Әдебиет • Бүгін, 08:12

Болмаған балалық

23 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кез келген көркем шығарма адам жанының тереңін жырлайды. Қат-қабат ойлар мен мінездердің тоғысын шынайы бедерлейді. Кейіпкердің қол созған үмітін, жоғалған арманын, сағымға айналған мақсат-мұратын, сағынышы мен өкінішін суреттейді. Классикалық туындының өн бойынан нәзік бір иірім еседі, шығармадағы уақыт пен оқиға сондай бір трагедияға, замана запыранына толы болса да әлдебір мұңды әуен бір үзілмейді.

Болмаған балалық

Осындай дүниелік музыка Бейімбет Майлиннің «Түйе­бай» әңгімесінде бар. Сол за­манның, сол қоғамның бар бет-бейнесі Түйебай образынан көрінетін шап-шағын шығарма бала-кейіпкердің арманы мен аңсарын, болашаққа деген ұмтылысы мен өкінішін жырлайды.

Жалпы, Бейімбет кейіпкерлерінің ішінде, әсіресе Түйебайды оқырман жақсы таниды. Өзі қайсар, арманшыл, адал, кейде тентек Түйебай іштей қатарлас достарының өміріне қызық­са, көп оқырман оның батылдығын, кіршіксіз көңілін, ер мінезін үлгі етеді. Дегенмен алдап-арбауға, өтірік пен қулық-сұмдыққа, бай мен кедейдің ара­жігіне құрылған заманға бала Түйебай қарсы тұра ала ма?

Баласын оқуға берген үйдің бәрі жұма сайын есепшіл молданы қонақ қылады. Келген сайын батасын сұрап, алақанына бес тиындық қара бақыр ұстатып жібереді. Әрине, бұл әуре-сар­саңның бір-ақ мақсаты бар: баласы­на молданың таяғы тимесе болды. Ал шоқ­­ша сақалды молданы жұма са­йын қонаққа шақырмайтын жалғыз-ақ Түйе­бай. Неге десеңіз, жұлым-жұлым қара үйдің оған жағдайы жоқ, енді бір жағынан, тентек Түйебайды таяқтан арашалайтын шешенің де ниеті жоқ. Есепшіл қу молда мұндай мүмкіндікті құр жіберсін бе?..

«Бәріміз бірге оқыдық, сабақтас­пыз, зеректігі бізден кем емес, бірақ бас­тап оқығаннан-ақ Түйебайға молданың қылығы келіспеді. Алғашқы кездерде «ақымақ, хайуан!» деп сөгетін болды. Жүре-жүре құлағын бұрайтынды шығарды. Бірқатар оқыған жиырма шақты баланың ішінде Түйебайдан бұрын таяқ жегені болмады».

Түйебай да жоқшылықта өскен соң анау-мынау таяққа мыңқ етпейді. Сәл нәрсеге басқа балалар сияқты үйіне жы­лап барып, арыз айтатын адам емес. Бойында бір жігіттік байсалдылық, шы­дамдылық, қайсарлық бар. Бірақ қанша дегенмен өмірді енді таныған бала емес пе – күндердің бір күні молданың екі айыр қамшысына шыдамай алғаш рет өкіріп қоя берді. «Шоқынып кетсем де енді молданың алдын көре алман!» деп соңғы сөзін айтты. Бұл – Түйебайдың өмірдегі өз еркімен қабылдаған алғашқы (бәлки, соңғы) шешімі еді.

Иә, осы оқиғадан соң Түйебай молда бетін көрмеді. Әкесі қой соңына салып, біреудің малын бақты. Есепшіл молданың қамшысы етінен өтпесе, зерек бала ел қатарлы оқуын оқып жүрер еді. Бәлки, өз ортасынан оза шауып, зердесі ашылып, білімді қазақ атанар еді. Бірақ жалаң аяқ қой бағып жүр. Өз таңдауы – өз шешімі.

«Әлденеге қызығып, телміріп қарады. Көзқарасында «Сен бақыттысың ғой» деген сөз бар еді. Жаздыгүні молдадан таяқ жеп, күн бата екеуміз қайтқанда Түйебай маған осы көзқараспен қарап еді. Онда да «Сен бақыттысың ғой» деген сөзді аузымен айтпаса да көзқарасы еріксіз білдірерлік еді».

Түйебайдың бала арманын ешкім білмейді. Бірақ ол да ауыл балалары се­кілді бақытты балалықты, асыр салған ойынды, тәуір киім мен тоқшылықты, оқуды қалады. Өмірдің бар шындығы мен әділетсіздігін ұғынып тұрса да бала жанын қия ма, достарымен балаша жүргісі келді, балаша өмір сүргісі келді. Бірақ өмір оны ерте есейтті.

«Молданың ұрып жәбірлегені секілді байдың да ат бермей, жәбірлегені көрін­ді. Бірақ «шоқынып кетсем де, молда­ның алдын көрмеймін» деп айтқаны секіл­ді, «аштан өлсем де, байдың қойын бақпаймын» деп сол сағатында Түйебай айта алмады. Оны айтатын өзінде құдірет жоқ секілденді». Әділетсіздік әр заманда түрлі формада көрінеді. Түйебай­дың қоғамында да есепшіл молдалардың әсе­рінен қаншама баланың қой бағып кет­кенін кім білсін... 

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше