• RUB:
    5.27
  • USD:
    480.63
  • EUR:
    535.13
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:13

Кітап әлеміне айналған фестиваль

31 рет
көрсетілді

14-15 қыркүйекте Алматыдағы Арбат алаңы әркім іздегенін тапқан нағыз кітап патшалығына айналды. Алматы әкімдігі Мәдениет басқармасы және қаланың Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен «Baurzhan foundation» қоры ұйымдастырған «Kitap Fest Almaty» кітап фестивалі өзінің онжылдығын атап өтті. Еліміздің кітап нарығындағы ең ірі фестиваль қала күні қарсаңында мегаполистің мәдени мазмұнын тереңдете түсті. 2014 жылы бастау алған фес­тиваль бүгінде әдеби мәдениетті насихаттаудың бірегей платформасы ретінде танылған және бұл дәстүрден биыл да жаңылған жоқ. Ерекшелігі сол, фестиваль 10 жылда алғаш рет екі күн қатарынан өтті, бұл мегаполистің кітапсүйер қауымын қуантпай қоймады.

Кітапсүйер қауым мен баспа сала­сы­ның мамандарын сахнадан Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің өкілдері құттықтап, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау ­хатын оқып берді.

«Kitap fest» – 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жат­қан ел тұрғындарының өмірін­дегі мәдени-бұқаралық іс-шара. 10 жыл ішінде ол шығармашылық кездесулердің негізгі алаңына айнал­ды, шарада авторлар мен бас­па­лардың қатысуымен 500-ге жуық кітап ұсынылды, жәрмең­ке­лер­ге 300-ге жуық кітап дүкені қатысты.

«Келешек кітабы» ұраны­мен өткен мерей­тойлық фестиваль түрлі бағдарла­ма­сымен, кең ауқымымен таңғал­дырды. Ауқым­ды жобаның негізін қала­ған, фес­тиваль идеясының авто­ры Жұл­дыз Омарбектің айтуын­ша, «Kitap Fest Almaty» кітап­­сүйер қауымды, авторларды және әдебиет саласындағы жетек­ші сарап­­­шыларды бірік­тірген нағыз мереке болды. Ол фестиваль кітапқа деген сүйіс­пен­шіліктің рәмізіне еліміздегі кітап мәдениетін дамытудағы маңыз­ды кезеңге айнал­ғанын атап өтті. «Кітап – ұлт руханиятын дамытып, жас буынды ізгілік­ке тәрбиелеуде аса маңызды рөлге ие. «Kitap fest»-тің басқа фестивальдардан айыр­ма­шы­лығы неде? Біріншіден, «Kitap fest» – бұл еліміз­дегі жал­ғыз кітап фестивалі. Екін­ші­­ден, бұл жай ғана кітап жәр­­мең­кесі емес, біз мәдениетті және оқуға деген сүйіспеншілікті наси­хат­тай­мыз. Әрбір кітаптың өз оқыр­маны бар. Сол сияқты әр жазу­шы­ның да өз ауди­ториясы бар. Жоба­ның мақ­саты – оқырман мәде­ние­тін дамытып, жазушылар мен оқыр­манға кездесу алаңын ұйым­­­дастыру», – дейді Жұлдыз Омарбек.

Фестиваль өткен екі күн­де кө­рер­­­мендер көптеген интер­актив­ті ойын арқылы кітап әлемін шарлады. Жазушылармен кездесулер, балаларға арналған түрлі шеберлік сыныбы, көрме мен конкурс­ келушілердің назарынан тыс қалмады. Жетекші баспалар мен кітап дүкендерінің жәрмеңкелері кез келген талғамға сай кітаптар ұсынды, ал танымал тұлғалармен кездесулерде қазіргі әдебиеттегі трендтер мен жетістікке жетудің құпиялары айтылды.

Фестивальға 70-тен аса кітап дүкені мен баспа қа­­тыс­ты, жүз­деген пікір жетек­ш­і­­сі сөз сөй­леді, сон­дай-ақ отан­дық автор­лардың сия­­­сы кеуіп үлгер­меген 50-ге жуық жаңа кіта­бы­ның тұсауы кесілді. «Жазу­шы­лар шатырында» қалам­гер­­лер оқыр­мандармен кездесу өткізіп, фестиваль қатысу­шылары әде­­биет­­тегі болашақ ағымдар мен бағыт­тар туралы ой өрбітіп, мұн­дай шара­лар елдің мәдени өсуі мен дамуына ықпал ететінін атап өтті.

«Биылғы фестивальға біз ал­ғаш рет баспа ретінде қатысып отырмыз. Байқа­ғанымыз – көркем әде­биет, балалар әдебиеті, нонфикс жанры, олардың барлығы бізде өте жақсы дамыған. Алайда ғылыми бағыттағы әдебиеттер мен баспалар өте аз. Сондықтан біз, былайша айтқанда, осы салаға үлес қос­қы­мыз келеді. Келген қонақтар мен оқыр­мандардың шынайы көзқарасы мен қызы­ғу­­шылығы бізді бейжай қалдыра алмайды. Фестивальға жыл сайын қатыса­мыз деп үміттенеміз», деп атап өтті «Qalan Publishing» басшысы Садық Шерімбек.

Алматы төріндегі айтулы шараға шетелдік қонақтар да қатысты. Түркия елшілігінің өкілі Айхан Коркмаз фестивальдың ауқымы мен форматына таңда­ныс білдіріп, мұндай іс-шаралар арқылы мәдени тәжірибе алмасу және халықаралық байланыс­тарды нығайтудың маңыздылы­ғына тоқталды. «Фестивальдың 10 жылдығы өте керемет өтіп жатыр! Мұндай іс-шаралар қо­ғам үшін, әсіресе жастар үшін өте маңызды. Біздің мақсат – екі ел арасындағы терең, тарихи және бауырластық байланыс­ты көрсету. Фестивальмен әрі қарай да ынтымақтастығын арттырамыз деген үміттемін».

Баспа нарығы жұмысына кіріскелі екі жылға енді аяқ басқан «Алқа» баспасының жыл басында заманауи қазақ әйелінің образын бейнелеген повеске байқау жариялағанынан оқырман қауым хабардар. Ауқымды кітап көр­месінің аясында байқаудың қоры­тындысы жарияланып, жеңім­паз­дар марапатталды. Алғаш рет жария­ланған әдеби жобада бел­­гілі қалам­гер, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер жур­налисі Гүлзей­неп Сәдірқызы мен «Қағаз қала», «Ұмыт мені», «Періштелер жоқ жер­өде» кітап­тарымен оқыр­ман жүре­гіне жол тапқан Қанағат Әбіл­қайыр үміткерлер ішінен топ жарып шығып, үздік повесть үшін белгі­лен­ген құны 1 млн теңге «Алқа» сый­лығы қос авторға тең бөлі­ніп берілді.

«Баяғыда Маман байлар өз қалта­сынан қаржы шығарып, романға бәйге жариялағанын тарих­тан білеміз, бүгінгі қазақ әйелінің образын бейнелейтін шығар­маларға байқау жария­лан­­ғаны сол үрдістің заманауи әде­бие­тіміздегі көрінісі деп біле­мін. Жас болса да, бел­гілі руханият жанашырларына айнал­ған Бану Дәулетбаева мен Баян Хаса­но­ваның «Алқа» баспасының әйел­дер тақырыбындағы шығар­ма­­ларға грант жариялауы әде­биет тарихында алғаш рет болып отырған шығар деп ойлаймын. Бұл нені білдіреді? Бұл біз өмір сүріп отырған қоғамның өске­нін, идея авторларының зама­науи ойлайтынын білдіреді. Біз за­манға лайық жұмыс істеуі­міз керек, оған қажетті бар мүм­кіндік қарастырылған да. Сарап­шы ретінде байқауға қатыс­қан шы­ғар­малардың бә­рін де оқып, әрбірімен жете таныс­­тым. Автор­­ларға берілген уақыт аздау бол­ды әрі олардың шығар­ма­­шы­лық әлеуетінің де әртүрлі болуы заңды, дегенмен қор­жынға түскен дүниелердің ішін­де жақсы шығармалар бар. Алда­ғы уақытта әдебиеттегі осы тек­­тес игі бастамаларға демеушілер та­­ра­­пынан қолдау білдіріліп жатса, құба-құп. «Алқа» баспасының бұл бәйгесін болашағы зор жоба, ма­ңызды грант деп есептеймін», дей­ді Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­рат­­кері, белгілі әдебиет сыншысы, мә­де­ниет­танушы Әлия Бөпе­жанова.

Әлия Қаһарманқызы бас­та­ған, құрамында Гүлмира Сәу­лембек, Айнұр Төлеу, Әсия Бағдәу­летқызы сынды әдебиет пен өнердегі әйелдер бейнесін әр қырынан зерттеп жүрген қазылар алқасы үздік деп таныған шығарманың жаңалығы туралы автордың өзінен сұрағанды жөн көрдік. Саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық бөлігін журна­листикаға арнап, бас басы­лымның бетінде әйелдер тақы­ры­бын әр қырынан айшық­таған есімі елге танымал қалам иесі Гүлзейнеп Сәдірқызы байқау мен шығарма жөнін­дегі пікірін былайша тарқатты.

«Шүкір, қазір не көп, бас­па көп. Көп­тігі­­нің жақ­сы­лығы – баспа ісі­нің арасында қызу бәсеке жүріп жатыр. Осы рет­те әдебиетіміз­де әйелдер жа­йында жақсы дүние­лер беруді мақсат еткен «Алқа» баспасы бүр жарып келе жатқан қызыл гүл сияқты көрінді. Баспа­ның мақсаты – тұңғыш рет баспалар арасында бәйге жариялап, ішінен маржа­нын, оқылатын жақсы дүние­лерді ғана оқырманға тарту ету. Мен өзім қырық жыл журна­листика саласында еңбек ете жүріп, әйелдер тақырыбын көп жаздым. Жаныма жақын тақырып болғандықтан зей­нетке шыққан соң бәйгеге ат қосып көргенім ғой. Зады, бұл повес­те қарапайым қазақ әйелінің көн­­бістігі, төзімділігінің де шегі бола­тыны, қырық жыл отасқан кү­йеуі­нен жылы сөз, жақсылық кү­тіп, бір үміт дүниесімен бәрі­не көніп, шыдап жүргенде, ауыр­ған ша­­ғында көрсеткен сараң­ды­ғына, мейі­­рім­сіздігіне шарт сынып, момын деп басы­нып жүрген әйелі­нің неше жыл­ғы лық­сыған өкпе-назын, жа­са­­ған бүкіл иттігін бетіне тіліп-тіліп айт­қанда да мойындамай, тәкап­пар­лығы жібермейді. Тек қай­тыс болғаннан кейін ғана өкініп, кеші­­рім сұрайды. Әрине, ол өте кеш еді...».

«Alqa Publishing» баспасының редакторы Баян Хасанова байқау келесі жылы да жалғасын табатынына сенімді. Кітап жәрмеңке­сіне Талдықорған қаласынан арнайы ша­­қы­рылған спикер-жазушы Есбо­лат Айдабосынның кітап ісінің жарнамасы мен насихатына орай айтқан пікірі көңілге қонымды.

«Экономика тілімен тәпсір­ле­генде, әдебиет деген – руха­нияттың бір нарығы, тауар өнді­руші – қаламгерлер, тұтыну­шы­сы – оқырман, ортадағы менед­жерлер – кітапханалар мен бас­палар. Кітапты жарнама­лап, тұ­тынушысының қолына жет­кізе­тіндер осы сала мамандары. Олар осындай ірі жәрмеңкелер, шара­лар өткізіп, өндіруші мен тұты­наушы арасында байланыс орнатады. Осыдан он жыл бұры­н­ғы кітаптар мен қазіргі кітап­­­тардың арасы жер мен көктей еді, ал қазіргі кітаптардың мұқа­­ба­сы, безендірілуі, сурет­тері өте жар­қын, көздің жауын­ алады. Қазақ кітаптары маз­мұн жағынан да шетелдік кітаптардың қай-қайсысынан кем соғып жатқан жоқ. Мұндай ауқымды іс-шара Алматы мен Астанада, кейінірек Түркістан облысы қамтылып, тек ірі мегаполистерде өтіп келеді. Меніңше, мұндай кітап жәрмеңкесі бүкіл облыс орталықтарында өтуі ­керек. Мысалы, Талдықорғанға ­20-30 баспа барып, кітап өнімдерін жа­йып салса, халық – түсінеді, кітап – өтеді деген ойдамын. Кітап фестивалі өтпей жүрген жоқ, бірақ санаулы ғана баспа бара­­тындықтан, халық мерекелік көңіл күйді, жәрмеңке қызығын сезін­­бей қалады. Мұндай кітап жәр­­­мең­кесінен әдебиет ұтады, тал­ғам тәр­биеленеді, айналып кел­­ген­­де, руханият тынысы жайнап сала берер еді», дейді Есболат Айда­босын.

Екі күнде «Kitap fest» фес­ти­ва­ліне 50 мыңға жуық адам келді. Екі күнде 8000-ға жуық кітап сатылды. Фестивальда дәстүрлі «Ауылға кі­тап» акциясы өтті. Онда кез келген адам кітапты еліміздің ауыл­дық кітапханаларына тап­сы­­руға мүмкіндік алды. «Ауылға кітап» акциясында 300-ге жуық кітап жиналды. Алдағы аптада ол кітап­­тар Түркістан облысының ауыл­дық кітапханаларына жібері­ле­ді.

«Kitap Fest Almaty» оқу мәде­ниеті жай хобби емес, тәрбие мен білімнің маңызды элементі екенін тағы бір дәлелдеп берді. Фестиваль тек мәдени мереке ғана емес, сонымен қатар, білімді және кітапқұмар қоғам құруға бағыт­тал­ған маңызды қадам бол­ды. Фести­вальға келгендер мұн­дай оқи­­ға­лардың кітапқа деген қызы­ғу­шы­лық­тың артуына ықпал ететінін және жаңа жетістікке шабыттандыратынын айтты.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар