Қазақ әдебиеті мен музыкасының тарихынан құрметті орын алған халық композиторы, атақты ақын Біржан әлеуметтік теңсіздікке, үстем таптың озбырлығына қарсы наразылық білдірген бұқара халықтың еркіндікті аңсаған аяулы арманына өз өнерінің өршіл үнін қосып, «ел еркесі», «Сал Біржан» атанған қарапайым халық қалаулысы еді. Жақында ғана жаңартылып, сахнаға қайта қойылған Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы тыңдаушыларға халық композиторы туралы нақ осындай ой тудырады.
Бұл опера бұдан он жыл бұрын тұңғыш рет сахнада қойылып, оқыйғасының шынайылығымен, музыкасының әсем сазды мелодиялық әуенімен, сахналық көріністерінің көркемділігімен қазақ совет искусствосының елеулі табысы деп танылған еді. Ол жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын шығармасына айналды. Алайда автор талғампаз жұртшылығымыздың озық ойлы талабына сай операның музыкасын жетілдіре, өндей түсу мақсатымен бұл шығарманы екі рет қайта қарап шықты. Осы редакциялаудан кейін операның музыкасына түбірлі өзгерістер жасалмағанымен, шығарманың бұрынғыдан да шыңдала, шыйрай түскенін Біржан мен Сараның II актыдағы дуэтінен, өзінің Біржанға деген махаббат сезімін тебірене айтатын Алтынайдың осы актыдағы жаңа ариясынан, IV актыдағы симфониялық эпизодтан байқауға болады.
Драматург Хажым Жұмалиев операға арнап жазған либреттосында халықтың қалың ортасынан шыққан Біржанды ат төбеліндей үстем тапқа қарсы қою арқылы оқыйға шиеленісін көркем поэтикалық тілмен заңды түрде өрістете отырып, феодалдық қоғамның озбырлыққа, дінге негізделген әлеуметтік сырын ашады. Біржан операда ән-өлең өнерінің туын көтеруші, езушілік көрген еңбекші халықтың қаяулы көңіліне әсем-сазды асқақ әнімен деп беруші, әділетсіздікті, зұлымдықты өзінің отты, уытты, өткір өлеңімен аяусыз әшкерелеуші халық өкілі ретінде де көрінеді.
Халық композиторы Біржан өзінің өлеңдері мен әндерін белгілі бір оқыйғаға арнап шығарғандығы тарихта белгілі. «Біржан сал», «Айтпай» сыяқты әндер композитордың жас шағындағы оның албырт, ыстық сезімі мен көрікті ойынының сыртқа шыққан әсем лирикалық мелодиялық көрінісі болса, «Жанбота», «Адасқақ» атты әндері адамның жеке басын кемсітуші озбырлыққа қарсы наразылық білдірген ашу мен ызадан туғандығы мәлім. Композитор М.Төлебаев Біржанның осы әндерін сол күйінде кесек қалпында алып, қалай болса солай пайдалана салмай, творчестволық жолмен өңдеп, мәнерлей отырып, оқыйға желісіне байланысты әр әннің кейпін, музыкалық мазмұнын қатты ескеріп, сәтті қолданады. Операның бірінші актысындағы Біржанның сахна сыртынан шалқыта шырқайтын ариясы ретінде «Айтпай» әнінің, сондай-ақ осы актыдағы Біржан мен Жанботаның қақтығысы кезінде «Жанбота» әнінің қолданылуын автордың халық композиторының шығармаларын творчестволық жолмен пайдалануда қалауын таба білгендігі демекпіз. Автордың «Біржан-Сара» операсында халық композиторының әндерін творчестволық жолмен пайдаланумен ғана шектелмей, операны қазақтың халық музыкасы рухтас оригинальді музыкасымен байыта түсуі оның творчестволық өрлеу, іздену үстінде екендігін көрсетеді.
«Біржан-Сара» операсының сахнаға қоюда театрдың бас режиссері Қазақ ССР-інің халық артисі Құрманбек Жандарбеков пен театрдың суретшісі Қазақ ССР-інің искусствосына еңбек сіңірген қайраткер А. И. Ненашев жолдастар айтарлықтай еңбек сіңірген.
