Тарихта аты қалған Абылайханның сардары Тілеулі батырдың ұрпағы саналатын ата-анасы Шаймағамбет ақсақал мен Тоқтар ана ұл-қыздарына өнегелі тәлім-тәрбие беріп, берекелі де, ұлағатты отбасын құрған жандар еді. Шаймағамбет ақсақалдың кәсібі қайың, тал тәрізді ағаштардан ат шана, арба, ер-тоқым, қамыт, үй жиhаздарын және темірден шалғы, тырма тәрізді шөп шабатын құралдарды жасайтын ағаш шебері. Ел арасында ұста атанған, тіпті киім де пішетін, ішік, тымақ тігіп, қойдың қара жүнінен қолдан пима да басатын. Ал Тоқтар ананы барлық қазақ отбасындағы аналарымыздай үйдің берекесі мен тыныштығын сақтап, ұрпақ тәрбиесімен айналысқан мерейлі жан болған деп бүгінде ұрпақтары ризашылықпен еске алып отырады.
Осындай өнегелі отбасында дүниеге келген Әділхан кішкентайынан зерек, алғыр, атына сай әділ болып өсті. Мектепте сегізінші сыныптан бастап төменгі сыныптармен тәлімгерлік жұмыстар атқаратын. Сол кезде ұстаздары оның математикаға зеректігін ескеріп орта сыныптарға математика пәнінен сабақ беруді де сенімділікпен тапсыратын.
Ерте қалыптасқан ұстаздық мамандыққа деген сүйіспеншілік оның осы жолды таңдауына себеп болғандай. Әділхан 1971 жылы орта мектепті бітірген соң, ұстаздық мамандықты таңдап, Қостанай педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті.
Сөйтіп, институтты 1975 жылы математика пәні мамандығы бойынша бітірген, жас маманның алғашқы еңбек жолы кешегі Торғай облысының Жаңадала ауданындағы Г.С.Титов атындағы кеңшардың орта мектебінде математика пәнінің мұғалімдігінен басталды. Ол оқушылардың білім сапасын көтерумен қатар, тәлім-тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп, педагогикалық әдіс-тәсілдерді тиімді қолданатын.Мектеп әкімшілігі бір жыл ғана мұғалімдік қызмет атқарған жас маманды ұстаздық қабілетін ескеріп, үлкен сенім артып мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды.
Осы қызметті атқарған үш жыл ішінде мектепте тиянақты, жауапкершілікті сезінетін, бірін-бірі бағалай білетін ұжым қалыптасты, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.
Осылайша, Әділхан Жүсіпов оқу мен еңбекті қатар ұштастыруға күш салды. Оның оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі, шығармашыл ізденімпаздығы, білімі мен біліктілігі жоғары бағаланып, зор сенімге ие болды. Сөйтіп, ол 1990 жылы Торғай облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Бұл қызметтегі ерекше еңбегінің бірі – облыста ұлттық мектептер мен бала бақшалар ашу болды. Үлкен ұйымдастырушылық жұмыстардың нәтижесінде 1997 жылы бұл өңірде ұлттық мектептерді қосқанда жалпы мектеп саны 260-қа дейін, ал бала бақшаларының саны 123-ке дейін көбейді, 1990–1997 жылдар аралығында қосымша 3 мектеп пайдалануға берілді. 1991 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша алғаш рет республикалық олимпиада Торғай облысында өтіп, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қазақ балалары келіп қатысты.
1991 жылы Ұлт ұстазы Ы.Алтынсариннің 150 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып, ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Мерейтой қарсаңында облыста үш мектепке Ы.Алтынсарин аты беріліп, ескерткіш-бюст орнатылды. Осы жылдары Ақкісі ауылы тұрғындарының тілегі ескеріліп, өзі әліппе бетін ашқан бастауыш білім ұясының орта мектеп қатарынан орын алуына көп еңбек сіңіріп, ауылдастарының алғысына бөленді.
1992 жылы Торғай жерінде тұңғыш рет халық педагогикасына арналған Республикалық семинар-кеңес өткізіліп, оны ұйымдастыру барысында Жангелдин ауданының оннан астам мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, Білім министрлігінің бұйрығымен Арқалық қаласындағы А.Құнанбайұлы атындағы №6 орта мектеп республика бойынша тірек мектеп болып танылды. 1992 жылдан бастап Түркия, Мажарстан елдеріне ондаған жас жоғары оқу орындарына жіберіліп, уақыт талабына сай білім алуға жағдай жасалды. 1993 жылы облыста шағын мектептердің кешенді даму мәселелеріне арналған Республикалық семинар-кеңесі өткізілді. Осы жылы облыста қазақ балалары үшін қазақ-түрік лицейі ашылып, келешек ұрпақтың жаңа мазмұнда шет тілінде білім алуына мүмкіндік жасалды.
