Қазақстан • 30 Қазан, 2019

Ұлы дала скауттары: болашақ бүгіннен басталады

1152 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген Қазақстанның қоғамдық өміріндегі жаңа құбылыстардың қатарына скауттар қозғалысын жатқызуға болады. Оның басқа қоғамдық ұйымдардан ерекшеленетін өзіндік философиясы мен айырмашылықтары да жоқ емес. Осы жағдай, бір жағынан, бұл қозғалыстың өзектілігін көрсетіп, оған деген қызығушылықты арттырса, екінші жағынан, оның бірегейлігін де дәлелдейді.

Ұлы дала скауттары: болашақ бүгіннен басталады

Өйткені скаутинг дегеніміз құн­ды­лықтар жүйесіне негізделген балалар мен жастарға арналған бейресми білім беру. Сонымен қатар ол жастардың даму ерекшеліктеріне бағ­дарланатын білім берудің ай­рықша ин­новациялық тәсілдері. Айтылған ойы­­мыз тү­сінікті болу үшін скаутингтің адам­дарға қазіргі қилы заманда өз жолын табуға, жас­тарды жауапты, белсенді және өмірге сын көзімен қарай білуге көмектесетіндігін айта кеткен жөн.

Скауттар осындай құндылықтар­ды, дағ­дылар мен мүмкіндіктерді бү­кіл өмір бойы өздерінің ерекше әдіс-тәсілдерінің жиынтығы арқылы таратады. Бұл әдістерді бейресми білім берудің озық жүйесі деуге де болады. Ол әрбір скауттың өмірдегі өзінің борышын сезінетіндігі туралы құр­дастары алдында серт беруінен бастап, шағын топта жұмыс істеу, адамның жеке басының дамуы, іс ар­қылы білім алу, табиғатпен тығыз байланыс, ұйымда қалыптасқан дәстүрлерді берік ұстанып, оларды әрі қарай дамыту, үлкендердің қол­дауына сүйену сияқты маңызды әдістерді қамтиды.

Олар өзін-өзі жетілдіру барысында аза­маттық және рухани борышта­рын жер­гілікті, республикалық деңгейдегі арнайы бағ­дар­ламалар мен жобаларды іске асыруға бел­сенді ара­ласады. Білім берудің негізі – теорияны практикаға айналдырудың міндеттілігі қағидатына сүйенеді, яғни жастардың бойына сіңірілетін дағдылар теорияда емес, практика арқылы жинақталады. Скауттар командада жұмыс істеу негізінде жауапкершілікті бөлісуге де, өзді­гінен шешім қабылдауға да, өз жұ­мы­сын ұйымдастырып, өз ісіне жауап беруге де үйренеді және ең ма­ңыздысы – өз қолымен нақты іс ат­қарып, біліктілік пен практикалық тәжірибесін толықтырады.

Ал скауттық қозғалыстың таңба­лық негіз­дері жастардың елестету, шығармашылық және тапқырлық қабі­леттерін дамытуға ық­палын ти­гізеді, жұмыстарын қызықты, ал өз­дерін ұйымшыл етеді. Ол әскери ұйым емес. Бір үлгідегі киім кию олардың ішкі тәртібін нығайтып, өзі­не алған міндеті мен ісіне жауап беруге үйретеді. Скаутинг – нақ­ты құры­лымға негізделген қоз­ғалыс (күзетшілер тобы, жасақ, скаут орталығы, Бас штаб-пәтер). Мы­салы, қазақстандық скауттарда «Номад» деп аталатын тәлімгерлер мек­тебі жұмыс істейді. 25 ұл мен қыз­дан тұратын топ екі ай бойы сер­пінді тренингтен өтіп, дайын үл­гіге соқыр еліктеуден бас тартуға үй­рететін әдіс-тәсілдер, технология­лар мен даму мүм­кіндіктерін мең­гереді. Оның мақсаты – балалармен жұмыс істейтін, жаңа жұмыс істеу нұсқаларын ілгерілететін және бала­лар ла­гер­ь­лерін ұйымдастыра алатын нұсқаушы-тәлімгерлерді даярлау. Оның сыртында тренерлерге арналған семинар-тренингтер мен скаут көшбасшыларын даярлайтын тұ­рақ­ты курстар, кездесулер тағы бар.

Тұрақты оқу мен скауттық тәсіл­мен қыз­мет етуден бөлек жастар тренингтер, курс­тар, шешендік, мақсат қою, кәсіби бағдар, таби­ғатта күн кө­ру, алғашқы медициналық көмек көрс­ету сияқты түрлі бағыт­тар бо­йын­ша мастер-кластарға қаты­сып, өмірлік сынақтардан өтеді. Осы­лайша скаутинг ар­қылы тұлғаны озық дамыту үрдісінің қалыптасуы жас­тардың жеке бастарын дамытуды өз қолдарына алып, бойларына өз­деріне деген сенімділік ұялатып, өз­дері қол жеткізген жетістіктері мен та­быс­тарын ұғынып, сезінуге жағдай жасайды.

Олай болса, скаутингті болашақ же­текшілер мен көшбасшылардың өмір мектебі десек те артық болмас. Скауттық қозғалысқа тән адалдық, ниет­тестік пен жетекшілік сияқ­ты құндылықтары іскерліктің дамуы­на да өз үлесін қосуда. Мұндағы мақсат – жастарды қоғамда белсенді рөл атқару үшін тәрбиелеу және әлемді жақсарту. Скау­тингтің өзі жеке бір әлем сияқты. Ол – балалық шақтың аумағы. Ал стратегиялық тұрғыдан алғандағы мақсаттардың қатарына, әрине, елдің қаржылық-эко­номикалық, ғы­лыми, біліми, әлеу­меттік-саяси, мәдени және ру­­хани қуаттылығын арттыруды жат­қызуға болады.

Бүкіләлемдік скаут қозғалысы ұйымы (БСҚҰ) – әлемдегі ең ірі бұ­қаралық балалар мен жасөспірім­дер ұйымы. Соңғы деректер бойынша БСҚҰ қатарында 60 миллионға жуық әртүрлі жастағы мүшелері бар, оның 7 миллионы ересек адамдар. 1947 жылдан бастап Бүкіләлемдік скаут­тық қозғалысының БҰҰ-да кеңес беру ұйымы мәртебесі бар. Қазір скауттық ұйымдар әлемнің 200 елінде жұмыс істесе, оның 170-і бүкіләлемдік ұйым­ға мүше болып тіркелген. Бұл ұйым құрылған 1907 жылдан бері скаутинг арқылы 500 миллионнан астам адам өтті.

Іскерлік әлем бұл тәжіри­бе­де­гі адалдық, ниеттестік және көшбас­шылық сияқты құн­дылықтар­ды мойындайды. Қазіргі әлемдік көш­­басшылардың үштен бірінен астамы скауттық киімді киген. Мысал ретінде Пан Ги Мун, Стивен Спилберг, Билл Гейтс, Дэвид Бекхэм, Пол Маккартни, Тони Блэр сияқты адамдардың аттарын атауға болады. Сонымен қа­тар соңғы жүз жыл ішіндегі АҚШ пре­зи­дент­терінің барлығы скаут­тық мектептен өткен көрінеді. Сон­­­дықтан скаутинг белсенді да­мып отырған мемлекеттердің басшы­лары бұл қозғалысқа өз тарап­та­рынан қамқорлық көр­­сетіп оты­ратын­дықтарын да айта кеткен жөн.

Әлемде мықты скауттық ұйым­ның болуы дамыған азаматтық қо­ғам­ның белгісі деп есептелінеді. Бұл қозғалыста мәдениеттер, ұр­пақ­тар мен діндер арасындағы диалог арқылы шекараларды ашып, төзім­ділік­ке шақырып, соның негізінде теңдік пен төзімділік, әділеттілік пен татулық мәде­ниетін бекітуге үл­кен мән беріледі. Ол – қоғам­дық келісімді дамытуды алдына мақсат етіп қойған еріктілер ұйымына да жа­тады. Сондықтан скауттар өмір бойына белсенді азаматтарды қалып­тастыруға жұмыс істейді.

Қазақстанда скаутинг 1989 жылы пай­да болды. Алғашқы скаут отряды Павлодар қаласында дүниеге келді. Балалар мен жастарға бейресми білім беру ұйымы ретін­де Қазақстанның Скауттық қозғалысы ұйымы (ҚСҚҰ) 1992 жылы құры­лып, Әді­лет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. 2008 жылы ресми түрде Бүкіләлемдік скаут­тық қоз­ғалысы ұйымына қабылданып, оның Еуразиялық скауттық аймағына кірді. Қоз­ғалысқа деген қызығушылық артып, өңір­лерде де оның өкілдіктері ашылуда. Ұлы Дала скауттарының президенті И.Катеновтің айтуы бо­йынша ресми түрде тіркелген бұл қозғалыс қазір еліміздің 10 аймағын қамтиды және оның қатарында 2 мыңдай адам бар. 25 жылда скауттық бағдарламаларға 100 мыңнан астам қазақстандық қатысқан көрінеді.

2016 жылы ҚСҚҰ «Мәңгілік Ел» құнды­лықтары және «Рухани жаң­ғыру» негізінде Қазақстанның жас азаматтарының мінез-құлқын қалыптастыру жүйесін ұсынып, оның бағдарламасының тұжырымдамасын әзір­леді. Жаңа бағдарламаны дайындау ба­рысында өскелең ұрпақ алдында тұрған мәселелер ескерілді. Балалар мен олардың ата-аналарына бағытталған ұсыныс­тар­дың қандай құндылықтық негіздерге сүйе­нетіндігіне көп көңіл бөлініп, Ұлы дала скаут­тары «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жеті мызғымас құндылықтарын нығайтуға, сақ­тауға және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге бел байлады.

2017 жылы Қа­зақ­стан скауттық қо­ға­мы ұйымының Кеңесінде ұйым өз атауын өзгерту туралы шешім қа­былдап, бұдан былай ол «Ұлы Дала скауттары» деп аталатын бол­ды. Өйткені Қазақстанның жас азамат­тарының мінез-құл­қын қалып­тастыруды скауттар жоғарыдағы Тұ­жырымдамаға сәй­кес жастарды адамға бүкіл өмір бойына қажет болатын дағдыларға үйрету ісін «Мәңгілік Ел» идеясы және Ұлы дала құн­ды­лықтарына негізделе отырып жүзеге асы­руға бағыт алды. Басты мақсат – жастар­дың бойына мызғымас рух ұялату. Бағ­дар­ламада білім берудің 3 деңгейі белгіленді. Тарлан, төре, керуен, көшбасшы, тәлімгер, бапкер секіл­ді сөздерден тұратын скаут термино­логиясы қалыптастырылды. Скаут­тарды ынталандыру жүйесі қол­данылмақ.

Ұлы дала скауттарының еліміз­дің жас азаматтарының мінез-құл­­­қын қалыптастыру жөніндегі Бағ­дар­­ламасында білім беру қалып­­тамасы анықталған. Ол 11-17 жас ара­­лығындағы скауттардың «Тау­тан», «Номад» және «Тарлан» топтарын қамтиды. Бағдар­ламаға аяқ басар нүктеде әлі қалыптаса қой­маған тұлға тұрады. Дамыту саласына адам­ның дене, интеллектуалды, эмо­цио­налдық, әлеуметтік және рухани дамуы жата­ды. Мақсатқа жету барысында үш топта да тиіс­ті аралық мақсаттар жүзеге асы­рылады. Ал Бағдарламаның аяқталар нүк­тесінде біз жан-жақты дамыған тұлғаны, Қазақ­стан азаматының қалыптасқан мінезін көре­міз. Ол Ұлы дала елінің – қайратты және денсаулығы мықты, зейін­ді және тәуел­сіз, елгезек және болашаққа сенімі мол, бейбіт­шіл және отаншыл, мейірімді және адал азаматы.

Аралық мақсаттарға жету барысында ынталандыру мен уәжде­менің озық жүйесінің скауттық баспалдағының алатын орны ерекше. Ол үш деңгейден тұрады. Бірін­шісінде, скауттар ептілік, икемділік, шеберлікке қол жеткізу арқылы айналасындағы әлем­ді танып біледі. Екіншісінде, скауттар күн­делікті өмірде кездесетін кедергілер мен қиын­­дықтарды жеңіп, төзімділік танытып, қоршаған әлемге әрекеттер, күт­пеген жағдайлар мен сын-те­геуріндер арқы­лы үйренеді. Үшін­шісінде, скауттар әртүрлі іс-шара­лар ұйымдастыру барысында құзы­реттілікке ие болады. Скауттық бас­палдақпен бірінші деңгейге жетіп, белгілі бір мамандықтарды игер­гені үшін мамандықтардың жап­­сырмалары табыс етіледі. Бас­пал­дақпен екінші деңгейге көте­рілген скауттарға «Қатысу және тәртіп» құзыреті бойынша таңба, «Қоршаған ортаны жайластыру» құзыретіне жеткені үшін «Шебер» атағы, «Көшбасшылық» құзыреті үшін «Басшы», «Құзырет және қатынасу» үшін «Арлан» сияқты жетістіктер белгілері беріледі. Ал баспалдақпен үшінші, жоғарғы деңгейіне көтерілгенде «Арғымақ» (мақсатты тұжырымдау үшін), «Батыр» (мәселелерді шешкені үшін) және «Үркер» (өзін дамытқаны үшін, ең жоғарғы белгі) атақтары беріледі.

Скауттар балалар мен жасөспірім­дер арасында жиі кездесетін 10 мәсе­лені анықтап, оларды шешудің 10 жолын ұсынып, сол арқылы қан­дай нақты нәтижелерге жетуге болатындығын көрсетіп отыр. Ол проб­лемалардың қатарына балалар мен ата-аналар арасындағы түсініс­пеушілік, жағымсыз, Интернетке тәуелділік, күйзеліс жағ­дайында балалардың өзіне-өзі қол жұмсауы мен ауытқушылығы, тұрмыстық бейімсіздік, өмірдегі мақсат қоя білмеушілік, нашар үл­герім, патриотизм сезімінің жоқтығы мен әскерде қыз­мет етуге ынтасының болмауы және денсаулығындағы проблемалар жатады. Нәтижесінде, өмірлік қиындықтарға төтеп бере алатын жастар тәрбиеленеді. Түптеп келгенде, осы мәселелердің шешілуі қоғамдық тұрақтылықтың кепіліне айналмақ.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы