Nur Otan партиясынан басқа жалпы қоғамдық игілік үшін қызмет ету үстіндегі саяси партиялар және қозғалыстармен ынтымақтаса жұмыс істеуге бет бұрған Президенттің бұл қадамы шын мәніндегі көппартиялы жүйені дамытуға, саяси бәсекелестік пен пікір плюрализмін қалыптастыруға бағытталуымен де аса маңызды. Бұл бағыттағы қадамдар – алдағы уақытта Қазақстандағы демократиялық үдерістің одан әрі тереңдей түсетінін, сан түрлі пікірлер ортаға түсіп, сындарлы шешімдер қабылданатынын көрсетеді.
Мемлекет басшысының әлеуметтік және этностық топтар арасындағы келісімді одан әрі нығайту жолындағы саясаты «Қазақстан халқы» ғылыми интерактивті тарихи картасын жасаған және осы картаны одан әрі жетілдіру үстіндегі Тарих және этнология институтының ұжымына өте түсінікті әрі оның әрбір мүшесінің жүрегіне жақын деуге болады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылғы 26 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында Білім және ғылым министрі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасап шығару туралы тапсырма берген болатын.
Мәртебелі міндетті Тарих және этнология институтының ұжымы Ғылым комитетінің қолдауымен География институты және Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтымен бірлесе отырып орындап шықты. 2019 жылы 10 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Елорда Ассамблеясы мен біздің ғалымдарымыздың ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының іске асырылуы контекстінде қайта толықтырылған «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасының кезекті тұсаукесері өтті. Үш тілде орындалған интерактивті ғылыми тарихи карта қазақ ұлтының ерекше мемлекетті ұйыстырушы миссиясы мен ежелгі қазақ жерінде тарихи тағдыр тоғыстырған барлық ұлттардың ұйысу үдерісін толық әрі дәл көрсетеді.
Тарихшылар ұжымы алдағы уақытта да мемлекетіміздегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді одан әрі дамыта түсетін, Қазақстан халқын бір идея төңірегіне топтастыратын идеологиялық ғылыми жұмыстар жазып, халықтың тарихи санасын жаңғырту бағытында келелі жұмыстар атқаруы тиіс деп ойлаймыз. Осы орайда біздің институт сияқты гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу мекемесі толықтай мемлекет қамқорлығында болғаны орынды болар еді. Өйткені мемлекеттік идеологияға негіз боларлық тарихи зерттеулерді жүргізу – аталған ұжымның қасиетті міндеті.
Мемлекет басшысының келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өту туралы шешімін мерейтойларды атап өту жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі ретінде аса ризашылықпен қолдаймын және бұл іс-шаралардың өз деңгейінде өтуіне ұжым болып атсалысатын боламыз.
Мемлекет басшысының сот шешімдері сапасын жетілдіру бойынша маңызды іс-шараларды жүзеге асыруды тапсыруы терең ойға жетелейді. Бүгінгі таңда мектепке баратын 1-сынып оқушыларының 90 пайызы қазақ сыныптарында оқиды екен. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан ұлттық кодты сақтау, салт-дәстүрді жаңғырту жұмыстарының барлығы біздің қазақи ерекшеліктерімізді дамытуға бағытталған. Мысалы, ХIХ ғасырдың бас кезiне дейiн қазақтардың өздерiне тән керемет бiрегей дәстүрлi билер соты болды. Билер соты ел бірлігін, жер тұтастығын сақтауда маңызды тарихи қызмет атқарды. Қазақтың билер соты – бiрегей сот жүйесi болды. Ол қылмыстық, мүлiктiк, iшкi отбасылық тәртiп бұзушылықтар мен қылмыс түрлерiн қарап, қоғамның құқықтық өмiрiн ретке келтiрiп отыратын. Қазақ қоғамында билер ешқашан сайланып та, тағайындалып та қойылмаған. Би лауазымына бекiту деген атымен болмаған. Би қызметi атадан балаға мұра болып та қалмайтын. Би болатын адамның бойынан бiрнеше қасиет табылуы тиiс едi. Би, бiрiншiден, қазақтың дәстүрлi әдет-ғұрып құқығын жете бiлуге мiндеттi болды. Мәселен, ол «Қасым ханның қасқа жолын», «Есiм ханның ескi жолын», Тәуке ханның «Жетi жарғысын» жатқа бiлуi керек. Екiншiден, би атағынан үмiткердiң шешендiк өнер мен аталы сөздi жақсы меңгеруi, түйткiлдi iстiң түйiнiн шешуде ұшқыр ойлы, тапқыр болуы қажет. Үшiншiден, барынша адал, ешкiмге бұра тартпайтын әдiл болуы шарт. Ондай билердiң атақ-даңқы жөнiндегi хабар дала тұрғындары арасына тез таралатын. Кейде билердiң баласы да өзiнiң бойындағы қасиеттерiне қарай би бола алатын. Бiрақ мұндай жағдай iлуде бiр рет кездесетiн. Өзiнiң беделiне дақ түсiрген би сот iсiне араласу құқығынан айырылды. Дала тұрғындары өзiне жүгiнуiн тоқтатқан кезден бастап ол би аталудан қалады.
Билер сотының дала тұрғындарының арасындағы беделi зор болатын. Көп жағдайда Қазақстандағы орыстардың өздерi де империялық соттан гөрi қазақтың билер сотына жүгiнгендi артық санады. Мәселен, мынадай бiр елеулi оқиға туралы айта кетуге болады: 1865 жылға дейiн Көкшетау сыртқы округiнде орыстар 117 рет билер сотына шағым түсiрген. Билер сотының артықшылығын қазақтардың тұрмысы мен әдет заңын зерттеумен айналысқан орыс зерттеушiсi А.Гейнс өте жақсы байқаған болатын. Ол былай деп жазды: «Билер соты ашық және барынша әдiл жүргiзiледi. Сондықтан да оны қазақтар ғана емес, орыс зиялылары да, казактар да құрметтейдi, олардың көпшiлiгi билер сотына барып шағынады». Патша үкiметi ХIХ ғасырдың 20-90-жылдары аралығында билер сотын тарата бастады. Өйткенi билер соты отаршыл өкiмет орындарының жалпыимпериялық басқару тәртiбiн енгiзуiне көп кедергi келтiрген болатын. Озық ойлы қазақ зиялыларының өкiлдерi билер сотының бұрынғы қалпында өзгерiссiз қала беруiн жақтады. Әсіресе қазақтың көрнектi ғалымы Шоқан Уәлиханов билер сотына жоғары баға бердi.
Міне, тарихымызда болған осындай тамаша сот жүйесінің жақсы жақтарын қарастырып, бүгінгі сот жүйесіне енгізсек тек қана ұтатын сияқтымыз. Біздің ойымызша, Төле би айтқан: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» ұстанымы басшылыққа алынуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауға сапары барысында отандық туризмді дамыту тек қызмет пен инфрақұрылымды дамытумен ғана шектелмейтінін, туристерді тарту үшін әлем қызығарлық тарихымыз бен тарихи ескерткіштерімізді өз деңгейінде дәріптеу қажеттігіне назар аударылды. Бұл жұмыс «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырып, Қазақстанның қасиетті жерлері мен тарихи орындарын ғылыми негізде насихаттау үшін «Қазақстанның қасиетті тарихи жерлері» интерактивті картасын үш тілде әзірлеу қажет деп ойлаймыз. Көршіміз Өзбекстанда жасалып жатқан тарихи орындар туризмін дамыту саласындағы жұмыстарға да көңіл бөліп, қажетті жерлерінен сабақ алған жөн болар. Бұхара қаласының ортағасырлық архитектурасын қалпына келтіріп, бүкіл қаланы осы концепция негізінде дамыту осы қалаға шетелдік туристердің жаппай ағылып келуіне негіз болуда.
«Ауыл – ел бесігі» атты Елбасының арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қазақ халқының тарихи тамыры мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен салт-санасын сақтауға негіз болатыны айтпаса да түсінікті. Ауыл халқының жағдайын көтеру үшін егістік, шабындық және мал жайылымына жарайтын жерлерді қайта бөлу, ол жерлерді пайдаланудың жаңаша тұжырымдамасын әзірлеу жөн сияқты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында жүргізілген ауылшаруашылық жерлері мен техникасын біржақты бөлу, негізгі құнарлы және пайдалы жерлердің ат төбеліндей ғана колхоздар мен совхоздар басшыларының қолына өтуі ауыл халқының «люмпен пролетарийге» айналуына алып келді. Бұл өз кезегінде жабайы урбанизацияны жеделдетіп, ірі қалалардағы баспанасыздық пен әлеуметтік мәселелерді асқындырып жіберді. Сондықтан Қазақстан өкіметі ауылдардағы шаруашылықтарды жаңаша ұйымдастырып, ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етуі қажет деп ойлаймыз.
Еліміздің солтүстік аймақтарына оңтүстік аймақтардан жас отбасыларды көшіріп орналастыру бағытында басталған мемлекеттік саясатты тұрақты жалғастыру дұрыс деп ойлаймыз. Әсіресе шекаралық аймақтардағы қоныстардың жойылу процесін тоқтатып, ол қоныстарды дамыту – мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін күшейту жолындағы тың қадамдардың бірі екені даусыз.
Білім беру сапасын жақсарту бағытында Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылған кешенді іс-шаралар өте орынды және өзекті. Осы шаралардың орындалуы алдағы жетістіктерімізге негіз болады деген ойдамыз. Оқулық сапасының төмендігі туралы мәселені шешудің жолы ретінде кеңес заманындағыдай салалық бағыттар бойынша маманданған баспаларды қалпына келтіруді ойластырған жөн болар еді.
Қорыта айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш Жолдауы тың бағыттармен ерекшеленеді. Осы Жолдаудағы бағыттар мен ойлардың жүзеге асырылуы Үкіметтен тың шешімдер күтеді. Бұл Жолдаудағы жақсы ойлардың жүзеге асуына бүкіл Қазақ елі болып жұмыла кірісіп, мемлекетіміздің гүлденіп, халқымыздың әл-ауқаты мен білімінің, мәдениетінің көтерілуіне атсалысайық.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