Ең қысқа әңгіме • 31 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Гүлбақыт Қасен

1374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Гүлбақыт Қасен

Тамшы-тағдыр

Рамазан айы. Ып-ыстық жас домалап барады.

Арнасына сыймай, толқыны бірде көкке шапшып, жағаға соғылып, аласұрып жататын тағдыр-теңіз мәңгілікке тыншыған. Енді бір сәт жан тыныштығы бұзылғандай.

Арпалыс... Есік-терезені ұрғылып, жанталасқан оның әрекеті үрей туғызған-ды.

- Балам, тез, полицияға хабарласшы, - дегені сол, мұздай киінген екі адам көтеріп әкетті.

Анасы шошып оянды. Мың батпан ой мен мұңға батқан жанарын жасырған қалпы: «Әкең түсіме кірді, басына барып, құран бағыштарсың», - деді.

Жұма намазының уақытында қоңырау шалған ұлының үні құлағына түрпідей тиді:

- Апа, әкемнің қабірі түгел опырылып, төмен түсіп кетіпті.

- Мешітке хабарласып, имамдармен ақылдас, не дейді екен...

...Кезек-кезек оқылған құран сүрелері екі дүние арасын жалғап тұрғандай, жан-жүйесін шымырлатты. Көзін жұмған сәтте буалдыр бейне баяу қалықтап ұшып барып, көкжиекке сіңгендей ғайып болған.      

Жаңа ғана үйілген топырақ бетіне кірпігінен үзіліп түскен бір тамшының алақанында ізі қалды...

Бір тамшы жас... Тағдыр...

 

Дұға

 

Өмір қатерінен ана дұғасы аман алып келеді.

Жатса-тұрса Алланы аузынан тастамай, күбірлеп жүретін әдеті.  «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады». Бұл да ана сөзімен құлағына құйылған тәмсіл.

«Е, Жаратқан ием, анамның деніне саулық бере гөр, мен әлі парызымды өтей алмадым...». Арманын Аллаға сыбырлап айтады, анасы бәрін-бәрін сезеді. Естиді...

 

Гүлбақыт Қасен