Парламент • 03 Наурыз, 2020

Д.Назарбаева Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентімен кездесті

241 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Д.Назарбаева Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентімен кездесті

Кездесуге сенаторлар Ольга Перепечина, Серік Жақсыбеков, еліміздің қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев, ЕҚДБ-ның тәуекелдерді басқару және бақылау жөніндегі вице-президенті Аннамария Штраатоф, ЕҚДБ-ның Орталық Азия жөніндегі басқарушы директоры Андре Куусвек, ЕҚДБ-ның Қазақстан Республикасындағы кеңсесінің директоры Агрис Прейманис қатысты.

Д.Назарбаева құттықтау сөзінде Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі еліміздің маңызды әріптесі болып табылатынын атап өтті және Қазақстанға экономиканы жаңғырту мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламаларды іске асырудағы банктің қарқынды қолдауының маңызын атап өтті.

«27 жыл ішінде банк 237 жобаға 9 млрд доллардан астам қаржы бөлді. Бұл зор жетістік. Инфрақұрылым, денсаулық сақтау, жасыл экономика саласында көптеген маңызды жобалар болашаққа жоспарланған», - деді Д.Назарбаева.

ЕҚДБ президенті банк өкілдері келген елдердің парламенттерімен өзара тікелей қарым-қатынастарының маңызды екенін атап өтті.

«Маған бүгін сіздермен кездесу маңызды әрі мазмұнды болды. Қазақстан банктің алдағы 5 жылғы стратегиясы Орталық Азияға арналуы үшін жұмыс істейді деген үміт бар. Атқарылатын ауқымды істермен бірге көптеген өтетін тар жолдар да бар, оларды жою керек» - деп атап өтті С.Чакрабарти.

С.Чакрабарти Қазақстанға елдік бастаманы дамыту маңызды екенін атап өте келіп: «Менің ойымша, Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру жөніндегі біздің идеяларымызды қалыптастыруға Үкімет пен Парламент атсалысуы тиіс», - деді.

Д.Назарбаева әңгіме барысында жақында өткен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар туралы айтып, саланы басқару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қаржыландыру тұрғысында көптеген олқылықтар анықталғанын атап өтті.

«Бізге сараптамалық қолдау қажет. Біз ауыл шаруашылығы кешенін дамыту бойынша жұмыс істейтін арнайы Кеңес құру туралы шешім қабылдадық. Экономиканың барлық секторлары бойынша заңнамалық қолдау, нормативтік-құқықтық тұрғыда қандай олқылықтар бар екенін анықтау үшін тыңдаулар өткізілетін болады», - деді Сенат басшысы.

Екі жақты кездесуден кейін ЕҚДБ Президенті жалпы отырыс залында Сенат депутаттарының алдында сөз сөйлеп, банк Қазақстанда іске асырған негізгі жобалар туралы әңгімеледі. Оның ішінде Қазақстанның барлық аймақтарында ЕҚДБ кеңселерінің ашылуы, 9,3 млрд доллар инвестиция тарту, жаңартылатын энергия көздеріне 3 млн доллар инвестиция салу, әйелдер кәсіпкерлігіне байланысты жобалар бар. С.Чакрабарти сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, экономиканың басқа секторларын, банк саласын қолдау және көмек көрсету тақырыптарын қозғады.

ЕҚДБ Президенті сөзінен кейін экономикалық саясаттың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасылды.

Депутат Сергей Плотников Шетелдік инвесторлар кеңесін құру арқасында Қазақстан экономикасына келіп түскен миллиардтаған инвестиция тақырыбын көтерді және мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты дамытудың келешегі мен Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсарту шаралары туралы сұрақ қойды.

Сенатор Дәурен Әділбеков салынған инвестициялардың тиімділігін бағалау тақырыбын қозғады және ЕҚДБ-ның Қазақстанның банк жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсынымдары туралы сұрақ қойды.

С. Чакрабарти сұрақтарға жауап бере келіп, ЕҚДБ-дың алдағы 5 жылдық стратегиясы банк саласын ілгерілететінін атап өтті. «Банк секторы экономикалық қайтарымымен бағыттар бойынша барынша нысаналы түрде жұмыс істеуі тиіс. ЕҚДБ қазіргі уақытта шағын және орта бизнес кәсіпорындарын несиелеуге баса назар аударады», - деп атап өтті ол.

Сенатор Серік Жақсыбеков өз сөзінде ЕҚДБ-мен бірлесіп шикізатты қайта өңдеу жобасын құруды ұсынды.

Дариға Назарбаева кездесуді қорытындылай келіп, кәсіби түрдегі пікірдің маңыздылығын атап өтті және тәуелсіздік жылдары мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауға күш салғанынына тоқталды.

«Көптеген қаржы бөлінді, көптеген жақсы заңдар қабылданды, дегенмен бүгінде осы шаралардың бәрі саланы қарқынды дамытты әрі өздерін орта санатқа жатқыза алатын адамдардың санын арттыра түсті деп айту қиын. Біз жүйелі тәсілдің жоқ екеніне көз жеткіздік, тек етек алған өткір проблеманы «сөндіруге» бағытталған үздік-үздік шешімдер ғана болып отыр. Біз бір «өрттен» екіншісіне жылжып келеміз, бірақ бұл саланың проблемасын жүйелі түрде шеше алмай отырмыз», - деді ол.

Д.Назарбаева депутаттар атынан ЕҚДБ жобаларына қолдау білдіре келіп, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша банкпен өзара іс-қимылды жалғастыруға әзір екенін жеткізді.