Аймақтар • 04 Наурыз, 2020

Сенаторлар медициналық қызметтердің бағасын белгілеу мәселесін көтерді

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен кездесті. Жүздесуде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерге баға белгілеу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар медициналық қызметтердің бағасын белгілеу мәселесін көтерді

Кездесуге Парламент депутаттары, денсаулық сақтау, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшылары, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Нұр-Сұлтан қалалық емханасы мен Қарағанды облысы, Осакаров ауданының орталық аудандық ауруханасының, «Медикер Астана» серіктестігінің және Сенат Аппаратының қызметкерлері қатысты.

Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, оның бәсекелестік қабілетін арттыру медициналық қызметтердің тарифтеріне тікелей байланысты. «Осы тарифтерді қалыптастыруда біздерді толғандыратын мәселелер жеткілікті. Қаржыландырудың жоғарыда аталған көздері бойынша медициналық қызметтерге тарифтер қалыптастыру қалай жүзеге асуда және ол медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік бере ме? Бүгінгі кездесуіміз осы сұрақтарды талқылауға және олардың шешу жолдарын анықтауға арналып отыр», - деді М.Бақтиярұлы.

Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова медициналық қызметтердің тарифі мемлекеттен бөлінетін бюджет қаражаты мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаржыны басшылыққа ала отырып белгіленетінін айтты. «Қолданыстағы тарифке сәйкес, медициналық қызметтік төлем оның түріне қарай төленеді. Жан басына шаққанда амбулаторлық-емханалық көмек ережеге сәйкес 1024,78 теңгені құрайды. Биылдан бастап халықтың тығыз орналасу аймағына қарай төлем өзгерді. Сондай-ақ, жедел медициналық көмектің тарифі де жан басына орай ереже бойынша төленеді.  Ал стационарлық қызмет көрсететін медициналық қызмет клиникалық шығындар тобына қарай төлем жүргізіледі», - деді Б. Жақселекова.

Сенатор Нұртөре Жүсіпті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кірмей қалған азаматтардың жағдайы толғандырды. «МӘМС қорына кірмеген азаматтар бар. Оған себеп жұмыс берушілердің өз қызметкерліріне уақытылы төлемеуі. Осы олқылықты жою мақсатында біз Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Біз оларға МӘМҚ қорына жарна төлемей отырған ұйымдар мен азаматтардың тізімін береміз. Одан әрі Кіріс комитеті жұмыс жасайды. Айдың басында тізім беріп, айдың соңында жауап алып отырмыз. Бұл Үкіметтің бақылауындағы мәселе», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Депутат Нариман Төреғалиев еліміздегі қымбат медициналық құрал-жабдықтардың қолжетімділігі мәселесін көтерді. «Бүгінде қымбат медициналық-диагностикалық құрал-жабдықтар бірен-саран аудандарды есептемегенде, көбінесе ірі қалалар мен облыс орталықтарында ғана қолжетімді. Ал қалған аудан және ауыл тұрғындары ірі қалаларға барып емделуіне тура келеді. Енді қарап отырсақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерге баға белгілеу тарифінде бұл мәселе айтылмаған», - деді Н.Төреғалиев.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі өз кезегінде аудандық және ауылдық өңірлерде аталған проблемалардың барын айта келіп, бұл мәселені шешуде министрлікпен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан мүдделі болуы керектігін алға тартты.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы кездесуді қорытындылай келіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді шешілуі тиіс бірқатар сұрақтарды атап өтті. «Біз неге бұл мәселені бүгін қарап отырмыз, себебі медициналық қызметтердің тарифіне қатысты сұрақтар көп. Ертеңгі күні қор жұмысына қатысты түрлі тәуекелдер туындауы мүмкін. Мысалы, бізде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азаматтар бар, олар МӘМС қорына жарна төлемейді, ертең оларды жарнаны төлемеген үшін ауруханалар мен емханалар қабылдамауы мүмкін. Бұл үлкен мәселе. Сондықтан да  министрліктің алдында атқаратын әлі де бірқатар жұмыстар бар», - деді М.Бақтиярұлы.