Қоғам • 29 Қазан, 2019

Шетелдіктер Алтын Орда туралы не біледі?

798 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік фору­мында Моңғолия Шың­ғыс хан тұлғасын халық­ара­лық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отырғанын мысал етіп, ал сол Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерін­де тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұрт­шы­лықтың көбі біле бермейтінін айрықша атап өткен еді.

Шетелдіктер Алтын Орда туралы не біледі?

Осы шарадан кейін жария­лаған алғашқы Жолдауында Президентіміз өз ойын нақты мақсатпен дәйектей келе, Алтын Орда­ның 750 жыл­ды­ғын төл тари­хымызға ту­рис­тер назарын аудару тұр­ғы­сы­нан тойлауды жөн са­най­тынын жеткізді. Осы рет­те шетелдіктердің тарихи бай­лығымыз туралы не білетіні қарапайым тарихшы ретінде мені толғандырды.

Осы мақаланы жазу кезінде жоғарыдағы сауалға жауап табу мақсатымен халықаралық дереккөздерден Алтын Орда туралы не жазылғанын зер­деледім. Алдымен аз-кем шолып шығайық. 20 жылдан аса уақыт бойы оқырмандарға түрлі тақырыпта, сан салада зерттеу мақалаларын ұсы­нып келе жатқан 13 миллион қол­данушысы, 100 шақты ғалым, зерттеуші, журналис­тен құралған мақала жазушылары бар www.thoughtco.com порталы 2019 жылдың 24 ақпанында «Алтын Орда қандай болған? Моңғол импе­риясының ұлы күші» (What was the Golden Horde? The Mongol Empire’s greatest settled forcе) атты жұмысты жариялаған. Мақаланы Азия бойынша тарихшы, АҚШ-тағы Бостон университетінің тарих ғылымдарының PhD докторы дәрежесін иеленген Калли Щепански (Kallie Szczepanski) жазыпты. Автор осы еңбегін: «Алтын Орда – 1240-1502 жылдары Ресей, Украина, Қазақстан, Молдова және Кавказ жерлерін басқарған отырықшы моңғолдар тобы. Алтын Орданы Шыңғыс хан­ның немересі Бату хан құр­ған», деп бастайды. Негі­зін­де алып империяның ғұмыры Жошы ұлысынан бастау алғаны мәлім, яғни оның тарихы сәл тереңдеу.

Гуманитарлық және әлеу­мет­тік ғылымдардағы ең­бек­термен бөлісетін, ғылы­ми блогтар, кітаптар, журналдар мен мақалалардың 4 платформасынан құралатын француздық OpenEdition ірі ақпараттық құралының сайтында тарих зерттеушісі Томас Танэстің (Thomas Tanase) «Алтын Орданың христиан ханы ма? «Коктоганус» және Алтын Орданың исламдану кезіндегі геосаясаты» (A Christian Khan of the Golden Horde? ‘Coktoganus’ and the geopolitics of the Golden Horde at the time of its Islamisation) атты мақаласын жариялаған. Автор француздардың ортаға­сырлық тарихында елеулі орын алатын жазушы Пизаның Варфоломейі 1390 жылдары жазған (De conformitate vitae beati Francisci ad vitam Domini Iesu) еңбекке сілтеме жасап, сол кітапта кездесе­тін «Тартар» деп берілген кейіпкер Коктоганус (бұдан әрі Көктоған) туралы айтады. Көктоған Алтын Орданы 1291-1312 жылдары билеген Тоқта ханмен және одан кейін билік басына келген Өзбек ханмен қатар ауызға алынатыны жазылған. Мақаланы жазушы «Сонда осындай кітаптар мен тарихи деректерде кездесетін Көктоған Тоқта хан ба?» деген сұраққа жауап іздейді. «Егер Көктоған мен Тоқта шынымен де бір адам болса, онда ол хрис­тиан дінін қабылдағанын білді­ре­ді ғой» (If Coktoganus and Toqta really are one and the same person, he would have conver­ted to Western Christianity), деген автор мұсылман дерек­көздерінде Тоқтаның бірауыздан «пұтқа табынушы» ретінде сипатталатынын атап (Toqta is unanimously described by Muslim sources as an ‘idol-worshipper’) өтіпті. Мақала мазмұнында фран­цуз­дардың Еуропадағы бірқатар елдерді жаулап алған Алтын Орданың кең көлемді саясатына қалай араласқанын айта келе, Көктоғанның хрис­­тиан дінін қабылдауы мүм­кін еместігіне негіз жоғын дәйек­теп, Көктоған Тоқтаның туы­сы деген француз тарихшы­сы Ричард Жанның 1998 жылы жазылған еңбегіндегі болжамға тоқтайды.

Поляктардың www.pod­go­rski.com сайтында «Алтын Орда хандығы» (Khanate of the Golden Horde» тақырыбында кең көлемді материал: «Алтын Орда – Моңғол империясы­ның солтүстік-батыс бөлігінде ХІІІ ғасырда орнаған, әуелде моңғол, кейінірек түркіленген хандық» деп басталады. Содан соң, Британ энциклопедиясына (Encyclopaedia Britannica) сілтеме жасалған мақала­да хандықтың бұдан бөлек Жошы ұлысы және Қыпшақ хандығы атауымен де белгілі екені баяндалады. Материалда сондай-ақ америкалық тарихшы Чарлз Халпериннің (Charles J. Halperin) 1985 жылғы «Ресей және Алтын Орда» атты кітабындағы дерекке сүйене отырып, «Алтын Орданың халқы көбіне исламды кейінірек қабылдаған моңғол мен түркілердің араласуынан құралды», делін­ген. Бұл – жоғарыдағы алтынордалықтардың дініне қатысты сөз қозғалған автор­дың болжамына қосылған үн іспетті. Меніңше, теолог­тар­ға таптырмайтын тақы­рып. Өзге еңбектерге қарағанда жан-жақты зерделенген мақа­лада Алтын Ордада көш­пелі емес, отырықшы мәде­ниет­тің дамығаны және оның XIV ғасыр басында аста­на­сы бол­ған, сондай-ақ орта­ғасыр­дағы ең ірі шаһар санатына қосы­латын Сарай-Берке қала­сын­да 600 000 халық мекен­дегені жазылыпты.

Ал саяхатшылар не дейді? Жиһанкез-жазушы, бірнеше кітаптың авторы англия­лық Алан Боро (Allan Boroughs) Моңғолияның астанасы Ұлан-Батырға барған 2011 жылғы сапарын «Алтын Орданың ор­та­сында» атты циклды блог­­та баяндайды. Онда та­рих­­қа тым тереңдемейді, бар болғаны моңғолдардың қонақ күтуіне, саяхатшы үшін қан­­дай күн сыйлайтынына, суықтан сақтану үшін етті көп жейтініне тоқталған. Наса деген моңғол гидінің қаланы аралатуды міндетті түрде Шыңғыс ханның ескерткішінен, жарты әлемнің билеушісінен бастағанын жеткізеді. Бұл тұста айтайын дегеніміз жиһанкездің жазуы емес, дәл сол немесе сондай саяхатшылар Алтын Орда тақырыбын Моңғолияға барғанда емес, Қазақстанға келіп жазса дейміз. Ал тарихи байлығымыз төңірегінде өз ғалымдарымыздың ғалам­дық тілде жазуы – кезек күт­тір­мейтін мәселе. Бұл шетел­діктердің Алтын Орда туралы нақты әрі шынайы ақпарат алуына ғана емес, елімізді өзге жұртқа танытуында, Мемлекет басшысы айтқандай, туризмді дамытуға септігін тигізеді.

 

Күлайхан МОЛДАБЕКОВА,

тарихшы