Қоғам • 02 Наурыз, 2020

Елордалық «Рухани жаңғыру» білім орталығында екі күндік семинар-тренинг жұмысы басталды

443 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылға арналған жоспар бойынша «Рухани жаңғыру» білім орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарын түсіндіру мақсатында 600 адамға курс ұйымдастырып, көшпелі дәріспен 5000 адамды қамтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елордалық «Рухани жаңғыру» білім орталығында екі күндік семинар-тренинг жұмысы басталды

Көктемнің алғашқы күнінде «Рухани жаңғыру» білім орталығы екікүндік семинар-тренинг жұмысын өткізді. Спикер ретінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышхан шақырылып, «Алғыс айту күні – ұрпақты достық пен толеранттылыққа тәрбиелеу мерекесі» тақырыбында дәріс оқылды. Дәрістің мәні – ұрпақ тәрбиесіндегі алғыс айту мерекесінің түп мағынасына үңілу, ізгі қоғамды құруда рухани құндылықтардың маңызы мен адамның жан дүниесіндегі тазалық пен кемелдікті адамдар арасындағы риясыз қарым-қатынастың негізі ретінде қарастыру.

Сондай-ақ шара барысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айкүміс Омарбекова «Рухани-адамгерішілік білім берудің психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинар аясында заманауи білім кеңістігін ізгілендірудің жаңа тәсілдері, психологиялық және педагогикалық қағидаттары мен шарттары қарастырылды.

Дәрістің екінші күні кәсіби коуч Әсел Мұратова «Эмоционалды интеллектіні тәрбие құралы ретінде пайдалану» тақырыбында тренинг өткізсе, философ, мәдениеттанушы Салтанат Әлімқұлова «Жаһандану процесі және ұлттық бірегейлікті сақтау» тақырыбында дәріс оқыды. Еске салсақ, былтыр өткен 10 семинар-тренингке қаланың 32 колледжінің, 87 жалпы білім беру мекемелерінің, 11 қосымша білім беру, 95 балабақша және 17 мәдени нысандарының 250 қызметкері қатысты. Шара аясында 357 адамға елорданың сакралды нысандары бойынша экскурсия жүргізілді.

Сонымен қатар қаланың орта және білім беру мекемелерінде 51 көшпелі-дәріс ұйымдастырылып, оған 4 050 адам қамтылды. Сондай-ақ орталық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін қала тұрғындарына арналған  «Парасат» оқырман клубы мен «Аманат» үйірмесінің кездесулерін апта сайын ұйымдастырады. Клуб жұмысы барысында зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өткізіледі. Одан бөлек, орталық мемлекеттің дамуына үлес қосып, «100 жаңа есімге» енген тұлғалардың жетістікке жету жолын насихаттау үшін кездесулер ұйымдастырады.