Жаңақала өлкесі күйшіліктің ұлы мектебі тамыр жайған, домбырашылықты өнердің шыңы деп бағалаған жұрт екендігі баршамызға аян. Мәмен өз қатарластарымен өнер додасына түсуге тартынбаған.Оған дәлел, күй анасы Дина Нұрпейісова мен Мәмен арасындағы күй тартысы ел аузынан аңыз болып жеткен. Мәменнің күйлерін бүгінге дейін жеткізген күйшілеріміз Оқап Қабиғожин мен Қали Жантілеуов, Тұяқберді Шәмеловтің есімдерін атап өтуіміз қажет.
Мәменді күйші ретінде даралап тұратын қасиет – оның күйлеріндегі түр мен мазмұнның тұтастығы. Әуен – сазы мен бітім құрылысы байланысқан, дыбыстың иірімі тыңдаушыны елітетін күйлері тарихта қалған. «Ақшолпан», «Қайғылы қара», «Қаражан ханым» күйлері күйшінің ішкі сезімдерін білдірсе, «Он алтыншы жыл», «Дүрбелең» күйлері елдің басындағы тарихи-әлеуметтік жағдайды суреттейді.
Шілденің 22-жұлдызында жол үстінде келе жатып, өлкеміздің батагөй ақсақалы Ақмырза Батырхайырұлының аузынан Мәменнің «Қайғылы қара» атты күйінің шығу тарихын тыңдадым. Ақмырза ақсақал өз әңгімесінде: «Мәмен аңшылықты жаны сүйген. Бір күні аңшылыққа шығып, сонау төбеден қара белгіні көріп, құс екен деп топшылайды. Мылтығын қолына алып, атып салады. Жақындап қараса, көздеген құсы жалғыз ұлы Кәрім болып шығады. Бұл оқиғадан соң Мәмен «Қайғылы қара» деген күй шығарған», деп айтқан еді.
Ақмырза ақсақалдың аузынан күй тарихын естіген соң, Мәмен күйшінің мәңгілік мекеніне зиярат ету ойымда жүрген еді. Тамыз айының 19-жұлдызында Жәңгір хан бабамыздың басына барып, күре жолдың бойымен келе жатқан сәтте Жаңақала мекенінен Мәмен күйшінің кесенесі көрінді. Мәмен күйшінің кесенесінің ашылуына кезінде заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлы қатысқан. Мәмен күйшінің кесенесіне қадам басқан сәтте алтын зерлі жазумен көмкерілген құлпытас тұрды. Құлпытаста: «Қарақұнан Тана, Мәмен Мұратұлы (1868-1931)» деп жазылған. Көптеген ғылыми-зерттеу еңбегінде күйшінің тегі «Ералыұлы», «Ерғалиұлы» деп жазылып жүргені баршамызға белгілі. Бүгінгі таңда еңбектерді бір жүйеге келтіріп, күйшінің тегі дұрыс жазылса деген ұсыныс бар. Сонымен қатар өмір сүрген жылдарында қателіктер бар екендігін аңғарамыз.
Мәмен күйшінің жанында халық әртісі Тұяқберді Шәмелов (1951 – 2012) жерленген. Тұяқберді ағамыздың соңғы аманаты – Мәмен күйшінің жанына жерлену болған екен. Мәмен күйлерін насихаттауда Тұяқберді Шәмеловтің еңбегі орасан зор.
Иә, Жаңақалаға қадам басар сәтте қазақтың қос перзенті Мәмен мен Тұяқберді кесенесі тарихымыздың қос қанатындай үндестікті білдірді. Бір күйдің тарихы Мәмен әлемімен танысуға жол ашты. Еліміздің жастары ұлт тарихын ұлықтауға, ұлы тұлғаларымызды дәріптеуге жұмылса деген тілегім бар.
ӘДІЛБЕК ӨМІРЗАҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АТЫРАУ