Бұл кітап «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған. Онда қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – бас басылымның 2000-2008 жылдар аралығындағы «лездемесі» қамтылып, шығармашылық лабораториясы назарға ұсынылған. Яғни газеттің осы кезеңдегі тарихи белестерінің жылнамасы мен дерекнамасы іспетті.
Лездеме– журналистердің шеберлік шыңдауының өзіндік мектебі екендігі белгілі. Сол себепті де онда ортақ мүдде тұрғысында бүкпесіз әңгіме өрбітіледі. Газеттің мазмұны мен сапасы, тілі мен стилистикасы, түрлі жанрдағы материалдардың жазылуы мен берілу тәсілдері, т.б. мәселелер өткір пысықталады. Оқырмандардың талап-тілектері, өтініштері мұқият ескеріледі. Қайткенде газетті сапалы шығару керек? Тәжірибе, іскерлік, ізденімпаздық, жүйелілік, байқампаздық секілді қасиеттер бір арнаға тоғыстырылады. Қысқасы, лездеме – «шабыт шақыру» алаңына ұқсап кетеді. Тақырып алуандығына ден қойылады. Тәуелсіздіктің мұраттарына адалдықтың жарқын көрінісі жоғары талап деңгейінде сарапталып, оқырмандар талқысына салынады. Газет үшін ұсақ мәселе жоқ. Бәрі маңызды, көкейкесті. Сондықтан да газет көтерген мәселелердің тіні болаттай берік болуы тиіс. Міне, аталмыш еңбекте «лездемелердің» осындай сан қилы қырлары автордың – «Егеменнің» байырғы қызметкерінің көзімен нақпа-нақ, ешбір қоспасыз баяндалған. «Әділ сөз ащы болады, Әділдік әкімдіктен де күшті», деп ғұлама ойшыл Жүсіп Баласағұн айтпақшы, бұл кітаптағы әңгіменің негізі шындық қайнарынан суарылған десек, артық емес. Кітап сонысымен құнды.
«Егеменнің» кейінгі буыны! Осы жазбаларым Сенің кәдеңе титімдей болса да жарап жатса, мақсатымның орындалғаны деп білем!», деп автордың ағынан жарылғанынан біраз жайтты аңғаруға болады. Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, жалпы журналистер қауымына арналған.
С.НҰРБЕК
Нұр-Сұлтан