Жауапкершілік жолы
Бұл ғалымның бағыты негізінен геология, минерология, кристаллография, петрография. Бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ геохимиясының негізін салушы. Сонымен қатар отандық геомеханика мектебінің негізін қалап, маркшейдер ғылымын жаратылыстану ғылымымен кешенді түрде байланыстырды. Ақжан Жақсыбекұлы математика, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология пәндерінің сабақтастығын анықтау барысында біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Мұның сыртында ұлттық ғылыми-танымдық әдебиет саласын қалыптастырып, жас ұрпақтың жаратылыстану тылсымына қызығушылығын арттырды.
Ақаң аса күрделі ХХ ғасырдың басында Қарқаралы өңірінің Қызылсүйір деген жерінде Машан би әулеті шаңырағында дүниеге келген. Әкесі Жақсыбек – бидің кенже ұлы. Машан би – заманында Арқаға белгілі адамдардың бірі, Абайдың әкесі Құнанбай қажының үзеңгілес сыйласы. Бұлардың құдандалы-жекжаттығы да бар (Машанның кіші келіні Тобықты елінің қызы). Қарқаралыда мешіт салдырған жылдары Құнанбай Машан бидің үйіне түседі екен.
Машан – Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен құс тістеген шешен деседі. Ұлт тарихи романының көшбасшысы Ілияс Есенберлин «Қаһарында» Машан биді атақты Ағыбай батырдың сыйлас досы деп атап өтеді. Өз әкесі Жақсыбек құранға жүйрік, сол кездегі «Дала уалаятының газеті» мен «Айқапты» жаздырып оқитын көзі қарақты адам болыпты. Ақаң алғаш әліпбиді әкесінен үйренген. 1926 жылы Қарқаралыда Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогика техникумына оқуға түседі. Мұнда әйгілі Мәннан Тұрғанбаевтан сабақ алады. Ақжан ағамыздың бойындағы әділдік, сабырлық, зеректік, зерделілік, ізденімпаздық – атадан балаға ұласқан сарқылмас қазына әрі зиялылық мектебінің ұшқыны.
Кезінде Қарқаралы дуанының игі-жақсылары, соның ішінде аға сұлтандар – Құсбек пен Жамантай төрелер Машан биді қошеметтеп, оны «Мәшекем» дейді екен. Мәселен, Жамантай төре: «Машан! Машандай ұл туғанша қашан?» деп, риясыз көңілін жеткізген деседі халық. Мұны Ілияс Есенберлин де аталған романында жазады. Мұнда «Құнанбай мен Машан би жарастығы Шәкәрім мен Нөгербектің сыйластығымен жалғасқан-ды» деген жолдар бар. Ал Нөгербек – Ақжанның немере ағасы. Ол кезінде Ақтерек мектебінде Әлихан Бөкейханмен бірге оқыған. Бұл өңір зиялылары әдетте жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған. Көнекөздер осы жәрмеңкеге ере барған бала Ақжан Шәкәріммен кездескен деседі. Жақсыбек өз заманында белгілі күйші болғаны да рас. Бұл деректер Ақжан Машанидың текті, аруақты ортадан шыққандығын көрсетеді.
Ақжан Жақсыбекұлы 1929 жылы педтехникумды бітіріп, Абыралыға барғанда әйгілі «Абыралы көтерілісі» бұрқ ете қалады. Ол қанды оқиғаны көзімен көріп, ашаршылықты да басынан өткереді. 1932 жылдың зұлматында Семей облыстық оқу бөлімінде қызмет етіп жүріп, Абыралы көтерілісіне қатысқаны үшін әке-шешесі жер аударылған жетім-қорғансыз балаларды жинап, жуындырып, өз қолымен бір үзім нан ұстатады. Мұны естіген ұстазы М.Тұрғанбаев шәкіртіне риза болып: «Милләтіңе қызмет жасаған екенсің. Алладан қайтсын!» деп бата береді. Мәннан мұғалім зерек шәкіртіне «Семейдегі геология техникумына түскенің дұрыс!» деп кеңес айтады. 1933 жыл Ақаң өміріндегі ауыр кезең. Дәл осы жылы өзіне рухани ұстаз тұтқан Шәкәрім қажының атылғанын естиді. Елде әкесі өмірден өткенде, саяси талаппен топырақ салуға бара алмайды. Ұстаз тұтқан Нөгербек ағасының балалары да талғажу іздеп Ақтоғай жаққа барғанда аштықтан қырылғанын біледі... Қиындық пен жауапкершілік Ақжан Жақсыбекұлын одан сайын ширата түседі. Ол мойнында ата жолының да, зиялылар жолының да жауапкершілігі тұрғанын терең сезінді.
