Александр Викторович Затаевич Орал өңірінен бұл әннің екі нұсқасын нотаға түсірген. Екеуінде де ән – «Я, пірім» деп аталған. Біріншісін Құлсүйіндік деген ауылда әкесі қазақ, шешесі қалмақ – Шомбал Доспамбаев есімді әнші жаздырған. Екіншісін берген әнші – Ғалымжан Шынғалиев. Соңғы әнші жөнінде Затаевич: «Песню эту, по словам сообщившего ее Г.Шынгалиева, пели в конном строю казахи, выступавшие в 1920-1921 годах против бандитских шаек в Уральской губернии» – деп қызықты дерек қалдырды.
Затаевичтің бұл сөзін тірілтетін мынадай бір жағдайдың куәсі болдым: 1976 жылы күз айында (ол кезде мен қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы едім.) Кеңес Одағының халық әртісі, опера әншісі Ришат Абдуллин аспаптық трионың сүйемелдеуімен біраз әндерді радио студиясында бір апта бойы жаздырғаны бар. «Япурай» әніне ерекше мән беріп, оның бірнеше дублін жасап: «Көп әнім бір төбе, «Япурайым» бір төбе» дегені есімде. Кейін ол әндерді көркемдік кеңестің шешімімен алтын қорға қабылдағанымызда сол мәжіліске арнайы шақырылған композитор Латиф Хамиди былай деді: «Е, бұл «Япурай» әніне менің ықыласымды ерекше аударған кісі – Қалибек Қуанышбаев еді. Сонау бір жылдарда қазақ драма театры Қызылорда қаласында жұмыс істей бастағанда спектакльдер арасында концерттер де қойылған. Қазақтың көп әні сол кезде жарқырап тұрып көрінген. Режиссер Жұмат Шанин «Япурай» әнін Иса Байзақовқа орындатып, жаны рахат табады екен. Қалибек осыны дәйім тамсана сөз ететін-ді. Келе-келе бұл ән Құрманбек Жандарбековтің орындауында отызыншы жылдардың ортасында басқа бір қырынан танылды. Мен дәл сол кезде Алматыға келген едім. Құрманғазы атындағы оркестрде Ахмет Жұбановпен бірге дирижер болып жұмыс істеп жүргенімде қалалар мен ауылдарда болып жататын концерттерде талай әншіге фортепианомен сүйемел жасаған кездерім болды. Сонда «Япурай» әнінің сүттей ұйыған сұлу әуезіне жан-тәніммен берілдім. Семейде драма театры ашылғанда оған біраз уақыт музыка жағынан көркемдік жетекші болып, концерттерге ылғи осы «Япурай» әнін қосып жүрдім. Абай елі мұндай сабырлы, ойлы, сырлы әндердің қадірін біледі. Талғамы биік жұрт. Бір жолы мен Мұхтар Әуезовтің айтуымен Абай әулетінің Архам есімді үні зор әншісінен «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін нотаға түсіріп, оның фортепианоға үйлесе кеткен қоңыр даусына қызығып, ойда жоқта «Япурай» әніне түсіп кеткенімді байқамай қалдым. Сонда кер мінез Архам ағай: «Бұл қай ел, қай жердің әні? Мен естімеппін. Бір қол жетпейтін ән ғой, өзі», деп терең ойға кетті. Мен бұл әнді Иса Байзақовтан да тыңдадым. Исаның тенор үнінде құштарлық сезім дуылдап тұратын еді. Содан болу керек, іштегі жалыны шыдатпай бар қызуы сыртқа теуіп, дерт сарғайтып жүрген өңінде қызыл нұр ойнайтын. «Япурайға» ешнәрсені теңгермейтін-ді. Ол өзі қазақтың біраз әніне жаңаша сөз жазғанда «Япурайды» әдейі таңдап алған-ды. Радионың қорында Құрманбек Жандарбеков жаздырған «Япурай» да бар еді. Соңғы жылдарда мүлде берілмей кетті. Құрекең де өзінше бар жанын салып, үнін толқындай дірілдетіп-ақ бағатын. Олардың жөні бір бөлек, ал Ришат Абдуллиннің «Япурайы» – нағыз классика! Білмеймін, Ришаттан кейін «Япурай»…білмеймін. Оған Ришаттың жүрегіндей толқитын жүрек керек. «Япурайдың» өз сөзі Құрманбектің орындауында сақталған. Ал Исаның нұсқасы – ол да керемет, «Япурайдың» құдіретіне еш нұқсан келтірген жоқ. «Япурай» сол сөзімен әлі айтылып келеді».
