12 Маусым, 2010

ЖАЙЫҚТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУЛЕР

520 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Кезінде кездейсоқ түсірілген сурет арқау болған бір бильбордтың сыры Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен мен алғаш рет 1992 жылдың күзінде жүздестім. Тәуелсіздіктің басы, ел экономикасы әлі оңалып кете қоймаған кез. Орал қалалық әкімдігінің басшысы қызметінде едім. Қазақстан энергия тапшылығынан шығудың жолдарын іздестіре бастаған. Қалалық ТЭЦ – Жылу-энергетикалық орталығының 6-жылу қазандығын салдыру арқылы облыс орталығын энергияға мұқтаждықтан арылтудың қамымен бел шешпей жүргенбіз. Өзім құрылыс инженері болғандықтан, бұл іске тікелей араласып, жобасыз, қаражатсыз өз бастамамызбен 7-қазандық құрылысын қатар жүргізіп, оны да бітіріп қалғанбыз. Осы тұста облыс өмірімен танысуға келген Президент ТЭЦ-ке атбасын бұрып, оның қуатын арттыру жұмысымен танысты. Әңгімелесе жүріп, Нұрекеңнің сөзімді зейін қоя тыңдап, өзімді сырттай сынап, ден қойып кеткенін сезгендей болдым. Төрт айдан кейін, 1993 жылдың 19 қаңта­рында облыстық әкімдіктің басшылығына тағайындалдым. Сол жылы егін бітік шықты. Тамыз айында қасына Үкімет басшысы С.Терещенконы ертіп Президент облысты аралауға келді. “Правда” газеті атындағы кеңшардың қырманында астық тау-тау үйіліп жатты. Сол байлықты сыртқа сататын жағдай жоқ. Элеватор қабылдамайды. Жағдайға қаныққан Елбасы: “мына мәселенің тез шешімін тап” деп Премьерді шұғыл Алматыға қайтарып жібергені есте. Бұл – Елбасының Жайық өңірінде екінші рет болған сәті еді. 1997 жылдың қыркүйегінде Президенттің Оралға қайтадан жолы түсті. Ұлт тарихының елеулі оқиғалары сабақтасқан ұлағатты, елге өнегелі қауышу ретінде бұл сапар да ерекше есте қалды. Бөкей ордасының билеушісі – Жәңгір ханның басына ақшаңқан кесене ор­натып, еліміздің Еуропа құрлығындағы байыр­ғы мекенінің халқы тәуелсіздік шапағатымен бір серпілген салтанатқа Елбасының өзі қа­тысты. Бодандық заманында Қазақ мемлекет-тігінің алғашқы белгілерін орната алған тарихи тұлғаға жерлестерімен бірге тағзым етті. Еділ-Жайық арасындағы қазақ жұртының орталығы іспеттес құт мекен – Орданы аралап көрді. Ашық алаңға, биіктікте жиналған халықпен емен-жарқын әңгімелесті. Елдің ықыласы шал-қып төгілді. Елбасының қарапайымдылығы, адамдарға бауырмалдығы айрықша тәнті етті. – Баламмен жастысыз, сондықтан Нұрсұл-тан десем айып етпе, – деп бір ардагеріміз сөз бастады. – Сізге айтар датым мынау: біз – ордалықтар хан көтерген дәстүрі бар елміз. Аталарымыз айтатын: “біз ханды 13 жылға сайлаймыз” деп. Өйткені, он үш жас азаматтың бір мүшелі. Оның ел басқаруының нәтижесі осынша уақыт аралығы өткенде ғана көрінеді. Халықтың сеніміне ие болады. Сізге де тәуелсіздігімізді баянды етуді жазсын. Жасың да, ісің де мүшелден мүшелге өте берсін! Соңғы жақтан біреу қол көтерді. – Ал айт, сенің қандай сұрағың бар? – деп Нұрекең әлгіге иек қақты. Тани кеттік, саясаттан хабардар, әр мәсе­леге таласы бар дейтіндей көзтаныс ағамыз екен. “Ойпырым-ай, бір ыңғайсыз жағдайға қалдырмаса жарар еді” деп, аудан әкімі Лавр Хайретдинов екеуміз қозғалақтап, іштей тындық. – Сіздің “Тарих толқынында” деген кітабыңыз шыққан екен. Аудан әкімінен сұрасам, “небәрі үш данасы келді” деп жолат-пайды, – деп белсендіміз мұқтажын айтты. – Табылады. Тауып береміз. – Лавр екеуміздің дауысымыз қоса шығып, автор алдында оқырманға уәде беріп жатырмыз. – Президент мырза, анау ауылдың шетіндегі үйдің қазан басында жүрген менің кемпірім, түтініне қарағанда самаурыны да қайнаған секілді. Үйден шәй ішіп, дәм татып кетіңіз, – деп бір қалпақ киген қария қонақжайлық танытты. Жүзі басқа болғанымен, әлдеқашан қазақ болып кеткен ағайынның алдын орағанына намыстанғандай: – Әй, Шәкіржан бауыр, сенде бар шәй бізде жоқ деп пе едің, бізге жүріңіз, – деушілер тұс-тұстан көбейген соң Нұрекең қолын көтеріп: – Мына Қабиболла бәріңіздің атыңыздан бір шәй беретін шығар, – деп жұртты күлдіріп, ешкімнің көңілін қалдырмай рахметін айтты. Арада бір жыл өткенде, 1998 жылдың қыркүйегінде Президент облысымызға кезекті сапармен келді. Бұл енді зауыттар іске қосы­лып, жаңа кәсіпорындар ашылып, өнеркәсіп саласы іргесін нығайтқан кез еді. Елбасының арнайы атбасын бұрған объектісінің бірі – Орал қаласының тұсынан салынып жатқан Азия мен Еуропаны жалғайтын айналма жол мен жаңа көпір болды. Ресейдің “Саратоввол­гострой” дейтін мекемесі мен “Батыс Қазақстан жол тресі” бірлесіп жүргізіп жатқан. Одақ кезінде жоспарланып басталғанымен, бөлінген қаржы әлдеқашан бітіп, бұрынғы әріптестік, көршілік қарым-қатынастың арқасында Ресей жағы қарызға салып жатқан еді. Осындай қиындықтарды жеңе отырып жұмыс істеп жүрген жігіттерді жігерлендіру үшін Елбасы сапарының бағдарламасына аталған стратегиялық құрылыста болуын енгізгенбіз. Қазақстан Президенті екі ел жұмысшы­ларымен пікірлесті. Көпірдің қос құрлықты қосу рәсімін жасадық. Елбасы Ресейдікі, Қазақстандікі деп бөлмей, көпірдің көрімдігіне екі бригадирге де бір-бірден “УАЗ” автокөлігін сыйлады. Көпір басындағы осы кездесудің аяғы ешбір жоспарланбаған, көңіл қуанарлық, аса толқынысты тағы бір жүздесуге ұласып кетерін ойламаппыз. Ауыл маңына ұшақ, тікұшақ қонғанын көрсе, бала-шағаның қызық көріп, сол жерге қарай шапқылайтыны белгілі. Сабақтан соң мектептегі бір шаралармен жүрсе керек, бір топ ұл-қыз құйындатып тікұшақ қонған маңға жетті. Күзет жігіттерінің қақпайлағанына қарамастан, Президент тікұшаққа беттеген жолдағы бір төбешікке жұмыла шоғырланды. Қазақ-орысы аралас, 8-12 жастар шамасындағы балалар. Сабақтан тыс уақыт болғандықтан, киімдері де ала-құла, мектеп формасынсыз. – Амансыңдар ма, балалар! – деп Нұрекең олардың тұсына кідірді. – Сабақ қалай? – Жақсы! Хорошо! – деп балалар қуана шу етті. – Гимнді білесіңдер ме? – Білеміз! – Қане, айтып көріңдер. Балалар білгендерінше шырқай жөнелді. Мектептегі патриоттық, отаншылдық тәрбиенің нәтижесі-ау деп іштей риза болып тұрмыз. Осы сәт балалардың арасындағы