Әдебиет • 29 Қазан, 2019

Хат қоржын (29.10.2019)

5861 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (29.10.2019)

..қолдау білдіреді

Таңдауымыз – жемқорлықсыз болашақ

Елбасы Н.Назарбаев «Парақорлық, сыбайлас жемқорлық жайлаған елде әділетсіздік, имансыздық, қызғаныш қаулап тамыр жаяды. Сыбайлас жемқорлықпен күресті ешкімнің бет шырайына, лауазымына, шен-шекпеніне қарамай жүргізу керек», деген еді.

Елбасымыздың осы сөзін негізге ала отырып, жастар арасында сыбайлас жемқорлық деген ұғымды түсіндіру, оған қарсы шаралар жүргізу мақсатында Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Ақтөбе гуманитарлық колледжінде «Адалдық – ардың ісі» тақырыбында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда студенттерге сыбайлас жемқорлық, оның тууының себептері, соңғы статистикалық мәліметтер туралы ақпараттар берілді.

Іс-шара барысында топтың кураторы Гүлмирам Қосымқызы студенттерге сыбайлас жемқорлық туралы түсіндірді. Студенттерге ситуациялық тапсырмалар беріліп, топ ішінде талқыланып, сахналанып, жауаптар алынды. Сонымен қатар «Жемқорлық қоғам дерті», «Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік қастық» тақырыптарында слайдтар мен видео шолу көрсетілді.

 

 Шырайлым ҚҰДАСОВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

АҚТӨБЕ

 

…үміт артады

Қазақ күресін бағдарламаға енгізу қажет

Халықаралық қазақ күресі федерациясы – ұлттық спорт түрін әлемдік деңгейде дамытып, халықаралық серіктестер мен спортшылардың басын біріктіріп жүрген бірлестік. Федерацияның құрылғанына небәрі екі жыл болса да, осы уақыт аралығында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Оның үстіне, әлем бойынша да ұлттық спортымызға қызығушылық танытқандар саны күн санап артуда.

«Осындай ілкімді істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, өз жемісін беру үшін қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу қажет, – дейді «Халықаралық Qazaq kuresi» федерациясының бас хатшы-кеңесшісі Ұлан Рысқұл. – Қазақ күресінен көптеген мектепаралық сайыстар, клубтарда чемпионаттар ұйымдастырған жөн. Бұл ұлттық спортымыздың дамуына ықпал етеді. Өйткені қазақ күресі ұлтымыздың абыройы, халқымыздың қазынасы».

Осы күні федерация әлем бойынша өз одақтастарын жинай алатын, шетелде ұлттық күрестен беделді турнирлерді өткізетін жалғыз спорт федерациясы атанған. Федерация құрамына 29 шетел және екі халықаралық спорт ұйымдары кірді. Жақын арада тағы 10 шетелдік мемлекет қосылады деген сенім бар. Еуропа және әлем чемпионаттарын сәтті ұйымдастырғаннан кейін, халықаралық федерация қазақ күресін Жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына қосуға ынталы.

 

Аман БОЛСЫН

 

...реніш білдіреді

Шіркіндер несіне шіренеді екен?

 Шымкентте вокзалдан түсе салып электронды билетімді қызыл билетке ауыстырып алайын десем, кассаның ар жағында отырған жап-жас қыздардың қабағынан қар жауып, бұрылып та қарамайды ғой, шіркіндер. Тіпті жауап беруге ерінеді. Құдды өзінің үйінде отырған сияқты ші­ренеді... Бір-бірін жұмсап жүріп, ақырында біреуі қызыл билетті дәлізде тұрған банкомат сияқты аппараттан алатынымызды айтты. Оның тілін білмейміз. Сол маңда жүрген қызметкерлерден сұрасам, бәрі басын шайқап «білмейміз» дейді. Жалынсақ та аппаратқа жолағысы жоқ. Құдай біледі, «Өліп бара жатырмын» десең, «Ол енді өзіңіздің шаруаңыз ғой» деп жайбарақат теріс айналып кете беретін сияқты.

Пойызда келе жатып Агата Кристидің Эркюль Пуаро туралы әңгімелерін оқыдым. Бұл ХХ ғасырдың басында болған оқиғалар ғой. Пуаро да пойызда көп жүреді. Сол замандағы вокзал қызметкерлерінің сапалы қызметін айтсаңызшы...

Қазір ХХІ ғасыр. Біздің қызметкерлер әлі күнге өздерін бишігештердей сезініп жүр. Сол өркениетке қашан жетеміз? Мұндай жағдай барлық өңірде бар екені анық. Қанша жерден экономика, қаржы, даму, жаңа технология десек те адамның санасында үлкен төңкеріс болмай, істің бәрі бекер ме деп қалдым...

 

Оралхан ДӘУІТ

АЛМАТЫ

 

...сақтандырады

Қызметтің қызығымен жүріп...

Жұмыс бабымен Қарттар үйіне жолым түсті. Сыртқы есіктен кіргеннен-ақ дәліздің оң жағындағы орындықта отырған әжейдің тесіле қараған назарын сезіндім. Тіпті ары өтіп кетсем де «Әжей неге сонша қарады?» деген ой көңілімнен кетпей қойды. Жұмыстарымды бітіріп, шығып бара жатып ол кісінің сол жерде әлі отырғанын байқадым. Тағы да маған тесіле қарады.

– Амансыз ба, әжей! Мені біреуге ұқсаттыңыз ба?

– Жоқ, қалқам, балаң бар ма?

– Аллаға шүкір, бар.

– Жұмыс істейсің бе?

– Иә.

– Қарағым, өмірдің әдемі, бірақ көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қысқа шағы – жастық. Сол шақта бәріміз де жақсы қызмет атқарып, атақ-даңққа ие болғанды қалаймыз. Тіпті соның ізін қуып кететініміз де бар. Сөйтіп жүріп, адамзаттың өмірге келгендегі ең негізгі мұраты – артына ұрпақ қалдыруды уақытша қызықтың көлеңкесінде қалдырып кетеміз. Мен де сөйткем. Жақсы қызметтерді атқардым. Абыройлы аттан да кенде болғам жоқ. Атақ-даңқым арта түссін деп бар уақытымды сарп еттім. Жар сүйіп, балалы болуды кейінге қалдыра бердім. Барымды арнаған қызметім бойдан әл-қуат кетіп, өзгенің көмегіне зәру етер қарттық жеткенде нәрін сорып, қалдығын лақтыра салған жеміс секілді етіп зейнетке шығарып жіберді. Қызметтің қызығымен жүріп жалғыздықты сезінбеппін. Кең сарайдай үйде бос отырғанымда ғана жалғыздық жанымды жабырқатты... Бір күні қатты ауырдым. Бас көтерер халім жоқ. Дәрімді әкеліп берер ешкім болмады қасымда. Иә, бауырларым бар. Әрқайсысы өз отбасында. Санаулы күнге келіп, кетеді. Қысылғанымда қасымнан табылуға шамалары келе бермейді. Егер «Қарттар үйі» болмаса, қайда барар едік?..

Әжейдің әңгімесінен көңілім босап, жанарым жасқа толды. Бірақ кейуананың көзінен бір тамшы да көрінбеді. Мұңға толы көздері «Жалғыздықта жылай-жылай жас та қалмаған» дегенді ұқтым. «Қызмет – қолдың кірі», белгілі бір уақытта жуылады да кетеді. «Балалы үй – базар», көңіліңді өсіреді, өміріңді нұрландырады...

 

Қамар ҚАРАСАЕВА