Елінің елеулісі, халқының қалаулысы бола білген Әділхан Шаймағамбетұлы 1997 жылы еліміздің ардақты азаматының бірі – Шайсұлтан Шаяхметұлының шақыруымен Мәдениет, ақпараттандыру және қоғамдық келісім министрлігі жанынан құрылған мемелекеттік тілді оқыту республикалық орталығы директорының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте де ол өзінің кәсіби шеберлігін таныта білді.
Сол жылдардағы Білім және ғылым министрлігі шебер педагог, білікті басшы ретінде білім саласына қосқан үлесін ескере отырып, Жүсіпов Әділхан Шаймағамбетұлын 2001 жылдың 5 қыркүйегінен бастап Астана қаласының Гуманитарлық колледжі директоры лауазымына тағайындайды. Сөйтіп, ол 2018 жылдың қыркүйегіне дейін осы қызметті абыроймен атқарады.
Колледж 2001–2002 оқу жылынан бастап басшының тың бастамасымен маңызды өзгерістерге қол жеткізді, оқу ордасы жаңа тұрпатты білім ордасына айналды. Оның дәлелі ретінде білім беруді басқару жүйесінің рөлін, білім ордасының оқу-техникалық базасын арттыру мақсатында 2002 жылы колледждің Даму бағдарламасы арқылы үш жылға жоспарлау жүйесі енгізілді.
Осы жылдар ішінде колледжде жаңа мамандар даярлайтын бөлімдер ашылып, елеулі өзгерістер болды. Білім беру үдерісін ақпараттандырудың алғашқы қадамдары жасалды, компьютерлік кабинеттер жабдықталды, интернет желісі қосылды. Оқу орнының жаңа талапқа сай оқу-әдістемелік нормативтік құжаттары әзірленді. Жаңа бағыттағы түрлі іс-шаралар колледждің «Даму бағдарламасы» негізінде жүйелі түрде қарқынды жүзеге асты.
Ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру оны жүйелі дамыту мақсатында колледжде этнопедагогика кабинеті және арнайы этно-зал алаңы ерекше ұлттық дизайнмен жабдықталды. Колледж мұражайы ашылды.
Колледж оқытушыларының шығармашылық-ізденіс жұмыстары, оқу орнының тынысы, жаңалықтары жарияланып отыратын «Педагогикалық жаршы» журналы жарыққа шықты. Ғылыми және әлеуметтік ынтымақтастықты іске асыру үлкен маңызды істердің бірі ретінде қаралды. Халықаралық деңгейдегі Түркияның мектепке дейінгі білім беру саласы мен колледжі және Ұлыбританияның Кембридж колледжімен білім саласындағы өзара теңдік, түсіністік және тиімділік негізінде ынтымақтастық келісімшартқа отырды. Осы келісім шарт негізінде біліктілікті жетілдіру, тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өту, жаңашыл талаптарға сай білімді дамыту, кадрларды бағдарлы даярлау сияқты мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар Біріккен Араб әмірлігі, Швеция мен Эстония мемлекеті делегациялары тәжірибе алмасу мақсатында, Италия мемлекетімен бірлескен семинарлар өтті. Ресей білім беру академиясымен және Беларусь республикасының Янки Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінің гуманитарлық колледжімен студенттердің академиялық алмасуы туралы келісім шартқа отырды.
Білім беру үдерісінде оқу кабинеттерін жаңа заман талабына сай жабдықтау, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны нығайту негізінде республикалық қанатқақты жоба «Электрондық оқыту» қолға алынды. Колледж студенттері халықаралық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға, жарыстар мен турнирлерге белсене қатысты. 2008 және 2017 жылдары Астана қаласы әкімдігінің «Үздік колледж» грантын жеңіп алуы білікті басшы мен кәсіби шыңдалған ұжымның жемісті еңбегінің нәтижесі екендігінің дәлелі.
Әділхан Шаймағамбетұлы басқарған кезеңде Гуманитарлық колледж еліміздегі білім беру ұйымдары үшін сапалы маман даярлап келе жатқан келешегі зор оқу орындарының біріне айналды.
Бір сөзбен айтқанда, еліміздің білім беру ісінде кәсіби шыңдалып, білімді ұстаз, мәртебесі биік, абыройы асқақ, білікті басшы атанған Әділхан Шаймағамбетұлының педагогикалық өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге.
Базаркүл АХМЕТ,
Ақпарат саласының үздігі