Қоғам • 31 Қазан, 2019

Аш қарын жұбана ма..?

738 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күз түсісімен-ақ исі қазақ қыстық соғымын қамдай бас­тайды. Жағ­дайы жеткендер ту бие немесе ақта атты құнарлы азықпен жемдеп, қарашадан қалдырмай жығады. Ал құмды өлкедегілер түйенің етін хош көреді. Сары майдай сақталған өркеш жел-құзға ем, құнарлы азық. Енді бұған шамасы келмегендер өгіз немесе тайынша таңдамақ. Екі-үш семіз қойды үйітіп алатындар да бар. Қойдың үйітілген еті дәмді де құнарлы.

Аш қарын жұбана ма..?

Ұлы Абай атамыз айтпақшы, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей...». Қас қылғанда енді еттің оңайлықпен табылмайтын түрі бар. Көжесіне қатық таппай отырған жарлы-жақыбайлар шетелдерден келетін сырты жылтыр, сапасы күмәнді тауық етін қанағат тұтады. Олар түгілі орта деңгейлі шаруалардың өздері етті үнемдеп тұтынудан басқа шара таппай отыр. Неге?

Мұның жауабын мал өнім­­дері­нің күннен-күнге қым­бат­тап бара жатқанынан таба­сыз. Ұлттық экономика министр­лігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында қой етінің бағасы 12,7 пайызға, сиыр еті – 12,6, жылқы етінің бағасы 7,5 пайызға көтеріліпті. Консервіленген сүт – 9,2, сары май 7,6 пайызға қымбаттаған.

Былай қарасаңыз, еттің бағасы мұн­шалықты қымбаттап ке­туіне себеп жоқ сияқты. Мәсе­лен, Түркістан облысында мал өсімі республика бойын­ша алдыңғы лекте. Ет өндіру­ден де алға озып тұрмыз. Статис­ти­калық дерек көзі облысымыз­да мал саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айтып қуан­та­ды. Қазір облыста уақ мал 6 миллионға жетеғабыл. Ірі қара 1 миллионға жуық, жыл­қы 300 мыңнан асады екен. 28 мың түйе жантақ жеп жүр. Сон­да базардағы ет бағасының аспан­дап шыға келуінің себебі не? Мұны мамандар еттің шетелге шамадан тыс экспортталуы­нан іздейді. Шаруалар малды жергілікті тұрғындарға сауда­ла­ғаннан гөрі шетел асырғанды ұтымды санайды. Өйткені олар етті қымбат бағаға алады. Екіншіден, қаржыны алдын ала төлеп қояды. Үшіншіден, көтер­ме бағасына түгелдей алып кете­тін көрінеді. Иран, араб мемле­кет­теріне ет өнімдерін өткізіп жүр­ген «Қайып ата» ЖШС басшы­лары шетелдіктер орта қоңды­лық­тағы тоқтыларды молынан алады дейді. Демек, бұл серік­тестікке пайдалы. Алайда, барлық шетелдік қоңы ор­таша мал алмайды.  Мәселен, Өзбекстан ақпарат құралдары­ның жазуынша, бұл мемлекет биылғы қаңтар-маусым айларында 72,2 мың ірі қараны сырттан әкелген. Соның 85 пайызы Қазақстанның үлесінде көрінеді. Жарты жылда елге кірген 160 мың қойдың 97 па­йызын Қазақстаннан тасымалдадық деп отыр. Былтыр Қазақстан бойынша 16 мың тонна сиыр еті экспортталған екен. Ресей, Беларусь, АҚШ, Бразилия, Уруг­вай мемлекеттері бізден ет алу­ға аса ынталы деседі. Ал биыл Қа­зақстанның шетелдерге им­порттаған еті 20-30 мың тон­на көлемінде. Міне, осыдан соң елімізде ет бағасы қым­­баттамағанда қайтпек? Шым­кентте таяуда күніне 3 мың қой, 300 ірі қара етін өңдейтін «ЮКО-ЭКО-ФУД» ЖШС іске қосылды. Бұл ет комбинаты Иран Ислам Республикасымен бірлесіп ашылған. Ал осы мемлекетке жылына 2 миллион 400 тонна ет керек екен. Демек, серіктестік барлық өнімін соларға жіберсе, жергілікті халыққа не қалады деген сауал көкейден кетпейді.

Тап қазір Шымкентте қой етінің килосы 1800 теңге төңі­ре­гінде. Сиыр мен жылқы еті 2000-2500 теңгеге көтеріліп кет­ті. Жылқының семіз еті 3000 теңгеге жуық. Қазы-қарта баға­сы да удай. Енді қараңыз, айына 40-50 мың жалақы алатын от­басы­лардың соғымға қолы жете ме? Әрине, жоқ.

Ал Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінің мамандары мем­лекет тарапынан мал шаруа­шылығын дамыту үшін үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын үне­мі алға тартады. Бұл бағытта арнайы бағдарлама да түзіл­ген. Саланың маңызды бағыт­­тарын басымдықпен дамы­ту­дың жол картасы да әзір. Бұл жоба Үкіметте қолдауға ие бол­ды. Жаңа жоба Пар­ла­мент Мәжілісіне таныстырыл­ды. Бұдан былай жеке шаруа­шылықтарды кооперативтерге біріктіру қолға алынбақ. Коо­ператив мүшелері бұдан былай өнім алушы іздеп әуреленбейді. Қабылдау пунктері үй шаруа­шы­лықтарын аралап, арнайы техникамен малды жинап әке­теді. Үкімет тарапынан жасалы­нып жатқан ауқымды жұмыс­тардың нәтижесінде ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі жылдан-жылға арта түсіп отыр. Десек те, нарықтағы азық-түлік бағаларының күннен-күнге арта түсетіні қалай? Азық-түлік бағаларын төмендетпей-ақ қоялық, алайда бұрынғы қалпында ұстап тұруға болмас па еді? Осы сауал талайларды түн ұйқысынан оятып жүрген сыңайлы. Әлде министрлік келтірген деректерде шикілік бар ма? Жоқ болса, Парламент Мәжілісінде «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабі­леттілігін арттыру перспективалары» аты тақырыппен өткен «Үкімет сағатында» Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко министрліктің жауапты қыз­мет­керіне қаратып «ертегі айт­паңдаршы» дер ме еді?

Осы жерде экономика ғы­лымдарының докторы, ұлт­тық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқар­ма төрағасы Төлеутай Рақым­бе­ков­тың дәйегін келтіре кетейік. Ол: «Бүгінде барлық мәселе алып­са­тарларға тіреліп тұр. Ал олар қайдан шығып жатыр? Өйт­кені бізде кооператив негізінде инфрақұрылым жоқ. Енді ірі қараны шекарадан тірідей шы­ғарып сату туралы айтсақ, тағы да алдымыздан алаяқтар шығады. Бүкіл мал, оның еті де сыртқа көбірек кеткен сайын ел ішінде баға тоқтаусыз өсе береді», дейді.

Айталық, базарға малын шығарған шаруа өзі ойлағандай межеге жете алмайды. Неге? Өйткені оның алдынан ала жібін ширатып делдал шығады. Делдалдың айтқаны болады. Олар мұқтаж болып тұрған немесе асыққан адамдардың малын арзанға сатып алып, келесі базарда екі-үш есе бағасына саудалайтынын қазір екінің бірі біледі. Биліктегілердің ендігі бір тыйым салар тұсы осы делдалдар сияқты.

Т.Рақымбеков: «Шаруаны қол­ға алатын адамның нарық эко­но­микасының заңдылықтарын жақсы білгені жөн. Ауыл шаруа­шылығына арифметикалық есеп сәйкес келе бермейді. Агро­сектор экономиканың драйвері, табыс түсіретін сала болсын де­сек, біз осы бағытта сауатты қа­дамдар жасауымыз тиіс», дейді.

Күні кеше Дариға Назар­баеваның төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенатор Әли Бектаев депутаттық сауал тастап, малдың шетелдерге тірідей кетіп жатқанын айтып, Үкіметті сынға алды. Сена­тордың айтуынша, Қазақ­станда малды шетелге сату бойын­ша күрделі жағдай қалып­тасқан. Көрші мемлекет­тер, әсіресе Өзбекстан мемлекет­аралық сауда-саттық жөнін­дегі қарым-қатынастың оңтай­лы­ғын пайдалана отырып, Қазақ­станнан ірі қара және уақ малды жаппай сатып алу саясатын жүргізуде. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бо­йынша, Қазақстан шетелдерге 88 мыңға жуық мал шығарыпты. Ал биылғы 9 айда 333  мыңнан астам мал сатылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есеге көп. Мұ­ның ішінде ірі қара 2 есе, уақ мал 7 есе көп сатылыпты. Мұнан соң сенатор Ауыл ша­руашылығы министрлігінің шетелдерге шығарылатын малдың аналығын шектеу туралы қа­былдаған шешімі жеткіліксіз деп санайды.

Қазір малды шетелге заң­сыз шығарып отырған жасырын бекеттер көп. Мұның өзі ішкі нарықтағы таза пайданы сыртқа шаш­қан­мен бірдей. Сондықтан Үкімет кеден, кіріс, тағы басқа да құқық қорғау орган­да­рының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлес­­тіретін арнайы нормативтік құжат қабыл­­дауы тиіс. Шаруалардың маң­дай терімен өсірген малы жергі­лікті жерде со­йылып, ет ком­бинат­тарына тапсырылғаны жөн. Биыл ше­телдерге 4800 тонна ірі қара және уақ мал­дың еті сау­даланыпты. 300 мың мал тірі күйін­де жөнелтілген. Осы өнім­дерді өзімізде өң­де­сек, қыруар қаржы қалтамызда қалар еді.

«Қасқыр мен қазақ егіз» деп етқұмар­лы­ғымыз туралы әдемі тәмсіл айтып жүргенде қызыл­сырап қалмайық. Осындайда «енді қазаққа мисуактың қажеті бар ма?» деген сауал ойға оралады. Өкінішті!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

журналист