60-жылдардың аяғы, 70-жылдардың бас кезінде әдебиетке келген бір тегеурінді толқын өзіне назар аудартпай қоймайды. Бұл буынның өкілдерін – «Соғыстан соңғы туғандар» деп те атап жүрміз. 80-жылдары жыр қақпасын қаққан біздер, алдыңғы толқын ағалардың өлеңдерін қызыға оқитынбыз. Студенттік шақта мені өлеңдері ерекше қызықтырғандардың бірі – ақын Темірхан Медетбек еді. Өз шығармашылығының бөлектігімен жан-жүрегімді баураған – оның оқшауланып тұратын айқын қолтаңбасы болатын...
1998 жылы сол Темірхан ақынның «Тынышыңды алам, дүние» деген атпен таңдамалы өлеңдері енгізілген көлемді кітабы «Рауан» баспасынан жарық көрді. Бала кезде ерекше ынтызар көңілмен іздеп жүріп оқығандықтан ба, әр жылдары шыққан жыр жинақтарын, мерзімді басылымдардағы өлеңдерін қалт жібермей қадағалап жүргендіктен бе, әйтеуір балғын шақтан бірге жүрген дос-танысыммен қайта қауышқандай күй кештім.
Тіпті кітаптың атының өзі — 1973 жылы шыққан «Сапар алдында» атты жинақтағы: «Тынышыңды алам, дүние, бір ғана өлең үшін мен!» деп аяқталатын жыр жолдарымен-ақ бірден көзге ұрып тұр. Әрі қарай оқи түстім. Біртіндеп, Темірхан ақынның өзгелерге ұқсамайтын, үнемі соны ізденістің іздерін аңғартатын, былайғы жұрт байқай бермейтін, тосын ой, тың тақырыптарға жетелейтін әлеміне еніп кеттім. Бұл әсерді бұрын да бастан кешкенмін. Енді сол әлемге қайта оралдым. Бірақ әрбір өлеңге бүгінгі көзқарас тұрғысымен қайта қарадым. Темірхан ақын өз өлеңінің тақырыбын алыстан іздемейді. Күнделікті өмірдің өзегінен, тіршіліктің қым-қуыт иірімдерінен оңай табады.
Ақынның өлеңдегі бөлек бітімін, ерек бейнесін айқындау үшін оның жырларына жүгінеміз. Сондағы тек Темірхан ғана баратын тың тақырыптар, тек Темірхан ғана байқайтын көрініс, суреттер, тек Темірхан ғана теңей алатын баламалар біздің сауалымызға жауап бола алады.
«Асығыс ұшып әуелеп, дүрліге көшіп жүр ағып – реактивті самолет аспанның шаңын шығарып» немесе «қап-қара түнді жарып кеп, зымырап ұшса ентелеп, ертеңге қарай қара Жеркеңістікпенен дөңгелеп!» деген жолдардағы суреткер фантазиясының жемістері бірден байқалады.
«Аспанның шаңын шығарып із тастап бара жатқан самолет» пен «бүгіннен ертеңге қарай кеңістікпенен дөңгелеп бара жатқан Жерді» көре білетін көз ке-рек. Ақынның «Сапар алдында» атты кітабында болғанмен, кейінгі жинаққа еңбеген біраз өлеңдері де бар. Солардың ішіндегі:
«Орайды қашықтықтарды, Спидометрлері пәленбай, Аттық күшпенен» «Аңырайды олар/Білектерінде жолдардың» (« Жүк машиналары»)
«Серпеді кері добымды, Ауаға сүңгіп жігіттер» («Волейбол») сияқты тармақтар ақын ерекшеліктерін айғақтай түсетіндей.
«...Көшеде жөңкіп, жел келіп, Үрлеген сайын лапылдап, Көк төсін түгел көмкеріп, Арқасы қозған ақындай, Төгем деп жаңбыр өлеңді,Түтінсіз жанып булыққан,Алатау жаққа келеді, Өртенген Кешкі Бұлттар», – секілді өлеңдегі әдемі суреттер, асқан образдар үйлесім таппай тұр деп кім айта алар еді?!
«Ағылып көшсін көшпелі Ақша Бұлттар – аспанның аралдары да» немесе «Шып-шымыр малта тастардай, Торғайлар ұшқан аптығып, бұтақтардан аспанға өздерін жатыр лақтырып» деген көркем теңеулерді жаңалыққа баламаудың өзі күнә емес пе?!.
Ақын өмір құбылыстарынан елең еткізер суреттер іздеумен ғана шектеліп қалмайды, мазмұн мен пішін бірлігіне назар аудара отырып, түрлі жаңа нышандарды да қолданыс аясына енгізеді. Мәселен, «Өткінші жаңбырдың өлеңі» жаңбырдың монологы түрінде беріледі.
«...Бір-екі ауыз сөзі бар, телеграммалардай қысқамын»...«Мен өткінші жаңбырмын, орманның үстін от етіп, аспаннан ағып өтетін, айтылар сөзді ақтарып, асығыс сөйлеп кететін, мен өткінші жаңбырмын» деген астарлы түйінді оқығаннан кейін, «Өткінші жаңбыр монологында» адам характері ашылып, адам образы сомдалып тұрғандығына куә боласыз.
Кейде Темірхан жырларының тақырыптарынан-ақ жаңалықтың желі есіп тұрады. Бұрын айтылмаған ой елес береді, бұрын қозғалмаған мәселе жыр арқауына айналады. «Картаға түспеген өзендер», «Антенна», «Телеграф сымы үзілген жерде», «Зират үстіндегі жаңбыр», «Жүрегімнің суреті», «Грамматикалық жіктеу», «Қалаларды сынақтан өткізу», «Фотоаппарат алдындағы бала», тағы басқа сияқты жырларға қойылған ат, тағылған айдардың өзі-ақ, көп жайтты аңғартса керек. Басқалар бара бермейтін тақырыпқа қалам тербеу – ақын ерекшелігінің бір қырын көрсетеді.
«Қайдан келдіңдер, торғайлар?
Қайдан? Қай жақтан?» – деп басталатын өлеңнің бастауының өзінде ақынға ғана тән қызығушылық, бірден байқалады. Ал әрі қарай кездесетін: «кішкене камзолдай түймесіз, қозғайсың қанаттарыңды шешіп тастардай...»
«Ап-арық бұтағын ағаштың
саусақпен шымшып бір қысасың», –деген жолдардағы көрегендік автордың өзгеше даусын аңғартатыны дәлел тілемейді.
Темкеңнің замандасы, толқындасы Жарасқан ақын 1990 жылы: «Қазір ақын Темірхан Медетбеков әлі буыны бекімеген жас талапты біраз уақыт жетегіне ертіп, қашан оң-солын ажыратпайынша аясынан шығармастай талант қуатының толысқан шағында. Оның жақсылығы – бүгінгі заман проблемасын, қоғамдық-әлеуметтік жықпылды жай-жағдаяттарға космостық биіктен қараса да, микроскоптық дәлдікпен көре біледі...» деген пікірді осындайда айтқан шығар.
«Күзгі эфир» өлеңіндегі мына мысал да:
«Жаңбырдың тамшылары, эфирде жылап тұрған, негрдің көз жасындай. Тас түйін алқымдағы үн... Барады қараторғайлар, Сабалап қанаттарымен, радио толқындарын», – жоғарыдағы «микроскоптық дәлдік» жайлы ойымыздың қазығын нық бекіте түсетіндей. Радио толқындарын қараторғай қанаты сабалағанын көріп, оны өлеңге айналдырған ақын көрегендігі мен тапқырлығына өз басым шын сүйсінемін.
Темірхан ақын жырларының көркемдік деңгейі жоғары. Олай болатын себебі – ақын көркемдік бейнелеу құралдарын көп қолданады әрі орнын тауып, қиюластыра қолданады. Сондай-ақ оның өлеңдеріндегі теңеулер мен метафоралар, эпитеттер мен метономиялар Темірханның жүрегін жарып шыққандығымен де әдебиетіміздің қазынасына баға жетпес байлық болып қосылғандығын айтуымыз керек.