кішілеуі, сары шашы желбіреген бір орыс қызы топтан бөлініп, жүгіре жөнелді. Шапшаң қимылмен, нәзік саусақтарымен, әр жерде қылтиған сап-сары дала гүлдерін жинай бастады. Орғып-секіріп, бүкшең қағып, уысын толтырарлық гүл шоғын жинамақ боп, айнала қарманады. Шалғын арасынан бүр жарған даланың нәзік гүлдерін уыстай ұстап, Президентке қарай дедектеді. Сәбилік пәк көңілмен ұсынылған осынау бір уыс қыр гүлі әлгі ресми қарсы алу­ларда күлтелей сыйланатын құшақ толар букеттен де қымбат әсер қалдырғандай еді. Жүзі нұрға толған Елбасы топ ішінен фототілшіні іздегендей. Балалар тұрған төбешікке қарай бұрылып, олармен бірге суретке түсуді ұйғарды. Күлім қаққан, шат-шадыман ұл-қыздар Елбасын ортаға алған сол сурет те керемет сәтті түсіріліпті. Әлгі гүл ұсынған сары шашты қыз Нұрекеңнің алдынан, сол қолы тұсынан орын алыпты. Осындай толқулы сәттің көрінісін кейіннен бильбордқа пайдаланып, облыс орталығының көшесіне ілдік. Елдің ертеңгі болашағының Елба­сына сүйіспеншілігінің, Президенттің балаларға деген әкелік мейірімінің көрінісіндей менмұн­далап, көптің көңіліне қуаныш сыйлап тұрды. Ертеңгісін облыс активінің жиынын өткіздік. Өңірдің экономикасы, халықтың тұрмысы, қоғамдық келісім мәселелерін ортаға салып, Президент алға қойған міндеттерді зердеге құйдық. Сарайдың ішінде осындай келелі әңгімелер жүріп жатқанда Президентпен жүздесуді қалап, сыртта талай халық жиналып тұрғанын білдік. Нұрекең шыққанда “Прези­дент жасасын!”, “Біз Назарбаевпен біргеміз!”, “Әрқашан Сізді қолдаймыз!” деген үндеулер үдей түсті. – Біз алдағы сайлауға Сіздің кандида­тураңызды ұсынамыз, – деп бір тұстан студент жастар үн қатты. Жұрттың дүбірі бәсеңсіген бір сәтті пайдаланып, аға жасындағы бір азамат: – Ендеше, сайлауалды науқаны біздің Жайық өңірінен, дәл бүгіннен басталды деп ұйғарамыз, – деп көптің көңіліндегі ұсынысты алға тартты. “Қолдаймыз!”. “Қазақстан және Назарбаев!” деп жиналған қауым ұзақ қошемет көрсетті. Сөйтіп, Назарбаев президенттігінің кезекті кезеңіне сайлауға әзірлік Ақжайық халқының ақжарқын ықыласынан бастау алғандай еді. Қазақ елінің батыстағы құт мекені, түрлі ұлттардың ежелден ынтымағы жарасқан, Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесіп, Азия мен Еуропа құрлығына бірдей қанат жайған Батыс Қазақстан облысы халқының өз Елбасына деген ниеті мен қолдауының кемшін тартқан тұсы жоқ, қайта кемелдене түскенінің куәсі болумен келеміз. Ресеймен стратегиялық әріптестікті нығайту, экономикалық тәуелсіздікті баянды ету тұрғысындағы жоғары деңгейдегі бірқатар екіжақты кездесулер де осында өтетін. Сыртқы ықпалдастықтың осындай сындар­лы жағын сөз еткенде, Жайық өңірінде бір кезде орын алған келеңсіздеу оқиға да еске оралады. Сонау қилы кезеңдер зардабынан кеңестік саясатта қағажу көрген казачество қауымы жариялылық ықпалымен өткені үшін әлеуметтік ақтауды аңсаған. Ресей аумағындағы қандастарының ұранына елтіп, Жайық казачествосы арасынан да оқа тағып, қылыш асынған оқыс әрекеттер байқалған. Тәуелсіздік ұранын енді ұстанып жатқан қазақ ұлтына бұл басынғандықтай көрінді. Оқиғаны ушықтырмау үшін араағайындыққа жүрген кезіміз көп болды. Екі жақтан туындаған түсінбестіктің тігісін жатқызуға тырыстық. Әйтпесе, Жайық казактары әлдеқашан қазақ тілінде таза сөйлеп, ауылдас, көршілес, туыстас қарым-қатынас берік орнаған мекенде ұлт пен ұлт арасындағы шиеленіске ешқандай себеп жоқ еді. Президент Назарбаевтың ұлтаралық келісім жолындағы табанды ұстанымы нәтижесінде бұл мәселе де ешкімнің көңілінде кірбің қалмайтындай жарасымын тапты. Оралға келген бір сапарында казачество атаманы алдынан шығып, атынан түсіп, тізгіні мен әскери қаруын Елбасының қолына ұстатты. Жауынгер қауымның ереуіл аты мен қынапты қылышын бергені – әрқашан адал боламыз, Қазақстан халқымен біргеміз деген антын білдіретіні баршаға мәлім еді! Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдің бірлігі мен келісімін орнықтырған теңдесі жоқ қоғамдық институт ретінде әлемге танылды. Соның алғашқы қадамдарындай – түрлі ұлттарға ана тілін үйрететін жексенбілік мектептер, дәстүрді жаңғыртатын ұлттық-мәдени орталықтар біздің облыста сол тұста-ақ кеңінен ұйымдастырыла бастаған еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезіндегі қиындық­тарға қарамастан, облыста бірде-бір мектеп, балабақша, кітапхана, клуб жабылуға ұшыраған жоқ. Уақыт өтеді, заман жақсарады, еліміз жылдан жылға өркендей түседі. Өзгермейтіні, саналарда бекем орнағаны – Елбасына деген халқының сый-құрметі дегім келеді. Әкімдік қызметте жүріп, Батыс Қазақстан жұртшы­лығының Президентке деген сол ықыласына осылайша өзім талай куә болдым. Елге сіңірген азды-көпті еңбегіміз еленіп, бірнеше мемлекеттік наградаларға ие болыппыз. Солардың қатарында белесті мерей жасыма орай Президенттен алған Алғыс марапатындағы: “Сегіз жыл бойы облыс әкімі қызметінде Батыс өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға елеулі үлес қостыңыз” деген жылы лебіз мен үшін үлкен мәртебе! Өйткені, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдары Президенттің қолдауымен, кеңес-нұсқауларымен осынша уақыт бір облысқа тұрақты басшылық жасадым. Басшылық емес, Елбасы тапсырған іс пен сенімін ақтасам деп, туған өлкеге, жерлестеріме перзенттік қызмет еттім. Астанаға келіп, Үкімет құрамында жауапты қызметтер атқардым. Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайландым. Уақыт өтсе де, Ақжайық өңіріндегі жылы жүздесулер, Елбасы­ның жұртшылық арасында болған кездегі бауырмалдық болмысын танытатын, халыққа қаншалықты етене жақын екендігінің шынайы көріністері әрқашан жадымда жаңғырады. Сол бір бильбордтағы жасөспірімдер қаумалаған Президенттің суреті өзімде әлі күнге сақтаулы. Олардың балғын жүздеріне қарай отырып, келешегі кемел егемен ел үшін қуанамын. Осы елдің бақыты үшін жаралған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай көшбасшы­мыздың бар екеніне, бола беретініне сенемін! Қабиболла ЖАҚЫПОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.