Қармақшыда ІІІ Интернационал атты ауыл бар. Сан ұлттың басын қосқан елді мекен ежелден бірлік арқылы жеткен берекесімен танымал. Осы ауылда тудым, ер жеттім, еңбек жолымды механизатор болып бастадым. Әскерден оралып, кәсібімді қайта жалғастырдым. 2005 жылдан бастап тәуекел ердің ісі деп, «Ақниет» шаруа қожалығын аштым.
Бұл жерде айтпағым, қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген жақсы сөз бар ғой. Кезінде аталарымыз арып-ашып жеткенде, олардың қолтығынан демеп, жарты дәнді жарып берген қазақтар болмаса біз бұл күнге жетпес едік.
Шүкір, еңбек адамы ретінде елеусіз қалған кезім жоқ. Бірнеше мәрте грамоталар алдым, «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының иегері атандым. Осы жетістік биігінде тұрған сәтте есіме ең алдымен қазақтардың бізге жасаған жақсылығы түседі.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген бар. Біз талай кезеңнен бірлігіміздің арқасында аман өттік. Қазақстан еркіндік алған жылдары «көп этносты мемлекет енді іштен іриді» деген мысықтілеулі болжам жасағандар да болмай қалған жоқ. Бірақ қазақ бауырларымыздың дархандығының арқасында олардың дегені бола қойған жоқ, қайта бірлігіміз беки түсті.
Бізде басқа Отан жоқ. Үлкен ұлым Абдулла жергілікті университетті бітіріп, мұнай саласында жұмыс істеп жатыр. Екінші ұлым Изнул да – жоғарғы білімді маман. Қазір шаруа қожалығында маған қолқабыс етіп жүр. Қызым Рабия медицина саласын таңдады. Ол да болашақта маман ретінде осы өңірдің, елдің өркендеуіне үлес қоспақ.
Қашқансудың табанынан құт тапқан түріктердің қазақ бауырлармен мұраты ортақ, мүддесі бір.
Аштар МУРАТОВ,
«Ақниет» ШҚ төрағасы
Қызылорда облысы