«Оларға мен қадаламын, үңілемін. Көпқатарлы үйлер біткен бүгінде алып үлкен сөзжұмбақтар секілді сұрақ толы көлденеңі, тігінен» («Үйлер»),
«Денесін сөздер аралап таратқан үнін жаршы ғып – аспанға тұр ол ғаламат шприц құсап шаншылып». («Телемұнара»), «Ораулы тұр бойында оның болашақ музыкалық аспаптар... Өлең де бар! Сенбейсің бе? Мен соның орауынан алдым осы өлеңді» («Бөренелер»), «микрофон – рюмканы қолыңа ап, тост көтеріп тұрғандайсың әнменен» («Әнші»), «Қыдыртады түйелердей маңқиып, жоталарым өркешіне мінгізіп... ...Жалғыз ағаш бауырына ап сонан соң, көлеңкесін төсеп берер астыма». («Шөлдесем»), «Жырын басып жатыр ұлы Көктемнің, машинкадай сартылдаған терезем!» – деген өлең жолдарындағы нәзік сезімталдықтан туындаған көркемдік үлгілері суреткер шеберлігіне дәлел бола алады.
Темірхан ақын әрбір өлеңінде тың ой айтуға, тосын түйін жасауға, жаңа көркемдік деңгейге қол жеткізуге талпынады. Сол талпыныс жеміссіз емес екендігіне көз жеткіздік. Мәселен, бірде «Дән сияқты сығырайған көздері, масақ құсап ширатылған мұрты да» («Диқан») – деп диқан бейнесін сомдаса, енді бірде «Ақ қағаздан бұрқырап исі аңқиды ағаштың...
Құс боп оған қонады шумақтары өлеңнің» («Қағаз») – деп тапқырлық танытады.
Темірхан ақынды алғаш рет 1983 жылы көрдім. Қазақтың біртуар ақыны Жұмекен Нәжімеденов мезгілсіз дүниеден өтіп, жырдан қанат байлаған бір шоғыр жас жанарымыз жасаурап, Жазушылар одағы үйіне қоштасуға бардық. Сонда Темкеңді кездестірдім. Жұмекен қазасына Маңғыстаудан арнайы ұшып келіпті. Қазақ поэзиясы қайғысына қабырғасы қатты қайысып, ауыр күрсініп, баспалдақпен төмен түсіп келе жатыр екен. «Ақын жүрегіндегі жарылыс» өлеңі сонда туған болу керек.
Екінші рет Темкеңді Қазақ теледидарында қызмет істеп жүріп жолықтырдым. Жазушы Серік Байхонов қол алысып таныстырды. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты әдеби хабарға түсіріп, жазып алдым. Ол «Этнографиялық өлеңдер»
циклымен осы кітапқа енгізілген «Қалқан», «Семсер», «Әлкей Марғұлан», «Кісен», «Киіз үй» сияқты жырларын эфирден оқыды.
Кітапты қолға алып, беттерін парақтағанда, ондағы кейбір өлеңдер осы бір-екі эпизодты есіме түсірді.
Бұл сөз етіп отырғанымыздың бәрі Темірхан ақын шығармашылығының – бірінші кезеңі. Оның екінші тынысы тәуелсіздік жылдары ашылды. Ол әдебиетімізге сонау көне замандардағы көк түріктер сарынын әкеліп, қайта жаңғыртты. Бұл сарынға ол ұзақ дайындалды. Ол «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларымен танысқаннан кейін басталған-ды. Қаншама рет сол сарынның ішіне кірем деп жанталасты. Алдырмады. Басында көбіне сәтсіз боп шықты. Сонда да қайтпады. Ақыры өз дегеніне жетті. Орхон-Енесей жазулары тасқа қашалған. Яғни, ол тарихи дастандар жолынан қара тасты соққан қашау мен балғаның шыңылы естіледі. Содан ба Темірхан ақын жазған жырлардан да сол балға мен қашаудың үні шығады. Ол қағазға жазған әр өлеңін тасқа қашап отырғандай күй кешті. Көп жылғы ізденістері өз жемісін берді. Ақын Серік Ақсұңқарұлы айтқандай: «... Қазақ жыры нотасындағы Темірхан Медетбектің Көк түріктерден қуат алып, Көк бөрімен шар болаттай шарпысқан «Көк түріктер сарыны» адамзат тарихында үш мың жылдай асыр салған көшпелі салт аттылар тұяғының салқар симфониясына ұласты. Қазақ поэзиясында Көк түріктер сарынымен алғаш бетпе-бет келген ақын – осы Темірхан Медетбек...
