліміздің болашағы, жас ұрпақ үшін табиғат сыйлаған осы бір ғажайып өлкенің байлығын, құсы мен жануарларын, жалпы қоршаған ортаны қорғау үшін Елбасы мен Үкімет жаны ашып, қорық емес, ұлттық парк ашып берді. Яғни, бұл сөздің мәні мен мағынасы тереңде жатыр.
Табиғи ұлттық парктің мақсаты – құрып бара жатқан орман байлығын – қызыл кітапқа енген қара дегелек, алтай ұлары, қызыл қасқыр, сары тышқан, бұлғын, бұлан, құндыз, бүркіт, таутеке, күдір, елік, аю, қоңыр аю, ұшатын тиін, басқа да құс-жануарларды қанатының астына алып қорғау, әлпештеу, жат пиғылдылардың қанды шеңгелінен құтқару, тіпті өлшеусіз кесіліп, ұрланып жатқан ағаштарды күзету, қысқасы, мемлекет байлығын көздің қарашығындай сақтау. Ұлттық парктің көлемі тұтас бір мемлекет сыйып кететін 600 мыңнан астам гектар жерді алып жатыр. Парк құрылған кезден бастап, оны өз ісінің маманы Ерен Жұмағұлов басқарып, көп істер тындырды. Қазір Ерен Қадешұлы Берел қорғанына жетекшілік етеді. Өзінің бай тәжірибесін қазба байлықтарын игеруге жұмсап жатыр.
Соңғы екі жылдан бері табиғи паркті Ерлан Мұстафин басқарады. Ол да бұл салада жиырма жылдай еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған іскер маман. Сөз саптауы, табиғи парктің атқарып жатқан істері жайлы тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп беруі осыны аңғартқандай. Мұның алдында Ерлан Қабылұлы Зайсандағы қорыққа жетекшілік еткен-тін.
Кең кабинеттің ішіндегі ұлттық парктің картасы, арнайы оқулық кітаптар, басқа да қажетті құралдар көз тартады. “Қар барысы”, “Қонақ үйлер”, “Шығыс Қазақстан”, “Ұлттық парктің еңбектері” атты кітаптар түрлі-түсті суреттерімен, осында мекендейтін құс-жануарлардың көркемдігімен ерекшеленеді.
– Ұлттық парктің аумағы сонау Белқарағайдан басталып, арысы Шындығытайға дейінгі алқапты алып жатыр. Тіпті еліміздің шекарасын қорғауда ерлікпен қаза тапқан Раджан Батырханұлы атындағы заставаға дейін жететін паркті күтіп-ұстау расында да ауқымы зор, жауапкершілікті талап ететін маңызды шаруа. Ұлттық парк дүниеге келгенше орманның сирек кездесетін балқарағайы мен самырсыны, басқа да бағалы ағаштар “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кетті. Тіпті адамдар бұзауға қазық үшін теректі тамырымен, мал айдау үшін қарақатты түбірімен жұлып алып, аяусыз күйретті. Ал отынға қаншама ағаш кеткенін бір Алланың өзі біледі. Ну орманның ішіндегі емдік шипалы шөп, “Қызыл кітапқа” енген құстар мен жануарлар да “жат пиғылдылардың” оңай олжасына айналды. Бір кездері осынау табиғатын суреттеуге тіл жетпейтін өлкеде тек құстың 260 түрі болған. Қазір ол азайып кетті. Егер мемлекеттік табиғи паркті құрмағанда, енді бір он жылда барлық байлығымыздан айрылып қалатын халге жетеді екенбіз. Мұнда қызмет ететіндер “ұшатын тиінді” жақсы біледі. Алтайда олар санаулы ғана қалды. Өзіне қауіп төнген кезде бұл құстың терісі ашылып, 40 метрге дейін ұшады. Мұндай тиін еліміздің басқа аймақтарында жоқ. Қара дегелек, балық аулап күн көретін скопа, күдір, қар барысын алайық. Ендеше, ел байлығын қорғау, әлпештеу мына біздердің міндетіміз, – деп Ерлан Қабылұлы біраз жайлардан хабардар етті.
– Соңғы екі-үш жылда аң-құстардың өсуі байқала ма? Бұл жайлы деректер бар ма? – деп сауал тастадық.
– Неге болмасын. Мәселен, 2007 жылы бізде 97 бұлан, 2772 сібір елігі, 670 кәдімгі түлкі, 10350 баршабай жолақ тышқан, 6622 суыр, 1428 аққоян, 1568 сұр құр, 230 үлкен бейнарық, 840 самырсын құс болса, өткен жылы олардың саны тиісінше 101, 2832, 686, 10500, 7388, 1455, 1605, 235, 890-ға өскен. Демек, сәл болса да өсу байқалады.
Бұдан үш-төрт жыл бұрын табиғи паркте болғанымызда, еңбек ететіндердің саны 200-ге таяу еді. Қазір мұнда 356 адам жұмыс істеуде. Олардың ішінде 220 адам жоғары және кәсіптік орта білімі барлар. 337 адам орман және жануарлар әлемін қорғау жұмыстарын атқаратындар. Яғни, 250 мемлекеттік инспектор, 32 орман шебері, 9 орманшы, 9 орманшының көмекшісі және құрылымдық бөлім басшылары бар екен.
Біз шеберлікті шыңдауға, мамандықты жетілдіруге көңіл бөліп отырамыз, деп әңгімесін жалғастырды Ерлан Қабылұлы. Өткен жылы 6 қызметкер білімі мен біліктілігін көтеру үшін түрлі курстарда оқыды. Оның пайдасы зор.
Бұл күндері Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Ақсу, Усть-Язовая, Белқарағай, Алтай, Шыңғыстай, Чернова, Берел және Аршаты – барлығы сегіз орманшылық бар екен. Оның ішіндегі үлкені 100 мың гектарды алып жатқан Алтай орманшылығы. Міне, осындай орманшылықты қорғау үшін қаншама техника, ат, қару-жарақ керек. Өрттің бетін аулақ қылсын, осыдан екі-үш жыл бұрын табиғи парк аумағында өрт шығыпты. Абырой болғанда ол техниканың күшімен тез сөндірілген. Өткен жылы паркке бірнеше өрт сөндіргіш мәшине, басқа да қажетті жабдықтар берілген көрінеді.
Мектеп оқушылары орман байлығын қорғауда көмек көрсетіп тұрады. Мектептердегі эколог-туристік клубтарда өткен жылы 12 семинар, 78 лекция өткізіліпті. Ал жергілікті тұрғындармен 43 кездесу мен 53 кеңес беру сабақтары болған.
Өткен жылы қоғам байлығына көз алартушыларға қарсы 174 рейд, 151 тексеріс жүргізіліпті. Оның ішінде 36 рейдке Катонқарағай ішкі істер бөлімі мен Өрел шекара комендатурасы қызметкерлері қатысқан. “Аталмыш тексеріс кезінде талай кемшіліктердің беті ашылды. Мәселен, ағашты өз бетінше кесу, малды рұқсат етілмеген жерге жаю, өрт қауіпсіздігін сақтамау, басқа да теріс әрекеттерге жол бергендерге әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынды. Қазір тұрғындар тәртіпті бұза қалса, жауапкершілікке тартылатынын жақсы біледі, сондықтан оқта-текте болмаса бұған бара бермейді”, дейді Е.Мұстафин.
Табиғи парк өздерінің орман алаңын жыл сайын ұлғайтуға да көңіл бөліп отырады екен. Мәселен, өткен жылы 120 гектарға ағаш көшеттері отырғызылыпты. Бұл оның алдындағы жылға қарағанда 12 гектарға артық. Самырсын, қарағай, басқа да бағалы ағаштарды неғұрлым көп отырғызсақ, келешек ұрпаққа асыл қазынаны соғұрлым көп тастап кетеміз дегенді айтады парк қызметкерлері. Тағы бір айта кететін жәйт, Е.Мұстафин өз күштерімен қаржы табуға да ұжымды жұмылдырып отырады екен. Мәселен, өткен жылы он тонна хош иісті жаңғақ жиналып, ол тұрғындарға саудаланған. Табиғи парктің мекемесі жанындағы қолөнер шеберлерінің үлкен бөлмесіне енгенде, төрт-бес жігіттің бал құятын ағаш ыдыстарды, неше түрлі орындықтар мен заттарды жасап жатқанын көрдік. Оларға Е.Ахмадиев жетекшілік ететін көрінеді. Шеберлер өткен жылы 600 мың теңгенің қолөнер заттарын жасапты. Олардың ішінде өздері әдемі етіп жасаған домбырасы да сапалы.
Табиғи парк туризмді дамытуға да көңіл бөлуде. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, Әлібек Асқаров – қасиетті Катонқарағайдың тумасы. Әлібектің туған жерді жырлаған, табиғатына еріксіз бас иген тамаша туындылары да ұлттық парк қызметкерлерінің қолына тиіпті. Әлекеңнің шығармаларында айтылатын Көккөл сарқырамасы, Қаракөл көлі, Рахман қайнары шипажайына туристер көптеп келіп жатыр. Өткен жылы осы аймаққа 2457 адам келіп тыныққан, денсаулықтарын түзеген. Олар парк аумағында демалғандары үшін 2 миллион 319 мың 545 теңге төлеген. Қазір парк аумағында 8 бекітілген экологиялық маршрут жұмыс істеп тұр.
– Әлі де бұл бағытта көп істер тындыру қажет. Облыс әкімі Б.Сапарбаев пен Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев бізге үнемі қолғабыс жасап тұрады. Аудан әкімі С.Зайнулдин телефон тартқызып, жол жөндеуге көмектеседі. Алдағы уақытта “Өскемен-Зырян-Катонқарағай-Рахман қайнары” республикалық дәрежедегі жолдарына қосымша қаржы бөлінсе, туристер легі толастамас еді, – дейді ұлттық парктің бас директоры Е.Мұстафин.
Белқарағай орманшылығында 40 гектар жерде питомник бар. Питомниктегі биіктігі небәрі үш-төрт сантиметрлік көшеттер ек-үш жылдай осында өсіріліп, мерзімі жеткен кезде парктегі сегіз орманшылықтың аумағына отырғызыла бастайды. Көне орман белдеуімен, ежелгі қарағай, самырсындарымен атағы шыққан Алтайда ағаш өсірудің бірнеше түрі бар. Соның ішінде тиімдісі қолдан көшеттер отырғызу, дейді кәнігі орманшылар.
Алтайдың орман байлығы қырағы күзетте. Қазақстан орманының 70 пайызы Кенді Алтайдың үлесіне тиеді десек, оны қорғап, өсіріп, жат көздерден сақтап келе жатқан табиғи парк басшылары мен мамандарының, қарапайым орманшылардың еңбегі зор.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.