Операдағы Біржан партиясы мелодиялық әсемдігіне, көркемдігіне қарамастан вокалдық жағынан әншінің орындауына жеңіл түспейді және орындаушылық шеберлікті, мол тәжірибені керек етеді. Біржан рөлінде ойнаған Қазақ ССР-інің халық артисі Байғали Досымжанов осы жауапты партияны тәжірибелі әншіге тән шеберлікпен ойдағыдай меңгере білген.
Ақын Сара республикамызға еңбек сіңірген артистка Ш.Бейсекованың орындауында ойшыл, сыршыл лирикалық образ болып шыққан. Сара образы актрисаның орындауында шынайы көрінісін тапқан.
«Біржан-Сара» операсындағы жағымсыз кейіпкерлердің ең бастысы – Жанбота. Жанбота – дүлей күштің адамы, үстем таптың өкілі. Ол қара тастай қатыгез, өз мүддесі үшін кімді де болса құрбан етуге шімірікпейтін өзімшіл, озбыр. Республикаға еңбек сіңірген артист К.Кенжетаев Жанбота рөлінде өзінің үздіксіз өсіп келе жатқанын аңғартты. Кенжетаевтың Жанбота партиясын орындау процесіндегі емін-еркін мол тыныспен, қысылмай кеңінен самғайтын құлаққа жағымды, мол диапазонды дауысына оның драмалық шебер ойыны сай келіп отырады.
Өзінің сыртқы кейпінен жан түршігерлік құбыжықтығына қарамастан «Сара менің теңім» деп ойлайтын, байлыққа мәз болып, кеудесіне нан піскен надан бай баласы – Жиенқұл образын Мүсілім Ағылбеков өте нанымды шығарды.
«Біржан-Сара» операсындағы жағымды кейіпкерлердің бірі – Естай. Естай – Біржанның шәкірті, онық әншілік, ақындық өнерін халық арасында насихаттаушы. Талантты ақын, жас әнші Естай Біржанды ұстаз тұтып, оны мадақтайды, «Біржан келеді, ән келеді, ойын-сауық келеді!» деп, елге жар салады, қуанышты хабар әкеледі, мұның өзі Біржан тұлғасын толықтыра түсуге жағдай туғызады. Біржан маңындағы Естай сыяқты шәкірттері ақынның қасиетті салты – әншілік, ақындық өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізуші халық мұрагерлері. Естай рөлінде ойнаған Қазақ ССР-інің халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев шабытты әнші, өнерлі жас Естай образын ойдағыдай шығарды.
Басты кейіпкерлер образының сәтті шығуына, сахналық көріністердің оқыйға желісіне байланысты дұрыс шешім тапқанына қарамастан постановка кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерден құр емес.
Композитор операның IV актысында Біржанға үкім айтар жеріндегі молдалар квартетін ақындық, әншілік өнерді күнә деп, елді діннің шырмауында алдайтын молдалардың қара ниет пиғылына сай музыкалық образда жазған. Құлаққа қатаң, жаныңды тітіркенте естілетін осы ызбарлы квартет артистер Абаев, Бейсалиев, Сарманов, Нүсіпбаевтардың орындауында өте нашар шықты. Операның III актысындағы бірінші көріністен кейінгі қыз-келіншектер күйеу мен қызды (Жиенқұл мен Сараны) ақ отауға кіргізер алдындағы музыкалық үзілісте аспан мен жер тұтасып «бұлттар» біріне-бірі қарсы жөңкитін көрініс ешқандай да ұғым тудырмайтын басы артық нәрсе. А.Ненашев – талантты, творчестволық терең ойлы суретші. Оның Күміс көл, Оқжетпес, Жұмбақтас, жалпы Көкшенің таңғажайып табиғат көріністерін сол табиғаттың нақ өзіндей бояулармен беруі суретшінің творчестволық қиялының, қабілетінің күшті екенін көрсетеді. Солай бола тұрса да IV актыдағы көрініс фантастикаға жақын.
Бұл айтқан, түзетуге болатын аз-кемді жетімсіздіктер операның құнын түсіре алмақ емес. Дегенмен 1958 жылы Москвада өтетін қазақ әдебиеті мен искусствоның онкүндігіне баратын бұл спектакльдің кем-кетіксіз болғаны абзал.
Жалпы алғанда, «Біржан-Сара» операсы советтік дәуірде ұлттық мәдениеті күн санап алға басқан қазақ халқының искусство саласындағы елеулі табысының бірі болып табылады.
Ж. Рсалдин,
«Социалистік Қазақстан», 1957 жыл, 21 мамыр