Мысалы, қазір «бір күні – жылға азық» болатын көктем жақын, еңбек адамдары бір қолын екі ете алмай жүр. Соған қарамастан, жақында жылдық қорытынды концертімізді бердік, Орал қаласындағы «Достық үйінде» көрме ұйымдастырып, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді көрсеттік.
Тағдырдың жазуымен корейлердің қазақ топырағына келгеніне 83 жылға ауып барады. 2012 жылы облыстағы корей қауымдастығы басқармасының бастамасымен Орал қаласында «Қазақ халқына мың алғыс!» атты мемориал тұрғыздық. Ескерткіште аялы алақанда тұрған жүрек бейнеленген. Біз 1937 жылы атажұрттан күштеп қоныс аударған ата-бабамызды жыл сайын осы жерде еске аламыз, олардың көрген қиындығын ұмытпаймыз, ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз. Біз қазақ халқына корейлердің басына ауыр күн туғанда жәрдем бергені үшін рахмет айтамыз. Сол кездері қазақ халқының өзіне де оңай болған жоқ еді, кедейшілікте еді. Соған қарамастан, жарты нанымен, киімімен, баспанасымен бөлісті. Қазақтар өздерінің жомарттығымен, қайырымдылығымен бүкіл әлемге толерантты, өте мейірімді, қонақжай халық екенін дәлелдеді. Біз мұны өз басымыздан өткердік. Қазақ үшін ауып келген корей де, чешен де, поляк та бірдей болды, ешкімді дініне, түріне бөліп алаламады, бәріне құшағын ашты. Міне, бүгін біз бәріміз бір атаның баласындай болып, ел игілігі үшін қызмет етудеміз.
Біздің Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің елдегі шағын халықтар үшін Қазақстан – кіші Отан» деген еді. Бірақ мен үшін Қазақстан – үлкен Отан! Өйткені Қазақстанда менің балаларым туды, өсті, адам болды. Мен өзім де осы жерде адам болып қалыптастым, білім алдым. Әлемдегі ең қымбат қазына – адам денсаулығы үшін күресетін дәрігер мамандығын игердім. Бүгінде Бөрлі аудандық мәслихатының депутатымын.
Жеке өз басым қазақ халқына разылығымды білдіру үшін жетімдер үйінен қазақ баласын асырап, бауырыма бастым. Біздің үйге келгенде Асхат 14 жаста болатын, қазір жасы 26-ға қарады. Мен оған өз бойымдағы барлық жақсы дағдымды беруге тырыстым. Екі жыл бұрын ұлымды үйлендірдім, былтыр қазақ келінім маған немере сыйлады. Осылайша Орал қаласында менің тағы бір үйім пайда болды. Ұлымды патриот етіп тәрбиеледім, ол өзінің тарихын, ана тілін жақсы біледі. Оған қоса ұлым корей мәдениетімен де жақсы таныс. Қазақтар айтқандай, «екі енені тел емген телқоңырдай» болды. Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы.
Жалпы, біздің әулетіміз – сан ұлттан құралған интернационал шаңырақ. Біздің арамызда өзбек те, неміс те, орыс та, чешен де, белорус та бар. Біз өте тату, ынтымақта өмір сүріп келеміз. Қазақ халқына тек бейбітшілік, бақыт тілейміз. Тыныштық – қорғауды тілейді. Сәл ұшқыннан өрт шығатынын біз Қордай оқиғасынан көрдік. Біз ол оқиғадан сабақ алуымыз керек, Тұңғыш Президент салып берген ынтымақ жолымен жүруіміз керек. Біздің елдегі Ассамблея институты – бүкіл әлемде жоқ достық ордасы. Біз, батысқазақстандық корейлер де ел ынтымағы үшін бар күшімізді жұмсаймыз.
...Былтыр досым Владимир Хон екеумізді Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ ауылына шақырды. Ауылының тарихын зерттеп жүрген жас жігіт үлкендерден осы елді мекеннің бір көшесі бұрын «Корейлер көшесі» деп аталғанын естіп, оның сырын білмек болады. Сөйтсе 1937 жылдың қара күзінде 41 корей отбасын дәл осы ауылдың сыртына әкеліп, түсіріп кеткен екен. Айдалада, қара суықта жат жерге тап болған бейшаралар сол түні балалары мен әйелдерін ортаға алып, бір жерге ұйысып түнейді. Сол түні қалың қар жауып, бәрін басып қалады. Ертеңіне таңертең осы жерден кішкене қызын ертіп өтіп бара жатқан жергілікті малшы қазақ белгісіз төмпешікті байқайды. Астынан болар-болмас бу шығып, қозғалатындай. Сол жерде қызы екеуі қар астынан 162 адамды қазып алып, ауылына алып келеді, әр үйге бөлісіп алады. Келер көктемде бұл корейлер өздеріне үй салып, ол көше «корей көше» аталған екен. Осы ауылдан 3 шақырым жерден корейлер егіс алқабын жасап, Жайықтан су тартып, күріш егіпті. Осының бәрін қолмен жасаған. Қанша еңбек десеңші. Міне, 1937 жылдан 1949 жылға дейін корейлер сол ауылда еңбек етті. Тек 1949 жылы корейлерге көшіп-қонуға рұқсат берілген соң ғана олар аласапыранда адасқан өзге ағайындарын іздеп, оңтүстікке ойысты. Білесіз бе, дәл осы Жаңабұлаққа тағдыр айдап әкелген 162 адамның бірі Владимир Николайұлының анасы екен. Ол бүгін тірі, 91 жаста, Таразда тұрады. Осы оқиғаны естіп, қатты толқыған Владимир Хон: «Қазірден бастап Жаңабұлақ ауылының әр тұрғыны – менің бауырым!» деді. Біз ата-бабамыздың көз жасы мен маңдай тері сіңген күріш алқабы орнына барып, топыраққа тәу еттік. Мен сол жерден бір шөкім топырақ алып, Ақсай қаласындағы музейге қойдым...
Виталий АН,
Корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі
Батыс Қазақстан облысы