Композитор Латиф Хамидидің төгіле сөз етіп отырған «Япурай» әніне Иса Байзақовтың жазған өлеңі:
Жаз болса жарқыраған көлдің беті,
Көгеріп толқындайды,
япур-ай, алыс шеті.
Дірілдеп толқын басқан мөлдір суы,
Шайқайды жас баладай,
япур-ай, желдің лебі.
Алтын бу ақ көбікпен бетін жабар,
Судан бу көкке төніп, япур-ай,
маржан тағар.
Есіме ақ еркемді алған кезде,
Ақмаржан жылт-жылт етіп,
япур-ай, жерге тамар.
– деп мөлтілдейді. Қандай сырлы элегия! Әннің төл сөзі секілді. Табиғи жарасып, үндесіп кеткен.
Иса жүрегінің лүпілі, ол! Осы әнді тап өзі шығарған ба, япыр-ау, деп еріксіз таңғаласыз. Табынасыз.
Музыка редакциясында қызмет еткен әріптес редакторлардың бәрі біледі, жетпісінші жылдардың орта кезінде радионың фонотека қорын реттеуге жан-жақты кірістік. Ұшы-қиыры жоқ алтын қордың не бар, не жоғын біліп, журналдарға тізіп, картотекалар жасап, бәр-бәрін жөн-жөніне қойғандай болдық. Оны фонотеканың аға редакторы Баймұрат Жоламанов ықтиятты түрде жүргізді. Сол қауырт істің үстінде небір булығып, тұншығып жатқан әндерге кез болдық. Дүниеден көзі өткен ірі әншілерден бастап, кейін қайтыс болған әншілердің орындауындағы шығармаларды бөлек-бөлек көшіріп, қозғалмайтын мұра есебінде арнайы сөрелерге қойдық. Әр әншінің қандай әндері бар екенін білдік. Нанасыз ба, қазақтың ән өнеріндегі ірі тұлға – Құрманбек Жандарбековтің радио қорына жаздырған әндері небәрі он жеті-ақ минут болып шықты. Сол әндердің бірі «Япурай» о бастағы екі шумақ сөзімен жарқ ете түскені. Ал кеп тыңда. Қайта-қайта тыңдадық. Құрекеңнің даусында қырыл бар. Дикциясы да анық емес. Пленка да ескірген. Мен мұқият қадалып отырып:
Аршын төс, алма мойын, қасың қиық,
Керілген бір перизат, сөзің тұйық.
Қасыңа келсем болды, шырмаламын,
Кетеді қандай шіркін көзі қиып.
– деген шумағын ғана жазып алдым. Аңсап келген асық көңілдің қауышқан сәттегі жан шыдатпас ыстық лепті құмарлық сезімі. Иса Байзақов өз нұсқасында жанарынан жас тамшылатқан лирикалық кейіпкерді көл жағасында алыстан зарықтырады. Бар айырма осы ғана.
«Япурай» қазақтың халық әндерінің нұрлы лиризмге тұнған тіл байлар інжу-маржаны! Оның сол іңкәрлігіне қызыққан Сергей Рахманинов өзінің ең соңғы шырайлы шығармаларының бірі – «Симфониялық билеріне» (1940) «Япурай» әнін өте әсерлі етіп қолданыпты.
«Япурайды» виолончельде балбыратқанда Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдағандай бір ғажайып әлемге енемін.
* * *
«Япурайдың» о бастағы төл сөзі осылайша табылды деп ойланып жүргенде мынадай оқиға болды: Радиода мен басқарып отырған музыка редакциясында атақты әнші Манарбек Ержановтың Гауһар есімді бір сүйкімді қызы редактор болып қызмет ететін. Сол Гауһар бір күні: «Аға, сізге мамам сәлем айтты. Өзімізге жақын бір-екі сыйлас кісіні және өзіңіз жақсы көретін Ғарифолла Құрманғалиевті қонаққа шақырып отыр. Сіздің болғаныңызды қалайды, мамам», деді. Бұл уәжге көне кеттім, Ғарекеңді осындай отырыста емін-еркін сөйлеткім келді. Көкейімде көп сауал бар…
Манекеңнің үйіндегі сол отырыста жүзінен ибалы нұры төгілген Зарипа шешеміздің мол дастарқаны Ғарекеңнің жан сергіткен әңгімелерімен өте қызықты, ғибратты болды. «Қыз Жібек» операсында Шегенің ариясын Манекеңнен кейін жарқылдата, шалқыта ойнаған Ғарекең ғой, бұл! Манекең жайында қыруар естелік айтылды. Манекең жөнінде Ғарекеңнің тебірене жылап сөйлегені пір тұтқан ұстазына деген құрмет белгісіндей көрінді маған. Мен де толқып, тебіреніп кеттім. Әсерлі әңгіменің бір тұсында Ғарекең көзі жасаурап, маған қадала қарады да: – Ұғып ал, жаным, бұл көкейімде беріш болып қатқан бір құпия сыр еді, мен алғаш рет Алматыға келіп, опера театрына әнші болып кірген кездерде режиссеріміз Құрманбек Жандарбеков мені көп тыңдап жүрді. Біздің Орал жағының әндеріне құлай берілді, мені қолпаштап қойып «Я, пірім» деп, өз еліміз атайтын осы бір әнді жиі-жиі айтқызды. Ал бір күні Құрекең әнді түгел үйреніп алды. Осы тірлігіне мәз болып, мені мақтап, арқамнан қағып қояды. Мен де соған мәзбін. Кейін арада көп уақыт өткенде Құрекең маған бұл әнді радиоға жаздырғанын айтты. Мен бұған қуандым, әрине. Бірақ радиодан тыңдай алмай қойдым. Сөйтіп жүргенде ақыры ән радиодан берілді. Тыңдадым. Әннің мен берген үш шумағының мына:
Ай туса жарқырайды Еділ-Жайық,
Толқиды сол дарияда алтын қайық.
Алыстан ат арытып келгенімде,
Алдымнан шыға қойшы құшақ жайып.
– дейтін бірінші шумағы айтылмады. Аң-таңмын. Не дерімді білмей, дағдарып іштей тосылдым. Құрекеңе не деуім керек? Осыған басым қатты. «Қыз Жібек» операсының кезекті бір репетициясы кезінде Құрекең Бекежанды ой жарқылдатты дейсіз, дирижер Леонид Шаргародский де ерекше желпініп: «Бесподобно! Гениально! Превосходно! Хватит, Бекежан!», деп сол лепірген күйі қуанып айқай салды. Бәріміз қол соғып шу ете түстік. Осы бір керемет сәтті пайдаланып, жалындай жанып, екі иінінен алқына дем алып, алабұртып тұрған Құрекеңді құшақтай алып: «Қалтамда кездігім бар, саныңа пісіп алам, Бекежан, айт шыныңды, «Япурайдың» бірінші шумағы қайда?» дедім, әдеттегі еркелігіме басып. Ентігіп уһілеген Құрекең: «Ұмыттым… ұмыттым» деді. Сөз осымен тынды. Оның сырын біле алмай дүдәмал күйде жүре бердім. Ал әлгі шумақты ұмытқан Құрекең әнді қайта жаздырған жоқ… келе-келе радиоға жаздырған екі-үш әні мүлде ұмыт болды. Ал шырағым, «Я, пірім…», иә бүгінде «Япурай» дейміз, осы есіл әннің әлгі сөзін қосып, бір есті әншілерге берші… баритондар айтсын. Мен сияқты тенорларға келе бермейді, Ришат Абдуллин мен Ермек Серкебаевтар бағын ашады. Осы есіңде болсын», деді.
Кейін бұл әннің ұмыт болған әлгі шумағын біраз әншілерге бердім, амал не, ол тілегім әлі орындалған жоқ. «Япурай» Иса Байзақов жазған жаңа сөзбен айтылып жүр…
Ілия ЖАҚАНОВ,
Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі