Суретті түсірген Ерлан Омаров, «EQ»
Бүгінгі таңда біз қолға тиген мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, ұлттық құндылықтарымызды түгендеуіміз, оларды болашақ ұрпақ үшін сақтап, жаңа мазмұнмен байыта түсуіміз, бір сөзбен айтқанда, қазақы кодымызды нығайта беруіміз керек. Әсіресе жастардың Наурыз мерекесі сияқты ұлы тойдың шығу тарихын, ұлт өміріндегі маңызын білгендері жөн. Сөз жоқ, «Ұлы дала халқы үшін уақыт санауының басы, алғашқы күннің жаралып, тұңғыш арайдың таралып, табиғат түлеп, күллі ғалам өмірге келген асыл мезет – Ұлыстың ұлы күні»
(Қ.Көшербаев). Өз заманында Алаштың арыстары да осы ойды діттеген. Данышпан Абай «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен» деп, бұл мерекенің тамыры тереңде жатқанын айтса, қазақтың біртуар ұлы Бейімбет Майлин:
Қазан толы сары уыз
Дастарқанда дәніміз,
Жайдарлымыз бәріміз
Көжесі көп, қыры көп
Қандай жақсы Наурыз! –
деп жырлаған. Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатовтың: «Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кавказ, түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, Наурыздың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың жанды, жансыздың тірілуі, кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды» деп толғануының астарында да көп сыр жатқаны анық. Расында да, қазақ үшін жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағынан аман-есен өту үлкен қуаныш еді. «Аурулар сауығамын деп, аштар тойынамыз деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз дегендей, жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, «бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей, сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен Жаңа жылды қарсы алатын» (Сәбит Дөнентаев).
Өкінішке қарай күтпеген жерден осы қуаныш сап тыйылды. Кеңес өкіметі 1926 жылы аталмыш мерекені ислам діні тудырған «кертартпа рәсімдер» қатарына жатқызып, ресми тойлауға тыйым салды. Ислам діні бұл өлкеге сегізінші ғасырдан ене бастағанын, ал Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланғанын ескерсек, бұл қисынсыз, қиянатты шешім еді. Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың ойы да осыған саяды. «Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек», деп жазды ол.
Мемлекеттік хатшы өзінің мақаласында бес мың жылдан бері Ұлы дала төсінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен үндесе мерекеленіп келе жатқан Наурыз мейрамы туралы орамды ой-толғаныстарын ортаға сала отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар. Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды. Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы. Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі. Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам. Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу» деген әз мереке туралы пікірін де келтіреді.
Арайлы күннің шуағы төгіліп, табиғат түлеген әз Наурыз Қызылжар өңірін мекендейтін барлық этностың да ортақ қуанышына, сүйікті мерекесіне айналып отыр. Бұл күні еліміздің барлық елді мекеніндегі сияқты, көне Қызылжардың көшелеріне халық сыймай кетеді, үлкен болсын, кіші болсын, көшеге шығып, көңілді ойын-сауықтарға қатысады. Мереке бағдарламасы шеңберінде түрлі сайыс ұйымдастырылып, арнайы құрылған сахналардан ән мен жыр төгіледі. Орталық алаңда театрландырылған қойылым көрсетіледі. Киіз үйлер бой түзеп, қазан көтеріледі, дастарқан қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сарымайы, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен жайнап, наурызкөже дайындалады.
Атап өтетін бір жайт, соңғы жылдары Наурыздың ажары да, мазмұны да өзгерді. Бұрын мерекелік шаралар тек орталық алаңдарда ұйымдастырылса, өңір тізгінін Құмар Ақсақалов қолына алғаннан бері көпқабатты үйлердің аулаларына да киіз үйлер тігіліп, дастарқан жайылатын болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл Наурыздың жалпыхалықтық сипатын қамтамасыз етеді.
Сонау 80-ші жылдардың соңында солтүстікте ақ қар, көк мұздың үстінде тұтанған алаудай – әз Наурыздың қайта оралған кезі ұмытыла қойған жоқ. Содан бері Наурызды жыл басы ретінде тойлап келген қызылжарлықтар өткен жылы тұңғыш рет «Көрісу» мерекесіне байланысты да көптеген шаралар ұйымдастырды. Еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған дәстүр жайлы естігеніміз болмаса, аса терең білмеуші едік. Басқасын былай қойғанда, нақ осы күні «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтудың, бұрынғы өкпе-ренішті кешіріп, араздықты ұмытудың, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдірудің өзі неге тұрады?!
Биыл солтүстікте де Наурыз мерекесін тойлау ерте басталатын сияқты. Демек, ұлттық құндылықтарымыздың небір інжу-маржан жауһарларын қайта жаңғыртуға жол ашқан Наурыздың өңірлердің арасын жақындатуға, ұлттың тұтастығына қызмет етіп отырғаны қуантады.
Бізге аса қымбат, қоғамның әрбір мүшесінің бойына ізгілік, адамгершілік сияқты бекзат қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын тойдың төресі есік қағып тұр.
Олай болса, төрлет, әз Наурыз дейміз.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
жазушы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы