Дөңгелек үстел Қазақстан Президентінің көмекшісі Аида Балаева басқаратын Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылды. Президент Әкімшілігінің Қоғамдық қабылдауына мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан олардың өмір сүру деңгейін жақсарту туралы өтініш жиі түседі.
Азаматтарды қабылдаудың Жалпыреспубликалық күнін өткізу барысында Аида Балаева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдеріне мүгедек жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізу жөнінде тапсырма берген болатын.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық нормативтік актілер мен бағдарламаларды талдай келіп, қоғам белсенділерінің талап-тілектерін ескере отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Павлодар, Атырау облыстарындағы фронт-офисіндегі және көшпелі қабылдаулар кезіндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың шағымдары мен тілектеріне орай селекторлық жиын өткізді.
Қазақстан Президенті Әкімшілігі Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен аталған саланы үйлестіретін қолданыстағы барлық стратегиялық құжаттарға ревизия жасалды. 2025 жылға дейін мүгедек жандардың өмір сапасын жақсарту бойынша Ұлттық жоспар базалық құжат болып табылады.
Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі өзінің барлық жұмыс кезеңінде мүгедек жандардан түскен әрбір шағымды мұқият қадағалап отырады, сол себепті де дөңгелек үстел өткізуге бастамашы болып қана қоймай, оған дайындық жұмысына және аталған салада мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігіне талдау жасауға белсене қатысты.
Ұлттық жоспарды жүзеге асыру бойынша тек қана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі емес, сонымен қатар, ең алдымен, барлық деңгейдегі әкімдіктер де жауап беруі тиіс. Одан басқа аталған жұмысқа барлық мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар да атсалысуы керек. Ал жұмыстың әрбір кезеңін бақылап және дер кезінде оған түзету енгізіліп, азаматтардың барлық дабылына назар аударылуы қажет. Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің ұйғарымы осындай.
Президенттің көмекшісі А.Балаева осы бағыттағы жүйелі жұмысты жолға қоюдың маңыздылығын атап көрсетті, атап айтқанда, ведомствоаралық (министрліктер мен әкімдіктер арасындағы) бірлескен қимылдың тиімділігіне және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы коммуникациялық арналарды жолға қоюдың қажеттілігіне басымдық берілді.
Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі бастамашы болған дөңгелек үстел диалогтың арқасында әлеуметтік мәселелерді жүйелі деңгейде әбден шешуге болатындығын көрсетті.