12 Маусым, 2010

АСТАНА ТЕАТРЫ: ІЗДЕНІС ПЕН ІРКІЛІС

880 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры бұл – тәуелсіздіктің жемісі. Арқа өңірінде дүниеге келген жас өнер ұжымының 20 жылға жуық тарихында тізгінін ұстаған қазақ сахна өнерінің көрнекті тұлғалары өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. Қойылымдары қазақ сахнасына өзіндік құбылыс болып енген Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтердің – әрқайсысы ұлттық театр тарихына бедерлі іздерін қалдырған суреткерлер. Өздерінің соңғы жылдары шаңырағында болып жатқан қуаныштарымен ортақтасуға, мамандардың пікірін білуге сонау Арқа өңірінен Астана театры Алматыға жан-жақты дайындықпен келген екен десек, олар алматылықтар назарына М.Әуезовтің “Абай” /режиссері Ә.Оразбеков/, “Қарагөз” /режиссері Ә.Мәмбетов/, грузиялық автор А.Цагарели мен композитор Г.Канчелидің көпшілікке “Ханума” деген атпен танылған “Гамарджоба!” музыкалық комедиясы /режиссері Е.Тәпенов/, драматург Дж.Патриктің “Қымбатты Памела” комедиясы /режиссері Ю.Ханинга-Бекназар/, Е.Жуасбектің “Үйлену” /режиссері Н.Жұманиязов/, Қ.Жүністің “Махаббат мелодрамасы” /режиссері Б.Ұзақов/ пьесалары ұсынылды. “Абай” спектаклінің сахналық шешімін суретші Д.Досбаев қысқа да нұсқа бейнелеу әдістерімен шешкен. Сахна кеңістігі қөп сөзділіктен ада. Негізгі оқиға өтетін орында сахна айналасын терең де тұңғиық етіп көрсетер қара мауыты матамен көмкеріп, шағын дөңгелек алаңқай орнатылған. Ортадағы ақ дөңгелек шар мен сахнаның екі жағынан көтеріліп-түсірілетін ұзын құрықтар Абай мен Жиреншенің ұстанған өмірлік көзқарастарын, жаңа мен көненің тайталасын ойға оралтады. Режиссер осы шағын кеңістікке салмақты трагедияның қым-қуат тартыс пен күреске толы оқиғалар желісін ықшамдап қоя білген. Әрине, бұл туындыны бүгінгі таңда сол жазылған қалпында тұтастай сахнадан көрсету шарт емес. Режиссер тарапынан пьеса мәтінінде редакциялық қайта қараулар мен қысқартулар, кейбір кейіпкерлердің түсіп қалуы секілді өзгерістер байқалады. Соған қарамастан, режиссер негізгі айтпақ ой-идеясын орнымен, байыпты көрсете алған. Режиссер сахнаға бір мезгілде бір Абайдың екі бірдей образын енгізеді. Сахнада негізгі әрекет етуші Абай болғанымен, спектакльдің көрерменге түйдек-түйдек ой айтар түйінді тұстарында драмалық оқиға ақынның “төл сөзімен” енгізілген аға Абай бейнесі арқылы іріленеді. Аға Абай сахнада әрекет ету мүмкіндігі мол кейіпкер болып шыққан. Оған өз көзқарасын бүгінгі – ХХІ ғасырдағы қандастарына батырып-батырып айтатындай етіп берсе де артықтық етпес еді. Қойылым басталғанда сахна ортасындағы үлкен дөңгелек шардың тасасынан шығатын Абайдың жастардың қара матамен байланған көздерін шешіп, болашаққа, білімге жол сілтеуі ұлы данышпанның ұлттың рухани ұстазы ретіндегі келбетін танытады. Режиссер Ә.Оразбековтың басты кейіпкер Абайдың толғанысын, жан күйзелісін күшейтуге аға Абайды енгізуі – өте орынды табылған шешім. Алайда қоюшы-режиссер аға Абайды қойылымның басынан аяғына дейін авансценада жүріп-тұрып, сахналық оқиғаға аракідік қана кірістірумен шектеген. Режиссер осы жерде сараңдық танытып, рөлді атқарған актер Т.Мейрамовтың орындаушылық шеберлігінің толық ашылуын шектеп тұр. Актердің бар шеберлігін салып тебірене орындаған образы көрерменнің көңілін қозғайтындай жоғары деңгейде жасалған десек те, екі Абайдың портреттік ұқсастығы, бірдей киім киісі, бір уақыт аралығында өмір сүретіндігі спектакльдің дәл бүгінгі күнмен үндесетін кейбір мүмкіндіктерінен айырған. Қойылымның негізгі салмақ жүгі Н.Өтеуіловтің Абайына артылған. Сырт келбеті келісті, айтар сөзі салмақты Абайды актер режиссер ұсынған ойын ережесін қабылдай отырып, өзіндік шығармашылық ізденістен туындаған ой өрнегімен сомдайды. Біз бұл орындауда қорғансыз екі жастың тағдырына өзінің жауаптылығын өткір сезінген, әділдік үшін күрескен әрекет үстіндегі күрделі образды көреміз. Керімді сомдаған талантты актер Е.Малаев кейіпкерінің ішкі жан дүниесіндегі трагедия оқиғасын қозғалысқа келтіретін негізгі себептер мен салдарлардың соңынан жүруге тырысқан. Бұл орындауда Керім өз ұстазы Абайға жан-тәнімен берілген, табынған жан. Сөйте тұра, оның өнер бәй­ге­сінде талантымен оза шауып, шығар­ма­шы­лығымен өзін көлеңкелеп кеткен Айдарға іштарлық жасап, кек алмаққа баратын кейпін көреміз. Спектакльдің екінші бөлімінде Керім – Е.Малаевтың бойында діншілдігі, мойнына Айдардың қанын жүктеген “тақуалық” кейпі бүгінгі қоғамда да көрініс беріп қалатын “қос стандартты”, екіжүзді адамдардың жинақ­тал­ған образын танытады. Орындаушының Керім бейнесін сипаттауда ұстанған зұлымдық табиғатының астарынан осындай астар оқылады. Спектакльдің музыкалық партитурасы жекелеген әртістер мен көп дауыста хормен қо­сыла атқарған Абайдың төл әндерін орындаудан тұрады. “Желсіз түнде жарық ай”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Татьянаның хаты” әндерін актерлердің бі­р­неше дауыстарға бөліп сауатты айтуы ұжым­ның музыкалық орындаушылық деңгейі мен мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетті. Театр классикалық репертуарды бүгінгі көзқараспен оқуда бас-аяғы бүтін, бір деммен өтетін қызықты спектакль жасаған. Қазақтың “Қаллекиі” атанған ұлттық сахна өнерінің біртуар тұлғасы Қалибек Қуанышбаев сонау 1940 жылы Абай образын сахна рампасы арқылы халқымен сәтті табыстырған. Та­лантты актердің атын иемденген театрдың репертуары М.Әуезовтың “Абайымен” толығуы орынды. Сахнаға қойылған спектакльдің уақытпен бірге есейіп-ескіретін кезі болады. Босаң­сыған, бастапқы қойылған кездегі желісінен ажырап қалған, жүйелі сахналық шешімін қайта қарап ширата түсуді қажет ететін тұстары бар қойылымдар қатарына жататын М.Әуезовтің “Қарагөз” траге­дия­сы­мен театр өзінің алты күндік гастрольдік сапарын қорытты. Театр бұл пьесаны 1999 жылы театрдың бас режиссері Ә.Мәмбетовтің режиссурасымен қойған болатын. М.Әуезов атындағы академиялық театрдан кейін Астана театрына барған Әзекең бұл шығармаға әр сахнада бірнеше мәрте айналып соққан. Театрдың бұл туындысы академиялық театрдың бұдан жиырма-отыз жылдай бұрынғы биік белестерден көрсеткен спектакльдерінің эстетикасын еске түсір­гендей болды. Режиссерлік ұтымды шешімдер мен қызықты табылған мизансценалар өзінің оралымды ойлары мен тұспалдап берер тұжырымдарынан айрылмаған. Қарагөзді ауылдан шығарып салар тұста ортаға ала арқанға көгенделіп Сырым тобының шығуы мен осы сахнаның аяғына дейінгі іс-әрекеттің даму барысы сияқты көріністер аз әрекетпен көп ой салатын тұщымды тұстар. Театр әкімшілігі тарапынан спектакльді репертуарда қалдыру жайлы шешім қабылданса, алғашқы құрамдағы орындаушылар орнына жас әртістерді енгізу арқылы режиссерлік нұсқаны қайта қарап, жаңалап спектакльге жаңа тыныс беру жағын ойластыру қажет сияқты деген ойымызды да айтсақ дейміз. Қойылымда сәтті актерлік ізденістер, көрерменге ой саларлық образдар бар. Классикалық репертуарды ойнау бірінші кезекте театрдың актерлік құрамының көркемдік деңгейіне сын болар ауыр жүк. М.Әуезовтің шұрайлы көркем тілінің құнарлы нәрін жоғалтпай бере білу, образдың бас- аяғын таразы басында тең ұстау актерлік шеберлікке байланысты десек, орындау­шылық құрам трагедияның табиғатын көрерменге барынша ашуға талпынған. Актерлік жұмыстар ішінен Сырым – С.Қашқабаевты, Қарагөз – А.Нөгербекті, Нарша – Н.Өтеуіловті бөліп атауға болады. Алайда орындаушылар жұмысынан жекелеген салмақты образдардың ізін көргенімізбен, сан алуан оқиғалар мен тағдырлардың желісінен тұратын қойылымда ұжымдық бірлік жетпей жатты. Спектакльдің бойында трагедиялық атмосфераны аяғына дейін шиыршық аттырып, бір деммен алып шығатындай режиссерлік қолдың қажеттілігін көрдік. Классикалық ұлттық репертуарды игеру дегеніміз, бірінші кезекте халқымыздың бар құнарын бойына жинаған қазақ тілінің поэтикасын, әсем әуезділігін тамылжытып бере алатын актерлердің труппада жеткілікті мөлшерде болуы. Астаналықтар көрсеткен М.Әуезовтің екі трагедиясында орындау­шылар құрамы бұл талаптың деңгейінен шыға алған. Сахнаға шыққалы көптеген тілдерге аударылып, сан алуан режиссерлік нұсқа­лармен көрсетіліп келе жатқан “Ханума” музыкалық комедиясын театр сахнаға “Гамарджоба!” деген атпен қойыпты. Авторы А.Цагарели мен композитор Г.Канчели. Қазақ театрларының назарында болып, бірнеше мәрте аударылған бұл көңілді комедияны астаналықтар өздерінің сахнасына өткен жылы керекулік режиссер Ерсайын Тәпеновтың режиссурасында көрді. Ж.Ай-мауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық комедия театрында дәл осы жанрда, осындай құраммен жұмыс істейтін режиссерді музыкалық спектакльге Астана театры дұрыс таңдаған. Ескі оқиғаның сахналық кілтін режиссер Е.Тәпенов орнымен таба алған. Спектакль бір деммен өзіндік қалыпты ырғағынан айнымай жүретін көңілді қойылым болған. Театр сахнасында Дж.Патриктің “Қымбатты Памела” комедиясын режиссер Ю.Ханинга-Бекназар жүзеге асырған. Барлық оқиға желісі мен іс әрекетті режиссер жаны жайсаң, қарапайым да сабырлы жан Памела төңірегінде өрбітеді. Бұл көрерменді оң қуатпен сергітер атмосфера сыйлайтын заманауи комедиялық қойылым болған. Әсіресе Гүлжан Әспетованың жеке солосынан, яғни Памела рөлінен көрермен жүрегіне шым-шымдап ой тастайтын қарапайым жанның күрделі образын көрдік. Актриса бұл рөлде тоқтаусыз артта қалып жатқан жылдарға, аш қасқырдай анталаған қоғамдық ортадағы адамдардың тар пейіліне тәуелді емес, керісінше табиғи қалпын сақтаған, жүзінен жылуы кетпейтін кеңпейілді адамға тән болмыс-бітімімен есте қалды. Орындаушы өз кейіпкерінің жан дүниесіне терең үңіліп, оның өзгеге ұқсамайтын ішкі әлемін толымды аша алды. Ал “Үйлену” комедиясы театрдың бүгінгі күн тақырыбын игерудегі сәтті қадамы. Е.Жуасбек комедиясында оқиға өмірлік ситуацияларға құрылып, жанр табиғатына үйлеседі. Автор персонаждарды өмірден ала отырып, оларға өзіндік мінездемелер бере білген. Театр музыканттарының спектакльдің орындаушылар құрамында әрекет етулері бұл қойылымның басты жаңалығы. Тіпті музыканттар тобын пьеса оқиғасына сәйкес қатыcушы кейіпкерлер ретінде сахнаға шығарғасын оларды қойылымның толық­қанды мүшесі деп санауға және қойылым жанрын жәй комедия емес, музыкалық комедия десе де жарасатын секілді. Композитор Серік Әбдінұровтың арнайы жазған музыкасы комедиялық қойылымның көңілді атмосферасын, кейіпкерлердің әр алуан характердегі мінез-құлықтарын терең де нәзік ашуға көмектесіп тұр. Скрипка мен флейта сүйемеліндегі, қойылым финалында орындалар екі жастың әні спектакльге нәр берерліктей әсерлі жазылған. Десек те, біздің композиторларымыз осындай көңілді комедиялар мен музыкалық спектакльдерге музыка жазу барысында көрерменге ерекше әсер ететін, құлаққа сіңісті, айтуға жеңіл, көпшілікке ұнамды жүректі қозғайтын әуендер жаза алмай жүр. Комедия кейіпкерлерінің есімдері сахнадағы мінез-құлық пен әрекеттің бағыт-бағдарына қарай шартты түрде берілген. Және бәрінің өзіне тән автор сызып берген нақтылы әрекет ету желісі бар. Сондықтан да кейіпкерлердің Зерек, Желек, Ерек, Терек, Көмек, Бөлек, т.б. болып кете беруі орындаушыларға қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік топтық мінездердің жинақталған келбетін жасауға мүмкіндік береді. Комедия кейіпкерлері жұп-жұппен бөлініп, өзара бәсекеге түседі. Бұл әсіресе, үй иелері, оның орынбасарлары, келіндікке үміткер қыздар арасындағы сайыста көрініс береді. Актерлер өздері сомдаған кейіпкерлерінің бар бітім-болмысы мен келбетін көрермендерге таныту үшін аянып қалмаған. Үйленетін ұл Бөлектің шешесі Дерекгүл Ерекшеқызының рөлін орындаған Лейла Бекназар-Ханинга жұмысынан төрт құбыласы түгел, “жаңа қазақтың” күйеуі мен ұлын уысында ұстаған әйдік әйел болумен бірге бойында жұмсақ адами келбеті бар келбетті келіншекті көреміз. Оның үй шаруасындағы қыз Зерекке мейірімділігі, өз ұлы Бөлекке деген аналық махаббаты ерекше сезіледі. Бұл кейіпкердің қасында М.Қайсанов орындаған әкесі Керек Әйтеуірұлының бейнесі бір- жақтылау, ұстанған өмірлік көзқарасы аяғына дейін толық анықталмағандай шашыраңқы шыққан. Актер кейіпкердің атына, мінезіне тән кейбір ұқсастықтарды тауып, сырт бейнесін салмақты жасағанмен көрермен оның есте қаларлықтай қылықтарын немесе өзіне тән болмысын жадында сақтай алмады. Оның күзет бөлімінің бастығы болып келетін сыныптасы Көмек – Қ.Қыстақбаевқа деген өзіндік көзқарасы байқала бермейді. Спектакльде ұтымды кейіпкер бұл – Д.Әлімов орындаған Асаба. Бұл актердің де сахнадан кескіндеген образында өмірде күнде көріп жүрген, жоқтан бар жасап, ұйқастырып өлеңдетіп, елдің көңілін табатын кәсіп иелерінің жиынтық бейнесі бар. Спектакльде бұл актер сомдаған образдың көңілді де күлкілі жақтарының көп болғанын мойындай отырып, әлі де болса орындаушы үшін ізденсе күлкі тудырар штрихтар мен детальдар көптеп табуға болатындығына күмәніміз жоқ. Жалпы өз бетінше ізденіп, жаңаша бояулар табу – барлық театр актерлері үшін де өте маңызды қажеттілік екенін еске сала кетеміз. Осы арада бір айта кететін жәйт, өкінішке орай Астана театры гастрольдік сапармен Алматыға апарған барша спектакльдерді кеңінен талдауға газет мүмкіндігі көтермеді. Соған орай, біз әңгімемізді осы арадан шектеуге мәжбүр болып отырмыз. Аманкелді МҰҚАН,  М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институты  театртану бөлімінің меңгерушісі.