Қоғам • 25 Қазан, 2019

Өмірі өнеге болған тұлға

1587 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігін нығайтып, Қазақстанның өркениет жолымен дамуына еселі еңбек сіңірген тұлғалар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – біз сөз еткелі отырған мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің XII және XIII шақырылымдарының депутаты, Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің I сайланымындағы Мәжіліс Төрағасы Марат Тұрдыбекұлы Оспанов.

Өмірі өнеге болған тұлға

Өзі өмірден өтсе де, соңына өшпес із, өнегелі өмір жолын қалдырған танымал тұлғаның есімі халқымен бірге жасай бермек. Осы орайда, оны білетін және қызметтес болған адам ретінде өзім тәуелсіз еліміздің заңнама жүйесін жа­ңа­дан қалыптастыруда орасан зор еңбек еткен азамат туралы мақала жазуға бел будым. Өйткені ол «Азамат еді ардақты!» дейтін тұлғаның бірі болды.

Алғаш рет Марат Оспанов туралы 1989 жылы Ақтөбе қаласындағы бейресми бас­пасөз құралынан естідім. Газеттегі жер­гілікті медицина институтының пар­торгы М.Т.Оспанов облыстың сол кездегі бірінші хатшысы Юрий Трофи­мовқа «Ашық хат» жазды деген мәлі­мет бір өңірді дүр сілкіндіргендей болып еді. Өйткені ол хатта облыс бас­шысы тарапынан КСРО Халық депутат­та­ры­ның сайлауын өткізу барысында қа­те­лік­тер жіберілгені және сайлау туралы заңдардың өрескел бұзылғандығы мәлім­делген. Сондай-ақ жоғары оқу орын­да­ры­ның жай-күйі алаңдатып отырғаны және де ауыл шаруашылығы саласының жағдайы өте мүшкіл екені, тағы да басқа мардымсыз атқарылып жатқан жұмыс­тар­ды атап көрсетіп, облыс хатшысын өткір сынға алған.

Ол кезде мен Ақтөбе педагогика ин­­сти­тутының тәрбие жөніндегі про­рек­­торы қызметінде болатынмын. Бір жа­ғынан Мәкеңнің жоғары оқу орын­да­ры­­ның жабдықталуы нашар екендігі туралы ой-пікірін қолдап, екінші жағынан әріптесімнің алдағы күндеріне алаңдап, «Енді бұл азаматтың болашағы қалай болар екен?» деген ойға да қалғаным рас. Себебі ол кездегі тоталитарлық жүйе өзіне қарсы осындай батыл қадам жасағандарға тойтарыс берері анық еді.

Дегенмен, Марат Тұрдыбекұлы бұл саяси айқастан аман өтумен қатар Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің XII шақы­ры­лымының депутаттығына сайлау­ға тү­сті. Және де сол додада облыс әкімі орынбасарларының бірімен сайыс­қа түсіп, жеңіп шықты. Алайда, сол ша­қы­ры­лымның аз уақыт ішінде таратыл­ға­ны белгілі.

Енді кезекті сайлау өткізу науқаны басталды. Жоғарғы Кеңестің XIII ша­қы­­рылымының депутаттығына облыс аты­­нан бірнеше кандидат айқындалды. Со­лардың арасында өңірге танымал аза­­мат, сол кездегі Ақтөбе педагогика институтының ректоры, профессор Мұхтар Арын да бар еді. Ол менің тіке­­лей басшым әрі мен М.Арынның сай­лауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гі­зетін топтың мүшесі болдым. Ол кезде сайлау науқаны баламалы негізде және өте қызу тартысты жағдайда өтетін. Үміт­керлер көптеген мекемелерге барып, жер­гі­лікті сайлаушылармен кездесіп, жос­­парлаған бағдарламаларымен таныс­ты­рып, өздеріне міндеттеме алып, олар­дың қалай орындалатындығы туралы айтып, қарсыластарымен ашық түрде пікірсайысқа түсетін. Кездесулердің көп­тігіне байланысты Мұхтар аға­мыз үлгермеген жерлерге біздерді қатыс­ты­ра­тын.

Сондай жиналыстардың бірі «Ақтө­бе­сельмаш» зауытында өтті. Сол кездесуге Марат Тұрдыбекұлының өзі қа­тыс­ты және осы басқосуда жүргізуші оған бірінші сөз берді. Шешен адам ғой, бастапқы сөздерінен-ақ отырған жұрттың көңілін өзіне аударып алды. Сол кездегі Қазақстанның экономикалық қиын ахуа­лы­ның себептерін, орын алған басқа да келеңсіз жағдайлардың нақты шешу жол­дарын қажетті есеп-қисаптарымен дәлел­дер келтіре отырып, баяндап берген­де жиналған халықтың сенімінен шығып, зор қошеметіне бөленгендігінің куәсі болдым.

Сондай-ақ үміткерлер арасында пікір таластыру кезіндегі қарсыластар жағынан қойылған сауалдарға да толыққанды жа­уап берді. Сайлаушылардың сұрақтарына жауап беру барысында Марат Оспанов тек қана экономика емес, басқа салалар бойынша да бір іркілген жоқ. Атап айтар болсақ, салық пен кеден мәселесі және елімізге шетелдік инвестицияны тарту жөніндегі ойларын ортаға салды. Қандай мәселені көтерсе де, депутаттыққа үміт­кер ретінде терең дайындығының бар екен­дігін айқын байқатты. Сол сайлауда Мәкең­нің де, Мұхтар ағаның да үміттері ақталып, Жоғары Кеңестің депутаттары болып сайланып, мерейлері үстем болды.

Жоғары Кеңестің сол шақы­ры­лы­мы­ның да жұмыс істеу мерзімі ұзаққа бармады, бас-аяғы екі жылдың төңірегінде таратылды. 1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданып, соған сәйкес Тәуелсіз Қазақстанның қос Пала­та­лы Парламенті өмірге келді. Енді Мә­жі­ліс депутаттығына сайлау өткізу нау­­­қаны басталды. Сол жолы Марат Оспа­нов еліміздегі үш саяси партияның аты­нан түсті. Ал өзім Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттығына жеке мандат бойынша Ақтөбе қаласынан үміткер болдым. Дауыс беру қорытындысы бойынша екеуміз де еліміздің жоғары санатты заң шығару органының мүшесі болып сай­лан­дық.

Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен алғашқы отырыстың күн тәртібіне алдағы атқарылатын жұмыстарды ұйым­дас­тыру мәселелері қойылды. Әуелі Па­ла­та Төрағасын сайлап алу қажет болды. Бұл ла­уазымды орынға сайлау да баламалы түрде өтуі тиіс. Соған орай кандидатурасы ұсынылғандардың қата­рын­да елімізге танымал Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жол­дас­беков, Заманбек Нұрқаділов, Ора­залы Сәбден сынды тұлғалар болды. Марат Оспанов та сол үміткерлердің ішін­де еді. Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс берген әрі өте тартысты жағдайда өткен сайлаудың қорытындысында Марат Оспановтың мерейі үстем болып, Мә­жі­лістің Төрағасы болып сайланды. Бұл Қазақ елі тарихындағы қос Палаталы Пар­ламенттің тұңғыш шақырылымының өз жұ­мысын бастаған сәті болатын!

Осы лауазымдық қызметте жүріп, өзіне жүктелген міндеттерді атқару ба­ры­­сында Мәкең шынайы саясаткер-демократ екендігін көрсете білді. Мәжі­ліс­ті басқаруды қолына алған алғашқы күннен бастап-ақ ол мемлекеттік орган­дар­мен және өз әріптестерімен тығыз жұмыс істеудің қағидаларын қалып­тастырды және әрдайым осы тәсілді ұс­тан­ды. Еліміздегі саяси аренада әртүрлі көзқарастары қалыптасқан қоғамдық күш­тердің уәкілдерімен және сан алуан ұста­нымдары бар баспасөз құралдарының өкілдерімен де тіл табыса білді және солар арқылы ел тұрғындарына Мәжілістің атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен жеткізіп отырды. Еңбек жолында жинақ­та­ған мол саяси тәжірибесінің арқасында ол Мәжілістің отырыстарында небір түйт­кілді мәселелердің шешімдерін және олар­­дың ең тиімді жолдарын айқындап, елімізге, ұлтымызға пайдасы көбірек тие­тін өміршең заңдардың қабылдануына айтар­лықтай ықпалын тигізді.

Мәкең өз әріптестерімен бейрес­ми кездесулерді жақсы көретін. Сондай басқосуларда бір-бірімізбен сая­сат ту­ралы және заңмен жұмыс істеу тө­ңі­регінде пікір алысып, ақыл-кеңес­те­рі­міз­бен бөлісетінбіз. Сол кезде Марат Тұрдыбекұлының біздерге айтқан кей­бір ой-пікірлері есімде қалыпты. «Ал­дағы уақытта өзіміздің қажырлы еңбе­гі­мізбен Мәжілістің беделін арттыруға ты­рысайық. Конституцияда белгіленген мер­зімге дейін толық жұмыс жасайық. Тәуелсіз еліміздің Парламенті сапалы дайындалып қабылданатын заңдардың ұй­ытқысы болуы керек. Кәсіби деңгейі­міз­ді көтеру мақсатында және өзіміз де заң жобасын жаза білетіндігімізді сынау­шыларға дәлелдеу үшін Парламент Мәжі­лісінің қабырғасында дайындалатын заң жобаларының саны мен сапасын көтергеніміз абзал. Біздің қоғам үшін аса қажетті заңдардың әзірленуіне бастамашылық жасайық!» деп Мәкең өз әріп­тестерін жаңа заң жобасын дайындау ісіне тарта білді.

Осындай ұстанымның нәтижесінде тек алғашқы екі сессияның барысында-ақ 20-дан астам заң жобасы дайындал­ды және оларды Парламент қабыл­да­ды. Соның ішінде «Шағын кәсіп­кер­лік­ке мемлекеттік қолдау көрсету», «Тұ­­ты­ну­шы­лардың еңбегін қорғау», «Кө­ші-қон туралы» және тағы басқа осы тәрізді заңдар сол кездегі депутаттардың қажырлы ең­бек­­терінің арқасында жарық көрді. Реті кел­ген соң айта кеткен жөн шығар, өзім де Мәжілістің жұмыс мерзімінің аяқталу қарсаңында «Спорт және дене тәрбиесі туралы» тұңғыш рет заң жобасын жазып, кейін оны Мәжіліс пен Сенаттың оты­рыстарында қорғап шығып едім. Бүгінде аталған заң авторларының бірі бол­ғанымды қанағаттанған сезіммен еске аламын.

Мәжіліс регламентіне сәйкес әр де­пу­татқа тоқсан сайын өзі сайланған аймағына барып, іске асырған және алдағы атқаратын жұмыстары туралы сайлаушылардың алдында есеп беру міндеті жүктелген. Сондай сапарлардың бірінде Мұғалжар ауданынан сайланған, қазіргі кезде марқұм болған әріптес ағам Атлаш Жұмағалиев екеуіміз Ақтөбе қала­сындағы жатақхананың біріне барып, жас тұрғындармен кездесу өткіздік. Сол жиыннан шыға бергенімізде жайсыз көрініске куә болдық. Есік алдында ерлі-зайыпты адамдар от жағып, екі кірпіштің үстіне шайнек қойып, су қайнатып жатыр екен. Неге бұлай істеп жатқандарын сұрағанымызда, олар: «Электр қуаты болмағандықтан, шай мен тамағымызды отқа дайындап жатырмыз», – деп жауап берді. Одан кейін: «Сіздердің келулеріңізге байланысты отырыс залына уақытша шам берді, қазір сөндіріп тастайды. Осындай жағдайда тұрып жатқанымызға үш айдың жүзі болды», – деді. Бұл сол кездегі елдің ауыр жағдайының бір көрінісі еді. Олардың жауабы жанымызды күйзелтті. Ертеңіне облыстық әкімдікке барып, электр қуатына жауапты басшылармен сөйлесу барысында Ақтөбе қаласына қажетті 270 мегаватт электр қуатының орнына 70 мегаватт қана пайдаланып отырғандары белгілі болды.

Іссапардан Алматыға келген бойда, Атлаш ағамен бірге Марат Оспановтың кабинетіне кіріп, көрген келеңсіз жағдайды баяндап, жақын арада көмектеспейтін болсақ, Ақтөбе облысының жағдайы өте нашарлап кететіндігін алға тартып, осы мәселенің шешу жолын қарастырдық. Сол басқосуда дереу қабылданған шешім негізінде Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал дайындалды. Мәжіліс оты­рысына сол кездегі Энергетика минис­трі В.Храпунов шақырылып, біз кө­терген мәселе бойынша ақпараты тың­далды. Министрдің айтқан уәжіне, атқа­рып жатқан жұмыстарына депу­тат­тар тарапынан өте төмен баға берілді. Мәкең төрағалық еткен сол отырыстың қоры­тын­дысы бойынша Ақтөбе бюджетіне 150 млн теңге қаржы бөлініп, кейін оған әрқайсысы 50 мегаваттық қуаты бар 2 газотурбиналық реактор сатып алынды. Олар Ақтөбе қалалық жылу орталығына орнатылып, бірден іске қосылды. Қазірдің өзінде сол құрылғылар электр қуатын белгілі көлемде өндіріп келеді және қаланың экономикалық, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға қызмет етуде. Айта­йын дегенім, аталған мәселенің тез арада шешілуіне Мәжіліс Төрағасының дер кезінде ұтымды шешім қабылдауы және де керекті қаражатты қай жерден үнемдеп алу керектігін білуі үлкен рөл атқарды. Осылайша қиналған шақта өз еліне деген қамқорлығын көрсете білетін азамат екен­дігін тағы бір рет байқатты. Бұл бір ғана мысал.