Әл-Фарабиді тұңғыш танытушы
Ақаң әл-Фараби туралы мағлұматты алғаш рет соғыс зардабымен Алматыға қоныс аударған А.Эйнштейннің шәкірті, Чехословакия Ғылым академиясының академигі, математик-философ Эрнест Кольманнан 1943 жылы естиді. Ести сала санасында «Ол қазақты құраған тектен болмасын!» деген ой жаңғырады. Отырарда дүниеге келгенін анықтағаннан кейін ғалым өзінің алдына Фарабидің тек-тамырын зерттеуді мақсат етіп қояды. «Заман – Қазақстан» газетінде шыққан сұхбатында Ақаң: «Бұл адамды мен зерттеймін, осы жолға түсемін» деген берік байламға келдім де, Қ.Сәтбаев марқұмның алдына кірдім. Мені Қанекең білетін, әрі жақсы көретін. Біз тауда, экспедицияда талай бірге жүргенбіз. Кірген сәттен: – Қаныш аға, әл-Фараби сияқты дүниежүзі білетін ғалымды біздің білмей отырғанымыз масқара ғой, намыс емес пе?! Мен осы кісіні іздеймін дедім», дейді.
Журналист Марфуға Шапиян А.Машани туралы мынадай деректер келтіреді: «Геология саласында бастап қойған монографиясы мен мамандығы бойынша атқаруы тиіс жұмыстарды былай ысыра тұрып, ол әл-Фарабиға толықтай кіріседі. Өйткені өзі айтпақшы «бабаның мұрасын іздеуді 2-3 жылға доғара тұрсам, бәлкім әл-Фараби өзбек ағайындарға өтіп кетуі әбден мүмкін еді». Ақжан Машани жұмысын Берлин, Лиссабон, Париж, Каир, Мадрид қалаларының кітапханаларына баба еңбектерін іздестіріп, сұрау салудан бастайды. Солай Ыстанбұлдан біраз дүние табады. Шетелге кетіп бара жатқанның бәріне «қарай кел» деп, әл-Фараби мұрасын тапсырады. Нәтижесінде, академик дәрігер Сайын Балмұханов Ыстанбұлдан әл-Фараби кітаптарының тізімін әкеп берсе, академик Шаһмардан Есенов Канадаға барған сапарында екінші ұстаздың Бейрутта араб тілінде шыққан еңбегін әкеліп, сыйға тартады. Ал өзі әл-Фарабидің үш кітабын бірдей «Ғалия» медресесінің кітапханасынан табады. Солай 1971 жылы Мәскеуде өткен ғылым тарихына арналған ЮНЕСКО-ның 13-конгресінде әл-Фарабиге арналған симпозиумде А.Машани бастаған қазақ ғалымдарының зерттеулері әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияны КСРО-да, Қазақстанда өткізуіне шешім алуына негіз болды. Бұл шешімнің өзіне Машани оңайлықпен қол жеткізген жоқ».
Өзбекстан ғалымдарының әл-Фарабиге қалай таласқаны туралы ғалымның шәкірті Шәмшиден Әбдіраман былай деп еске алады: «Фарабиді іздеу сапарын Ташкенттен бастаған Ақаң ондағы Бируни атындағы Шығыстану институтында әл-Фарабиге қатысты ешқандай деректің жоқ екендігіне көзі жетті әрі өзбек ағайындар әл-Фараби есімін мүлде естімеген болып шықты. Институт директорының орынбасары Мұзафар Хайруллаевтың Ақаң жинаған әл-Фараби тұрғысындағы азды-көпті мәліметтеріне таңырқауында шек болмады. Оның болашақ докторлық диссертация тақырыбының тағдырын сол жолы анықтауға Ақаң себепкер болды, баба хақындағы қолда бар материалымен бөлісті. Ақжан ағаның бұлтартпас дәлелді құжаттарын көре тұрса да өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында: «Мына сәлде киген молдаң кім өзі? Қазақ болса, руы кім екен? Еңбегін неге арабша жазған?» деп, қазақ ғалымдары ит-тартыспен өткерген 3-4 жылдың ішінде әл-Фарабидің өзбек тілінде бірнеше мұрасы жарық көріп, бұл кезде Хайруллаев Ақаң ұсынған тақырыпты игеріп, әл-Фараби философиясынан докторлық диссертация қорғап алып, енді қазақтың ұлы перзентін өздеріне еншілей бастаған-ды. Осындай әңгімені Ақжан әл-Бирунидің 1000 жылдық мерейтойына барған жолы естиді: «Ақжан-әка, әл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тартпай, өзбек халқына да ортақтастыра бермейміз бе?» дегендерге Машани: «Түрік тумаларын бөліп-жару қазақтан басталған жоқ-тын. Науаи, әл-Бируни, әл-Хорезми туған кездерде де қазақ пен өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері – Отырарда туған әл-Фарабиді ортақ еткілеріңіз келсе, сонда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған өзге даналарды да ортақтастырайық», – деген-ді. Сол кезде Қазақстандағы фарабитанудан ауыз толтырарлық Машани бастамасынан хабардар Мұзафар: «Құп, Фараби қазақ болсын, Ақжан-ака! Бірақ сіз Ташкентке келіңіз, бабаңызды тануға сізге барлық мүмкіншілік тудырамыз» деп, қазақ ғалымдары арасындағы ғұлама мұрасына атүсті көзқарастан хабардар ол Фарабиді өзбек етудің басқа бір айласын ұсынады. Әл-Фарабиді ташкенттік еткісі келген бұл пиғыл 1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгрестің 13-мәжілісінде яки бабаның ЮНЕСКО тарапынан 1100 жылдық мерейтойын өткізу мәселесі сөз болғанда тағы бір бой көрсетті. Осының кесірінен ұлы бабаның мерейтойын өткізу мәселесі қыл үстінде қалып еді. М.Хайруллаев сөз алып: «Әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция тек Ташкентте өткізілуге тиісті. Бізде баба мұрасы материалистік тұрғыда әділ бағаланады» демесі бар ма? Мәжілісті басқарушы Египет ғалымы столды қойып-қойып қалып, орнынан атып тұрып: «Ислам ғылымының алыбы әл-Фарабиді марксизмге жүндетуге бере алмаймыз. Ғұламаның мерейтойы өзі ғұмыр кешкен араб елінде өтеді», дейді. Осындай қысылтаяңда Алланың құдіретін мойындатар бірер сөзді араб тілінде айтып, А.Машани төрағадан рұқсат сұрайды. Өз тілінде тілек еткендігінен бе, төраға сабасына түскендей болады, Ақаңа сөз береді. «Әл-Фарабидің туған қаласы Фараб-Отырар жері де, елі де – Қазақстан», – дей келіп, қазақ ғалымдарының баба мұрасын игерудегі игі істерін тізіп шығады да, Ақаң – төрағаны және басқа ғалымдарды – бүтін Араб, Шығыс елдерінің Орта ғасырдағы ислами ғылымы жұлдызының кіндік қаны тамған Отаны – Қазақстанға шақырды. «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кіргізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Қазақстанда тойлансын» дейтін қаулы қабылданып, Ақаң жеңіп шығады».
Ақжан Машани әл-Фарабидің туған жері де, мұрасы да қазақ тарихымен байланысты екенін дәлелдегеннен соң, 1975 жылы «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» атты монография жазып шығады. Бірақ мұнда ислам құндылықтарын ғылыммен байланыстырғаны үшін кітап дер кезінде жарияланбайды. Алайда әл-Машани әл-Фараби мұрасын жинау мен іздеуді доғармайды. Енді ол зор имани мұрат жолына түседі. Ол жол – ғалымның қабірін іздеу парызы еді.
Ұстаз тағылымы
Өз басым ұлтымыздың ұлы ғалымы Ақжан Машаниға шәкірт болғанымды мақтаныш тұтамын. Сонау 50-жылдардың басында Қазақ тау-кен институтынан (кейін политехника институты аталды) шақырылған Ақаң біз оқитын ҚазПИ-дің география факультетінде геологиядан сабақ берді. Студенттерге көп уақыт бөліп, лекциясын өз институтының бағдарламасымен жүргізді. Ақаңның геологиядан оқыған дәрісі оның толып жатқан салаларымен танысуымызға ықпал етті. Ол кісінің жетекшілігімен экспедицияға шығуым геология ғылымына деген құштарлығымды оятып, жердің қалыптасу заңдылығын білуіме кең жол ашты. Ақаң осындай экспедиция сәтінде әйгілі Е.Д.Шлыгинмен таныстырды. Н.Г.Кассиннің еңбектерін көп оқытты. Бұлар геологияның үлкен ұстаздары еді. Георгий Медоев бізге «Табиғи динамика» атты пәннен сабақ берді.
Бізге «Кристаллография» атты пәннен де алғашқы мәлімет берген Ақаң еді. Ол – бүкіл геохимияның, физиканың, қазіргі кен орындарынан алынатын қазба байлықтардың негізгі физикалық құрылымын түсіндіретін пән. Өкінішке қарай, қазір педагогикалық институттарда мұндай пәндердің аты да аталмайды. Сол кезде Ақаң ғылым салаларын жеке-жеке бермей, ғылым табиғатының тұтастығын сақтап, бірімен-бірін ұштастырып, кубиктің әрбір қырында қандай мағына барын математикалық жолмен түсіндіретін. Ол кісімен замандас, саяси көзқарасы үшін Алматыға жер ауып келген атақты астроном, қазіргі Астрофизика институтының негізін салуға көп еңбек сіңірген Бухман деген астроном болды. Сол екеуі берген білім санамызға ғылымның негізгі жүйесін салып берді.
Институттан соң аспирантурада оқып жүрген кезімде Ақаң кездесіп қалып: «Ей, қыз, сен қолың бос болса, бізге келіп практикалық сабақ өткізші, менің уақытым жетпей жүр», деді. Ұстазымның сөзін жерге тастамай, политехника институтына келіп, аз уақыт Г.Ц.Медоев екеуінің практикалық сабағын жүргізгенім бар. Менің бастапқы ғылыми жұмысыма кеңес берген, жеке мақалаларымды оқып баспаға ұсынған да – Ақаң еді.
Аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін А.Машани ұстазымызбен көршілес болуды да тағдыр жазды. Бірде ол кісі ұшырасып қалып: «Ей, қызым, осы Сирияға барсақ қайтеді? Сен ана күйеуіңді үгіттесеңші, Сирияға бір сапар жасап қайтайық», деді. «Жарайды, сапар қашан, оны кім ұйымдастырады?» десем, ол кісі: «Мен ұйымдастырайын», дейді. Содан сол кездегі жас жазушы, кейін мемлекет қайраткері марқұм Әбіш Кекілбаев бар, Серік Қирабаев бар, барлығы 15 шақты адам Сирияға баратын болдық. Ақаң қазақша да, орысша да әдемі сөйлейді. Қыпшақ, араб, парсы тілдерін білетінін сол Шам (Дамаск) шаһарында ғана білдік. Осы жолы ол әл-Фарабидің зиратын іздеп тапты. Ақаңның айтуы бойынша, Шам шаһарын айналдыра салған қорғанның кіші қақпа, үлкен қақпа деп аталатын қақпалары болған екен. Әл-Фараби кіші қақпа алдындағы қорымда жерленіпті. Бұл мәліметтерді Ақаңның өзі жергілікті адамдарға айтып, қорымды тапты. Зиратты аралап, білікті арабисті көмекке алып, Ақаң зиратты бірінші болып ашты. Біз оған куә болдық. Басына белгі қойып қайттық.
Сол күні арабтар қонақасы үстінде біздің тегімізді сұрастырды. «Әл-Фараби – қыпшақ қой, оған қандай қатыстарың бар?», деді. Ақаң оларға қыпшақтар туралы, олардың бізбен байланысы жөнінде айтты. Кеңес өкіметінің уақыты еді, әрқайсымыздың соңымызда тыңшыларымыз бар, бірақ сонда да Ақаң банкетте қыпшақтың тарихы жайлы 10 минуттай сөйледі. Сонда Шам шаһарының бір үлкен ғұламасы: «Сіздердің екінші қыпшағыңыз бар бізде, мүмкіндіктеріңіз болса алып барайық», деді. Ол Бейбарыс сұлтан еді. Ақаң бізге айтпай жүріп, Әл-Фарабимен қатар Бейбарысты да іздеген екен. Біз Арабия шөлін аралап өтіп, «Краке-де-Шевелье» деген сонау көне дәуірден күні бүгінге дейін архитектуралық ансамблі жақсы сақталған зәулім сарайда болдық. Таудың басына салынған зәулім сарай алыстан қарлығаштың ұясындай көрінеді. Бір жағы – Жерорта теңізі, бір жағы Арабия шөлі, еш жағынан жау көрінбей келіп басып алатын емес. Зәулім сарайды кезінде крест жорықшылары салған екен. Соны Бейбарыс сұлтан ғана алыпты. Маңдайшасында оның аты алтынмен жазылыпты. Бұл да біздің абыройымызды көтеріп тастады. Сол сапарда біз 12 күндей болдық. Сириядағы Кеңес одағының елшісі Н.Мухитдинов еді. Оған Ақаң келгенде-ақ жолыққан. Қайтарда Мухитдиновке барып, бірқатар жазбалар алды. Әл-Фарабиді біз батыс елдерінің аудармасы арқылы оқып жүрміз ғой. Ақаң әл-Фарабидің еңбегін араб тілінде, парсы тіліндегі жазбалары арқылы таныған еді.
Ақаң арманы
Әсіресе әл-Фарабидің музыка жайында жазғаны Ақаңның бала кезден қызыққан дала әуені, домбыра, қобыз үні, күй құдыреті туралы танымын, Шоқан, Абай еңбектерін терең зерттеуге деген құлшынысын оятты. Соның айғағы – «Әл- Фараби және Абай» атты еңбегі.
Жалпы, А.Ж.Машанидің ғылыми-шығармашылық мұраты – «Екінші ұстаздың» артында қалған қыруар мұрасын зерттеу, саралау, қалың оқырманға қаймағын бұзбай жеткізу еді. Оның сол ерен еңбегінің алғашқы жемісі – «Әл-Фараби» атты тарихи-деректі кітабы.
Оған сол кездегі Қаз КСР Ғылым академиясының президенті, академик Ш.Есенов алғысөз жазған. Кітаптың басты тұғыр-пікірлерінің бірі – «Ғылым болсын, дін болсын, саясат болсын – бәрі де адамның өміріне байланысты туған нәрселер ғой. Адам білгенді адам неге білмесін. Олай болғанда, осылардың бәрін де қалдырмай білу керек. Білгенде, олардың бір ғана үзіндісі емес, бастан-аяқ тегіс адақтау керек» деген қағида. Осыны берік ұстанған шығарманың бас қаһарманы өзінің алдында өткен математик, астроном, оптик, метеоролог, медик, психолог, сазгер Әбу Юсиф ибн Исхақ әл-Киндидің жаңалықтарын жасампаздықпен, салиқалылықпен қорғай біледі.
А.Машанидың ендігі бір оқшау дүниесі – «Табу» хикаяты. Автор тек өзіне тән «шығармашылық елгезектігімен» оқырмандарын жер беті, планетаның төменгі қыртыстары былай тұрсын, космосқа «алып кетеді». Оларды Қорқыт атамен «кездестіреді». Тағы да айналып-үйіріліп Фараби феноменіне соға береді. Мұның бәрін кітаптағы бас кейіпкер Маңғаз ұстаз: «Менің айтар сөзім... жаттанды, жасанды, жалған сөз емес. Иесі жоқ жетім сөз емес... Сөздің асыл тегі оның терең тарихында. Ғылымның да шыққан көзі сонда. Білім бұлағының бастауы – ана тілің... Ғылымның, білімнің, өнердің, өмірдің басы осында» деген дәйектемеге тірейді. Мұндағы «ғылым» да, «тіл» де ғылыми публицистиканың жұлыны екенін зерделі жан білсе керек.
Автор «Табу» жанрын «ғылыми фантастика» деп айдарлапты. Біздің ойымызша, шығарманы «ғылыми-фантастикалық трактат» мәртебесінде қарастырған дұрысырақ. Себебі туындыда әдеби-көркемдік мотивтерден гөрі ғылыми жорамалдар, гипотезалар жалпы шығармадағы басқа компоненттерден басым жатыр.
Ақжан Жақсыбекұлы намаз оқыды, ата дінді қасиет тұтты. Атеизм тұсында мұнысын мін көргендер көп болды. Бірақ үлкен тұлға, ғалым Ақаң өз сенімі, ар-ұжданы қағидатымен жүрді. Өмірінде сансыз қиындық болды. Қуғынды да, күстаналауды да аз көрген жоқ. Жасынан ұйықтаса ұйқысы қанбаған, тойып тамақ ішпеген ол кең жазиралы қазақ даласының жер астын зерттеумен, жер үстіндегі ғұламаларын танумен өмірін өткізді.
Ақаң өз білгені өзіне жетер еді. Бірақ ғұлама еліне, жұртына, кейінгі ұрпаққа үлкен азық боларлық ғылымның, білімнің негізін салып кетті. Сол үшін біз Ақаң аруағы алдында бас иеміз.
Ғалымның көзі тірісінде жарық көрген соңғы дүниесі – «Ай арысы – ғылым жаңалықтары» кітабы. Мұнда коммунистік атеизм қаншама жыл бұғау салып келген алхимия, астрология секілді ғылым салалары жөніндегі оңды көзқарастар қайта жаңғыртылды.
Ғалымның ғылыми-публицистік шығармашылығын зерттеуді аса мандытпағанымыз белгілі. Мұны қарастыру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені оқымыстының көп томдық шығармалар жинағын шығару қолға алынды. Профессор Ш.Әбдіраманның басқаруымен 16 томы жарық көріп үлгерді. Бұл бір телегей-теңіз дүние.
Ғұлама, үлкен ғалым болу – біреудің әкеліп бере салатын дайын асы емес. Оған талмай ізденіс және текпен бірге келген дарын керек. Ақаң туған Қарқаралы – айрықша білім ошағы, ағартушылық, демократиялық идеяның өрбіген жері. Империяны шайқалтқан әйгілі құзырхаттар да осы жерден басталған. 20-30 жылдардағы Алаш зиялыларының репрессиялануы, кеңес тұсында дінді мансұқтау, Ұлы дала ғұламаларын тұмшалау, атын да айтқызбау тарих сахнасына Ақжан Машанидай батыл, иманды, білімді тұлғаларды шығарды. Ақаң ақыл-ойдың жоғалған жаһұты әл-Фарабиді іздеп тапты. Міне, Машани феномені де осында.
Ақаң арманы – Фараби арманы. Фараби арманы – ел мен ұлтты даналық пен берекеге жеткізу арманы. Тәуелсіз Қазақстан, түркі дүниесі, жалпы «екінші ұстаз» ретінде ұлы ғұлама ағартқан өркениетті әлем осы жолда деп білеміз.
Қазір әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтер кезеңде таяу тарихымыздағы Қазақ елі даналарын жоқтаған, оларды тауып, халық парасатымен жалғаған, қиын кезеңде қал-қадерінше зерттеген, насихаттаған Ақжан әл-Машаниды ұмытпауға тиіспіз.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
академик