Ол уақыттағы статистика шынайы көріністен алшақ болды. Дегенмен де, ресми деректер бойынша «сұрапыл» 90-жылдары тек адам өлтіру мен денсаулыққа ауыр зиян келтіру 80-жылдармен салыстырғанда 2 есеге, ал тонау 4 есеге өскен. Сол жылдарда басты мақсат криминалды тоқтату, адамдарды қорғау, мемлекетті сақтап қалу болды.
Бүгінде 90-жылдармен салыстырғанда адам өлтіру 3 есеге дерлік кеміді. Мәселен, 1996 жылы адам өлтіру саны 2,5 мыңнан асса, 2018 жылы – 900-ден сәл жоғары болды. Ауыр зиян келтіру 6 мың болса, 2018 жылғы қорытынды бойынша 2 мыңды құрады. Тонаулар 5 есеге қысқарды.
Жаһандық бейбітшілік индексінде Қазақстан 163 елдің ішінен 64-орынға ие болды. Бұл ТМД-дағы үздік көрсеткіш (Беларусь – 97, Өзбекстан – 102, Ресей – 154). Мұның барлығы да жыл өткен сайын елімізде өмір сүріп, жұмыс істеу әлдеқайда қауіпсіз бола бастағанын дәлелдейді. Жағдай 90-жылдармен салыстырғанда ғана емес, Кеңес өкіметінің ең гүлденген шағы 80-жылдармен салыстырғанның өзінде жақсырақ. Ол кезде Қазақ КСР-інде орташа есеппен алғанда жылына 1,5 мың кісі өлтіру қылмысы жасалатын. Бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 2 есеге төмен. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері жартылай қысқарған. Бұл мемлекеттің қылмысқа қарсы күрес жөніндегі кешенді жүйелі шараларының арқасында мүмкін болды.
Біріншіден, тәуелсіздік жылдарында маңызды бағдарламалық құжаттар мен тұжырымдамалар жүзеге асырылды, қажетті заңдар қабылданды, құқықтық көмек көрсету және қылмыскерлерді беру жөнінде халықаралық ынтымақтастық орнатылды, жаңа құқық қорғау жүйесі қалыптасты. 1997 жылдан бастап егеменді Қазақстанда тұңғыш рет Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, сондай-ақ Қылмыстық-атқару кодекстері қабылданды. Алайда, өмір жалпыадамзаттық құндылықтардың басымдығы, адам құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық-құқықтық қорғау мәселесіне батыл бұрылу, қылмыстық-құқықтық тыйымдардың тұрақты нарықтық экономиканың шарттарына сәйкестігі идеясына негізделген жаңа кодекстердің жасалуын талап етті. Араға 17 жыл салып, 2015 жылы жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері қабылданды.
Екіншіден, бір жағынан, қылмыстық статистиканың толықтығы мен нақтылығы, екінші жағынан, кез келген құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қамтамасыз етілді. Қылмыстылық көрінісі шынайы бола бастады. Мысалы, 2015 жылға дейін 6 мыңға жуық жасырылған қылмыс анықталды. Қазір бұл үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Қылмысты жасыру мәнін жоғалтты, өйткені барлық, тіпті ең ұсақ құқық бұзушылық та тіркеледі.
Үшіншіден, қазіргі таңда пенитенциарлық жүйенің тәсілдері түбегейлі қайта қаралған. Тәуелсіздік алған сәтте колонияларда барлық одақтас республикалардан 100 мыңнан астам адам отырды. Сол кезде Қазақстан жан басына шаққанда ең көп қамалғандар саны бар әлемдік көшбасшылардың үштігінде болды. 1986 жылы қамауға алынғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 676 болса, қазір – 213 адам. 30 жыл ішінде бұл контингент 3 есеге азайды. Соңғы сегіз жыл ішінде жүргізілген қылмыстық саясатты ізгілендіру нәтижесінде бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың саны жартысына жуық кеміді, тиісінше Қазақстанның түрме халқының әлемдік рейтингіндегі жайғасымы 3-орыннан (2000 жылы) 98-орынға (2019 жылғы 1 тамызға) ауысты.
Түрме халқының қысқаруына байланысты материалдық-тұрмыстық жағдайы нашар 12 мекеме таратылды. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар қолданылатын адамдардың пайыздық арақатынасы артты. Егер Тәуелсіздік алған кезде мұндайлар 10% болып, ал қалғандары колонияларға жіберілсе, ал қазір сотталғандардың 60%-ға жуығына пробациялық бақылау тағайындалады, ал 40%-ы бас бостандығынан айыру орындарына жіберіледі.
Төртіншіден, 2015 жылы Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінің қолданысқа енгізілуіне байланысты, артықшылықтармен қатар, пысықтай түсуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер де пайда болды.