...Көк түріктің қара шаңырағы біздің қазақ екеніне көз жеткізу үшін археологиялық қазба, генетикалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шаң басқан көне тарихи мұрағаттарды ақтарып, төңкерудің қажеті жоқ. Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарынын» оқып шықсаңыз жеткілікті».
Ол былайша көсіледі: «Еңкіп-еңкіп соққанда,Таудың денесінен,Тастар бұршақ боп құйылды, Серпіп-серпіп соққанда,Үзіп жібердім, Шынжыр боп шырмалған, Бұғау боп күрмелген түйінді, Күрсінгенімде – Күн күркіреді. Сілкінгенімде – Жер тітіренді, Хахахулап, Жар салғанымда, Аспандағы бұлттар, Жерге қонды, Ахахулап, Ән салғанымда, Аспандағы құс біткен, Көлге қонды. Еңкейгенге еңкейдім, Шалқайғанға шалқайдым. Асқанның орманын Отындай өртедім, Тасқанның көлдерін Астаудай төңкердім. Қысқанда қу ағаштан бу шығардым. Сыққанда, Қара тастан су шығардым. Атанды асықтай аттым, Қарсы келгенді, Қазықтай қақтым. Алшайып жүрдім. Талтайып тұрдым». Сөйтіп Темірхан ақын Көк түріктердің рухын тірілтіп, әдебиетімізге үлкен олжа салды. Оның тың формалық ізденістері де, батылдығы мен өткірлігі де, еркіндігі мен шынайылығы да, көркемдігі мен арна бұзған ағыстары да қазақ поэзиясының көкжиегін бұрынғыдан да кеңейтті деуге толық негіз бар.
Әйтпесе: «Ғасырлардың түбiнен, Бостандығымды iздеп шықтым. Садағымды алдым, Найзамды ұштадым. Жолға шығарда, Қотыр тай ұстадым. Қолым тигенде ол – Құнан, Жүген салғанда – Дөнен, Ер салғанда – Бестi болды. Екi аяқтыдан естi болды. Асу-асу тауларда, Темiр таяқ алдым. Темiр етiк кидiм. Аязға тоңдым. Аптапқа күйдiм. Жетi басты Жалмауызға жолықтым. Құлдай қиналдым, Күндей торықтым. От дариясын кештiм. Шыңдардың үстiмен Бұлт боп көштiм. Арсы-гүрсi шулаған, Теңiздерден өттiм. Қанымды төктiм, Қабырғамды сөктiм. Жол ұзақ болды, – Артым құз, Алдым мұзарт болды. Замана суығы, Жүрегiмдi сығып, Жанымды қарыды. Астымдағы тұлпарым, Тулақтай арыды. Темiр етiгiм, Теңгедей болды. Темiр таяғым Тебендей болды. Мен оған зорға жеттiм» деген рухты жыр жолдарын оқығанда, бостандықтың бағасын ерекше сезініп, өзің де ұлы даланың төсін еркін кезген Көк түріктің ұрпағы екендігіңді ерекше мақтан тұтып масайрайсың.
«Шолпан, қинама! – Сен, сенбе, Сен мейлі, Менің базарға, Барғым келмейді. Базардан не көрем! – Қазақты көрем, Қазақты көріп, Азапты көрем, Дорба сүйреткендер де Қазағым. Арба сүйреткендер де Қазағым. Құлап жатқандар да Қазағым. Жылап жатқандар да Қазағым. Сұрап жатқандар да Қазағым...Қазағым, Қазағым, Қазағым, – Азабым! Шолпан, қинама! – Сен, сенбе, Сен мейлі. Менің базарға Барғым келмейді. Қазақтың азабын, Көргім келмейді» деген өлеңді оқығанда, күнделікті тіршіліктегі қазақтың басына түскен батпандай жүкті бір өзің көтергендей әсерде қаласың.
Осы тұста Темкеңнің өмірбаянына қатысты сәл шегініс жасасақ, ол 1945 жылдың 6 наурызында Түркістан кентінің қасындағы Нұртас Оңдасынов ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Медетбек пен анасы Жадыра қарапайым шаруа адамдары. Өзінен үлкен бес апайы болған. Отбасының 55 жасында көрген жалғыз ұлы. Оның ақындық жолға түсуі туралы мынадай тәтті естелігі бар: «Менің Түркістандағы теміржол мектебінде оқып жүргенде Жұмағали Әбуов деген парталас досым болды. Қазір ағылшын тілінің маманы. Ғылым докторы. Мақалалар, өлеңдер жазды. Мен де соған еліктеп қолыма қағаз, қалам алатын болдым. Екеуміз ағайынды қоңыр қаздай болып аудандық газетке барамыз. Әрине ондағы ағайлар өлеңдеріміздің беттерін шимайлап-шимайлап қайтарып береді. Бәрібір қайтпаймыз. Тауымыз шағылмайды. Біршама уақыт өткеннен кейін жаңа өлеңдерімізді қайтадан алып барамыз... Ақырында, бір күні менің:
«Қабырғада сұр шеге, Ұстап тұр ғой киімді. Мен де сондай өмірге, Болсам деймін тиімді», деген шумағым жарық көрді. Сол күні мен үшін іргеміздегі Қаратау қарс айырылып, алдымыздағы көлденеңдеп ағып жатқан Сырдарияның суы сирақтан келмей қалды. Алғашқы әсер осылай!».
Өз әулетінен атақты ақын Молда Мұса, танымал мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов шыққанын, ал нағашылары Сұлтанбек Қожанов, Саттар Ерубаев, Сабырхан Асанов сияқты біртуар тұлғалар екенін де мақтанышпен еске алып отырады.
Үлкен әдебиетке келуіне ықпал еткен қазақтың ақша бұлт ақыны Әбу Сәрсенбаев болған. Әбу ақсақал Қадырмен, Жұмекенмен, Әбішпен таныстырады. Шерхан Мұртазаның редактор болған кезінде «Лениншіл жас» газетіне 1964 жылы 6 тамызда алғаш рет өлеңдер топтамасы жарияланды. Әбу аға академик Қажым Жұмалиевке өзі жетелеп апарады. Әдебиет пәнінен мол дайындығы бар жас талап КазПИ-дің филология факультетіне оқуға түсіп, бітірген соң Маңғыстауға аттанып қатардағы мұнайшы болып еңбек етеді. Өз айтуынша, басты кітабы «Көк түріктер сарынының» алғашқы ұшқындары сол киелі Маңғыстау жерінде қанына біткен, жанына дарыған.
Түркістанда туған, Маңғыстауда шыңдалып, ширыққан қазақтың ешкімге ұқсамайтын ақыны Темірхан біраз жылдардан кейін Алматыға оралды. Қаламгерлік жолын Түркістан аудандық газетінде корректор болып бастаған ол көп жыл Маңғыстау облыстық газетінде, теледидарында, сосын «Егемен Қазақстанның» Маңғыстаудағы меншікті тілшісі болып қызмет істеді. Алматыда алты жыл Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болды. Кейін «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарының Бас редакторы болып абыроймен қызмет атқарды. «Көк түріктер сарыны» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Өткен жылы Президент Жарлығымен «Парасат» орденін иеленді.
Осыдан тұп-тура бес жыл бұрын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Академиялық театрының ғимаратында Темкеңнің 70 жылдық мерейтойлық салтанаты өтті. Кешті жүргізуді Темағаң маған сеніп тапсырды. Оған дейін де бірнеше мәрте ағамен бірге сапарлас болдым, одан кейін де ағалы-інілі сыйлас болып келеміз. Мені ерекше іш тартып, жақсы көретінін білемін. Көп сырларымен бөліседі. Бірде: «Бауыржан, Жазушылар одағының жұмысы өте ауыр. Оны өз басымнан өткізгенмін. Күні бойы тыным таппай жұмыс істейсің. Бәрі ақын-жазушылар үшін. Бірақ кешке үйге қайтқанда, ойланып қарасаң, түк бітірмеген сияқты болып тұрасың!» деп кеңкілдеп күледі. Күлкісі де өзінің өлеңдері секілді ешкімге ұқсамайды.
Сөзімізді екі ғасырдың абызы атанған кешегі өткен ер Әбіш ағаның мына бір сөздерімен түйіндегім келеді: «Сонау «Сапар алдында», «Алыс шақырымдардан» бастап бүгiнгi таңдағы басты кiтабы болып табылатын «Көк түрiктер сарынына» дейiнгi барша шығармалары үшiн Темiрхан өзiн Маңғыстауға қарыздар санайды. Өйткенi ол: «Арымас аттар мiнетiн, тозбас тондар киетiн; қара тастарды қақ жарып, қарағайдай қаптап өсетiн; қара нарлары шудалары желкiлдеп қара бұлттардай көшетiн; айғырлары күнге қарап кiсiнеп, биелерi айға қарап құлындаған; кетiссе – бұрылмаған, сөздерiн тасқа қашаған; алыпсоқтарының итаяғын оюлап жезден жасаған; қамалдары құлжалар шыға алмас, ақар-шақар құз болған; қағандары күн астындағы Күнiкей қызды алған; күн жағы күмiс дiңгектi, ай жағы алтын дiңгектi ордада отырған; сол жақтан келгендi жапырған, оң жақтан келгендi опырған; желдей аңқылдап, сұңқардай саңқылдап сөйлейтiн таудай биiк халық едiк. Алып едiк», – дейтiн баяғы дәуреннiң өлi мұрағаттарын да, тiрi жұрағаттарын да осы бiр қиян түбектен қапысыз көрiп үлгердi. Сол үшiн: «Ұлы Далам ұлы Елiмдi қуғынға салды; көз көрiп, құлақ естiмеген қырғынға салды; тұла бойын түгел тiнтiдi; киiздей қақты, тулақтай сiлкiдi; адамдарын бiрiн-бiрiне айтақтап, бiрiн-бiрiне қан жоса қылып қаптырды; бiрiн-бiрiне малға ұқсатып бақтырды. Құтырып алды: арыстарының терiсiн тiрiдей сыпырып алды; аруақтарымды күңiрентiп аяғынан сүйреп, моладан шығарды; неткен халық шыдамды?! Көген қырқылып, керме мен желi үзiлдi; қара нарларымның омақасып белi үзiлдi; қазанаттарымды қыл бұрау салып шырқыратты; жүрмесiн деп табанымды тiлiп, жылқының қылын қиып салды; басын көтермесiн деп мойныма құрық салды; сөйлемесiн деп аузыма кiрдiң тасындай ап-ауыр құлып салды», дейтiндей кесапатты күнi кешеге дейiн кешiп келген кермаңдай қауымды да осы арада кезiктiрiп, оның келеңсiз кер тағдырын өз көзiмен көрдi. Бiрге жүрiп егiлiп, бiрге жүрiп сөгiлдi.
Өлеңдерiмен де, өмiрiмен де қазақ азаматы үшiн қазақ даласының қай түкпiрi де өз ауылы, қазақ баласының қай тумасы да өз бауыры екендiгiн мейлiнше дәлелдеп бере алды. Темiрхан – тәуелсiздiктi жан-тәнiмен қабылдап, жан-тәнiмен жырлап келе жатқан, қарынының ашқанына емес, қауымынан қасиет қашқанына қайғыратын, елдiктiң мәселесiнде күнi кешегi таңдайындағы азды-кем тәттiнi аңсайтын еркенiң емес, бәз-баяғыдан маңдайы ашылмай келген халқының жолы мұнша неге қатты болғанына шамырқанған еркектiң сөзiн сөйлеп, дәйiм iрi турап келе жатқан арқалы ақын. Бұл үшiн де от пен судан өткен, талай нәрсенiң шын бағасына жеткен салиқалы азамат бола алу керек едi».
Жасай бер, ғұмырлы бол, қара тастарды қақ жарған қарағайдай еңселі ақын ағам!
Бауыржан Жақып,
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары,
ҰҒА корреспондент-мүшесі