Біздің миссиямыз – «Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою». Оны іске асыру жұмыстың жаңа тәсілдері мен құралдарын қажет етеді. Сондықтан да біз тәсілдерді, қалыпты жұмыс істеудің тұтас тізбегін өзгертудеміз. Жұмыстың барлық бағыты өзгеруде. Біз озық тәжірибеге сүйене отырып, агенттікте Парасаттылық, Превенция және Серіктестік деп аталатын үш жаңа департамент құру туралы шешім қабылдадық. Біздің барлық бастамаларымыз айқын құндылықтарымыздың призмасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл – әділдік, парасаттылық және сенім.
Әл-Фараби айтқандай «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсатпен кездейсоқ рахат үшін емес, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында».
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірігіп, белсенді жұмыс атқаруда. Басты мақсат – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау.
Бүгінгі күні біздің облыс көлеміндегі барлық 7 ауданда және ауылдық округтерде жобалық кеңселер ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін нығайту бағыты мен әділдік, парасаттылық және сенім секілді басты құндылықтарды насихаттап келеді.
Атап айтсақ, жыл басынан бері жобалық кеңсе алаңында мемлекеттік органдардың бірінші басшысының қатысуымен қоғамдық қабылдау, кездесу, семинар, ашық диалогтар өтті. Сондай-ақ Атырау облысында 312 мекеме басшысы бірінші қабатқа көшіріліп, «Open Space» форматына 41 мекеме басшысы ауысты.
Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Оның ішінде жастармен жүргізген жұмыстарды ерекше атап өткен жөн. «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», деп Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен болатын. Бұл бағытта облысымызда департаментпен «Ізгілік елшісі» жобасы аясында волонтерлермен кездесулер, «Адалдың ісі» сыбайлас жемқорлыққа қарсы онлайн-квест, «Өзің оқы да өзгеге ұсын» жастар арасында буккроссинг шарасы, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларымен «Барлығы өзіңнің қолыңда» атты мотивация кеші, «Болашағың өз қолыңда» атты облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тәрбиеленушілерінің болашақ кәсіптерімен танысу мақсатында экскурсия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы адалдық сағаттары, «Адал ұрпақ – ел болашағы» дебат, коучинг форматындағы «Адамның ұяты бетінде – адамгершілігі ниетінде», тәрбие сағаттары, сурет байқауы, «Адал ұрпақ» клубы мүшелерінің слеті және т.б шаралар.
Ерекше атап өтер жайт, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі, жалпы қоғамның қарсылығы онымен күрестің қуатты құралына айналуы тиіс. Сонда ғана жемқорлыққа қарсы күрестен нәтиже шығады. Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні айқын нәрсе. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген жаңашылдықтар туралы айта кеткен жөн. Осы заңның қабылдануымен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңі басталды деген ойдамын. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді.
Аталған заң мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік органдарда кадрларды іріктеу жүйесін жалпы жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ меритократия қағидаттарын нығайту және халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырады.
Сонымен қатар «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама өткізу енгізілді.
«Бұл механизм заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында қойды. Тиісті ережелер тетіктерді әзірлеу кезінде ескеріледі. Барлық сараптамалық пікірлер көпшілікке қолжетімді болады.
Нығмеджан САПАРОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы