Сүрлігіп жүріп сүйріктей-сүйріктей бес жігіт жатақхананың бір бөлмесінде тоқайластық. Таныстық. Шетінен ақын. Ағып тұр! Ортасында осалы жоқ-ау! Аты- жөнімізді сұрасып, ептеп шүйіркелескесін:
– Мектепті қалай бітірдің? – деп сұрастық өзара.
– Аттестатымның жартысы «бес», жартысы «төрт!» – деді біреуі ағынан ақтарылып.
– «Төртім» – төртеу, қалғаны «Бес!» – деді екіншісі.
– Екі сабақтан «үшім» бар. Математика мен физикадан! – деді үшіншісі.
Екі беті борықтай, еріні шиедей қып-қызыл жігіт сәл-пәл күмілжіп, қысылып-қымтырылғандай сыңай танытты да:
«Төрт жоқ!» – деді қысқа ғана. Бәріміз шу ете қалдық:
– Немене, сонда аттестатыңның бәрі «үш» пе? – дедік үрпиісіп. Сөйтсек, ол мектепті алтын медальмен бітірген екен. Ол баламыз оқуға оп-оңай қабылданды, бір-ақ пәнді үздік тапсырды да белестен өтті. Қалған екеуі «заочный» түсті. Ал аттестатымның жартысы «бес», жартысы «төрт» деген Қайырбек Асанов екеуміз шамаданымызды арқалап ауылға қайттық.
Келесі жылы... Тағы да Қайырбекпен ұшырасып, тағы да бір бөлмеде жаттық. Мұң-зарымыз ортақ. Әйтеуір, құдай көз жасымызды көріп, жолымыз оңғарылды. Студент атандық. Қайырбектің жырымен сөйлесек:
Мезгілі бітіп, абитуриенттік аз күннің,
Бағымыз жанып, студенті болып КазГУ-дің,
Алғашқы күннен әліппесін біз бастадық
Журналистикадағы шеберлік пенен жазудың.
Ол кезде жатақхана тапшы. Жетіспейді. Қайырбек және Аралдың Аманөткелінен келген Айкөрген Әбілев, көкшетаулық Мұхамедия Жұмағалиев және ерейментаулық Амангелді Жұмабеков бесеуміз пәтер жалдап, бірге тұрдық. «Ырысты, күрішті Қызылордада» туғандықтан ба, Қайырбектің бұқтырған палауын анау-мынау өзбегің әй, пісіре алмайды-ау! Әр адамның сүйікті ісі, жанына жақын бір «хоббиі» болады ғой. Қайырбектің «хоббиі» – палау пісіру. Сосын киім үтіктеу. Шалбарына қарасаң Оспанхан ағам айтқандай «қырынан қыл құлайды». Ал қалған уақыттарда бұрқыратып өлең жазады. Бірақ поэзия «хоббиі» емес, алғашқы махаббаты сияқты. Тәуір теңеу, бейнелі тіркес, бедерлі сөз тапқанда балаша қуанып, бақытқа кенелгендей сезінеді. Оқиды. Мәнерлеп оқиды. Қайта-қайта оқиды. «Дүниеде сенен басқа ақын жоқ па осы? Қойшы енді, Қайреке!» – дегіміз келеді. Бірақ бата алмаймыз. Бізден бес-алты жас үлкен. Сақа жігіт. Әскерде болған. Тереңөзек ауданындағы «Қараөзек» совхозында комсомол комитетінің хатшысы болған. Бокспен айналысқан. «Таяқ жейміз бе» – деп және тайсаламыз.
Күндердің күнінде курстасымыз Күләштің өлеңін жатқа оқуды шығарды. Күләш! Кәдімгі Күләш Ахметова. Ақжарма ақындығын алғашқы курста-ақ мойындап қойғанбыз.
Жексенбі күні еді. Таң атпай Қайырбек ұйқымыздан оятты. «Өй, өңшең маубас!» деп төсегімізден тұрғызды. «Есіктің алдын сыпыр!» – деді маған. Ал Айкөргенге «Үйді тазала!» деді. Өзі ет турап, пияз аршып, палауына кірісті. Бұл не дүрбелең? Сөйтсек, Күләш курстасымызды Ізімкүл құрбысымен түскі қонаққа шақырса керек. «Кілең ақын бас қосса, тар бөлмеде тамаша поэзия кеші өтетін шығар?» деп жорамалдадық.
Өмір бойы аялаумен өтемін,
Жүрегімді түсінбесең не етемін?
Бұрын қалай сезбегенмін, тәңір-ау,
Махаббаттың мұнша күшті екенін!
«Қазір қара да тұр. Қайырбек дәп осы өлеңін оқиды» деп ойладық. Е-һе-е, жорамалымыз жолда қалды. Әсемдік, әдемілік туралы әңгімені ғана өрбітіп отырды. Әшейінде тайдай тапырақтап тұратын Қайырбегіміз желіге байланған құлындай жуасып қалыпты. Оу, бұл ненің әсері?
Күләштің поэзиясы ма? Жо-жоқ, сөйтсек Қайырбек көкеміз Күләшқа ғашық екен. Тіл-ауыздан айырылып, мылқау болып қалғанын алғаш рет аңғардық. Көп ұзамай екінші курстың қақ ортасында шаңырақ құрды. Несін жасырайық, бізден кетіп Күләшпен тұрғаны әуелгіде арқамызға аяздай батты. Күнде күркіреп өлең оқитын Қайырбек жоқ. Іздейміз. Алаңдаймыз. Сағынамыз... Бір күні Қайырбек досымыз екі кештің арасында біздің пәтерімізге келіп өлең оқыды. Әсіресе, көктем туралы шуақты шумақтары бәрімізге әсер етті.
Бұл шақтарда аңсау қиын
күнді өткен,
Құмарлана иіскейміз гүлді еппен.
Көкек айы үлестіріп кетіпті,
Әр жігіттің құшағына бір
«Көктем!»...
Шіркін, студенттік шақтар-ай! Курсымыздағы елу баланың елуі де ақын еді ғой. Кейінірек кеміп кетті. Саяз судай сарқырап аққандары поэзия теңізіне құя алмай тағдырдың тақырына сіңіп, жыра-жырасына бөлініп сарқылып қалды. Қайрекеңнің ағысы өз мінезіндей бірқалыпты. Не тасымайды, не ортаймайды. Алғашқы курстан-ақ поэзия үйірмесін құрып, шаранасы кеппеген өлеңдерімізді талдайды. Жетекшіміз – Қайырбек.
Белсенді. Жанпейіс Қарақұсов, Хабижан Құсайынов, Абдул-Хамид Мархабаев сияқты ұстаздарымызбен терезесі тең профессордай емін-еркін сейіл құратын. Бұл – бір жағы. Екіншіден – ол бәріміздің «старостамыз».
Қолтығында журнал. Сабаққа келген-келмегенімізді белгілейді. Адалдығы сондай, ымыраға көнбейді ғой. Дәріске қашып-пысып қатыспағандардың тұсына «Н.Б.» деп түртіп қояды. Онысы орысша қысқарған сөз – «Не был» деген мағынаны білдіреді. Қазақшасы – «Қатыспақ түгіл, қарасын да көрсеткен жоқ» деген сөз. Бұл белгінің өзі студенттер үшін ату жазасына шығарған үкіммен бірдей еді. Сылтауы көп жырау курстасымыз Мейрам Оралов күндердің-күнінде Қайырбекті баяғының батырларындай жырлады. Бір шумағы есімде:
Староста Асанов
«Шаш ал!» десе, бас алып,
Журнал беті қып-қызыл,
Күнде белгі жасалып...
Міне, өмір! Құдай сәтін салса, енді төрт-бес айдан соң Қайырбекпен алғаш рет қауышқанымызға елу үш жыл болады екен. Елу үш жыл! Аз ғұмыр емес. Егер ақын күніне бір өлең жазса... О-хо-о, есептей беріңіз, елу үш жылда қанша өлең? Бірақ поэзия «Жүз саулықтан пәленбай қозы аламыз!» деп мәлімет беретін шаруашылықтың міндеттемесі емес. Елу үш жылда алты алаш айта жүретіндей айдарлы бір-ақ өлең тууы да ықтимал. Мың өлең жазып, бір-ақ туындысымен тарихта қалған ақындар аз ба? Біздің Қайырбек сан қуған жоқ, сапасы мықты саф алтындай поэзияны іздеді. Жырды нөсердей төккен Мұқағали Мақатаевтың өзі:
Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай,
Жыр жаза алмай жүрмін мен
Расулдай!
– деп, Ғамзатовты бағалауы киелі өнерді пір тұтқандық. Студент шағының өзінде-ақ ақтаңгер ақын Мұқағалимен біраз жылдарын өткізгенін білемін. Ақын қайтыс болғаннан кейін Мұқағали ағасын сағынғаннан болар, жыр жолдарын көз жасындай тамшылатты.
Қарасазың аман, аға, сұраған,
Барлығы да, барлығы да дін-аман.
Тек сағынып қалғандай-ақ бар досың,
Сағыныш боп сарғаюда Жыр-Анаң.
Абайсызда Ай-арманы құлаған
Қайран менің ұлы ағам!
Алайда, Қайырбек «Расул Ғамзатовтай өлең жазбадым-ау» деп өкінбеген сыңайлы. Өйткені өмірдегі сезінгенін, түйсінгенін табиғи қалпында өрнектеп, тамшыдай ойды қамшыдай өре білген ақын.
Кеш бастадым, бәрін де кеш бастадым,
Жүрген жолын өзгенің еш баспадым.
Көкірегімде бұйығып жатқан жырды
Шығармадым, бірақ та қоштаспадым.
«Әр қаламгер әдебиетке өнерімен ғана емес, өзінің мінезімен де сіңісуі керек» деген ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің қағидасын ойлағанымда, Қайырбек елестейді. Жібектей жігіт! Кейде оның аңғалдығы мен сенгіштігіне қарап, қаз-қалпында қалып қойған дәу балаға ұқсатамын.
Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйінде демалып жатқан сөз зергері Ғабит Мүсіреповке арнайы дастарқан жайып інілік ізет жасағанын көргенімде «Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар» деуші еді, біздің Қайрекең кісі екен ғой» деп іштей топшылағаным бар. Сөйтсем бұл берекелі ісінің бер жағы ғана екен. Әсіресе «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі болып жеті-сегіз жылдай тер төккен кезеңінде редактор Сейдахмет Бердіқұловқа жұмыс барысымен, кейде сәлем бере келген ұлтымыздың ұлағатты тұлғалары Қайырбекке де бір соқпай кетпейтініне қызығатынбыз. Неге? Маңайындағыларды магниттей тартатын тылсым қасиеті ме?
Кірпияз Сейдағаң оның адалдығына, азаматтығына, жүріс-тұрысына риза. Әсіресе газетті көркемдеп, шебер безендірген күндері «Жігіттің сұлтаны біздің Қайроштай-ақ болар. Макет жасаудың маршалы ғой» деп отыратын. Сол Сейдахмет ағаның демеуімен, ақын апайымыз Фариза Оңғарсынованың жанашырлығымен үш бөлмелі пәтердің кілтін алып, жаңа үйге, қоныс аударғандағы жас баладай қуанғанын көрдім. Кейін 10 жылдай Асқар Сүлейменовпен көрші болды. «Адам көркі – шүберек» дейді ғой, шүберексіз де көркем жігіт Қайырбек сән қуды ма, әлде сол тұстағы модаға еліктеді ме, әйтеуір қап-қара ғып қаба сақал қойды. Жарасымды! Бір қарағанда үндінің саяхатшыларына, бір қарағанда тәжіктердің киноактерлеріне ұқсайтын. Соны байқаған Асқар аға басбармағын шошайтып:
– Шикарно! Мен үшін сақалыңды алмашы! – дейтін.
«Шіркін, Қайрекеңнің қара бұйра шашы мен келбетін бір күнге прокатқа беріп, менің иығыма қондырса, жарты әлемнің сұлуларын жаулап алар ем!» – дейтін кейбір қалжыңбас достары. Атақты суретші Жанатай Шәрденовтің соңғы жұмыстарының бірі – Қайырбектің портреті. «Суретке сұранып тұрған келбетті жігітсің» дейтін. Сол тамаша туынды қазір Қайырбектің төрінде ілулі тұр. Ал, ақын ағамыз Ғафу Қайырбеков, жасы кіші болса да, оны өмір бойы «сіз» деп өтті. Атын атамақ түгіл, «сен» демейтін. Себебін сұрағандарға «Ол менің әкеммен аттас қой» – деп еркелететін.
Кейінірек «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшының жүгін табаны күректей он төрт жыл атан түйедей артынып, жазушылар керуеніне қосылды.
Қалың оқырманның қадірлі газеті «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болған Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей, Ахат Жақсыбайдың бәрімен тіл табысып, жауапты хатшы болып істеу оңай шаруа емес.
Ет-жүрегі ел деп соғатын Зейнолла Қабдолов, Иманғали Тасмағамбетов, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммедтей мемлекет, қоғам қайраткерлеріне арнаған өлеңдерінде ақын жүрегінің лүпілі сезіледі.
Бір күні Қайырбек нілдей бұзылды.
– Басқа жұмысқа ауысам! – деді.
– Қайда?
– «Заман-Қазақстан» газетіне.
– Өй, онда не бар?
– Бас редактор Болат Бодаубаев бірінші орынбасарлыққа шақырып жатыр!
– «Қой!» – дегенге қоймады. Бір саты болса да биіктеу қызметке қызыққан шығар...
Бүкіл ұжым Қайырбекті соғысқа бара жатқандай қимай қоштасып, өлеңдетіп шығарып салғанын білем. Мінеки, сол өлеңнің бір шумағы:
Қолың ұзын құрықтай
Құлашың кең, Қайырбек.
Қайда жүрсең – аман жүр,
Күләшіңмен, Қайырбек!..
Одан әрі Қазақстан Жазушылар одағы әдеби қорының директоры, «Заман-Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, «Отан» журналының бас редакторы, Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясында бөлім меңгерушісі болды. Есектің ер-тоқымы секілді қызметі түскір қаламгер үшін дәреже ме? Жоқ! Ақынның абыройы – шығармасында!
«Мен де өзімше түрлі-түсті бояумын» дейді ақын. Сәтті сурет. Ағынан жарылып отыр. Жыр да гүл секілді. Егер қыр гүлі түрлі-түсті болмаса, көз жауын ала ма? Ақ жауыннан соң аспанның төріне кілемдей ілінген кемпірқосақ та түрлі-түстілігімен таңырқатпай ма? Міне, сол сияқты Қайырбек поэзиясының да бояуы қанық, түрлі-түсті. «Халқым барда – кеудемде намысым бар» – дейді. Нағыз ақынды намыс билейді. Сұлу Сырдың бойында бұлғақтап өскен ақын «Жабайы өскен талымды айырбастамаймын қайыңға» –дейді ауылын сағынған сәтте. Туған жерге деген сезімі «әжесінің ұршығындай айналып» тұратынын бейнелі тіркеспен бедерлейді.
Соғыстан соң дүниеге кеп, бір үзім нанның қадір-қасиетін қаршадайынан біліп өскен ақынның «Нанды кейде тас қып ойнап жүретін, қарны тойған балалардан қорқамын» деуінде азаматтық әуен басым. Артта қалған ащы тарихтың шыңғырған даусы құлағыңа талып жеткендей әсер етеді. Жалпы, жақсылықтың қадіріне жету – адамзаттың парызы. Ал, өмірдің парқы неде? Мына дүниеге бір сәт Қайырбектің көзімен қарасақ:
Еш таң қалма маған
қайдан түстің деп,
Өмір деген бәріміздің еншіміз.
Сезінбейік Құдіретті күшпін деп,
Аз уақытқа келіп жүрген елшіміз!
Адамзат ғұмырын аялы табиғатқа баласақ, жастық шағымыз – «қызыл-жасыл әлемнің ғажаптығын бәріне де дәлелдеп кететін» көктем! Қырма сақал атанған қырық, елу жасыңыз шілде ғой, шілде! Таңының өзі тандыр пештей ыстық жаз ол. Ал, жетпістен асқандар Алтын күзден аумайды. Жемісі пісіп, желегі түсіп, толысқан шақ. Күзгі бақтың шуағындай әсерлі!
Сенсіз гүлзар бағында,
Босқа өмірім өткендей.
Сен бар кезде жанымда,
Төрт мезгіл де көктемдей!
Әй, қайдам, әуеніне қарағанда күрең күзді мойындайтын түрі жоқ-ау? Көңілі көктемдей Қайрекең бұл өлеңін кімге арнады екен? Жан-жары Күләшқа ма? Солай шығар...
Алдымда Қайырбек пен Күләш екеуі бірігіп шығарған «Сен жанымда жүрсең» атты жыр жинағы жатыр. Бір үйде – екі ақын. Күзгі бақтың шуағымен нәр жиып өскен бір ағаштың екі алмасы сияқты.
Халық әнінің қалықтаған әуенін естіп тұрғандаймын.
...Бір ағашта – екі алма.
Көпен ӘМІР-БЕК,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері