Қоғам • 30 Қазан, 2019

Абай жолындағы білім бекеттері

995 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Хакім Абай қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады», дегендей, тарих төрінде тұрған жаңа ғасыр ақыл-ойдың дәуірі. Ал бүгінгідей өскелең заманда білім мен ғылым, технологиясыз мемлекеттің, ұлт­тың және жеке тұлғаның алға жылжуы мүмкін емес. Бүгінде отандық білім саласының алдында биік мұраттар мен үлкен мақсаттар тұр.

Абай жолындағы білім бекеттері

Абай еліндегі білім, ғылымның, мәдениеттің орталығы Шәкәрім уни­верситетіне биыл 85 жыл толып отыр. 1934 жылы іргетасы қа­ланған білім ордасы бүгінде еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында Семейдегі жер­гілікті мәдени инфрақұрылым негізі болған белгілі төрт оқу орнының бірі­гуімен Шәкәрім университеті құ­рылды. Өзіндік мол шежіресі, қалып­тасқан бай дәстүрі бар. 

Шәкәрім университеті Абай­дың «толық адам» фәлсапасының негізінде өңірдегі білім, ғы­лым, мә­дениет эко­жүйесін тұрақтан­дырып отырған білім ордасы. «Білім экожүйесі» – ұждан тазалығы мен жал­пы адамзат үшін жақ­сы ой ойлауынан басталады.

Жаңа заманда өңірлік жоғары оқу орнының миссиясы қандай? Біз­дің ойымызша, университеттің басты үш миссиясы бар:

Біріншіден, университеттің басты миссиясы – ағартушылық. Жаһандық даму конвейеріне кіру кезінде адам­ның өзін өзі бағалау индексі төмен­дейді. Индекстің төмендеуі адамның қандай да бір қиындықтарды шешу жолын іздемей, біреуге кінә артып, мәселені шешуді ойлай алмауы­нан көрінеді. Өзін өзі бағалау ин­дексі – мәдениет, білім мен өмір сүру дағдылары арқылы көрінетін халық­тың күнделікті өмірге және бо­лашаққа деген көзқарасы. Ба­ғалау индексін ағар­тушылық ар­қылы ғана көтеруге болады.

Университет – салмақты қоғ­ам­ның ойын жинайтын «интеллект субстансасы» қызметін ат­қаруы керек. Ал оның жолдары­ қандай? Жастарға жол бере оты­рып, үлкендердің өмір­лік тәжі­рибелері мен қоғам дамуын іл­герілететін «Үлкен буын уни­вер­­­ситетін» құрудамыз. «Үлкен буын» үлкен­дерді оқытуы керек. Мұн­дай тәжірибе Еуропада бар. Сол тәжі­рибені қолданып отырмыз.

Университетіміздің өзекті мақ­сат­тарының бірі – Шәкәрімнің «ұж­­дан фәл­сапасына» негізделген ар білі­мін жас­тар бойына сіңіру. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың: «Саясаттағы ұждан мен сая­си ұждандылық арасындағы бай­қалмайтын шекара қайда болады?» деген риторикалық сауалы жас­тары­мыздың қандай саланы игер­се де ұж­даны биік болуы керек дегенді біл­діреді. Бұл олардың шекараны бай­қауына, сезінуіне мүмкіндік береді.

Биыл университетімізде кор­по­­ративтік дәстүр кіргіздік. Сту­дент­­терге данышпан ақынның «Үш анық» фәлсапалық трактаты таратылып, 4 жыл ішінде олардың оқып-түсінулеріне бар­лық мүмкіншілікті жасап отырмыз. Егер жылына 2 мың түлек университеттен түлеп ұшады десек, онда жыл сайын ұждан ілімімен қаруланған өресі биік
2 мың маман қоғамға адамгершіліктің жоғары дең­гейін сіңіру қызметіне кіріседі деп айта аламыз.

Екінші миссиямыз – білім жа­рығын шашу. Қоғамды биік парасаттылық пен мәдениетке тәрбиелеу білім арқылы келеді. Мамандарды дайындау­да олар­дың алған білімдерін қолдана білуге үй­рету маңызды. Өмірдегі әр жағ­­даятқа сай биік адами көз­қарасты сіңірген жас қана өз ма­ман­дығының майталманы бола алады. Қолданбалы білім мен ғы­лым әр азаматтың өмір бойы оқу принципіне негізделетінін бо­лашақ жас маман түсінуі керек. Өмір бойы оқу жүйесін түсінген ма­мандар өзін өзі жетілдіріп, заман көшімен бірге жүреді. Заман жаңалықтарын бойларына сіңіріп, қоғам дамуы үшін тиімді қолдана алатын болады.

Әлемге танымал Гарвард уни­вер­ситеті басқа бір аймаққа көш­се өзінің осы күнгі әлеуетін жо­ғал­­тады. Ол қазіргі тұрған аума­­ғын­да ға­на Гарвард бола алады. Себе­бі бітір­ген түлекті қабылдайтын эко­номи­­калық ин­фрақұрылым қажет. Онсыз қандай оқу орнын бітірген маман болса да, өз білімін толық пайдалана алмайды. Университеттердің тұрған жерінің қоғамдық-әлеуметтік жағдайы мен экономикасы ма­ңызды. Мұны «Гарвард заңы» деп атауға болады. Шәкәрім уни­верситеті де тұрған орнына байланысты шағын орта бизнеске маман дайындайтын «қарапайым заттар экономикасының университеті». 

Үшінші – әлеуметтік миссия. Уни­верситет жергілікті қоғамдық-әлеу­меттік ортаның жағдайымен етене өмір сүреді. Семей қаласы­ның жағдайы қан­дай болса, уни­верситеттің жағдайы соған пара-пар болады. Қала халқының тұр­мыс-тіршілігі жақсарса, универ­ситеттің де әлеуеті артады.

Шәкәрім университетінде 2019 жыл­­дың наурыз айынан бастап «Әлеу­меттік университет» жобасы қолға алынып отыр. Көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың әр баласына 20 мың теңге көле­мінде жәрдемақы төленіп келеді. Сонымен қатар өнерде, спортта жоғары жетістіктерге қол жет­кізген жастарға университет гранты тағайындалады. Бұл грант жыл сайын 40-50 студентке беріледі.

Тұрғын үйге мұқтаж қыз­мет­кер­лерге 15 пәтер қолданысқа бе­рілді. Егер де университет қыз­мет­кер­лерінің бала­лары ақылы бөлімде оқыса, 1 балаға 50 пайыз жеңілдік жасалады, ал екі баласы оқыса, екіншісін тегін оқытуға мүмкіндік беріледі. Бұл әлеу­меттік жоба алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Абай заманынан жалғасып келе жатқан халқымызда жақсы бір дәстүр бар. Ол – іскер, зиялы аза­маттардың руханиятқа, талапты жастарға қолдау көрсетуі. Тарихқа қарап отырсақ, Абай заманында қазақ арасында ұлт­қа жанашырлық танытқан меценаттар бол­ған. Мәселен, 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналына Қаражан Үкібаев қар­жылай көмек жасаған. Қазақ ортасына Мамания мек­тебімен танылған жеті­сулық Ма­мановтар әулеті білімге, мәде­ниетке ұдайы қол­дау көрсетіп отырған екен. Ақ­суат өңіріндегі Тана мырзаның ағар­тушылық жолындағы қызметі өз алдына үлкен бір әңгіме.

Міне, осы дәстүр бүгінде өз жал­­ғасын табуда. Белгілі философ ға­лым, академик  Ғарифолла Есім­нің бас­тамасымен ұлылар мекені атан­ған Жидебайға баратын күре жол­дың бойындағы Күшікбай батыр бұлағының басында біршама игі­л­ікті іс атқарылуда. Мұхтар Әуе­зовтің «Қорғансыздың күні» әң­гіме­сіндегі Ғазизаның басына белгі тас қойып, Күшікбай бе­ке­тінің басында «Абайтану» залын ашты. Ұлы­лар мекеніне бара жатқан жолаушылар, шетелдік турис­тер бекет кітап­ханасындағы Абай, Шәкәрім еңбек­терімен толы­ғырақ танысып, өз сапар­­ларын жалғастырады. «Менің жолым – Абай жолы» деп жүрген қо­­ғам қайраткері осындай өзінің ғиб­ратты ісімен көпке өнегелі жол көр­сетіп отыр.

Әлемге танымал тұлға Дәулет Тұр­лыханов пен кәсіпкер-меценат Қай­рат Тұрлыхановтар студент-математиктер арасында анала­ры, ұла­ғатты ұстаз Мәрзия Айтбайқы­зы­ның атын­дағы олимпиада ұйым­дастырып, 15 студентке атаулы сти­пендияны тағайын­дады.

Танымал журналист, қоғам қай­раткері Берік Уәли өзінің туған жері Ой­шілік ауылындағы мектепке заманауи техникалармен жабдықталған екі сыныпты тарту етті. Бұл мемлекеттік қызметте жүр­ген ұлтжанды азаматтың жас­­тарға жасаған қамқорлығы деп білеміз.

«Абай жолы» – үлкен фәлсапа­лық ұғым. Абайдың идеал болмысы бүкіл адамзатқа үлгі. Ал оның жолы – адамзаттың жолы бо­луы заңдылық. Абай тұлғасы – жол көрсетуші, мақса­тыңды айқын­даушы, қиын кезде дем беру­ші, са­наны жаңғыртушы.

Абай дүниетанымын өзек еткен сана тазалығы мен тәңірінің берген ақыл сыйын дұрыс пайдалану білімді адамның «тән саулығын» қамтамасыз етеді. Сондықтан «тән саулығы» мықты қоғамгер тұлғалар тәрбиелеу басты ұстаным болуы керек.

«Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір» дейді Елбасы. Абай айт­қандай «ақылға бірлік» қа­на адам­зат қоғамын алдыға жете­лейді.

Білім мен ғылымға қолдау көрсету арқылы қалыптасатын мәдени әлеует тұғыры берік болады. Себебі ол адам­дардың ең ал­дымен ар білімін игеруі арқы­лы қа­лыптасады.

Шәкәрім университетінің не­гізгі миссиясы – өңірдегі «білім субстанса­сын» бір жерге шо­ғыр­ландыру және жоғары интеллектілі мамандар да­йындау.

 

Мейір ЕСКЕНДІРОВ,

Шәкәрім университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

СЕМЕЙ