Бірінші артықшылық. Қылмыстық кодекс ізгілене түсті. Оның репрессивтілігі 30%-ға төмендеді. Бұрын ұры кәнігі қылмыскер болып табылса, тіпті ұсақ ұрлық үшін де бас бостандығынан айыруға үкім шығарылатын. Мұндай олқылықтар қазір жойылды. Баламалы жазалар беріле бастады. Адамдар қоғам мен отбасынан оқшауланбай түзелуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің қорғауы күшейді. Экстремизм мен терроризм үшін жазалау күшейді, сепаратизм, әскери кикілжіңдерге қатысқаны үшін жауапкершілік енгізілді. Сыбайлас жемқорлар үшін мемлекеттік қызметте, ал педофилдерге балалармен жұмыс істеуге өмірлік тосқауыл қою күшіне енді. Бүгінгі күні химиялық кастрация туралы норма қабылданып, орындалуда.
Екінші артықшылық. Қылмыстық процесс барынша адамға бағыттала бастады. Тергеуге дейінгі тексерістің күші жойылды. Электронды қылмыстық іс енгізілді.
Бұрын іс қозғалғанға дейін ескі ҚІЖК жауап алуға, қарауға, алуға, сараптауға мүмкіндік берді. Адамдардың осы кезеңде ешқандай құқықтары болмады. Ал қазір қылмыстық іс дереу басталады, сол себепті адам процестің ең басында-ақ процессуалдық құқықтарын пайдалана алады. Айғақтарды сақтауға қою. Мыңнан астам адамнан тек бір рет жауап алынған. Кейін оларды мазаламаған. Бұл балалардың психикасына зақым келтірмеу үшін маңызды. Қашықтықтан сауал алу енгізілді. Енді қатты қажеттілік болмаса, басқа қалалардан ешкімді алып кетпейді. Адамдарға да, бюджетке де ыңғайлы әрі тиімді.
Миранда қағидаты іске қосылды, яғни ұстау кезінде дереу құқықтары оқылады. Қамауға алынғандар азая түсті, кепілзат жиі қолданылады.
Үшінші артықшылық. Соттың бақылауы күшейді. Процессуалдық заңнаманы жаңарту сот құзыреттері мен соттардың қолжетімділігі аясын кеңейтуге ықпал етті, азаматтар үшін өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін шектеуді толығымен жоюға мүмкіндік берді. Сот тек қамауға алуға ғана емес, тінтуге, алуға, мүлікке тыйым салуға және т. б. санкция береді. Тергеу мен прокурордың кез келген іс-әрекетіне сотқа шағымдануға болады.
Төртінші артықшылық. Қылмыстық кодекс ымыраға келуді кеңейтті. Бүгін, егер тараптар келісімге келсе, ал әрекет ауыр емес және адам өлімі болмаса, онда істі тоқтатуға міндетті. Жәбірленушілер де, кінәлілер де разы. Соттар, прокурорлар мен тергеушілер көп уақытын күрделі істерге арнайды.
Қылмыстық заңда жаза тағайындау кезінде ізгілендіруге ықпал еткен жаңашылдықтардың бірі қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы немесе сотталған арасында жасалатын «Процестік келісім» институты болып табылады. Бұл институтты «сот төрелігімен мәміле» деп те атайды.
Бесінші артықшылық. Кінәні мойындауды енгізу. Аталған институттың мақсаты – қылмыстарды жедел және толық ашу, тергеу және сотқа дейінгі іс жүргізуді және істі қысқартылған тәртіппен сотта қарауды жүзеге асыру жолымен қылмыстық процестің өзге де міндеттерін жедел орындау. Келтірілген залал тез өтеліп, жаза жеңілдетіледі.
Алтыншы артықшылық. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау шеңберінде «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» енгізілді. Қай көшеде, қай үйде, қашан және қандай қылмыс жасалғандығын тікелей көруге болады. Кез келген қылмыс, оны тіркегеннен соң, 3-4 минуттан кейін картада көрініс табады. Бұл тұрғындарға қолайлы, өйткені үйге, жұмысқа, мектепке баратын қауіпсіз бағыттарды құруға болады. Картаның басты мақсаты – тұрғындарды құқық бұзушылықпен күресуге тарту және олардың өмірін барынша қауіпсіз ету.
Өткен жылдың 2 қыркүйегінде Президент Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында екінші негізгі басымдық ретінде азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді белгіледі. Бұл саладағы өзекті міндеттердің бірі – барлық құқық қорғау жүйесін толық реформалау болып қала береді.
Бұл ретте мемлекеттің күштік құралы ретінде көрінетін полицияның бейнесі жүре-бара ұмытылып, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта құру міндетін қойды. Күштік құрылымдарды реформалау, бұл – қазіргі мәселелерді, әлемдік тәжірибені, қоғамның қалауы мен мемлекеттің мүмкіндігін жан-жақты талдауға арналған күрделі процесс.
Нұрлан БИЕКЕНОВ,
заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі