30 Қазан, 2019

Дара туған дана еді

844 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Дара туған дана еді

 

Тумысы бөлек, тұғыры биік тарихи тұлғаларды дәуірдің өзі туғызады, заман­ның дауылы мен жауыны, өрті мен дерті, селі мен сеңі шыңдап шынықтырады. Уақыт ұзақ толғатып, сирек туатын сонадайдан көзге шалынатын, сондай жанға жақын, көңілге ыстық бітімі бөлек бекзаттың бірі еді Патшайым Тәжібаева.

 Ғылымда ашқан жаңалықтары, батыл болжамдары арқылы Қазақстан байлығына үлкен үлес қосқан әлемге әйгілі ғалым, көр­некті мемлекет қайраткері, Қазақ ССР Жо­ғарғы кеңесінің депутаты, Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары болған Пат­шайым Тәжібайқызы тірі болғанда жүз жасқа келетін еді. Осыдан отыз жыл бұрын өмірден озған халқымыздың аяулы қызы, Қазақстан мен Орта Азиядан шық­қан ең алғашқы ғалым-геолог, профессор,­ геология-минерология ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының ака­­­де­мигі, литология ғылымының негізін қа­­лау­шы, Құмкөлдегі мол мұнай қоры бар­­­­лығын алғаш болжап, оны ел игілігіне жа­­ратуға бас­тамашы болып, құлшына атса­лысқан айтулы тұлғаның елге сіңірген ең­бегі аса елеулі. Сондықтанда бүгіндері Қа­зақстанда, тек Қазақстанда ғана емес, посткеңес­тік кеңістік елдерде оның жүзжыл­дық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде...

Бұл орынды да. Атақты Асқар Тоқпанов­тың сөзімен айтсақ: «Ғылым әлеміндегі әйелден шыққан Сәтбаев». Табиғи таланты мен жанкешті еңбегінің арқасында Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстандағы кен орындарының ашылып, ел байлығын еселеу­ге мол үлес қосқан Патшайым Тәжі­бае­ва жайлы аса көрнекті тұлғалар кезінде талай тамаша жылы пікірлер жазды. Со­лардың бір парасы мынадай:

«Патшайым Тәжібайқызы Қазақстан, тек қана Қазақстан ғылымына ғана емес, бүкіл дүниежүзілік ғылымға үлес қосқан aпaмыз. Ол қазақ әйелдерінен тұнғыш peт шығып, жол көрсетіп өзінің үлкен еңбегінің арқасында Қазақстан ғылымын дамытып, бірінші рет литология саласында жаңа ғылыми бағыт ашқан үлкен ғалым» (Өмірзақ Сұлтанғазин, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты).

«В прямом и переносном смысле глубоко проникла Тажибаева в недра родной земли. Добытыми ею знаниями интересуются во всем мире. Она делает доклад своим коллегам на английском языке в Лондоне. Выступает на конгрессах геологов в Дели и Токио, в Колумбийском университете США. Две международные ассоциации ученых избрали ее своим членом)». (Сара Есова, общественный деятель).

Өз еліміздің тарихи тұлғалары жазған, айтқан мұндай ұрпаққа үлгі болар ұлағатты сөздер өте көп! Енді өзге елдердің ірілерін, ұлыларын тыңдап көрейік:

«Заслуживает внимания и полного ува­­жения международная деятельность Патчаим Тажибаевны» (Дмитрий Налив­­кин, академик, Лауреат Ленинской и Го­судар­ственной премий, Герой Социа­лис­тического Труда).

«Я восхищен научной работой алматинцев, после знакомства с госпожой Тажибаевой у меня вообще изменилось представление о женщинах» (Пауль Нахин, профессор, США).

«Патчаим Тажибаева является известным литологом СССР. Благодаря ее деятельности казахстанское отделение превратилось в одно из наиболее крупных, ведущих отделений Союза» (Федор Васильевич Чухров, академик, лауреат Государственной премии. г.Москва).

«Патчаим Тажибаевна Тажибаева является крупным специалистом и выдаю­щимся ученым в области литологии» (Николай Алексеевич Шило,  академик, Президент Дальневосточного научного центра АН СССР, лауреат Государственной премии, Герой Социалистического Труда.    г.Магадан).

«Проведенное Патчаим Тажибаевой совещание, его отличная организация и научное содержание заслушанных докладов и дискуссий оставили у меня большое впечатление и убедили меня в том, что именно в исследованиях докембрия за последние годы казахстанскими геологами был достигнут чрезвычайно высокий научный прогресс (Ганс-Юрген Тешке, профессор. г.Берлин).

Байқайсыз ба, қандай керемет, сәулелі сөздер, ордалы ойлар! Соны жазғы­зып отырған қасиетті мекен – қазы­налы оң­түс­тіктің киелі Қазығұртынан шық­қан қа­зақтың талантты, қанатты, қайсар қы­зының асқан ғұламалығы мен аса ауқым­ды жанкешті еңбегі емес пе?! Бір халық­тың қызы болып өмірге келіп, адамзат­тың пер­зенті биігіне көтерілуі қандай бақыт! Патшайым Тәжібаева сондай баянды бақыт иесі, ұрпаққа мұра, елге, жерге, қорған болар, ұлы, тарихи тұлғалардың бірі!

Патшайым Тәжібаева мұндай бақыттан бас айналар биікке оп-оңай көтерілген жоқ. Барлық замандастары сияқты өз уақыты әкелген ауырлықтың бәрін көппен бірге көтерді. Кәмпескеге іліккен әкесі қайтыс болды. Аштықтың да азабын тарт­ты, кедейліктің де, жетімдіктің де, жоқ­шылықтың да зардап, залалын бір кісідей көрді. Соның бәрін асқан тө­зім, сабырмен, келешекке деген кемел сенім­мен, ерен еңбекпен, ақыл-парасатпен, күрескерлік қасиетпен жеңе білді.

Тас толы қап арқалап, тау мен қыратты кезіп жүріп, қос құлыншағы Қарлығашы мен Құралайын қатарынан кем етпей өсірді. Аяулы жары Ахмет Аққошқаровтың барлық жағдайын жасады. Бәріне үлгерді...

Міне, соның жеңісін, ғұлама ғалым ашқан жаңалықтар жемісін өзі сүйген, өзін сүйген туған халық көріп отыр.

Жасамас ешкім мәңгі,

Бәрі кетер,

Ізгілік есім ғана мәңгілік

Мәңгіге

Әне сол жетер, –

демеп пе еді әлем мәдениетінің бір бөлшегі ғана емес, биік өлшемінің бірі Сағди.

«Ізгілік есімі мәңгілік» Патшайым ең­бегі ақталды. Бүгінде оның атында Ал­матыда, Түркістан облысында, Шымкент қаласында, туған жері Қазы­ғұртта көсілген көшелер бар. Ұлттың ұясы – Оңтүстікте екі бірдей еңселі ескерткіш тұр елдік пенен ерлікті еске салып. Патшайым жайлы бір мұқабадағы қос кітаптан «Асыл тас­тар асқар тауда туады» – «Лишь в горах рождаются лалы», «Ғылымда дара, өмірде дана Патшайым» – «И крепче скал гордый Эдельвейс» атты төрт кітап жарыққа шықты қазақша және орысша. Қазақтың айтулы ақиық ақындары ол жайлы өлең де, поэма да жазды. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев:

Көзімен, көңілімен тыңдап бәрін

Ол шешті жер астының жұмбақ­тарын.

Жолында арманының қалап түскен

Білмеді таң атқанын, күн батқанын.

Халықаралық «Алаш» және А.Фадеев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты,

Саха (Якутия) Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынай Оразбаева:

Жайнаған жанарынан наз ұқтырған,

Болмысы – аяулы да, нәзік бір жан.

Ердің ері жететін биікті алған,

Болған соң тең құрбыдан озық туған, –

деп сымбаты бөлек сұлу сырын ашты әпкесінің.

Патшайым Тәжібайқызының бітімі бөлек бекзат болмысына сүйінген ға­лымдар да ақын болып ақтарылды. Со­­лардың бірі Ұлттық Ғылым ака­де­мия­сының академигі, физик, профессор Мейір­хан Әбділдин лебізі былайша сыр боп жыр боп төгілді:

Ғылымның көтерілген аспанына,

Ақынның өзек болар дастанына,

Патшайым деген атты досы түгіл,

Сыйлатқан Патша әпкем қастарына.

Ақ сұңқар ақын Серік Тұрғынбекұлының:

Қызындай еді патшаның,

Тәжібай қызы Патшайым.

Ерлігін, ісін

Ерекше

Есіме алам сәт сайын, –

деп басталатын поэмасының жөні бөлек.Бұл қабырғалы қазақ әдебиетін қазынасына қосылған үлкен олжа!

Ақын Бақытжан Тобаяқов: «Туды қазақ патша қыз» деп жырлады.

Патшайымның азаматтық тұлғасы да биік. Ол жайлы ақиық ақын Кәкімбек Салықовты тыңдалық:

 Дүниеден Қаныш өтсе де,

Аруақпен шайқас басталды...

*  *  *

Айта алмай әділ байламын

Жасқанғанда басқа адам,

Қанышты қорғау майданын,

Патшайым еді бастаған.

*  *  *

Патшайым шықты сол кезде,

Жарқ етіп жалғыз майданға.

Түскенде айқын ол көзге,

Талайлар батты қайранға.

 

Шыққанда шындық өжеттен,

Кей «дөкейлер» қысылды.

Батыл қыз таза дерекпен,

Зәрелерін көкке ұшырды.

 

Кешумен қарлы мұзды да,

Көп соққы көрді ақыры.

Жазалауға қызды да,

Барыпты «төрдің» батылы.

Көп адам көлеңкесінен қорқып бұғып қалғанда Патшайым Қанышты қорғап шықты. Сол үшін қуғынға да ұшырады. Бірақ алған бетінен қайтпады! Бұл адамгер­шілік­тің үздік үлгісі!

Патшайым Тәжібаева СОКП саяси бюросы­ның мүшелері Косыгин мен Пель­шенің қабылдауында болғанда да өзі жайлы емес, елдің мұңын, халықтың жа­йын айтты.

Бұл жайлы ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса былай деп жырлады:

 Ғылымда бұл ерекше үн қатсаңыз,

Соңында оның талай-талай

жатты аңыз...

Елдің жырын, Ердің жайын толғаған,

Патшаңызға кірген кезде Патша қыз...

Айта берсек сөз ұзай береді, Патшайым­ның мұндай азаматтық ерліктері көп!

Кешегі күннің Мағжаны, бүгінгінің Махамбеті Олжас Сүлейменовтің сөзімен айтсақ:

Бұл адамдар мәңгі өшпейтін

Жүрек пенен көңілден.

Тірі жүрсе жол сілтер еді,

Ай, жұлдыз боп көгіңнен,

десек те, ірілік ескірмейді, ұлылық өлмейді! Патшайым сынды даналар «Өлген соң да оралады рух боп» (Шондор Петепи). Оның рухы нұр сәулесін төгіп тұр.

«Жаратқанның пендесіне берілген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы» депті Сағди. Соңында жақсы аты, жасампаз еңбегі қалған Патшайым елімен бірге жасай береді: Қазақ барда ол да бар.

Аман болайық!

 

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері

 Алматы