Марат Оспанов Қазақстанның ішкі мәселесімен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол елдің сыртқы саясатына да үлкен мән берді. Халықаралық деңгейдегі беделі жоға­ры болды. Сондай сәттің куәгері болған едім. Әдетте, Мәжілісте ресми деле­гациялар жасақталып, шетелдерге шығып тұрады. Депутаттар парламентаралық байланыстарды ны­ғайту мақсатында Алманияға барды. Сол делегация құрамында өзім де болған едім. Іссапар кестесі бойынша төрағамыз М.Оспановтың Берлин қаласындағы Гумбольдт атындағы университетте «Қазіргі Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайы туралы» деген тақырыпта лекциясы жоспарланыпты.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл шараға университеттің шамамен 50 шақты ұстазы мен студенті шақырылған екен. Алайда, ойламаған жерден неміс астанасындағы басқа оқу орындарының ұстаздары мен студент­те­рі де қатысуға ниет білдіріпті. Сол лекцияға 150-ден астам тыңдаушы ке­ліп, біздің елдің экономикалық даму жолына қызығушылық танытты. Мәкең лекциясын аяқтағанда, қол соғып қо­ше­мет көрсетті және сұрақтар қой­ғы­­сы келетіндерін жеткізді. Сондай сәт­тің бі­рін­де жергілікті неміс елінің профессоры: «Лектор мырза, біздің байқауымызша, сіздің экономика саласында жинақтаған үлкен тәжірибеңіз бар екен, соған сүйене отырып айтыңызшы, қай ел болмасын, аз уақыттың ішінде экономикалық деңгейін анықтаудың критерийлері бар ма? Бар болса, солар туралы айтып беріңізші?», – деді. Мәкең бұл сұраққа: «Ондай критерийлердің бірнешеуі бар, солардың бірі мынадай: «Егер еліңіздің ауыл тұрғындары қалаға көшіп жатса, онда сол елдің экономикасының тө­мен­­дігін байқатады, ал егер қала тұр­ғындары қаладан ауылға қөшкен жағ­дайда, экономиканың өсіп келе жат­қан­ды­ғын білдіреді», деп жауап берді. Осы және басқа да толымды жауаптарына тыңдаушылардың барлығы ду қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, бірнеше жыл бойы дайындап келіп, 1997 жылы сәтті қор­ға­ған док­торлық диссертациясының өзі «Салық реформасы және салықтық қарым-қатынастардың біріздендірілуі» деген тақырыпты жан-жақты зерттеп қам­ты­ған болатын.

Мемлекетіміз де, халқымыз да Марат Оспановтың Қазақстан парламентаризмін қалыптастыруға және оны дамытуға сіңірген еңбегін жоғары бағалайды. Ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси істерге белсенді араласып, үнемі өзінің көзқарасын ашық білдіріп отырды. Саяси және экономикалық реформалардың нәтижелі жүзеге асуына атсалысты.

Ол еліміз нарық экономикасына көш­кен тұста қаржы, бюджет, салық саласын­да­ғы заңдардың қабылдануына мол үлес қосты. 1999 жылы «Тұрақтанудан өсімге қарай» атты қаржы дағдарысының алдын алуға қатысты бағдарламасын жария­лады. Кейін ол Үкіметтің таяу жыл­дар­ға арналған экономикалық бағ­дар­ла­­масына негіз етіп алынғаны белгілі. Ол 100-ден астам ғылыми мақала мен монографияның авторы. Экономика ғы­лы­мы саласын зерттеуге арналған онға жуық кітабы жарық көрген.

Марат Оспанов жарқ еткен жасындай қыс­қа ғұмырында елімізге сіңірген осындай келелі ісімен соңына өнегелі өмір жолын қалдырды. Қазақстанның дамуына үлес қосқан экономикалық тақырыпта жазған ғылыми еңбектері мол мұра ре­тін­де сақталатыны сөзсіз. Мәкеңнің көзі тірісінде еліне тигізген ұлағатты әрі пайдалы еңбектерінің арқасында өзі қызмет жасап, саясат жолына алғашқы қадам басқан Ақтөбе медицина инс­ти­тутына және қала орталығындағы кө­ше­нің біріне есімі берілді, тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақтасы орнатылды.

Осы мақаланы жазудағы мақсатым, біріншіден, Марат Тұрдыбекұлы сынды азаматты қадірлеу, танымал тұлғаның атқарған ауқымды істерін оқырманға жеткізу болса, екіншіден, еліміздің қай аза­маты болсын, Марат Оспановтай Ота­нымызға адал қызмет жасап, халық алдында абыройлы болып, әрдайым адам­гершілігі мен парасатты мінезімен кел­бетті болуға ұмтылуға үндеу.

 

Төлеген ҚУАНЫШЕВ,

Парламент Мәжілісінің I шақырылымының депутаты, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор

 

НҰР-СҰЛТАН