Кездесуге қала әкімі Ерлан Айтаханов, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысты.
Вице-премьер шымкенттіктерге Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан басым міндеттердің орындалуы туралы айтып берді. Бердібек Сапарбаев өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және өзге де бағыттарға тоқталды.
Ол ел басшылығы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және әлеуметтік саланы дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Бұған республикалық бюджеттің 45%-ға жуығының әлеуметтік салаға бағытталғандығы дәлел. Алайда, қолдау масылдық пиғылдың өршуіне соқтырмауы керек. Мемлекеттік көмек тек мұқтаж азаматтарға көрсетілуі керек. Осыған байланысты Үкімет заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
«Қоғамдық келісім болған кезде оң нәтиже де, әл-ауқат пен өркендеу де болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған ерекше көңіл бөледі. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы диалогқа қатысты. Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалану керек. Үкімет екі тұжырымдама әзірлеп жатыр: бірі — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту. Бұл құжаттар жылдың соңына дейін дайын болуы керек. Бұл құжаттарда ашық үкімет және халықпен тиімді кері байланыс мәселелері қарастырылады. Азаматтардың бірде-бір өтініші, бірде-бір шағымы жауапсыз қалмауы керек», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Вице-премьер қоғамдық кеңестердің қызметін күшейту қажеттігін атап өтті. Формализмді болдырмау үшін олардың жұмысын жақсарту керек, деп есептейді ол.
Сонымен бірге, Парламент қарауында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы жатыр, ол кәсіби құқықтарды кеңейту, жүктемені азайту және мұғалімдердің мәртебесін көтеруді қарастырады.
Бердібек Сапарбаев әлеуметтік қорғау, дарынды балаларды қолдау, жұмыспен қамту, мәдениет пен спортты дамыту туралы айтты.
Шымкенттіктер вице-премьер мен министрлерге өз сұрақтарын қоя алды, қалаулары мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ, олар жемқорлықпен күресті күшейту, білім беру сапасын арттыру, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да мәселелерді қозғады. Барлық сұрақтарға жауап берілді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер бойынша вице-премьер заңнамаға сәйкес мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде жауап беруді тапсырды.
Мегаполистің жас белсенділермен, ғалымдарымен, кәсіпкерлерімен және спортшыларымен кездесу кезінде Б. Сапарбаев жастардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуге, сондай-ақ, қала әкімі Ерлан Айтаханов және ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысты.
Студенттер білім беруді, спортты дамыту, жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне қызығушылық танытты.
«Бәсекелестік барлық жерде болуы керек, әсіресе студенттер арасында. 2019 жыл ‒ Жастар жылы. Ол біртіндеп Еріктілер жылына айналады. Мен өңірлерге жиі барамын, жастармен кездесемін. Көптеген өршіл және мақсатты адамдарды көремін. Сіздерде барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы ‒ жақсы білім алу мүмкіндігі бар. Енді ЖОО-лардың рейтингі түлектерді жұмысқа орналастыру және олардың нарықтағы сұранысы бойынша жасалады», — деп атап өтті Б. Сапарбаев.
Кездесу аясында ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жастар саясатын жүзеге асыру туралы айтты. Оның айтуынша, еліміздің барлық аймақтарында көмек көрсетуге бағытталған 200-ден астам ресурстық орталық, сондай-ақ жастар саясаты саласында 500-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Сонымен қатар, жас ұрпақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған, Жастар жылы аясында қабылданған Жол картасы сәтті жүзеге асырылуда.
«Жол картасы 5 негізгі бағыттан тұрады ‒ бұл жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен волонтерлікті дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, жас отбасыларды қолдауға, денсаулықты нығайтуға және әлеуметтік инклюзивтілікті қолдауға бағытталған шаралар кешені. Мәселен, Шымкентте жуырда жұмыс істейтін жастарға жалдамалы баспана беру мәселесі басталады. 900 пәтер беру жоспарда бар», — деді Данияр Есин.
Өз кезегінде, вице-премьер жастарға масылдық көңіл-күйді жоюға және жаңа цифрлық технологияларды игеруге, білім мен еңбекқорлыққа ұмтылуға кеңес берді.
«Жастарға мемлекеттік гранттар бөлінуде. Қазір жұмыс істейтін және дамитын уақыт. Оның үстіне мемлекет теңдессіз мүмкіндіктер жасап жатыр. Жыл сайын үш мегаполистің жас мамандарына мыңдаған жалдамалы пәтерлер беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ магистранты Сәкен Сағындым жастар мәслихаттарының даму перспективалары туралы сұрады.
«Билікке жастарды көбірек тартуымыз керек. Мұны, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар қолға алуы керек. Мұндай мәслихаттар кейбір қалаларда, соның ішінде Шымкентте де құрылған. Олардың жұмысы тек күшейе түседі. Қазір мемлекеттік қызметте жас, білімді адамдар аз емес, бұл қуантарлық жағдай», — деді вице-премьер.
Кездесуге қатысушылар жас кәсіпкерлерді, олардың стартаптары мен бастамаларын қолдау туралы ұсыныстарын жеткізді. Солардың бірі — воркаут-қозғалысын дамыту. Қазір Шымкентте осындай жеті спорт алаңы бар.
«Спорт алаңдарының санын көбейту керек», — деді Б. Сапарбаев.
«Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары қауымдастығының Шымкент филиалының жетекшісі Ерасыл Төлебаев «Шымкент ‒ адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы туралы айтып берді.
«Біздің жобаларымыз елдегі озық жобалар болып саналады. Жақында, мәселен, біздің бастамамыз бойынша кейбір мектептер мен емханалардың бірінші басшылары бірінші қабаттарға көшті. Бұл сыбайлас жемқорлықты жою және лауазымды тұлғалардың жұмысын барынша айқын ету үшін жасалады», — деді ол.
Б. Сапарбаев атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат қана емес, сонымен бірге бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын көтеру де парақорлықты жоюға бағытталған. Спикердің айтуынша, бұл үшін алдағы екі жылға қаражат қарастырылған.
Жас шымкенттіктермен әңгіме ашық, креативті, ең бастысы, сындарлы түрде өрбіді. Студенттер елордадан келген құрметті қонақ пен тәжірибелі жетекшінің іскерлік кеңестерін мұқият тыңдап, оларды өздеріне түртіп алды.
Олардың вице-премьермен әңгімелесуден алған басты сабағы — білімге ұмтылу, арандатушылыққа бой алдырмау, бизнес негіздерін үйрену және идеяларды шындыққа айналдыру. Қазір сондай әрекеттердің уақыты келді!
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, сонымен қатар қала ардагерлерімен кездесті.